Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 11 сәуірде № 6877 тіркелді
Редакция 01.02.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) 34-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
1-1. Осы қаулының мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) банк – екінші деңгейдегі банк, оның ішінде Банктер туралы заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген банк операциясын жүргізген кезде ислам банктері, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
2) банктердің синдикаты – бірлескен кредиттік операцияларды жүргізу және банктердің синдикатына кіретіндердің заңдық және қаржылық дербестігін сақтап, қарыз алушының төлем қабілетсіздігі жағдайында әр қатысушы үшін ықтимал шығындарды төмендету мақсатымен біріктірілген екі және одан астам екінші деңгейдегі банктер;
3) кредиттік желі – банктің қарыз алушыға банктік қарыз алу уақытын өзі белгілеуге мүмкіндік беретін талаптармен, бірақ кредиттеудің мұндай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларда және кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде қарыз алушыны кредиттеу міндеттемесі;
4) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) немесе өтініште (өтініштерде) қарызды алу сомасы мен уақытын, бірақ кредиттеудің мұндай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларда және кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған банктік қарыз шарты;
5) синдикатталған қарыз – банктер синдикатының қатысушылары болып табылатын екі және одан астам банктермен бірігіп қалыптастырылған және қарыз алушыға (байланысты қарыз алушылар тобына) бір банктік қарыз шарты негізінде (оған қажеттілігіне қарай басқа да құжаттарды қоса бере отырып) берілген банктік қарыз;
6) сыйақы – банкке тиесілі ақшаның жылдық сомасына немесе осы қаулыда белгіленген жағдайларда белгіленген мөлшерде несие сомасына пайыздық мөлшерде белгіленген банктік қарыз ұсынғаны үшін төлем.
2. Банк жасасатын банктік қарыз шартында (бұдан әрі – шарт) шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) қарыз алушының құқықтары;
6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;
8) синдикатталған банктік қарыз берілген кезде - синдикатқа қатысушы әр банктің, оның ішінде қарыз алушы төлемге қабілетсіз болған жағдайда синдикатқа әр қатысушы үшін ықтимал залалдарының үлесін бөле отырып қарызына қатысу сомасы немесе үлесі;
9) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
10) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
11) банк шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қатысты қойылатын талаптар мен шектеулер қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатыны көзделетін талап.
3. Шарттың жалпы талаптары:
2) 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге берілген қарызды, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызды, овердрафт кредитін, сондай-ақ кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімді қоспағанда, бизнес-жоспарға немесе қарыздың техника-экономикалық негіздемесіне және (немесе) қарыз алушы берген өтінішке сәйкес келетін банктік қарыздың (бұдан әрі – қарыз) мақсаты;
3) қарыз сомасы мен валютасы;
5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), шартты жасау күніне «Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 болып тіркелген) сәйкес шынайы жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері.
Бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыз бойынша, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарыз бойынша, овердрафт кредиті, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгіленген сомада көрсетуге жол беріледі.
Жылдық пайыздағы сыйақы мөлшерлемесі белгіленген сомадағы қарыз бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшері «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8306 болып тіркелген) айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс;
6) шартта құбылмалы сыйақы ставкасы көзделген болса, құбылмалы сыйақы ставкасын есептеу тәртібі;
7) ислам банкінің коммерциялық кредитті беруі кезіндегі үстеме бағасының түрі (тіркелген немесе тауарды сатып алу бағасының пайыздық мәнімен);
8) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);
9) қарызды өтеу әдісі: аннуитеттік (тең төлемдермен өтеу арқылы) немесе сараланған (негізгі борышты тең үлеспен өтеу арқылы) не банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдісі;
10) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
11) негізгі борышы уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері. Жеке тұлғаға қарыз беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ Банктер туралы заңда көзделген есептеу тәртібі көрсетіледі;
12) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға тиісті комиссиялардың және басқа да төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшерлері;
13) қарызды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтан терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша) кезеңділігі;
14) қамтамасыз етусіз берілген қарызды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);
15) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
16) шарттың қолданылу мерзімі;
17) қарыз алушы – заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
18) қарыз алушының (тең қарыз алушының) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;
19) банктің пошталық мекен-жайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет–ресурсы туралы деректер.
4. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндік көзделетін талаптарды қамтиды:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған жеке тұлғаның шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыны төлей отырып, қарызды қайтару;
2) негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен жағдайда одан кейінгі жұмыс күні тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеуді жүргізу;
3) өтініш бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша берешекті өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алу;
4) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша нысанда алу;
5) бір жылға дейін мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты ай өткен соң, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жыл өткен соң тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының басқа түрлерін төлемей, қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық көлемде мерзімінен бұрын өтеу;
6) шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай оларды өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банк ұсынған жақсартатын талаптардан шартта көзделген тәртіппен бас тартуға;
7) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Өтініштер туралы заң) 8-бабында белгіленген мерзімде банкке жазбаша өтініш жасау және жауап алу;
8) міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жеке тұлға банкке баруға және өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:
шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;
шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
шарттың қолданылу мерзімін өзгертуге;
мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсыну;
9) Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке қабылданған шешім туралы ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен ақпарат береді.
4-1. Жеке тұлғамен жасалған ипотекалық қарыз шартында жасалған қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін қарыз алушының банк омбудсманына Банктер туралы заңға сәйкес жазбаша өтініш беру құқығы болады.
5. Мүмкіндіктерді көздейтін банктің құқықтары мынадай шарттардан тұрады:
1) Банктер туралы заңның 34-бабының 3-тармағында көзделген, сондай-ақ шартта белгіленген жағдайларда шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;
2) күнтізбелік қырық күннен аса қарыздың кезекті бөлігі мен (немесе) сыйақы төлемін қайтару үшін бекітілген мерзімді бұзған кезде қарыз сомасын және ол бойынша сыйақыны мезгілінен бұрын қайтаруды талап ету.
6. Банктің міндеттері мынадай талаптарды көздейтін талаптарды қамтиды:
1) шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін ұстамай, қарыз берілген күннен бастап есептелген сыйақыны ұстай отырып кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарызгер – жеке тұлғадан қайта алу;
2) қарыз алушының өтініші бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда беру;
3) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы қарыз алушының өтініші бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы хабардар ету;
4) қарыз алушыны шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы шартта көзделген тәртіпте хабардар ету;
5) шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі бар болған жағдайда қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мерзім өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар ету;
6) Өтініштер туралы заңның 8-бабында белгіленген мерзімде қарыз алушының жазбаша өтінішін қарау және оған жазбаша жауап дайындау;
7) Банктер туралы заңның 36-бабында көзделген қарыз алушы-жеке тұлғаның жазбаша өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарау және қарыз алушыға жазбаша нысанда мыналар:
шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісуі;
шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстары;
мұндай бас тартудың дәлелді себебін көрсетумен шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды;
8) банктің шарт бойынша құқығы (талап етуі) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде:
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен;
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банктік қарызды өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) хабардар етуге;
9) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу болған жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыны жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде:
1) міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындағаны және мерзімі өткен берешек мөлшерін көрсете отырып, ипотекалық қарыз шарты бойынша төлемдер енгізу қажеттігі;
2) объективті себептер болған кезде, ипотекалық қарыз шартының талаптарын, оның ішінде Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген талаптарын өзгерту арқылы берешекті реттеу мүмкіндігі туралы хабардар етеді.
7. Банк үшін тыйым салуды көздейтін шектеулер мынадай талаптарды қамтиды:
1) қарыз алушы – жеке тұлғамен шарт жасасу күніне белгіленген қарызға қызмет көрсету бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдердің мөлшерлерін және есептеу тәртібін бір жақты тәртіппен ұлғайту жағына өзгерту;
2) жасалған шарт аясында комиссияның жаңа түрлерін бір жақты тәртіппен енгізу;
3) қарыз беру туралы шартпен сақтандыру шартын жасасу туралы және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында бағалау жүргізуге талаптар көзделген болса қарыз алушыны, кепіл берушіні сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдау кезінде шектеу, сондай-ақ қарыз алушыға өзінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру міндетін жүктеу;
4) мына жағдайларды қоспағанда, жасалған шарт аясында бір жақты тәртіппен жаңа қарыздар беруді тоқтата тұру:
банктің шартта көзделген жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындаған кезде;
қарыз алушының шарт бойынша банк алдындағы өз міндеттемелерін бұзуы;
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін Банктің ішкі кредиттік саясатына сәйкес банк жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы;
банктің шартты тиісінше орындауына ықпал ететін Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының өзгеруі;
5) мына жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен шарт жасасу күніне белгілеген сыйақы ставкасын бір жақты тәртіппен өсіру жағына өзгерту:
шартпен көзделген жағдайларда, қарыз алушының қарыз алу және қызмет көрсетумен байланысты дәйекті ақпарат ұсыну бойынша өз міндеттемелерін бұзуы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – Кодекс) және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Ерекше бөлім) көзделген жағдайларда, сондай-ақ шартта көзделген мынадай жағдайларда банкте міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап ету құқығының туындауы:
банктің алдын ала жазбаша хабарламасыз, жиынтығында акционерлік қоғамның (шаруашылық серіктестіктің) акцияларының он және одан көп пайызын (қатысу үлесін) иеленетін қарыз алушының қатысушылары (акционерлері) құрамының өзгеруі;
қарыз алушымен және (немесе) кепіл берушімен кепілге қойылған мүліктің құжаттар бойынша және нақты болуын, мөлшерін, жай-күйін және оны сақтау талаптарын, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке кепілге қойылған мүлікке талап етуді беру кепіл ұстаушы болып табылатын банктің тексеру құқығын бұзуы;
6) 1 (бір) жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 6 (алты) айға дейін, 1 (бір) жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 1 (бір) жылға дейін негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толығымен мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге түрлерін өндіріп алу;
7) негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен болса және қарыз алушы сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі жұмыс күні жүргізген жағдайда тұрақсыздық айыбын немесе басқа айыппұл санкцияларын өндіріп алу.
8. Жеке тұлғамен шартты жасасқанға дейін банк Банктер туралы заңның 39-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген іс-шараларды жүзеге асырады. Бұл ретте банк оның ішкі қағидаларына сәйкес сараланған және аннуитеттік төлемдер әдістерімен банктік қарызды өтеу кестелерінің жобаларын есептеу кезінде қолданылатын кезеңділікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің қосымша жобаларын ұсынуы мүмкін.
9. Шартқа тараптардың қолдары қойылған қарызды өтеу кестесі қоса беріледі, онда:
шарттың нөмірі мен жасалған күні;
қарыз сомасы мен валютасы;
өтеу күндері және негізгі борышты, сыйақыны өтеу сомасы және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері;
келесі өтеу күніндегі негізгі борыштың қалдықтары;
төленуі тиіс негізгі борыш пен сыйақының жалпы жиынтық сомасы және олардың жиынтық мәні;
қарызды өтеу кестесі жасалған күн көрсетіледі.
Сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі шарт бойынша қарызды өтеу кестесі оның берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және шартта белгіленген тәртіппен қарыз алушыға (тең қарыз алушыға) жіберіледі.
Егер қарыз алушы (тең қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, қарызды беру күніне жасалған қарызды өтеу кестесінде сондай-ақ қарыз алушының (тең қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Қарызды өтеу кестесінен басқа қарыз алушы – жеке тұлғамен жасалатын шартқа осы қаулының қосымшасына сәйкес нысан бойынша Қарыз алушы-жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынама қоса беріледі.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын қарыз талаптары өзгертілген кезде банк жаңа талаптарды ескере отырып банктік қарыз шарты бойынша жаңа қарызды өтеу кестесін және қарыз алушы – жеке тұлға үшін жадынаманы жасайды және береді.
Қарыз алушының өтініші негізінде кредиттік желі шеңберінде қарыздың кезекті бөлігін беру кезінде қарыз алушыға қарызды өтеу кестесі және осы тармақтың талаптарына сәйкес осы қаулыға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлға үшін жадынама беріледі.
Қаулының 8-тармағының және осы тармағының талаптары бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарызға, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызға, овердрафт кредитіне, сондай-ақ өзінің шеңберінде қарыз алу үшін шарт (шарттар) жасасу немесе қарыз алушының қарыз беру туралы өтініш (өтініштер) беруі қажет кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімге қолданылмайды.
10. Шарт банк пен қарыз алушының арасында жазбаша нысанда қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасын қоса берумен, қазақ және орыс тілдерінде, ал шетелдік тұлғалармен шарт жасасқан жағдайда – қазақ тілінде және тараптарға қолайлы тілде жасалады.
Кодекстің 388-бабының талабына сәйкес баспада жарияланатын шарттың үлгі талаптарын қоспағанда, шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, «Тimеs New Rоmаn» шрифтінің мөлшері 12-ден кем емес, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегінісін қолдана отырып теріледі.
Осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында және 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген талаптар шарттың бірінші бетінен бастап көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі.
Кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімді, сондай-ақ оның шеңберінде шартты (шарттарды) жасау немесе қарыз алушының кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және соның (солардың) негізінде кезекті қарызды беру жүзеге асырылатын өтінішті (өтініштерді) беруі арқылы кредиттік желі ұсыну кезінде:
кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде кредиттік желінің жалпы сомасы мен жалпы мерзімі көрсетіледі;
осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9), 12) және 16) тармақшаларында көзделген талаптар шартта немесе өтініште көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі;
осы қаулының 2, 4, 4-1, 5, 6 және 7-тармақтарында, 3-тармағының 8), 10), 11), 13), 14), 15), 17), 18) және 19) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда, оларды шартта немесе өтініште қосымша көрсету талап етілмейді.
10-1. 10-тармағының бірінші бөлігін қоспағанда, осы қаулының талаптары шарттың шет мемлекеттің құқығымен реттелетіндігі көзделген, Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын кредитор банктердің қатысуымен синдикатталған қарыз беру жөніндегі шарттарға қолданылмайды.
10-2. Тараптар Кодекстің 381-бабына сәйкес шарттың элементтері қамтылатын аралас шартты жасаған кезде аралас шарт осы қаулының 10-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді.
Шарт бөлігіндегі аралас шартта осы қаулының 10-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген талап ескеріле отырып осы қаулының 2-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады.
Егер шартта оның жекелеген талаптары Кодекстің 388-бабына сәйкес оларға сілтеме бар үлгілік талаптармен айқындалатын болса, не Кодекстің 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен шарт жасалған жағдайда, банк пен қарыз алушының қолтаңбалары қамтылатын шарттың (қосылу туралы өтініш) бөлігі осы қаулының 10-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді және шарттың бірінші бетінен бастап көрсетілген жүйелілікпен осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9), 11), 12), 13), 14) және 16) тармақшаларында көзделген талаптар қамтылады.
Тараптардың келісімі бойынша банк пен қарыз алушының қолтаңбалары қамтылатын шарттың бөлігінде осы тармақта көзделмеген қосымша талаптар қамтылады.
11. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
12. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
13. Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры (Л.Е. Үсенбекова):
1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап, он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне және, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» және «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестіктеріне және мәлімет үшін жеткізсін.
14. Агенттік Төрайымының Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
15. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары М.Б. Байсыновқа жүктелсін.
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2011 жылғы
28 ақпандағы № 18 қаулысына
қосымша
Қарыз алушы-жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынама
_________ (жылы, күні, айы) _________________ №
_________________ жағдай бойынша (жылы, күні, айы)
1
|
Қарыз сомасы және валютасы
|
|
2
|
Қарыз мерзімі
|
|
3
|
Төлемдер саны
|
|
4
|
Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері
|
|
5
|
Дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері
|
|
6
|
Қарыз алушы банктік қарыз шартын жасаған кезде немесе банктік қарыз шартына қосымша келісім жасаған кезде төлеген комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы және мөлшерлері
|
|
7
|
Өтелетін жалпы сома
|
|
8
|
Сыйақының жиынтық сомасы
|
|
9
|
Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері
|
|
10
|
Сақтандыру шарттарының мерзімін ұзарту мерзімі
|
|
11
|
Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатты пайдаланбағаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және сол сияқты)
|
1)___________________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)
2)__________________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)
3)__________________________________
(айыппұлдың, өсімпұлдың
атауы, олардың мөлшерлері)
|
12
|
Банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық почта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы)
|
|