• Мое избранное
Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі
Внимание! Недействующая редакция документа. Посмотреть действующую редакцию

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
Осы редакция 02.04.2010 жылы енгізілген өзгерістерге  дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі N 409 Кодексі  (Ерекше бөлім) 4 бөлім 
 Міндеттемелердің жекелеген түрлері 
25-тарау. Сатып алу-сату
Параграф 1. Сатып алу-сату туралы жалпы ережелер
406-бап. Сатып алу-сату шарты
1. Сатып алу-сату шарты бойынша бiр тарап (сатушы) мүлiктi (тауарды) екiншi тараптың (сатып алушының) меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе жедел басқаруына беруге мiндеттенедi, ал сатып алушы бұл мүлiктi (тауарды) қабылдауға және ол үшiн белгiлi бiр ақша сомасын (бағасын) төлеуге мiндеттенедi. 
2. Бағалы қағаздар мен валюталық құндылықтарды сатып алу-сатуға, егер заң актiлерiнде оларды сатып алу-сатудың арнаулы ережелерi белгiленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады. 
2-1. Ислам банкінің банк қызметін жүзеге асыруы кезінде оның тауарларды сатып алу-сату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді. 
3. Осы Кодексте немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатып алу-сату ерекшелiктерi заң актiлерiнде және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi. 
4. Осы параграфта көзделген ережелер, егер бұл құқықтардың мазмұнынан немесе сипатынан өзгеше туындамаса, мүлiктiк құқықтарды сатуға қолданылады. 
5. Сатып алу-сату шарттарының жекелеген түрлерiне (бөлшек саудамен сатып алу-сату, тауарлар жеткiзiлiмi, энергиямен жабдықтау, контрактация, кәсiпорынды сату), егер осы Кодекстiң ережелерiнде бұл түрлердiң шарттары туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады. 
407-бап. Тауар туралы шарттың талабы
1. Осы Кодекстiң 116-бабындағы ережелердi сақтай отырып, кез келген зат шарт бойынша сатып алу-сату тауары бола алады. 
2. Шарт жасасқан кезде сатушының қолында бар тауарды, сондай-ақ заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе немесе тауардың сипатынан өзге жағдай туындамаса, сатып алушының болашақта шығаратын немесе сатып алатын тауарын сатып алу-сатуға шарт жасалуы мүмкiн. 
3. Егер шарт тауарлардың атауын және санын айқындауға мүмкiндiк берсе, тауар туралы талап (елеулi талаптар) келiсiлген деп есептеледi.
408-бап. Сатушының тауар беру жөнiндегi мiндеттерi
1. Сатушы шартта көзделген тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi. 
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы тауарды берумен бiрге сатып алушыға оның керек-жарақтарын, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген, соған қатысты құжаттарды (тауардың жиынтықтылығын, қауіпсіздігін, сапасын, пайдалану тәртiбiн және т.б. куәландыратын құжаттарды) беруге мiндеттi.
409-бап. Тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi
1. Сатушының сатып алушыға тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi шартта белгiленедi, ал егер шартта мерзiмдi белгiлеуге мүмкiндiк болмаса, осы Кодекстiң 277-бабында көзделген ережелерге сәйкес белгiленедi. 
2. Егер мерзiм бұзылған кезде сатып алушының шартты орындауға мүдделiлiгi жоғалатындығы шарттан айқын туындайтын болса, сатып алу-сату шарты оны қатаң белгіленген мерзімде орындау талабымен жасалды деп танылады. 
Сатушының мұндай шартты онда белгiленген мерзiм басталғанға дейiн немесе бiткеннен кейiн сатып алушының келiсуiнсiз орындауға құқығы жоқ. 
Заң актiлерiнде немесе шартта сатып алу-сату шартын бөлiп орындау жағдайлары (шартты орындаудың аралық мерзiмдерi) белгiленуi мүмкiн.
410-бап. Сатушының тауар беру мiндетiн орындау кезі
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға тауар беру мiндетi: 
1) егер шартта тауарды жеткiзiп беру бойынша сатушының мiндетi көзделсе, сатып алушыға немесе ол атаған адамға тауарды берген; 
2) егер тауар сол тауар орналасқан жерде сатып алушыға немесе ол атаған адамға берiлуге тиiс болса, сатып алушының билiгiне тауар берген кезiнде орындалған болып есептеледi. 
Тауар шартта көзделген мерзiмде тиiстi жерде беруге дайын тұрған және сатып алушы шарт талаптарына сәйкес тауардың беруге дайын екендiгi туралы хабардар болған кезде тауар сатып алушының билiгiне берiлген болып есептеледi. Егер тауар таңбалау арқылы немесе өзгеше түрде шарт мақсаттары үшiн сәйкестендiрiлмесе тауар берiлуге дайын емес деп танылады. 
2. Тауарды жеткiзiп беру немесе сатып алушыға оның орналасқан жерiнде тауар беру жөнiнде сатып алу сату шартынан сатушының мiндетi туындамаған жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды тасымалдаушыға немесе сатып алушыға жеткiзу үшiн байланыс ұйымына берген кезде сатушының тауарды сатып алушыға беру мiндетi орындалған болып есептеледi.
411-бап. Тауардың кездейсоқ жойылу қаупiнiң ауысуы
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатушы заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес сатып алушыға тауар беру жөнiндегi өз мiндетiн атқарды деп есептелетiн кезден бастап сатып алушыға ауысады. 
2. Жолда келе жатқан кезде сатылған тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер шартта немесе iскерлiк айналым ғұрпында өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап сатып алушыға ауысады. 
Егер шарт жасасқан кезде сатушы тауардың жоғалтылғанын немесе бүлiнгенiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса және бұл туралы сатып алушыға хабарламаса, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушының талап етуi бойынша тауар бірінші тасымалдаушыға өткізілген кезден бастап сатып алушыға ауысатындығы туралы шарт талабын сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.
412-бап. Сатушының сатылған тауарды сақтау жөнiндегi мiндетi
Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығы сатып алушыға тауарды берместен бұрын ауысқан кезде сатушы тауарды бергенге дейiн оның нашарлауына жол бермей сақтауға мiндеттi. 
Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, сатып алушы сатушыға бұған қажеттi шығындарды өтеуге мiндеттi.
413-бап. Сатушының үшiншi тұлғалардың құқықтарынан тыс тауарды беру мiндетi
1. Сатып алушы үшiншi тұлғалардың құқықтары жүктелген тауарды қабылдауға келiскен жағдайды қоспағанда, сатушы үшiншi тұлғалардың кез келген құқықтарынан тыс тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi. 
Егер тауарға үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы сатып алушының бiлгендiгi немесе бiлуге тиiс екендiгi дәлелденбесе, сатушының бұл мiндеттердi орындамауы сатып алушыға сол тауардың сатып алу бағасын кемiтудi не шартты бұзуды және залалдарды өтеудi талап ету құқығын бередi. 
2. Тауарды сатып алушыға беру кезiнде үшiншi тұлғалардың оған қатысты талаптары болып, ол жөнiнде сатушы білген жағдайда да, егер бұл талаптар кейiннен белгiленген тәртiппен заңды деп танылса, тиiсiнше осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
414-бап. Сатып алушыдан тауарды алып қойған жағдайдағы сатушының жауапкершiлiгi
1. Шартты орындауға дейiн пайда болған негiздер бойынша үшiншi тұлғалар сатып алушыдан тауарды алып қойған кезде сатушы, егер сатып алушы осы негiздердiң болғаны туралы бiлгенiн немесе білуге тиіс екенін дәлелдей алмаса, сатып алушыға оның шеккен залалын өтеуге мiндеттi. 
2. Үшiншi тұлғалардың сатып алушыдан сатып алған тауарын талап еткен жағдайда тараптардың сатушыны жауапкершiлiктен босату немесе жауапкершiлiгiн шектеу туралы келiсiмi жарамсыз болады.
415-бап. Тауарды алып қою туралы талап арыз берiлген жағдайдағы сатып алушы мен сатушының мiндеттерi
1. Егер үшiншi тұлға шарт орындалғанға дейiн туындаған негiздер бойынша сатып алушыға тауарды алып қою туралы талап арыз қойса, сатып алушы сатушыны бұл iске қатысуға тартуға мiндеттi, ал сатушы бұл іске сатып алушы тарапынан араласуға міндетті. 
2. Егер сатушы iске қатыса отырып, сатылған тауарды сатып алушыдан алып қоюды болдырмайтынын дәлелдей алса, сатып алушының сатушыны iске қатысуға тартпауы сатушыны сатып алушы алдындағы жауапкершіліктен босатады. 
3. Сатып алушы iске қатысуға тартқан, бiрақ оған қатыспаған сатушы сатып алушының iстi дұрыс жүргiзбегенiн дәлелдеу құқығынан айырылады.
416-бап. Тауар беру мiндетiн орындамаудың салдары
1. Егер сатушы сатып алушыға сатылған тауарды беруден бас тартса, сатып алушы сатып алу-сату шартын орындаудан бас тартуға құқылы. 
2. Сатушы белгiлi бiр жеке затты беруден бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушыға осы Кодекстiң 355-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы.