Toggle Dropdown
Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы N 683 Қаулысы
Осы редакция 30.05.2013 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
"Мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi Заңына
сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Әлеуметтiк аударымдарды есептеу және аудару ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 21 маусымдағы
N 683 қаулысымен
бекiтiлген
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу және аудару ережесi
Осы Ереже "Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк аударымдарды есептеудің және аударудың тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.
Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1. Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi - Қор) - әлеуметтiк аударымдарды жинауды және мiндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушыдан - асыраушысынан айрылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерiн қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтiк қатер жағдайы басталған мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға төлемдi жүргiзетiн заңды тұлға.
2. Әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi - төлеушi) - әлеуметтік аударымдарды есептеудi және Қорға төлеудi жүзеге асыратын жұмыс беруші немесе өзін-өзi жұмыспен қамтыған адам.
3. Әлеуметтік аударымдар - Қорға төленетiн, заңда белгiленген мiндетті төлемдер.
4. Әлеуметтік аударымдар ставкасы - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсінің шамасына қарай пайыздық қатынаспен көрсетiлген, Қорға төленетiн міндетті төлемдердiң тiркелген мөлшерi.
2. Әлеуметтік аударымдарды есептеудiң және аударудың
тәртiбi мен мерзiмi
5. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшiн төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу ай сайын жүргiзiледi.
Бұл ретте, әлеуметтік аударымдарды есептеу үшiн ай сайынғы табыс тиiстi қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетiн ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады.
6. Жұмыс берушi үшiн орындаған жұмысы, көрсеткен қызметi үшiн қызметкерге табыс түрiнде төленетiн оның шығыстары әлеуметтiк аударымдардың объектiсi болып табылады.
Жұмыспен өзін өзі қамтыған адамдар үшін олардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде бір айдың ішінде алуға тиіс (алынған) кірістерінен тұратын жиынтық табысы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
7. Жұмыс берушiнiң қызметкерге кiрiстер түрiнде төленетiн шығыстарын есептеу, әскери қызметшiлердiң, арнаулы мемлекеттік органдар, iшкi iстер органдары, қаржы полициясы және мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң ақшалай үлестерiн жұмыс берушiнiң қызметкерлерге кiрiс түрiнде төлейтiн шығыстарына қоса отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде (бұдан әрi – Салық кодексi) көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
8. Салық кодексінің 155-бабы 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 7), 9), 10), 11), 12) тармақшаларында, 156-бабы 1-тармағының 12), 18), 24), 30), 32) тармақшаларында және 357-бабы 3-тармағының 4), 5), 6) тармақшаларында белгіленген кірістерден Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейді.
9. Қорға міндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары үшiн төлеуге жататын әлеуметтiк аударымдар:
2005 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң 1,5 пайызы;
2006 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң 2 пайызы;
2007 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектiсiнiң 3 пайызы;
2009 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 4 пайызы;
2010 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнайы салық режимi қолданылатын, жұмыспен өзін өзi қамтыған адамдар үшін, олардың өз пайдасына төлейтiн әлеуметтiк аударымдардың мөлшерi:
2005 жылдың 1 қаңтарынан - тиісті қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетiн ең төмен жалақының 1,5 пайызын;
2006 жылдың 1 қаңтарынан - тиiстi қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн ең төмен жалақының 2 пайызын;
2007 жылдың 1 қаңтарынан - тиісті қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен жалақының 3 пайызын;
2009 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 4 пайыз, бірақ тиісті қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен жалақының кемінде 4 пайызын;
2010 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы, бірақ тиісті қаржылық жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төмен жалақының кемінде 5 пайызын құрайды.
Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін әлеуметтік аударымдардың ең жоғары мөлшері есепті кезеңде есептелген әлеуметтік салық сомасынан аспауға тиіс.
10. Төлеушiлер әлеуметтiк аударымдарды Қорға Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық (бұдан әрi - Орталық) арқылы есептi айдан кейiнгi айдың 25 күнiнен кешіктiрмей, олар үшiн аударымдар жүргiзiлетiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн қосып, өздерiнiң банктік шоттарынан қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен төлейдi.
Төлеушiлердiң әлеуметтiк аударымдарды банкке қолма-қол ақша нысанында енгiзуi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермерлік қожалықтар, арнайы салық режимін оңайлатылған декларация негізінде қолданатын шағын бизнес субъектілері, арнайы салық режимін патент негізінде қолданатын жеке кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдар сомасын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімдерде төлейді.
11. Олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзілетiн әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмi әрбiр жеке адам бойынша: жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН); тегiн, атын, әкесiнiң атын; туған жылын; әлеуметтік аударым сомасын; әлеуметтiк аударымдар төленетiн кезеңін (жылын, айын немесе айларын) қамтуы тиiс.
Егер тегi, аты, әкесiнің аты өзгерген болса, онда бұрынғы тегi, аты, әкесiнiң аты қатар көрсетіледi.
12. Орталық әлеуметтiк аударымдардың есебiн олар үшiн аударымдар жүргiзілетiн мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың ЖСН базасында жүзеге асырады.
13. Банктердiң Орталыққа ақшаны аударуы олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тiзiмiн қосып, MT-102 форматындағы электронды төлем тапсырмаларымен жүзеге асырылады.
Төлеушiнiң банкi әлеуметтiк төлемдердi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы аударған жағдайда төлеушi банкке қағаз жеткiзгiштегi төлем тапсырмасының төртiншi данасын қосымша ұсынады, оны төлеушiнiң банкi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық (аумақтық) филиалдарына жібередi.
14. Төлеушілер берешектердi аударуды олар үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзілетiн әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмiн қосып, MT-102 форматындағы электронды төлем тапсырмаларымен кезең (жыл, ай немесе айлар) үшін жүргізедi.
15. Банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік аударымдар сомасын Орталықтың шотына осы сома төлеушiнiң банктік шотынан есептен шығарылған күнi аударады.
16. Орталықтың шотына түскен әлеуметтік аударымдардың сомасы үш банктік күн iшiнде MT-100 форматындағы төлем тапсырмасымен Қордың шотына аударылады.
17. Әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек қалыптасқан кезде салық органдары төлеушiге мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн салық органына ұсыну туралы хабарламаны осы Ереженiң 11-тармағына сәйкес жолдайды.
Хабарламаның нысанын мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiн орындауға салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн уәкiлетті орган белгілейдi.