1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары тек қана осы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар оларды осы Кодекске енгiзгеннен кейiн ғана қолданылуға тиiс.
Отправить по почте
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шiлдедегі N 167 Кодексі
ЖАЛПЫ БӨЛIМ
I бөлiм Қылмыстық заң
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары тек қана осы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар оларды осы Кодекске енгiзгеннен кейiн ғана қолданылуға тиiс.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасы Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына негiзделедi.
2-бап. Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi
1. Осы Кодекстiң мiндеттерi:
адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiн қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу болып табылады.
2. Бұл мiндеттердi жүзеге асыру үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негiздерi белгiленедi, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қауiптi қандай әрекеттер қылмыс болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi.
3-бап. Қылмыстық жауаптылық негiзi
Қылмыс жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгiлерi бар әрекет қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады. Бiр қылмыс үшiн ешкiмдi де қайталап қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
4-бап. Қылмыстық заңның уақыт бойынша қолданылуы
Әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол әрекет жасалған уақытта қолданылып жүрген заңмен белгiленедi. Қоғамдық қауiптi iс-әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың басталған уақытына қарамастан, қылмыс жасалған уақыт деп танылады.
5-бап. Қылмыстық заңның керi күшi
1. Әрекеттiң қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылықты немесе жазаны жеңiлдететiн немесе қылмыс жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен жеңiлдететiн заңның керi күшi болады, яғни осындай заң күшiне енгенге дейiн тиiстi әрекет жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ соттылығы бар адамдарға қолданылады.
2. Егер жаңа қылмыстық заң адам сол үшiн жазасын өтеп жүрген әрекеттiң жазаланатындығын жеңiлдетсе, тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегiнде қысқартылуға тиiс.
3. Әрекеттiң қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, жауаптылықты немесе жазаны күшейтетiн немесе осы әрекеттi жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
6-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасы аумағында қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған адам осы Кодекс бойынша жауапқа тартылуға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыс деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфiнде және ерекше экономикалық аймағында жасалған қылмыстарға да қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде қылмыс жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Қазақстан Республикасының әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыс жасаған адам да, оның қай жерде болуына қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнiң және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған жағдайда халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
7-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған әрекет ол аумағында жасалған мемлекетте қылмыс деп танылса, егер бұл адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Аталған адамдарды соттау кезiнде жазаны аумағында қылмыс жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды. Азаматтығы жоқ адамдар да осындай негiздерде жауапты болады.
2. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыс жасаған адамның соттылығының және өзге де қылмыстық-құқықтық зардаптарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе немесе басқа мемлекеттiң аумағында жасалған қылмыс Қазақстан Республикасы мүдделерiне қатысты болмаса, бұл адамның Қазақстан Республикасы аумағында жасалған қылмысы үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы мәселенi шешу үшiн қылмыстық-құқықтық мәнi болмайды.
3. Қазақстан Республикасының одан тыс жерлерде орналасқан әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмысы үшiн, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
4. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыс жасаған шетелдiктер қылмысы Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған жағдайларда және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса және Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық жауапқа тартылса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс.
8-бап. Қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру
1. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер халықаралық шартта өзгеше белгiленбесе, ол мемлекетке ұстап берiлмеуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн.
II бөлiм Қылмыс
9-бап. Қылмыс ұғымы
1. Осы Кодексте жазалау қатерiмен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауiптi әрекет (iс-әрекет немесе әрекетсiздiк) қылмыс деп танылады. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.
2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнде көзделген қайсыбiр әрекеттiң белгiлерi формальды болса да бар, бiрақ елеулi маңызы болмағандықтан қоғамдық қауiптi емес, яғни жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтiрмеген және зиян келтiру қаупiн туғызбаған iс-әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыс болып табылмайды.
10-бап. Қылмыс санаттары
1. Осы Кодексте көзделген әрекеттер сипатына және қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстарға, ауырлығы орташа қылмыстарға, ауыр қылмыстарға және ерекше ауыр қылмыстарға бөлiнедi.
2. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза екi жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыс деп танылады.
3. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс деп танылады.
4. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екi жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет ауыр қылмыс деп танылады.
5. Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза немесе өлiм жазасы көзделген қасақана жасалған әрекет аса ауыр қылмыс деп танылады.
11-бап. Қылмыстың бiрнеше мәрте жасалуы
1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң белгiлi бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп әрекеттi жасау - қылмыстардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады.
2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң түрлi баптарында көзделген екi немесе одан да көп қылмыс жасау осы Кодексте арнайы көрсетiлген жағдайларда ғана бiрнеше рет жасалған деп танылуы мүмкiн.
3. Егер адам бұрын жасаған қылмысы үшiн заңмен белгiленген тәртiп бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса не адамның бұрын жасаған қылмысы үшiн соттылығы жойылған немесе онысы алынған болса, немесе мұндай қылмыс үшiн қылмыстық жауапқа тарту мерзiмi өтiп кетсе, қылмыс бiрнеше рет жасалған деп танылмайды.
4. Жалғасатын қылмыс, яғни бiр ниетпен және бiр мақсатпен қамтылып, тұтас алғанда бiр қылмысты құрайтын бiрқатар бiрдей қылмыстық әрекеттерден тұратын қылмыс бiрнеше мәрте жасалған қылмыс деп танылмайды.
5. Қылмыстардың әлденеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтыратын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда адамның жасаған қылмысы осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң қылмыстарды бiрнеше мәрте жасағаны үшiн жазалауды көздейтiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша айқындалады.
12-бап. Қылмыстардың жиынтығы
1. Осы Кодекстiң түрлi баптарында немесе баптарының бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екi немесе одан да көп әрекеттердi жасау қылмыстардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстардың жиынтығында адам, егер жасалған әрекеттердiң белгiлерi осы Кодекстiң бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң жаза қолдануды көздейтiн нормасымен қамтылмаған болса, әрбiр жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |