• Мое избранное
Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы
Внимание! Документ утратил силу с 07.07.2006 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 12

Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы Қазақстан Республикасының Заңы. 2001 жылғы 19 қаңтар N 144-II

Осы Заң күшін жойды 28.07.2006 жылдан бастап ҚР 07.07.2006 жылғы № 173-III Заңына сәйкес
Редакция 31.01.2006 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңның мақсаттары
1. Еркiн бәсекенi, кәсiпкерлiктi дамыту, тұтынушылардың мүдделерiн қорғау және тауар рыноктарының тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн жағдайлар қамтамасыз ету осы Заңның мақсаттары болып табылады.  
2. Заң кәсiпкерлiктi қолдау, монополистiк қызметтi болғызбау, шектеу, тыю және реттеу жөнiндегi мемлекеттiк реттеудiң ұйымдастыру және құқықтық шараларын айқындайды. 
2-бап. Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және республиканың қазақстандық және шетелдiк заңды тұлғалар (олардың филиалдары мен өкiлдiктерi), жеке кәсiпкерлер, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар), сондай-ақ жеке тұлғалар қатысатын тауар рыноктарындағы бәсекеге ықпал ететiн қатынастарға қолданылады.  
2. Осы Заң, айрықша құқықтар объектілерiне байланысты қатынастарды пайдалануға байланысты келiсiмдер бәсекенi шектеуге бағытталған жағдайларды қоспағанда, осы объектiлерге байланысты қатынастарға қолданылмайды. 
3-бап. Монополияға қарсы заңдар
1. Монополияға қарсы заңдар Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң , осы Заңның нормаларынан және монополистiк қызметтi, жосықсыз бәсекенi болғызбау, шектеу мен тыю және табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеу жөнiндегi ережелерi бар Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.  
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 
4-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:  
1) бiрiн-бiрi алмастыратын тауар - функционалдық қызметi, сапалық және техникалық сипаттамалары және басқа да өлшемдерi бойынша салыстыруға болатын, сол себептен сатып алушы оларды тұтыну процесiнде шынында да бiр-бiрiмен ауыстыратын немесе ауыстыруға даяр тауарлар тобы;  
2) белгiлi бiр тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - бәсекелестiк саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын, тиiстi тауар рыногындағы үлесi монополияға қарсы орган жыл сайын белгiлейтiн шектi шамадан асатын рынок субъектiлерiнiң атаулы тiзбесi;  
3) бағаларды мемлекеттiк реттеу - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң тауарларына (жұмыстарына, көрсететiн қызметтерiне) бағаларды монополияға қарсы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылатын реттеу;  
4) бәсеке - рынок субъектiлерiнiң өз бетiмен жасаған iс-әрекеттерi тиiстi тауар рыногындағы тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) айналысының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының бiржақты ықпал ету мүмкiндiгiн тиiмдi шектейтiн және тұтынушыларға қажеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өндiрудi ынталандыратын жарыстастығы;  
5) монополистiк қызмет - рынок субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың бәсекеге жол бермеуге, оны шектеуге немесе жоюға бағытталған және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым жасайтын, осы Заңға қайшы келетiн iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгi);  
6) монополиялық қымбат баға - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсi негiзделмеген шығындарды өтеу және (немесе) үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдалану нәтижесiнде қосымша табыс алу мақсатында белгiлейтiн баға;  
7) монополиялық арзан баға - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсi тауар рыногынан бәсекелестердi ығыстыру арқылы бәсекенi шектеу мақсатымен саналы түрде белгiлейтiн тауар бағасы;  
8) монополиялық табыс - рынок субъектiсiнiң монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алған табысы;  
9) рынок субъектiсiнiң тиiстi тауар рыногындағы үлесiнiң шектi шамасы - үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзу үшiн негiз болып табылатын көрсеткiш;  
10) сөз байласу - рынок субъектiлерi арасындағы тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуге) бiрыңғай баға белгiлеуге не тауар рыногын бөлуге бағытталып, бұл тауар рыногында келеңсiз салдарға апарып соқтырған және (немесе) апарып соқтыруы мүмкiн келiсiлген iс-әрекеттер;  
11) рынок субъектiлерi - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өндiру, өткiзу, иелену жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;  
12) тауар (жұмыстар, қызметтер көрсету) - қызметтiң сатуға немесе айырбастауға арналған өнiмi (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi қоса алғанда);  
13) тауар рыногы - алмастырушылары жоқ немесе бiрiн-бiрi алмастыратын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) сатып алушының тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) иеленуге экономикалық, аумақтық және технологиялық мүмкiндiгiн негiзге ала отырып айқындалатын айналыс аясы. 
5-бап. Монополияға қарсы орган
1. Тауар рыноктары мен бәсекенi дамыту, монополистiк қызметтi болғызбау, шектеу мен тыю, бәсекенi және тұтынушылар құқықтарын қорғау, монополияға қарсы заңдардың сақталуын бақылау, бағаларды реттеу, сондай-ақ мемлекеттiк басқа да органдардың осы саладағы қызметiн үйлестiру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзудi бәсекенi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу жөнiндегi уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органы жүзеге асырады.  
Қазақстан Республикасы монополияға қарсы органының негiзгi мiндеттерi, атқаратын қызметi, өкiлеттiктерi және жауапкершiлiгi осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде айқындалады.  
Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер (бұдан әрi - монополияға қарсы орган) монополияға қарсы органның бiрыңғай жүйесiн құрайды. Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.  
2. Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган туралы ереженi және оның құзыретiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
6-бап. Монополияға қарсы органның мiндеттерi
Монополияға қарсы органның мiндеттерi мыналар: 
1) кәсiпкерлiктi қолдау, тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) рыногында бәсекенi дамыту; 
2) монополиялық қызметтi, тауар рыногындағы үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдалануды болғызбау, шектеу мен тыю, жосықсыз бәсекенi тыю жөнiнде шаралар қабылдау; 
3) табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеу; 
4) мемлекеттiк органдардың қызметтер көрсету тәртiбiн реттеу мен бақылау; 
5) монополияға қарсы заңдар мен баға белгiлеу тәртiбiнiң сақталуын бақылау; 
6) рынок субъектiлерiнiң тауар рыноктарындағы үстем (монополиялық) жағдайын бақылау; 
7) мемлекеттiк органдардың тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi қызметiн үйлестiру.
7-бап. Монополияға қарсы органның атқаратын жұмыстары
Монополияға қарсы орган өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес өз құзыретi шегiнде мынадай жұмыстарды орындайды:  
1) тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие, бәсекенi шектейтiн және монополистiк қызметтi жүзеге асыратын рынок субъектiлерiн анықтау мақсатында талдау жүргiзедi;  
2) тауар рыногының жұмыс iстеуiне, бәсекенi дамытуға, баға белгiлеу және тұтынушылардың мүдделерiн қорғау мәселелерiне қатысы бар заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасайды;  
3) Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен Үкiметiне тауар рыногының, ондағы бәсекенің жай-күйi туралы баяндамалар, монополияға қарсы заңдарды және оларды қолдану практикасын жетiлдiру туралы ұсыныстар жiбередi;  
4) өз құзыретi шегiнде монополияға қарсы заңдарды бұзушылық туралы iстердi қарап, олар бойынша шешiм қабылдайды; 
5) рынок субъектiлерiнiң монополияға қарсы заңдарды сақтауын  мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады; 
6) рынок субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтедi.
8-бап. Монополияға қарсы органның қызметi