Toggle Dropdown
"Ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы"
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 50 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 8 ақпанда № 8328 тіркелді
Редакция 07.11.2021 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 4) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Ұлттық қаржылық есептілік стандарты бекітілсін.
1) «№ 1 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 218 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4814 болып тіркелген, 2007 жылғы 29 тамыздағы № 132 (1335) «Юридическая газета» газетінде жарияланған);
2) «№ 2 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 217 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4816 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2007 жылғы қыркүйек, № 9, 281-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет әдіснамасы департаменті (А.О. Төлеуов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттік тiркелуiн және заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2013 жылғы 31 қаңтардағы
№ 50 бұйрығымен
бекітілген
Ұлттық қаржылық есептілік стандарты
Параграф 1. Қолдану саласы
1. Осы Ұлттық қаржылық есептілік стандарты (бұдан әрі - Стандарт) «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Бухгалтерлік есеп туралы заң) сәйкес әзірленді және қаржылық есептілік қағидаттары мен сапалы сипаттамаларын және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ қызметінің айрықша түрі шетелдік валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі - субъект) бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау тәртібін айқындады.
2. Осы Стандарттың күші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін реттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратын қаржы ұйымдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдарына және Даму Банкіне қолданылмайды.
Параграф 2. Осы Стандартта қолданылатын ұғымдар
3. Осы Стандартта мынадай ұғымдар қолданылады:
1) активтер - субъект өткен оқиғалар нәтижесiнде бақылап отырған, болашақта экономикалық пайда алу күтiлетiн ресурстар;
2) міндеттеме – реттелуі экономикалық пайдалар қамтитын ресурстардың есептен шығуына әкеп соқтыратын өткен оқиғалардан туындайтын субъектінің қазіргі міндеттері;
3) активтің немесе міндеттеменің баланстық құны – актив немесе міндеттеме баланста танылатын сома;
4) капитал – субъектінің активтерiндегi барлық мiндеттемелер шегерiлiп тасталғаннан кейін қалатын үлес;
5) кірістер – есептi кезең iшiнде активтердiң түсiмi немесе өсiмi немесе мiндеттемелердiң азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы адамдардың жарнасына байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкеп соғады;
6) шығыстар – есептi кезең iшiнде активтердiң шығуы немесе азаюы немесе мiндеттемелердiң пайда болуы нысанында экономикалық пайданың азаюы, олар капиталға қатысушы адамдарға бөлуге байланысты азаюдан өзгеше капиталдың азаюына әкеп соғады;
7) негізгі құралдар - бұл:
тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруде немесе жеткізуде пайдалану үшін, басқа адамдарға жалға беру, құнын өсіру немесе әкімшілік мақсаттар үшін субъект ұстап қалатын;
бір кезеңнен астам уақыт ішінде пайдалану ұйғарылған материалдық активтер.
8) материалдық емес актив – бұл ақшасыз сәйкестендірілетін, физикалық нысаны жоқ, тауарларды шығаруда немесе қызметтерді көрсетуде немесе беруде пайдалануға, басқа адамдарға жалға беруге немесе әкімшілік мақсаттарға ұстап қалатын актив;
9) қорлар – бұл қарапайым қызмет барысында сатуға арналған немесе өндірістік процесте немесе қызметтер көрсету кезінде пайдалануға арналған шикізат пен материалдар нысанындағы активтер;
10) бағамдық айырмалар — валюталардың әртүрлі айырбас бағамдарын пайдалана отырып, бір валютадағы қандай да бір бірлік санын екінші валютаға ауыстыру кезінде туындайтын айырмалар.
Параграф 3. Қаржылық есептіліктің қағидаттары мен сапалы сипаттамалары
4. Субъектінің бухгалтерлік есеп жүргізуі мен қаржылық есептілік жасауы есептеу және үздіксіздік қағидаттарына негізделеді.
5. Есептеу қағидатына сәйкес операциялар мен басқа да оқиғалардың нәтижелері (мысалы, сот шешімі, дүлей зілзалалар, субъектінің өтемақыны төлеу бойынша міндеттемелер қабылдауы) олар туындағанда (ақшалай қаражатты немесе олардың баламаларын алу немесе төлеу кезінде емес) танылады және есепке алу жазбаларында көрініс табады және олар жатқызылатын есепті кезеңдердің қаржылық есептілігіне енгізіледі. Мысалы, субъект қызмет көрсетті, бірақ ол үшін төлем қызмет көрсету туралы шартта көрсетілген мерзімде алынады. Субъект ақша алынбағанына қарамастан, қызмет көрсетілген кезеңде кірісті таниды.
6. Үздіксіздік қағидатын қолдану кезінде қаржылық есептілік субъекті үздіксіз жұмыс істейді және көз жетерлік келешекте операциялар жүргізеді деген жорамалдау негізінде жасалады. Мысалы, активтің серпіні актив субъект жұмыс істеп жатқанда пайдаланылатынына ұйғарым жасай отырып, оны тиімді пайдалану мерзімі негізінде есептеледі.
2 тарау. Бухгалтерлік есеп жүргізу
Параграф 1. Есепке алу құжаттамасы
7. Бухгалтерлік жазбалар бастапқы құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.
8. Бастапқы есептеу құжаттарында қамтылған ақпаратты қорыту, жүйелеу және жинақтау және оны бухгалтерлік есеп шоттарында және қаржылық есептілікте көрсету үшін бухгалтерлік есеп тiркелiмдерi жүргізіледі.
9. Тiркелiмдер мынадай мiндеттi деректемелерді қамтиды:
1) тiркелiм ашылған бухгалтерлік есеп шотының нөмірі мен атауы;
2) дебет пен кредит бойынша корреспонденттік шот нөмірі;
4) кезеңнің басы мен аяғындағы қалдық;
5) кезең ішінде дебет пен кредит айналымдарының жиыны.
Қызметінің түріне, операцияның сипатына қарай тiркелiмге қосымша деректемелер енгiзiледі.
10. Бухгалтерлік есептің тіркелімдері хронологиялық, талдамалы, синтетикалық, аралас және өзге де нысандар болуы мүмкін.
Бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімі бухгалтерлік операциялар туралы ақпаратты олардың жасалуына қарай хронологиялық тәртіпте қамтиды.
Бухгалтерлік есептің талдамалы тіркелімі талдамалы шоттардың деректерін қамтиды. Мысалы, қорлардың есеп шоттары үшін қорлар ұстанымдары бөлінісіндегі, персоналмен есеп айырысу шоттары үшін қызметкерлер бөлінісіндегі деректер және т.б.
Бухгалтерлік есептің синтетикалық тіркелімі бухгалтерлік есеп шоттарының немесе бөлімдерінің қорытылған деректерін қамтиды.
Бастапқы операцияларды тіркеу, бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімі нысанында жүргізіледі.