• Мое избранное
Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 19.12.2015 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 19 желтоқсаннан бастап ҚР Үкіметінің 28.11.2015 жылғы № 960 Қаулысына сәйкес
«Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы № 70 Бұйрығын қараңыз
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 139-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2011 жылғы 18 қарашадағы
 № 1353 қаулысымен
 бекітілген
Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттік білім беру кәсіпорындарының бірінші басшыларын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - кәсіпорын) басшысын конкурстық іріктеу, тағайындау және аттестаттау тәртібін регламенттейді.
2. Кәсіпорынның басшысын конкурстық іріктеуді, тағайындауды және аттестаттауды, оның кандидатурасын келісуді тиісті саланың уәкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.
3. Мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын келісу байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау тәртібі
4. Кәсіпорын басшысының қызметіне кандидатураларды іріктеу кезінде қойылатын негізгі талаптар мыналар болып табылады:
1) қажетті бейіні бойынша жоғары білімінің және тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келетін кәсіби даярлық деңгейінің болуы;
2) мамандығы бойынша экономика саласы кәсіпорнының бейініне сәйкес басшы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілінің болуы.
5. Конкурсқа мынадай тұлға қатыса алмайды:
1) он сегіз жасқа толмаған;
2) бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайлар.
6. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган):
1) конкурсты өткізу туралы шешім қабылдайды;
2) конкурсты өткізу шартын, күні мен орнын анықтайды;
3) конкурстық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастырады,  тиісті саланың уәкілетті органы өкілдерінің арасынан Комиссия төрағасын және Комиссия хатшысын тағайындайды.
7. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды, кемінде бес адамды құрайды.
8. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) конкурстық құжаттаманы дайындайды;
2) тиісті кәсіпорынның қаражаты есебінен конкурс өткізу туралы  хабарландыру жариялауды қамтамасыз етеді;
3) конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізеді;
4) конкурстың қорытындылары бойынша тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шешімді енгізеді.
9. Республикалық, облыстық және аудандық кәсіпорын басшысының қызметін атқаруға конкурс өткізу туралы хабарландыру ресми республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) интернет-сайтында мемлекеттік және орыс тілдерінде конкурс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын жарияланады.
10. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) конкурс өткізілетін күні мен орны;
2) орналасқан орнын, пошталық мекенжайын, телефонын көрсете отырып, кәсіпорынның атауы, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы;
3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар;
4) конкурсқа қатысу туралы өтініштерді беру мерзімі;
5) бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап айқындалатын конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардан құжаттар қабылдау басталған күн. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардың құжаттарын қабылдау бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он бес күн еткеннен кейін аяқталады.
11. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) мемлекеттік және орыс тілдерінде түйіндеме;
3) еркін нысанда жазылған өмірбаян;
4) білімі туралы құжаттардың көшірмелері;
5) еңбек кітапшасының (ол болған кезде) немесе еңбек шартының көшірмесі не соңғы жұмыс орнынан жұмысқа қабылданғаны және еңбек шартының тоқтатылғаны туралы бұйрықтардың көшірмелері;
6) денсаулығы туралы белгіленген нысандағы анықтама.
Конкурсқа қатысушы өзінің біліміне, жұмыс стажына, кәсіби даярлық деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми жарияланымдар, бұрынғы жұмыс орнының басшылығынан ұсынымдар туралы құжаттардың көшірмелері және т.с.) беруіне болады.
12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген барлық құжаттар болған, сондай-ақ тұлға осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген кезде Комиссия құжаттар қабылдау аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құжаттар тапсырған тұлғаны конкурсқа қатысуға жіберу туралы шешім қабылдайды. Конкурсқа қатысуға жіберілген тұлғалардың тізімі Комиссия хаттамасымен бекітіледі.
13. Конкурсқа қатысуға жіберілген тұлғалардың тізімі бекітілгеннен кейін Комиссия конкурсқа қатысушылар ұсынған құжаттарды зерделейді және күнтізбелік он күн ішінде конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу өткізеді.
14. Комиссия конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу өткізу кезінде мемлекеттік кәсіпорын қызметі саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білуін тексереді.
Сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекіткен тиісті кәсіпорын басшысының біліктілік талаптары мен лауазымдық нұсқаулығының негізінде конкурсқа қатысушылардың кәсіби білімі анықталады.
15. Комиссияның шешімі Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік ашық дауыс беруімен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан кезде заңды болып саналады.
Комиссия мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және Комиссия хаттамасына қоса тіркелетін.
Талқылау барысы және Комиссия қабылдаған шешім Комиссияның барлық мүшелері мен Комиссия хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.
Комиссия отырысының хаттамасын ресімдеуді Комиссия хатшысы жүзеге асырады.
16. Егер конкурсқа қатысуға осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін екі үміткерден кем конкурстық өтінім ұсынылса немесе конкурстық өтінімдер түспесе немесе қайтарылып алынса, сондай-ақ конкурс нәтижесінде Комиссия кандидаттарды анықтамаса, конкурстық комиссия конкурсты өтпеді деп таниды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
17. Комиссия отырысын өткізу кезінде бейне немесе аудио жазу жүзеге асырылады.
2.1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын келісу
18. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) Комиссия шешімдерінің негізінде мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау мәселесі жөнінде ұсынысты байқау кеңесіне келісуге енгізеді.
19. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын енгізген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылған кандидатураны келіседі.
20. Байқау кеңесі ұсынылған кандидатура бойынша теріс шешім қабылдаған жағдайда тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) кәсіпорын басшысын таңдау бойынша қайта конкурс өткізеді. Байқау кеңесі тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) ұсынған мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын көп дегенде екі рет келіспеуге құқылы.
2.2. Басшыны қызметке тағайындау
21. Комиссияның оң шешімін алған конкурсқа қатысушымен және осы Қағидалардың 2.1-кіші бөлімінде көзделген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің келісуі қажет болған жағдайларда тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы еңбек шартын (бұдан әрі - Шарт) жасасады және кәсіпорынның басшысы танысуы тиіс қызметке тағайындау туралы бұйрық шығарады.
Сонымен бір мезгілде Комиссияның оң шешімін алған конкурсқа қатысушы және осы Қағидалардың 2.1-кіші бөлімінде көзделген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің келісуі қажет болған жағдайларда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңына  сәйкес:
1) тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметіне өзінің мәртебесін және оған негізделген беделін жеке, топтық және қызметтік емес мүдделерге пайдалануға әкелуі мүмкін іс-қимылдарға жол бермеу мақсатында шектеулерді қабылдауға жазбаша келісімін;
2) тұрғылықты жері бойынша салық органына:
табысы туралы декларацияны;
көрсетілген мүліктің бағалау құны мен орналасқан жерін көрсете отырып, салық салу объектісі болып табылатын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегі мүлкі туралы декларацияны;
мыналар:
банк мекемесін көрсете отырып, банк мекемелеріндегі салымдар туралы және бағалы қағаздар туралы, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегі бағалы қағаздар туралы, сондай-ақ осы тұлғалар жеке немесе басқа тұлғалармен бірлесіп иелік етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;
жарғылық капиталдағы қатысу үлесін және көрсетілген ұйымдардың толық банктік және өзге де деректемелерін көрсете отырып, акционер немесе заңды тұлғалардың құрылтайшысы (қатысушысы) ретінде өзінің тікелей немесе делдалдық қатысуы туралы;
егер тұлға немесе оның зайыбы (жұбайы) осы трасттардың бенефициары болса, тиісті банктік шоттардың нөмірлерін көрсете отырып, трасттар мен олар тіркелген мемлекеттер;
тұлғаға немесе зайыбына (жұбайына) тиесілі, айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі материалдық немесе қаржылық қаражатты ұстау немесе уақытша сақтау жөніндегі тұлғамен шарттық қатынастары, келісімдері мен міндеттемелері (оның ішінде ауызша) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелері туралы мәліметтерді беруі қажет.
22. Шарт тараптардың келісімімен анықталатын кемінде бір жыл мерзімге жасалады. Қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Шарт тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы немесе жаңа мерзімге жасалуы мүмкін.
Шартта сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпорын басшысының атқарып отырған лауазымға сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Шартты тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес бұза алады.
23. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес:
республикалық мемлекеттік кәсіпорын - тиісті саланың уәкілетті органымен;
коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын - жергілікті атқарушы органмен еңбек шартын жасасуы арқылы ресімделеді.
Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген талаптардан басқа, мемлекеттік кәсіпорын басшысының:
таза табыстың белгіленген бір бөлігінің бюджетке уақтылы аударылуы;
қаржы-шаруашылық қызметінің қанағаттанарлықсыз нәтижелері;
мемлекеттік мүлікті пайдалану кезіндегі заңсыз әрекеттері;
мемлекеттік мүліктің тізіліміне ақпараттың уақтылы және сапалы берілуі;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігі айқындалады.
24. Шарт Қазақстан Республикасының еңбек  заңнамасына сәйкес бұзылуы мүмкін.
25. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) кәсіпорын басшысымен шартты бұзу мәселесін алдын ала байқау кеңестерімен келіседі.
3. Аттестаттау жүргізу тәртібі
26. Аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемі кәсіпорын басшысының өзіне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті болып табылады.
27. Кәсіпорынның басшысы кәсіпорын басшысы қызметінде болған әрбір келесі үш жыл өткеннен кейін аттестаттаудан өтеді.
Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
28. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы аттестаттау өткізу мерзімдері және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесі бекітілетін бұйрық шығарады.
Аттестаттау комиссиясының құрамына тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) құрылымдық бөлімшелерінің, кадр және заң қызметтерінің басшылары енгізіледі.
Комиссия мүшелерінің саны тақ санды, кемінде бес адамды құрайды.
Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің арасынан төраға, хатшы тағайындалады.
29. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметі кәсіпорынның аттестатталатын басшысын аттестаттау өткізу күніне дейін бір айдан кешіктірмей оны өткізу мерзімі туралы жазбаша хабардар етеді.
30. Кәсіпорынның аттестатталатын басшысына кадр қызметі тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) құрылымдық  бөлімшілерімен бірлесіп, кәсіпорын басшысының кәсіби, жеке басының қасиеттері негізделген бағалауын, қызметінің нәтижелерін қамтитын қызметтік мінездеме ресімдейді.
31. Кадр қызметі кәсіпорынның аттестатталатын басшысын аттестаттау коммиссиясының отырысына дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмейтін мерзімде оған берілген қызметтік мінездемемен таныстыруға міндетті.
32. Кәсіпорынның аттестатталатын басшысына тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметі аттестаттау комиссиясының бекітілген шешімі енгізілетін аттестаттау парағын ресімдейді.
33. Кадр қызметі аттестаттау комиссиясына аттестаттау материалдарын жібереді.
34. Аттестаттау әңгімелесу нысанында жүргізіледі. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде, заңды деп саналады.
Дауыс беру нәтижелері комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен анықталады. Дауыстар тең болған кезде, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Аттестаттау комиссиясының шешімі оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
Аттестаттау комиссиясының мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және Комиссия хаттамасына қоса тіркеледі.
35. Комиссия отырысына дәлелді себептермен қатыспаған кәсіпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттаудан жұмысқа шыққаннан кейін өтеді.
Комиссияның отырысына аттестатталатын басшы дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы мінездеменің негізінде оның қатысуынсыз аттестаттауды өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
36. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделегеннен және аттестатталатын басшымен әңгімелесуден кейін мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын қызметіне сәйкес келеді;
2) қайта аттестаттауға жатады;
3) атқаратын қызметіне сәйкес келмейді.
37. Комиссия отырысын өткізу кезінде бейне немесе аудио жазу жүзеге асырылады.
38. Аттестаттау комиссиясының атқаратын қызметке сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдауы аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.
39. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық немесе құпия дауыс берумен қабылданады. Дауыс беру тәсілі аттестаттау комиссиясының қалауы бойынша таңдап алынады.
40. Қайта аттестаттау осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен бастапқы аттестаттау өткізілген сәттен бастап алты айдан кейін өткізіледі. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттауды өткізе отырып, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын қызметіне сәйкес келеді;
2) атқаратын қызметіне сәйкес келмейді.
41. Кәсіпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттау комиссиясының шешімімен танысады.
42. Аттестаттау комиссиясының шешімдерін бір ай мерзімде тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы бекітеді.
43. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органының) басшысы бекіткен аттестаттаудың теріс нәтижелері кәсіпорын  басшысымен еңбек қатынастарын тоқтату үшін негіздеме болып табылады.
4. Қорытынды ережелер
44. Кәсіпорын басшысы қызметінің бос орнына орналасуға конкурс өткізу, оны тағайындау және аттестаттау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2011 жылғы 18 қарашадағы
 № 1353 қаулысымен
 қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларын тағайындау және аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 685 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 29, 287-құжат);
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 685 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 қыркүйектегі № 881 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 29, 379-құжат);
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 352 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 13-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 13, 157-құжат);
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 685 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 23 маусымдағы № 976 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 31, 287-құжат).