Toggle Dropdown
Екінші деңгейдегі банктердің, "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздар мен шартты міндеттемелер бойынша есептілікті беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 174 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 маусымда № 7739 тіркелді
Осы редакция 29.10.2012 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің, «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздар мен шартты міндеттемелер бойынша есептілікті беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 28 сәуірдегі
№ 174 қаулысына
қосымша
Күші жойылды деп танылатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кредиттік тізілімді қалыптастыру үшін есеп беру ережесін бекіту туралы» 2004 жылғы 27 қарашадағы № 333 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3350 тіркелген);
2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кредиттік тізілімді қалыптастыру үшін есеп беру ережесін бекіту туралы» 2004 жылғы 27 қарашадағы № 333 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2005 жылғы 28 мамырдағы № 160 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3709 тіркелген);
3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 28 мамырдағы № 155 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4803 тіркелген) қосымшаның 9-тармағы;
4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасының кейбiр нормативтiк құқықтық актiлерiне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 131 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6554 тіркелген) қосымшаның 10-тармағы.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 28 сәуірдегі
№ 174 қаулысымен
бекітілді
Екінші деңгейдегі банктердің, «Қазақстанның Даму Банкі»
акционерлік қоғамының және банк операцияларының жекелеген
түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздар мен шартты
міндеттемелер бойынша есептілікті беру қағидалары
Осы Екінші деңгейдегі банктердің, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздар мен шартты міндеттемелер бойынша есептілікті беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы », 2003 жылғы 4 шілдедегі «Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы » Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – банктер) «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының және банк операцияларын жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздар мен шарттық міндеттемелер бойынша есептілікті (бұдан әрі – есептілік) беру тізбесін, мерзімдерін және тәртібін белгілейді.
1. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) акционер – қарыз алушының (тең қарыз алушының) жай акцияларының он және одан көп пайызы мөлшеріндегі акциялардың меншік иесі болып табылатын тұлға;
2) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органының банктік қарыз беру операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар агроөнеркәсіп кешені саласында ұлттық басқарушы холдингінің ипотекалық ұйымдары және еншілес ұйымдары;
3) басшы – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне немесе құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға;
4) бенефициар – кепілдік немесе кепілгерлік шартына сәйкес пайда алушы (оның пайдасына шарт жасалады) болып табылатын тұлға;
5) кепіл беруші – кепіл шартына сәйкес мүлкі немесе ондағы үлесі кепіл заты болып табылатын тұлға;
6) кепілдік беруші – басқа тұлғаның (борышкердің) кредиторы алдында осы тұлғаның міндеттемесінің орындалуына толығымен немесе ішінара борышкермен бірлесе жауап беруге міндеттенетін тұлға;
7) «Кредиттік тіркелім» ААШЖ – «Кредиттік тіркелім» автоматтандырылған ақпараттық шағын жүйе;
8) кредиттік тіркелім – жоғарыда көрсетілген ұйымдардың кредиттік қызметіне байланысты тәуекелдердің мониторингі мақсатында, сондай-ақ ақша-кредиттік статистиканы және сыртқы сектордың статистикасын қалыптастыру мақсатында қалыптастырылатын, банк, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Қағидалардың талаптарына сәйкес уәкілетті органға ұсынған ақпаратты қамтитын электрондық деректер базасы;
9) қарыз алушы – қарыз (кредит) алу шартына қол қоятын, қарызды (кредитті) алған және өзіне алған ақшаны қайтаруға және алған қарызды (кредитті), оның ішінде сыйақыны және кредит бойынша басқа да төлемдерді толық өтеуге міндеттеме қабылдайтын тұлға;
10) принципал - кепілдік немесе кепілгерлік шартына сәйкес міндеттемеде негізгі борышкер болып табылатын тұлға;
11) тең қарыз алушы – қарыз алушымен бірге қарыз (кредит) алу шартына қол қоятын және қарыз (кредит) алу шарты бойынша алған ақшаны қайтаруға және алған қарызды (кредитті), оның ішінде сыйақыны және кредит бойынша басқа да төлемдерді толық өтеу бойынша міндеттемелерді орындауға бірлесе жауапты ретінде болатын тұлға;
12) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті;