Toggle Dropdown
Мемлекеттік сатып алу туралы
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы N 321 Заңы.
Редакция 11.01.2007 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілi мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаны тиімді пайдалану мақсатында өнім берушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың аффилиирленген тұлғалары - акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың шешімдерiн тура және (немесе) жанама түрде белгілеуге және (немесе) олар қабылдайтын шешiмдерге, оның ішiнде негiзгі ұйымның акцияларын (үлестерiн) иелену құқықтарын жүзеге асыруға байланысты шешiмдерге, шарттарға ықпал етуге мүмкiндiгi бар тұлғалар (акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың қызметін реттеуді өздеріне берiлген өкілеттік шеңберінде жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың өзiне қатысты осындай құқығы болатын кез келген тұлға;
2) ықтимал өнім берушінің аффилиирленген тұлғасы - осы ықтимал өнім беруші қабылдайтын шешімді анықтауға және (немесе) шешімге, оның ішінде шарттың немесе өзге де мәміленің күшіне қарай ықпал етуге тікелей және (немесе) жанама құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзі жөнінде сол ықтимал өнім берушінің осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
2-1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік монополия - шаруашылық жүргізудi тек қана мемлекеттiк органдар және (немесе) мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының заң актiлерi негiзiнде жүзеге асыратын, сондай-ақ бәсекелестікті енгізу ұлттық қауіпсiздiк, құқық тәртiбi, мемлекеттің жоғары лауазымды адамдарының қауіпсiздігі, қорғаныс және қорғаныс-өнеркәсіптiк кешен мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысынан мақсатқа сай болмайтын жағдайларда жүзеге асырылатын қызмет саласы. Мемлекеттiк монополия субъектілерінің және осы субъектілер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды;
3) мемлекеттiк сатып алу - мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаның есебінен, осы Заңның 27-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
3-1) конкурстық өтiнiмнiң демпингтік бағасы - тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтер белгілі бір тауар рыногында қалыптасқан бағалар деңгейiнен едәуір төмен бағамен ұсынылатын, ықтимал өнім берушінің конкурстық өтінімінің бағасы;
4) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлеріне сәйкес тапсырыс берушi мен өнім беруші арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт;
5) тапсырыс беруші - мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар. Тапсырыс беруші конкурстың бастамашысы болып табылады;
6) конкурс - тапсырыс берушінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуына бағытталған және ықтимал өнiм берушiлер арасында ашық та адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін мемлекеттiк сатып алуды жүргізу әдiсi;
7) конкурстық құжаттама - конкурсты өткізу талаптары мен тәртібі қамтылатын, конкурстық өтінімді дайындау үшін ықтимал өнiм берушiге табыс етілетін құжаттама;
8) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету - конкурсқа қатысуға тілек білдірген ықтимал өнiм берушi табыс ететін ақша кепiлi немесе банк кепілдігі;
9) біртекті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
10) конкурсты ұйымдастырушы - тапсырыс беруші немесе осы Заңға сәйкес конкурсты ұйымдастыру және өткiзу үшін тапсырыс беруші белгілеген адам;
11) мерзiмдi баспасөз - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайтын, өткізілуге дайындалып жатқан және өткiзілген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер жарияланатын мерзiмдi баспасөз басылымдары;
12) өнiм берушi - тапсырыс берушімен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта келісім-шарт жасасушы агент ретiнде әрекет ететін жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға;
13) ықтимал өнiм берушi - мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мақсатымен мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға;
14) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, мемлекеттiк сатып алу процесiн реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік сатып алу процесін құқықтық реттеу принциптері
Мемлекеттiк сатып алу процесін құқықтық реттеу:
1) сатып алу үшiн пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық ықтимал өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуына тең мүмкiндiк беру;
3) ықтимал өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестiк;
4) мемлекеттiк сатып алу процесiнiң жариялылығы принциптеріне негiзделедi.
4-бап. Мемлекеттік сатып алу процесi
Мемлекеттік сатып алу процесi:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiн қалыптастыруды;
2) өнiм берушiнi таңдауды, онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды.
5-бап. Уәкiлеттi органның құзыреті
1) мемлекеттiк сатып алу саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк сатып алу мәселелері бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды қорытады және әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
3) мемлекеттiк сатып алу процесiн үйлестiрілуi мен мониторингiн жүзеге асырады;
3-1) тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билігіндегі ақша есебінен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті субъектiлердiң Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi жөнiндегi есептiлiктiң нысанын, оны жасау мен табыс етудің тәртiбiн әзірлейді;
6) әдiстемелiк материалдарды, үлгілік конкурстық құжаттаманы әзiрлейдi және бекiтедi, мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша конкурстарды ұйымдастырушыларға консультациялық көмек көрсетедi;
7) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін конкурстарды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушiлер мен конкурс комиссияларының Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарын бұза отырып қабылдаған шешімдерін қайта қарау немесе олардың күшін жою жөнінде шешімдер қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары бұзыла отырып жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде соттарға талап қою ісін жүргізеді;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкімшілік жазалар қолданылады;
9-1) тапсырыс берушiлерге және конкурсты ұйымдастырушыларға, сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысына өз құзыретiндегі мәселелер бойынша орындалуға мiндеттi ұйғарымдар енгізедi;
9-2) конкурстық комиссияның, конкурсты ұйымдастырушының немесе тапсырыс берушiнiң іс-әрекеттеріне шағым жасалған жағдайда мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасуды тиiстi тексеру жүргізу кезеңiне, бірақ күнтiзбелік отыз күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы;