"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңының 24-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
Отправить по почте
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу (айқындау) және арттыру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1307 Қаулысы
Осы редакция 28.08.2009 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңының 24-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу (айқындау) және арттыру ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру және есептеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 шілдедегі N 780 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 28, 364-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі N 352 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 17-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 13, 157-құжат).
3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1307 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу (айқындау) және арттыру ережесі
1. Жалпы ережелер
Осы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу (айқындау) және арттыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 24-бабына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеудің және арттырудың тәртібін айқындайды.
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі - Қор) - әлеуметтік аударымдар алымын жинауды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушысынан айрылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлемдер төлеуді жүргізетін заңды тұлға;
2) асыраушы - өзінің асырауындағы отбасының еңбек етуге қабілетсіз мүшелерін өз табысының есебінен асыраушы адам;
3) әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу (айқындау) - әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдерді есепке алу жөніндегі уәкілетті ұйымның және әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі уәкілетті органның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табысын және тиісті коэффициенттерін ескере отырып, әлеуметтік қатердің түріне қарай әлеуметтік төлемдердің ай сайынғы мөлшерін есептеуді жүзеге асыру тәртібі;
4) әлеуметтік төлемді алушы (бұдан әрі - алушы) - өзі үшін Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген не оларды өзі төлеген және әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті орган оған қатысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы шешім шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған (сот хабарсыз кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушысының асырауында болған отбасы мүшелері;
5) әлеуметтік төлемдер - алушының пайдасына Қор жүзеге асыратын ай сайынғы төлемдер;
6) әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдерді есепке алу жөніндегі уәкілетті ұйым - Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (бұдан әрі - Орталық) - өңірлерде құрылымдық бөлімшелері бар, міндетті әлеуметтік аударымдарды аударуды және әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыратын, әлеуметтік аударымдар мен төлемдердің дербестендірілген, орталықтандырылған есебін жүргізетін мемлекеттік кәсіпорын;
7) әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі уәкілетті орган - халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган және оның аумақтық бөлімшелері.
2. Әлеуметтік төлемдер Қордан ағымдағы айға төленеді.
3. Орталық ай сайын, төлем алдындағы айдың 25-күніне дейін әлеуметтік төлемдер үшін қаражат қажеттілігін есептейді және оны Қорға жібереді.
4. Орталық дайындаған әлеуметтік төлемдерге қаражаттың қажеттілігі негізінде Қор бес күн мерзімде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға қажетті қаражатты Орталықтың шотына аударуды жүргізеді.
5. Орталық ай сайын, 20-күнге дейінгі мерзімде алушыларға әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу (айқындау) тәртібі
6. Әлеуметтік төлем алуға құқығы бар адамдар барлық қажетті құжаттарды қоса бере отырып, белгіленген үлгідегі өтінішімен Заңның 21, 22, 23, 23-1, 23-2-баптарында белгіленген тәртіппен Орталықтың құрылымдық бөлімшелеріне жүгінеді.
7. Орталықтың құрылымдық бөлімшелері ұсынылған құжаттардың негізінде бес жұмыс күні ішінде:
1) әрбір әлеуметтік төлем алушы бойынша әлеуметтік төлем алушы іс-қағазының макетін қалыптастырады;
2) алушының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу стажының ұзақтығын растайтын анықтаманы осы Ережеге 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша толтырады;
3) әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептейді;
4) әлеуметтік төлемді тағайындау (немесе тағайындаудан бас тарту) туралы шешімнің жобасын осы Ережеге 3-7-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша толтырады және оларды әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті органға бекітуге жібереді.
8. Әлеуметтік төлемдердің ай сайынғы мөлшерін есептеу (айқындау) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табысын және тиісті коэффициенттерді негізге ала отырып жүргізіледі.
Ай сайынғы табыс жұмыс берушіден көрсетілген айда келіп түскен әлеуметтік аударымдар сомасын осы айда қолданылған әлеуметтік аударым ставкасына бөлу және алынған нәтижені жүзге көбейту жолымен есептеледі.
9. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының пайдасына бір айдың ішінде бір жұмыс берушіден (өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамнан) бірнеше рет әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, осы айға әлеуметтік төлемді есептеу үшін алынатын жиынтық табысы ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының пайдасына бір айдың ішінде екі және одан да көп жұмыс берушіден әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, әрбір жұмыс берушіден келіп түскен әлеуметтік аударымдар бойынша ай сайынғы табыс ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде есептеледі, кейін олар жинақталады.
10. Еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айрылған жағдайдағы әлеуметтік төлемнің ай сайынғы мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген соңғы жиырма төрт айдағы орташа айлық табыс мөлшерін, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының сексен пайызын шегере отырып, тиісті табысты алмастыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу стажы, еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі немесе асырауындағылар санының коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
11. Жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы жиырма төрт айдағы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табыс мөлшерін тиісті табысты алмастыру және қатысу стажы коэффициенттеріне көбейту жолымен айқындалады.
12. Жүктілігі мен босануына байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы он екі айдағы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табыс мөлшерін 4,2 коэффициентіне, ауыр босанған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда - 4,7 коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
Ядролық сынақтар әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүкті болуына және босануына байланысты жағдайда берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшерін айқындау кезінде 5,7 коэффициенті, ауыр босанған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда - 6,2 коэффициенті қолданылады.
Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу кезіндегі әлеуметтік төлемнің мөлшерін айқындау кезінде - 1,9 коэффициенті қолданылады.
13. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысын жоғалтқан жағдайда берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер ол үшін Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген не оны өзі төлеген әйелдің соңғы жиырма төрт айдағы орташа айлық табыс мөлшерін табысты алмастыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
Бір балаға берілетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінің қырық пайызынан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері жинақтаушы зейнетақы қорына ұсталған зейнетақы жарналарын ескергенде, "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Екі және одан да көп жаңа туған балаларға күтім жасаған жағдайда әлеуметтік төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.
14. Бір жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, әлеуметтік төлемдер бала қайтыс болған айды қоса жүзеге асырылады.
15. Еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуы бойынша берілетін әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табыс мөлшері, егер осы айдағы әлеуметтік аударымдар Қорға түскен болса, әлеуметтік қатер басталған айды қоса, соңғы күнтізбелік жиырма төрт айдағы (бұл кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістер болғанына қарамастан) ай сайынғы табысты қосу және нәтижесін жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады.
16. Жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін алынатын орташа айлық табыс мөлшері, егер осы айдағы әлеуметтік аударымдар Қорға түскен болса, әлеуметтік қатер басталған айды қоса, соңғы он екі айдағы ай сайынғы табысты қосу және шыққан соманы он екіге бөлу жолымен айқындалады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ол әлеуметтік аударымдар он екі айдан кем жүргізілген қатысушысы үшін орташа айлық табыс мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген барлық табыс сомасын осы аударымдар Қорға келіп түскен айлардың санына бөлу жолымен айқындалады.
17. Егер жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен көп болса, онда әлеуметтік төлемді есептеу үшін, қаралып отырған кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жүргізілген табыс алынады. Бұл ретте, ай сайынғы табыс көрсетілген айда келіп түскен зейнетақы жарналарының сомасын сол айда қолданылған міндетті зейнетақы жарналары ставкасына көбейту жолымен есептеледі.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |