Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 317 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 4 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3870.
Редакция 26.04.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына, "Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулының 2-қосымшасында көрсетілген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
1-тармақтың 9) тармақшасы алынып тасталсын.
4. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
5. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (Тоқобаев Н.Т.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" Заңды тұлғалар бірлестігіне, сауда-саттықты ұйымдастырушыға жіберсін.
6. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
"Келісілді" Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2005 жылғы 27 тамыздағы
N 317 қаулысына N 1 қосымша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында
Брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру ережесі
Осы Ереже 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы ереже), 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше ереже), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлік қызметті (бұдан әрі - брокерлік және дилерлік қызмет) жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.
1. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен реттелмеген бөлігінде, брокерлік және дилерлік қызмет брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарына, брокер және (немесе) дилер мен олардың клиенттерінің арасында жасалған брокерлік қызмет көрсету жөніндегі шарттарға және егер олар Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген заңнамаға қайшы келмесе, дәстүрлерге (оның ішінде іскерлік айналыс дәстүрлеріне) сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Ереженің қолданылуы мыналарға қолданылады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, банк қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтін бөлікте брокерлер және (немесе) дилерлер болып табылатын банктерге;
2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына қарама-қайшы келмейтін бөлікте брокерлер және (немесе) дилерлер болып табылатын зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға, жинақтаушы зейнетақы қорларға;
3) инвестициялық қорлар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтін бөлікте брокерлер және (немесе) дилерлер болып табылатын инвестициялық қорлардың басқарушы компанияларға.
3. Брокер және (немесе) дилер брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың мынадай түрлерінің бірін иелене алады:
1) бірінші санатты лицензия - номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен (бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеу құқығымен);
2) екінші санатты лицензия - клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз (бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеу құқығынсыз).
4. Бірінші санатты лицензияны иеленген брокер және (немесе) дилер осы Ережеде бірінші санатты брокер және (немесе) дилер, екінші санатты лицензияны иеленген - екінші санатты брокер және (немесе) дилер деп аталады.
4-1. Осы Ереженің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті (бұдан әрі - уәкiлеттi орган) Standard & Poor's агенттiгiнiң рейтингтік бағаларынан өзге сондай-ақ Moody's Investors Service пен Fitch агенттiктерiнiң және олардың еншілес рейтингтік ұйымдарының (бұдан әрі - басқа рейтингтік агенттіктер) рейтингтік бағаларын таниды.
4-2. Брокер және (немесе) дилер жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізеді.
Брокер және (немесе) дилер аудит жүргізілгенде, аудиторлық ұйым сұратқан барлық қажетті құжаттаманы (материалдарды) береді.
4-3. Брокер және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіпте брокер және (немесе) дилер аффилиирленген тұлғалардың есебін жүргізеді.
4-4. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4-5. Брокер және (немесе) дилердің iшкi құжаттарымен бағалы қағаздардың орталық депозитарийiнiң, қор биржасының, клиринг ұйымының және (немесе) «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 77-1-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы құралдармен мәмілелер бойынша ұйымға есеп айырысуды (төлемдерді) жүзеге асыратын есеп айырысу ұйымының (бұдан әрі – есеп айырысу ұйымы) электрондық құжаттарымен алмасу жүйесіне кіру үшін рұқсаты (пароль пайдаланатын) бар брокер және (немесе) дилердің қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi белгiленедi.
4-6. Осы Ереженің 37-1 және 37-2-тармақтарында көзделген бағалы қағаздармен мәмілелерді банк болып табылмайтын бірінші санаттағы брокер және (немесе) дилер ғана мына критерийлерге сәйкес келген кезде жасайды:
1) кемінде үш жылда бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметін жүзеге асыруы;
2) тәуекелдердің өтелуін сипаттайтын көрсеткіштер мәндерінің Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 26 қыркүйектегі № 209 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5844 тіркелген) бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін қалыптастыру қағидаларының талаптарына сәйкес келуі;
3) қатарынан алдағы үш ай ішінде ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айдың қорытындысы бойынша мәмілелер жасаған кейінгі айдың ішкі әдістемесіне сәйкес айқындалатын қор биржасы мүшелерінің белсенділік рэнкингі бойынша алғашқы жеті компаниялар тізімінде болу және қаржы құралдармен кемінде үш жүз мәмілелер жасау (талаптары мәміле мәні болып табылатын қаржы құралдарын кері сатып алу не кері сату міндеттемелері көзделетін мәмілелерді қоспағанда);
4) эмитенттерге кем дегенде сегіз, олардың ішінен бестен аспайтын қаржы құралдар бойынша қор биржаның өкілдік индексіне кіретін қор биржаның ішкі құжаттарымен сәйкес маркет-мейкер ретінде баға белгілеуді жариялау және ұстау бойынша қызмет көрсету;
5) андеррайтер ретінде немесе эмиссиялық консорциум құрамында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және орналастыру бойынша қызмет көрсету, қатарынан соңғы үш күнтізбелік жыл ішінде кем дегенде үш эмитентке;
6) бағалы қағаздары қор биржасының ресми тізіміне енгізілген эмитенттерге консультациялық қызмет көрсету.
4-7. Егер банк болып табылмайтын бірінші санаттағы брокер және (немесе) дилер осы Ереженің 4 -6-тармағында белгіленген бір және (немесе) бірнеше критерийлерге сәйкес келмеген жағдайда, онда осындай сәйкес келмеген күннен бастап осы Ереженің 37-1 және 37-2-тармақтарында көзделген бағалы қағаздармен мәмілелер жасамайды. Бұл ретте осы брокер және (немесе) дилер осы Ереженің 37-1 және 37-2-тармақтарында көзделген, брокердің және (немесе) дилердің осы Ереженің 4 -6-тармағында белгіленген критерийлерге сәйкес келу кезінде жасалған бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша клиенттері мен қарсы серіктестер алдында міндеттемелерді орындау бойынша іс-әрекеттер жасайды.
Брокердің және (немесе) дилердің осы Ереженің 4 -6-тармағында белгіленген критерийлерге сәйкес келмеу фактісі басталған кезде брокер және (немесе) дилер уәкілетті органға сәйкес келмеуі анықталған күннен кейінгі келесі бір жұмыс күн ішінде осы факті туралы хабарлама жібереді.
2-тарау. Брокер және (немесе) дилердің ұйымдық құрылымы және қызметкерлерінің біліктілігі
5. Клиенттердің шоттарын номиналды ұстаушы ретінде жүргізу құқығы бар брокер және (немесе) дилердің ұйымдық құрылымында мынадай құрылымдық бөлімшелер болуы тиіс:
1) қаржы құралдарымен мәмілелердің жасалуын жүзеге асыратын сауда бөлімшесі (бұдан әрі - сауда бөлімшесі);
2) қаржы құралдарымен мәмілелердің орындалуын, қаржы құралдарын және осы брокер және (немесе) дилердің және оның клиенттерінің ақшасын есепке алуды жүзеге асыратын есеп айырысу бөлімшесі (бұдан әрі - бэк-офис);
3) номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокер және (немесе) дилердің ішкі құжаттарына сәйкес белгіленген өзге құрылымдық бөлімшелер.