1. «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 34, 273-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
Отправить по почте
"Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1816 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 19.09.2014 жылғы № 994 Қаулысына сәйкес
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығының 2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 34, 273-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
2-тармақтың 2) тармақшасы алынып тасталсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1816 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау, мұнай өнiмдерiн өндiрудi мемлекеттік реттеу, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, басқару процесін үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мынадай ведомствосы бар – Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешенiндегi мемлекеттiк инспекциялау комитетi.
3. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.
5. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
6. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Есiл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 19.
10. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлiгi» мемлекеттiк мекемесi.
11. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің миссиясы:
бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында көмірсутек шикізаты бөлігінде отын-энергетика кешенін дамыту, экономиканың көмірсутек шикізатына және оны қайта өңдеу өнімдеріне өсіп отырған қажеттілігін қамтамасыз ету, оларды тиімді пайдалануға бағытталған ғылыми-технологиялық әлеуетті дамыту.
15. Міндеттері:
өз құзыретінің шегінде мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау, мұнай өнiмдерiн өндiрудi мемлекеттік реттеу, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсiбi, көмiрсутек шикiзатын тасымалдау мұнай өнiмдерiн өндiрудi мемлекеттік реттеу, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларында салааралық үйлестiрудi жүзеге асыру;
көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде отын-энергетика кешенiн дамытуды қамтамасыз ету;
мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсiбi, көмiрсутек шикiзатын тасымалдау, мұнай өнiмдерiн өндiрудi мемлекеттік реттеу, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерi бойынша мемлекеттiк саясатты iске асыру;
iлеспе газды қоса алғанда, көмiрсутек ресурстарын молайтуды және оларды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету;
өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерден туындайтын өкiлеттi органның құзыреттерiн іске асыруды қамтамасыз ету.
16. Функциялары:
1) орталық аппараттың функциялары:
мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау, мұнай өнiмдерiн өндiрудi мемлекеттік реттеу, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде бағдарламалық құжаттарды әзiрлеу;
кен орнын игеру жобасына сәйкес мұнай өндiрудi, сондай-ақ оның айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу;
тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердi бекіту;
мұнай операцияларын жүргізу мен мұнай тасымалдау, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
елді мекендердің шекаралары (сызықтары) шегінен тыс газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту;
міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, мұнай өнiмдерiнің жекелеген түрлерін өндiру, газ және газбен жабдықтау, магистральдық құбыр салаларында тексерулер жүргізудің жоспарларын «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірлеу және бекіту;
мұнай операцияларын жүргізу мен мұнай тасымалдау және магистральдық құбыр салаларындағы нормативтік-техникалық құжаттарды бекіту;
оны бекітуге арналған мәліметтерді қамтитын өндіріс паспортының нысанын әзірлеу және бекіту;
iлеспе газды қайта өңдеудi дамыту бағдарламасын бекiту, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша, газды кәдеге жаратудың және iлеспе газды қайта өңдеудi дамытудың бекiтiлген бағдарламаларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен бiрлесiп, тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шектi деңгейлерiн бекiту кезiнде ескерiлетiн инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды бекiту;
көмірсутек шикізатын пайдалану бөлігінде заттай түрдегі ұлттық отын-энергетика теңгерімдерін әзірлеуге қатысу;
пайдалы қазбаларды барлау мен игеру жөнiндегi орталық комиссия туралы ереженi және оның құрамын бекiту;
жер қойнауын пайдалану мәселелерi жөнiндегi сараптау комиссиясы туралы ереженi бекiту;
пайдалы қазбаларды барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тiкелей келiссөздер жүргiзу жөнiндегi жұмыс тобы туралы ереженi және оның құрамын бекiту;
iлеспе газды өңдеудi дамыту бағдарламасын орындау туралы есептiлiктiң нысандары мен мерзiмдерiн бекiту;
өнім сапасы банкін қолдану қағидаларын бекіту;
Кеден одағының аумағынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауытына өңдеу үшін шикі мұнайды беруді не кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден аумағынан тыс жерде өңдеудің кедендік рәсімі шеңберінде Кеден одағының аумағынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауытында өңдеуге кейіннен беру үшін үшінші тұлғаға өткізуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың тізбесін, сондай-ақ кеден одағының аумағынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарының тізбесін және олардың шикі мұнайды өңдеу шарттарын бекіту;
кадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу әдiстемесiн келiсу;
қазақстандық мамандарды оқыту бойынша қажеттiлiктiң ең аз деңгейiн есептеу әдiстемесiн келiсу;
жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына енгізу үшiн оқытылуға тиіс персоналдың жалпы санының пайызымен қазақстандық кадрлардың ең аз санын ұсынудың тәртiбiн келiсу;
жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына енгізу үшiн кадрлардағы ең аз жергілікті қамтуды ұсынудың тәртiбiн келiсу;
Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің тапсырмасы бойынша келiсiмшарттың орындалу мүмкiндiгiн, мұнай экспорты үшiн олардың аумақтарында құбырлар мен басқа да тасымалдау құралдарын салуды және пайдалануды қамтамасыз ететiн басқа мемлекеттердiң тиiстi органдарымен келiссөздер жүргiзу және келiсiмдер жасасу;
техникалық-экономикалық негiздемеде мұнайды өткiзудiң қабылданған есептiк бағалары шегiнде келiсiмшартқа қол қою сәтiндегi келiсiмшартқа техникалық-экономикалық негiздеменiң экономикалық көрсеткiштерiн негiзге ала отырып, жер қойнауын пайдаланушылар үшiн Қазақстан Республикасының iшкi нарығына шикi мұнайды өңдеуге арналған жеткiзу көлемдерiн айқындау;
қажет болған жағдайда, ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына қажеттіліктерін жабуға қажетті көлемде Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тысқары жерлерде өңдеуге арналған мұнай мөлшерін кестелермен (жылдық және ай сайынғы) айқындау;
Қазақстан Республикасының Президентіне және Үкіметіне, көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша келісімшарттық талаптардың орындалу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;
белгiленген тәртiппен өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерде уәкiлеттi органның мүддесiн iске асыру, оның iшiнде ұлттық компанияның еншiлес ұйымының қатысу үлестерiне сенiмгерлік басқаруды жүзеге асыру;
көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде пайдалы қазбаларды барлауды, өндiрудi, бiрлескен барлау мен өндiрудi жүргiзуге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты дайындау және ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасында дамытылатын басым жоғары технологиялық өндiрiстердiң тiзбесiн келiсу;
көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкiлеттiк берген тұлғалар беретiн жүргiзiлген, жүргiзiлетiн және есептi кезеңнен кейiнгi жылға жоспарланып отырған тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу туралы ақпаратты жинау және талдау;
жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкiлеттiк берген тұлғалар беретiн, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге жоспарланып отырған тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алу туралы ақпаратты жинау және талдау;
көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде пайдалы қазбаларды барлауды, өндiрудi, бiрлескен барлау мен өндiрудi жүргiзуге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
жер қойнауы пайдаланушымен көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттың талаптары туралы келiссөздер жүргiзу;
көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттық құжаттардың жобаларына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде келiсiмшарттар жасасу, оларды мемлекеттiк тiркеу мен сақтауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
Мемлекеттiң басым құқығын жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның қарауына иелiктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектiлердi сатып алу (сатып алудан бас тарту) туралы ұсыныс әзiрлеуге қажеттi материалдарды енгiзу;
Мемлекеттiң басым құқығын жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары негiзiнде иелiктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектiнi сатып алу (сатып алудан бас тарту) туралы шешiмдер қабылдау;
көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттардың орындалуын және қолданысының тоқтатылуын қамтамасыз ету;
құрамында көмiрсутек шикiзаты бар, конкурсқа шығарылуға тиіс жер қойнауы учаскелерi тiзбелерiнiң жобаларын әзiрлеу;
көмiрсутек шикiзатын барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттардың қолданысын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдау;
мұнайдың стратегиялық қорларын қалыптастыруды және олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылуын есепке алуды қамтамасыз ету;
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда сервитуттарды тiркеудi жүзеге асыру;
ұлттық компания мен құзыреттi орган арасындағы тiкелей келiссөздердiң қорытындылары бойынша жасалған келiсiмшарттар бойынша немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жобаларды бiрлесiп iске асыру үшiн ұлттық компания айқындаған стратегиялық әрiптесiн келiсу;
конкурстың жеңiмпазы не келiсiмшартты тiкелей келiссөздер негiзiнде жасайтын тұлға әзiрлеген жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың жобасын келiсу;
тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алуда жергілікті қамту және кадрлардағы жергілікті қамту бойынша мiндеттемелердi қоса алғанда, көмiрсутек шикiзатына арналған келiсiмшарттар және өнiмдi бөлу туралы келiсiмдер бойынша шарттарды жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына мониторингтi жүзеге асыру;
индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға жинақтау және талдау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамту бойынша жалпы ақпаратты беру;
жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген көмiрсутек шикiзаты бөлiгiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға тарату қорын пайдалануға рұқсат беру;
заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезiнде жер қойнауын пайдалану құқығының (оның бір бөлігінің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектілердің құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауыстырылуына рұқсат беру;
жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектiлердi өткiзу (сату) жөнiндегi сауда-саттыққа қатысуға рұқсат беру;
жер қойнауын пайдалану мәселелерi жөнiндегi сараптау комиссиясының ұсыныстары негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектiлердi иелiктен шығаруға, жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) кепiлге беруге рұқсат беру (рұқсат беруден бас тартады), сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын қоспағанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36 және 37-баптарына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлге беру жөнiндегi мәмiленi тiркеу;
бағалау жұмыстары сатысына көшуге рұқсат беру;
мұнай өнімдерін өндірушілерге өндіріс паспортын бекіту немесе қайта бекіту;
көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарын және жылу беру кезеңін ескере отырып, мұнай өнімдерін өндірушілердің технологиялық қондырғыларының жоспарлы-алдын алу жұмыстарының кестелерін жыл сайын бекіту;
қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілердің инвестициялық бағдарламаларын бекіту;
мұнай өңдеу жоспарларын жыл сайын бекіту;
мұнай өнімдерін жеткізу жоспарларын жыл сайын бекіту;
Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін өндірушілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын жеткізіп беру кестелерін жер қойнауын пайдаланушыларға арнап бекіту;
мұнай өнімдерінің экспортына және (немесе) импортына қатысты кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қабылдау туралы ұсыныстар әзірлеу және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға ұсыну;
бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізудің шекті бағаларын келісу;
статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес мұнай өнімдерін өндіру және өткізу саласында ведомстволық статистикалық байқау жүргізу;
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісілген нысандар бойынша мұнай өнімдерін өндіру және өткізу саласында әкімшілік есепке алуды жүзеге асыру;
мұнай өнімдерін өндірудің ең аз көлемдерін белгілеу;
Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеу;
ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстарды әзірлеу және оларды айқындау тәртібі;
ұлттық оператордың немесе дауыс беруші акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін иеліктен шығаруды келісу;
тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіру, өткізу және тұтыну теңгерімін жүргізуді ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізудің жоспарын ай сайын бекіту;
магистральдық газ құбырларын салу, жаңғырту және (немесе) қайта құру жобаларын келісу;
мемлекеттің артықшылық құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі немесе тауарлық газдың бағасын сараптауды және бекітуді жүзеге асыру;
стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы жарты жылға арналған шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберу;
стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберу;
тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингін жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды теңгерімін жасау;
Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізілуі міндетті сұйытылған мұнай газының көлемін айқындау;
магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдау кестесін қалыптастыру тәртібіне сәйкес магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдау кестесін бекіту;
магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға уәкілетті органға тасымалдау көлемдері мен бағыттарын көрсете отырып, мұнай тасымалдау кестесінің нақты орындалуы туралы есепті ұсынбаған жағдайда, жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберу;
тауарлық газды өндірушілердің, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебін жүргізу және тізбесін интернет-ресурста жариялау;
сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, газ желісі ұйымдарының және сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылардың есебін жүргізу және тізбесін интернет-ресурста жариялау;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыру;
жеке немесе заңды тұлғалардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы өтініштерін қарау;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде мемлекеттік құпияларды қорғауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру бойынша іс-шаралар кешенінің орындалуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің құзыретi шегiнде азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан алдын алу және жою бойынша іс-шараларды жүзеге асыру; жетекшілік ететін салалардағы кадрлық қажеттілікті айқындау;
Қазақстан Республикасы Үкіметі белгіленген тәртіппен тауарларды кедендік аумақта/аумақтан тыс қайта өңдеудің және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжатты беру;
акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне иелік ету және оны пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асыру;
гендерлiк саясатты iске асыруға қатысу;
шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияларды (комитеттерді, кеңестерді) және олардың кіші комиссияларын (комитеттерді, жұмыс топтарын) дайындау, ұйымдастыру және өткізу;
Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру;
2) ведомствоның функциялары:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет түрлерiн лицензиялауды жүзеге асыру;
газ желісі ұйымдарын аккредиттеуді жүзеге асыру;
ұңғымалар объектiлерiн сынау, кен орнын сынамалы пайдалану, технологиялық жабдықты iске қосу-баптау, пайдалану, оған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жағдайында газды технологиялық ерiксiз жағу кезiнде iлеспе және (немесе) табиғи газды алау етiп жағуға рұқсат беру;
теңiз құрылысын салуға немесе орналастыруға рұқсат беру;
ұңғыманы бұрғылауға рұқсат беру;
қойнауқатішілік қысымды ұстап тұру үшiн iлеспе және табиғи газды айдауға рұқсат беру;
теңiзде мұнай-газ құбырларын салуға, монтаждауға немесе тартуға рұқсат беру;
мұнай өнiмдерiн көтерме сауда арқылы берушiлердің тізілімін жүргізу және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен ақпарат сұратуды жүзеге асыру;
мұнай операцияларын жүргiзу және мұнайды тасымалдау саласындағы адамның өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiру тәуекелдерін талдау және бағалау жүргiзу;
мұнай операцияларын жүргiзу саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
техникалық регламенттерде белгiленген мұнайға және оның тiршiлiк циклi процестерiне қойылатын қауiпсiздiк талаптарының орындалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
мұнай өнімдерін өндіру саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
өз құзыретi шегiнде магистральдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
көмiрсутек шикiзаты бойынша жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу тәртiбiн жер қойнауын пайдаланушылардың сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алуда жергілікті қамту және кадрлардағы жергілікті қамту бойынша мiндеттемелердi қоса алғанда, көмiрсутек шикiзаты бойынша келiсiмшарттардың және өнiмдi бөлу туралы келiсiмдер бойынша шарттарды жер қойнауын пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан ақпарат сұрату;
2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға олар қабылдаған актілердің күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы ұсыныстар енгiзу;
3) Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын, сондай-ақ шетелдiк және жергiлiктi сарапшылар мен мамандарды жұмысқа тарту;
4) халықаралық шарттар (келiсiмдер) жасасу бойынша ұсыныстар енгiзу, шетелдердiң тиiстi ведомстволарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдiк заңды тұлғалармен келiссөздер жүргiзу, шарттар (келiсiмдер) жасасу;
5) тексерілетін субъектілерді тексерулердің санын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды жүргізу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
3. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің қызметін ұйымдастыру
18. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігін басқаруды Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі болып табылады.
19. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысының өкілеттігі:
өз қызметінде оның бақылауында болатын комитеттің басшысын қызметке тағайындау және қызметтен босату;
комитет басшысының орынбасарларын қызметке тағайындау және қызметтен босату;
бұйрықтарға қол қою;
Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі атынан өкілдік ету;
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болу; өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның міндеттерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын жауапты хатшы басқарады.
4. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мүлкі
24. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен қалыптасады.
25. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігін қайта ұйымдастыру және тарату
27. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
1. «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамы.
2. «Өндірістік-пайдалану кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
3. «Қазмұнайұңғымажою» акционерлік қоғамы.
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі
1. «Капиталмұнайгаз» мемлекеттік мекемесі.
2. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының әкімшілігі» мемлекеттік мекемесі.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |