Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының Кеден кодексі
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 сәуірдегі N 401 Кодексі Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 сәуірдегі N 401 Кеден кодексінің Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
Осы Кодекс Қазақстан Республикасындағы кеден ісінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді және Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғауға, Қазақстан экономикасының дүниежүзілік экономикалық қатынастар жүйесіндегі байланыстарын жандандыруға және сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыруға бағытталған.
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасындағы кеден ісі Қазақстан Республикасындағы кеден ісі тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің, кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың, кедендік режимдерді қолданудың, кедендік төлемдері және салықтарды алудың, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жүргізудің тәртібі мен шарттарын, мемлекет пен сыртқы экономикалық және өзге де қызметті жүзеге асырушы тұлғалардың арасындағы билік қатынастарына негізделген кеден саясатын іске асырудың басқа да құралдарын қамтиды.
1. Кеден ісі саласы - Қазақстан Республикасының кеден саясатын іске асыру кезінде кеден ісін қолдану жөніндегі мемлекеттік реттеу саласы.
2. Осы Кодекспен реттелмеген кеден ісі саласына қатысты қатынастар Қазақстан Республикасының өзге заң актілерімен реттеледі.
3-бап. Қазақстан Республикасының кеден саясаты
1. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын бірыңғай кеден саясаты жүзеге асырылады.
2. Кеден саясаты өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының қарауына жатады.
3. Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуды ынталандыру және экономикалық мүдделерін қорғау, тиімді кедендік бақылауды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген өзге де мақсаттар Қазақстан Республикасы кеден саясатының негізгі мақсаттары болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының кеден заңдары
1. Қазақстан Республикасының кеден заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы кеден заңдарының уақыт жағынан қолданылуы
1. Кеден ісі саласында осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден органы кеден декларациясы мен құжаттарын тіркеген күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы осы Кодексте белгіленген талаптарды бұза отырып өткізу кезінде тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізілген күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.
3. Егер тауарлар мен көлік құралдарының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізілген күнін анықтау мүмкін болмаса, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық айқындалған күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.
6-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы мен кедендік шекарасы
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағын құрғақтағы аумақ, аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар, олардың үстіндегі әуе кеңістігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан жасанды аралдар, қондырғылар, ғимараттар және кеден ісі саласында Қазақстан Республикасының юрисдикциясында ғана болатын өзге де объектілер құрайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған арнайы экономикалық аймақтың аумағы Қазақстан Республикасының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шектері, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады. Кедендік шекара - Қазақстан Республикасының кедендік аумағының шектерін белгілейтін сызық пен осы сызық бойынша өтетін вертикалды бет.
4. Кедендік шекара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дәл келуі мүмкін.
7-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) бірлескен бақылау – бақылау рәсімін жеңілдету үшін, шектес мемлекеттердің кеден және бақылаушы органдары бірлесіп және келісіп қолданатын және жүзеге асыратын, көрсетілген мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты іс-әрекеттердің, шаралардың, бақылау әдістерінің, құралдары мен нысандарының жиынтығы;
2) декларант – тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлға не тауарлар мен көлік құралдарын өз атынан декларациялайтын, білдіретін және ұсынатын кеден брокері;
3) декларациялау – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және (немесе) кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметтерді мәлімдеу;
4) жөнелтуші кеден органы – тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаумен тасымалдау басталатын Қазақстан Республикасының кеден органы;
5) жүк операциялары – кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау, тиеу, түсіру, қайта тиеу, орамның зақымданған жерлерін жөндеу, орау, қайта орау және тасымалдау үшін қабылдау, мұндай тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу, көрсетілген тауарлар болуы мүмкін үй-жайлар мен басқа да орындарды ашу;
6) кедендік алымдар – Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу, кедендік алып жүру үшін, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының кеден органдары бекітетін қоймаларда сақтау үшін алатын кедендік төлем түрлері;
7) кедендік алып жүру – Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын алып жүруі;
8) кедендік әкімшілік жүргізу – Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асыратын ұйымдық-құқықтық және өзге де іс-әрекеттер мен шаралар жиынтығы;
9) кедендік баж – Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелген кезде немесе тауарды аталған аумақтан әкеткен кезде алатын және осындай әкелу немесе әкетудің ажырамас шарты болып табылатын кедендік төлемнің түрі;
10) кедендік бақылау – Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын сақтау бойынша Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асыратын, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып жүзеге асыратын, орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген шаралардың жиынтығы;
11) кедендік бақылаудағы тауарлар – осы Кодекске сәйкес кедендік бақылау жүзеге асырылатын тауарлар;
12) кедендік декларация – тауарлар мен көлік құралдары туралы декларант мәлімдеген мәліметтерді жазбаша және (немесе) электрондық түрде растайтын құжат;
13) кедендік инфрақұрылым – Қазақстан Республикасының кеден органдарының жұмыс істеуіне жағдай жасайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден органдарының лауазымды адамдарына әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимараттар мен құрылыстар;
14) кедендік операциялар – кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының кеден органдары да, тұлғалар да Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жасайтын жекелеген іс-әрекеттер;
15) кедендік рәсімдер – Қазақстан Республикасының кеден органдары мен кеден ісі саласындағы тұлғалардың кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жасайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы;
16) кедендік режим – Қазақстан Республикасының кедендік аумағында не одан тыс жерлерде өткізу, пайдалану мақсаттарына қарай тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізу кезіндегі олардың кеден ісі саласындағы мәртебесін айқындайтын, осы Кодексте белгіленген нормалардың жиынтығы;
17) кедендік ресімдеу – тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты тұлғалар және Қазақстан Республикасының кеден органдары жасайтын іс-әрекеттер мен рәсімдердің жиынтығы;
18) кедендік тариф – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қолданылатын кедендік баж ставкаларының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген тізбесі;
19) кеден терминалы – Қазақстан Республикасы кеден органының қызмет аймағындағы Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлармен және көлік құралдарымен кедендік ресімдеу және (немесе) кедендік операциялар жасауға арнап арнайы жайластырылған, техникамен жарақтандырылған және жабдықталған орын;
20) кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету – осы Кодексте көзделген кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың осы Кодексте белгіленген тәсілдері;
21) коммерциялық құжаттар – шот-фактуралар, арнайы тізбелер, тиеу және орау парақтары, сондай-ақ тауарлар туралы мәліметтерді, оның ішінде тауарлардың құнын растайтын және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес пайдаланылатын басқа да құжаттар;
22) көлік құжаттары – халықаралық автомобиль жүк құжаттамасы, темір жол көліктік жүк құжаттамасы, багаж тізімдемесі, багаж түбіртегі, әуе жүк құжаттамасы, коносамент, сондай-ақ тауарларды құбыр тасымалымен және электр беру желілері арқылы өткізу кезінде пайдаланылатын құжаттар мен Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тасымалдар кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілесе жүретін өзге де құжаттар;
23) көлік құралы – халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолданылатын және осы көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олар үшін техникалық паспортпен немесе техникалық формулярмен көзделген қосалқы бөлшектерді, керек-жарақтары мен жабдықтарды, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары мен салқындату сұйықтарын қоса алғанда, теңіз, ішкі су, әуе кемесі, механикалық көлік құралы;