• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 15.05.2007 г

Отправить по почте

Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 493 Заңы

Осы Заң күшін жойды 01.06.2007 жылдан бастап ҚР 15.05.2007 жылғы № 252-III Заңына сәйкес
Редакция 12.01.2007 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң азаматтардың Қазақстан Республикасындағы еңбек бостандығына конституциялық құқығын iске асыру процесiнде туындайтын еңбек қатынастарын реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 
еңбек - адамдардың өмiрi үшiн қажеттi материалдық, рухани және басқа да құндылықтар жасауға бағытталған адам қызметi;  
еңбек қатынастары - тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негiзiнде белгiлi бiр еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiнде туындайтын жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы қатынастар;  
жұмыс берушiнiң актiлерi - жұмыс берушiнiң (жұмыс берушiлер өкiлiнiң) шығаратын актiлерi (бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулықтар, iшкi еңбек тәртiбiнiң ережелерi);  
жеке еңбек шарты - қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасында жазбаша нысанда жасалатын екiжақты келiсiм, ол бойынша қызметкер жұмыс берушiнiң актiсiн атқара отырып, белгiлi бiр мамандық, бiлiктiлiк немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға мiндеттенедi, ал жұмыс берушi қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісiмiнде көзделген өзге де ақшалай төлемдердi уақытында және толық көлемiнде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi;  
зиянды (өте зиянды) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi қызметкердiң жұмыс қабiлетi төмендеуiне немесе ауыруына, не оның ұрпақтарының денсаулығына терiс ықпал етуiне әкеп соғатын еңбек жағдайлары;  
қауiптi (өте қауiптi) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда қызметкер денсаулығының кенеттен күрт нашарлауына немесе жарақаттануына, не оның қайтыс болуына әкеп соғатын еңбек жағдайлары;  
ауыр дене жұмыстары - қызметкердiң ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызметтерiнiң түрлерi не 300 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсайтын басқа да жұмыстар;  
демалыс уақыты - қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындаудан бос және оны өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;  
жалақы - еңбек үшiн оның күрделiлiгiне, саны мен сапасына сәйкес төленетiн сыйақы (табыс);  
бiлiктiлiк разряды - қызметкердiң өзi орындайтын жұмыстарының күрделiлiгiн көрсететiн бiлiктiлiк деңгейi;  
ұжымдық шарт - еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу үшін бір немесе бірнеше жұмыс беруші (олардың өкілдері) мен қызметкерлердің бір немесе бірнеше өкілдері арасында жазбаша шарт нысанында жасалған құқықтық акт; 
iссапар - жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу;  
өтемақылар - жұмыс режимi мен еңбек жағдайларына, жұмысты орындаған кездегi қызметкерлердiң шеккен шығындарының орнын толтыруға байланысты ақшалай төлемдер;  
ең төмен жалақы мөлшерi - меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарда жалданып жұмыс iстейтiн адамдарға ақшалай төлемдердiң Қазақстан Республикасының  Конституциясы  кепiлдiк берген ең төмен мөлшерi;  
жазбаша  (хабарлама) - қызметкердiң немесе жұмыс берушiнiң қол қойылған және тiркелген өтiнiшi не өзге де әдiспен (хабарлама арқылы тапсырысты хатпен, факспен, электронды поштамен, жеделхатпен) берiлген өтiнiшi;  
жұмыс берушiлердiң өкiлдерi - құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс берушiнiң немесе жұмыс берушiлер тобының мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлғалар;  
қызметкерлердің өкілдері - кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің органдары және (немесе) қызметкерлер уәкілеттік берген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған өзге де тұлғалар мен ұйымдар; 
қызметкер - жұмыс берушiмен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек шарты бойынша жұмысты тiкелей орындайтын жеке тұлға;  
жұмыс беруші - қызметкер еңбек қатынастарында тұратын заңды немесе жеке тұлға;  
жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушiнiң актiлерi мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындайтын уақыт;  
еңбек мiндеттерi - қызметкер мен жұмыс берушiнiң жеке еңбек және ұжымдық шарттармен байланысты мiндеттемелерi;  
еңбек стажы - қызметкердiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк және өзге де қызметпен айналысушы қызметкер немесе жеке адам ретiнде еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруға жұмсаған күнтiзбемен есептелген уақыты;  
еңбек дауы - еңбек туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша бұрын қызметкер (қызметкердiң өкiлi) мен жұмыс берушi (жұмыс берушiнiң өкiлi) арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiспеушiлiк;  
еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - еңбек қатынастары саласында өз өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;  
еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, оны қорғау мен нормалау жағдайы, жұмыс режимi, мамандықтарды (қызметтердi) қоса атқару мүмкiндiгi мен тәртiбi, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттар тараптарының келісiмi бойынша өзге де жағдайлар; 
еңбек туралы заңнаманың сақталуын тексеру (бұдан әрi - тексеру) - еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асыратын жұмыс берушiнiң немесе қызметкердiң Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын орындауын тексеру. 
1-бап өзгертілді ҚР 23.12.2004. № 20, 31.01.2006. № 125 Заңдарымен (25.09.2003 жылғы редакцияны қараңыз).(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз)
2-бап. Еңбек туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын реттейтiн, нормалары осы Заңның нормаларынан кем бола алмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.  
2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Заңның және еңбек туралы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң алдында артықшылығы бар және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңы шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, олар тiкелей қолданылады. 
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қатынастарын реттейдi.  
2. Егер  Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады.  
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құрылтайшылары немесе меншiк иелерi (толығынан немесе iшiнара) шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар болып табылатын ұйымдардың қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары қолданылады.  
3-бап өзгертілді ҚР 23.12.2004. № 20 Заңымен. (25.09.2003 жылғы редакцияны қараңыз)
4-бап. Еңбек саласындағы кемсiтушiлiкке тыйым салу
1. Әркiмнiң де өзiнiң еңбек құқықтарын iске асыруға тең мүмкiндiктерi бар. Жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiк және қызмет жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, азаматтықта, қоғамдық бiрлестiктерде болуына, сондай-ақ қызметкердiң iскерлiк қабiлетi мен оның еңбегiнiң нәтижелерiне байланысты болмайтын басқа да мән-жайларға қарамастан, ешкiмнiң де еңбек құқықтары шектелуге немесе оларды iске асыруда қандай да бiр артықшылықтар алуға тиіс емес.
2. Еңбек саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептейтiн адамдар тиiстi арызымен сотқа жүгiне алады. 
5-бап. Жеке еңбек және ұжымдық шарттармен реттелетiн еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары нормативтiк құқықтық актiлермен, еңбек туралы заңдарға сәйкес жасалған жеке еңбек,  ұжымдық  шарттармен реттеледi.  
2. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын тараптар бiржақты тәртiппен өзгерте алмайды.  
3. Қызметкерлердiң жекелеген санаттарының өзге нормативтiк құқықтық актiлермен реттелетiн еңбек жағдайлары осы Заңдағы жағдайлардан төмен болмауға тиiс.  
Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың жекелеген талаптарының жарамсыздығы тұтас алғанда жеке еңбек, ұжымдық шарттарды жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.  
4. Осы Заң еңбек қатынастарын реттейтiн ең аз мерзiмдер мен талаптарды жолға қояды. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың тараптары бұл ең аз деңгейдi жақсарту жағына өзгерте алады. 
5. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары, егер олар заң актілерiне қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
6-бап. Мәжбүрлi еңбекке тыйым салу