Toggle Dropdown
Осы редакция 05.02.2009 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының халқын құжаттандырудың кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы N 1235 Қаулысы
"Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен азаматтығы жоқ адамдардың электрондық ақпарат жеткізгіші бар куәлігінің үлгілері (сипаттамасы) бекітілсін.
2. Осы қаулы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен азаматтығы жоқ адамдардың куәліктері олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды деп саналсын.
3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттерді Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен азаматтығы жоқ адамның электрондық ақпарат жеткізгіші бар куәлігі енгізілгені, сонымен қатар осы қаулы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен азаматтығы жоқ адамдардың куәліктерінің қолдану мерзімі аяқталғанға дейін жарамдылығы туралы хабардар етуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасында шетел азаматының тұру ықтиярхаты мен азаматтығы жоқ адамдардың куәлігінің үлгілерін (сипаттамасын) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 23 қаңтардағы N 87 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 16, 29-құжат):
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру ықтиярхатының бланкілерін жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру ықтиярхатының үлгісі (сипаттамасы) бекітілсін.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру ықтиярхаты бланкілерін оның сипаттамасына сәйкес жасауды қамтамасыз етсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген шетел азаматы қоныстану ықтиярхатының үлгісінде (сипаттамасы):
тақырыпта "шетел азаматы қоныстану" деген сөздер "Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың б) тармақшасында:
"Шетел азаматының қоныстану" деген сөздер "Шетелдіктің тұру" деген сөздермен ауыстырылсын;
"иностранного гражданина" деген сөздер "иностранца" деген сөзбен ауыстырылсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген азаматтығы жоқ адамның куәлігінің үлгісі (сипаттамасы) алып тасталсын;
2) "Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 29, 359-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесінде:
5-тармақтың екінші, үшінші, төртінші, бесінші абзацтары алып тасталсын;
7-тармақтың екінші абзацы алып тасталсын.
5. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасы азаматы паспортының үлгісін (сипаттамасын) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 22 сәуірдегі N 429 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 19, 191-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 12 қаңтардағы N 31 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы N 140 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 7, 73-құжат).
6. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 24 желтоқсандағы
N 1235 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы азаматының электрондық ақпарат жеткізгіші бар паспортының үлгісі (сипаттамасы)
1. Қазақстан Республикасы азаматының электрондық ақпарат жеткізгіші бар паспорты машинамен оқылатын жол жүру құжаттарына қойылатын халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес дайындалады.
2. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты көлемі 88x125 мм доғал бұрышты брошюраны білдіреді және форзац мұқабасына желімделген мұқабадан және 18 парақтан (36 бет) тұрады.
3. Қазақстан Республикасы азаматы паспортының мұқабасы тозбайтын материал мен тесемнен дайындалады, олардың арасында паспорттың иесі туралы электрондық ақпарат жеткізгіш ретінде пайдаланылатын антеннасы бар микросхема (байланыссыз интерфейс бар чип) орналастырылады.
Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб микросхемада қорғалған түрде Қазақстан Республикасы азаматы паспортының иесі туралы графикалық және мәтіндік ақпарат сақталады.
4. Қазақстан Республикасы азаматы паспортының мұқабасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының түсіндей көгілдір түсті.
Қазақстан Республикасы азаматы паспортының алдыңғы мұқабасының сыртқы бетінде:
жоғары бөлігінде - мемлекеттік және ағылшын тілдерінде:
"ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ REPUBLIC OF КАZАКНSТАN" деген жазу;
ортада - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының астында - мемлекеттік және ағылшын тілдерінде:
"ПАСПОРТ РАSSPORT" деген жазу;
төменгі бөлігінде - Қазақстан Республикасы азаматының паспортында электрондық ақпарат жеткізгіштің болуын көрсететін арнайы белгі;
бұрыштарында - ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан.
Жазулар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі, арнайы белгі және ұлттық ою-өрнек элементтері алтын түсті фольгамен өрнектеліп орындалады.
5. Қазақстан Республикасы азаматы паспортының алдыңғы форзацында: