Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 972 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2018 жылғы 15 тамыздан бастап ҚР Үкіметінің 11.08.2018 жылғы № 502 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 23, 288-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақта:
3) тармақшадағы «қаржыландырудың ережесі бекітілсін.» деген сөздер «қаржыландырудың ережесі;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы;
5) Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы бекітілсін.»;
осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасымен және Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасымен толықтырылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 972 қаулысына 1-қосымша
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, қаржыландыру және оларға халықтың нысаналы топтарына жататын азаматтарды жұмысқа орналастыру тәртібін айқындайды (бұдан әрі - Қағида).
2. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан азаматтар және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырған жұмыс берушілер туралы мәліметтер «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
2. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру
3. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыс берушілерде олардың меншік нысанына қарамастан ұйымдастырылады.
4. Әлеуметтік жұмыс орны уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады және мынадай ерекшеліктері бар:
1) арнайы нысаналы топтарға арналған;
2) жұмыс орындарының саны шектелмеген, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарын пайдалануға болмайды.
5. Уәкілетті орган және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) жұмыс берушілерге әлеуметтік жұмыс орындарын құру және қаржыландыру мәселелері бойынша консультация береді;
2) жыл сайын, 10 қаңтарға дейінгі мерзімде әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс берушілерден осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім жинауды жүзеге асырады;
3) барлық ұсынылған өтінімдер үш жұмыс күні ішінде бірыңғай тізбеге жинақталып, тиісті ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігіне қарауға және бекітуге ұсынылады.
6. Ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі жыл сайын тізбені алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде өзінің шешімімен өңірлік еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкес әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс берушілердің тізбесін бекітеді.
Бекітілген тізбеде кәсіптер (лауазымдар) бөлінісінде әр жұмыс беруші бойынша:
1) Ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарының саны;
2) айлық жалақы мөлшері;
3) жұмыстың ай бойынша ұзақтығы;
4) мемлекеттік бюджет қаражатынан өтелетін айлық жалақының мөлшері көрсетіледі.
7. Уәкілетті орган және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыс берушімен осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру туралы шарт жасайды.
3. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуына жәрдемдесу
8. Уәкілетті органдар және/немесе халықты жұмыспен қамту орталықтары:
1) азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға байланысты мәселелер бойынша консультация береді;
2) жасалған шарттарға сәйкес халықтың нысаналы топтары қатарындағы азаматтарды ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу үшін жұмыс берушілерге жібереді.
9. Азаматтарды ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу үшін жіберу кезінде мыналар ескеріледі:
1) жіберілген азаматтар уәкілетті органда немесе халықты жұмыспен қамту орталығында «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген және халықтың нысаналы топтарына жатуға тиіс;
2) жолдама беру сәтінде жіберілетін азаматтар үшін уәкілетті органда және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығында лайықты тұрақты жұмыс болмаған болуы керек.
10. Азаматтар ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына он екі айлық кезеңде бір рет қана орналаса алады және тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.
11. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша әлеуметтік жұмыс орнына қабылданған азамат жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тұрақты жұмысқа қабылдануы мүмкін. Бұл ретте жұмыс беруші уәкілетті органға немесе халықты жұмыспен қамту орталығына тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
4. Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру
12. Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан азаматтарға еңбекақы төлеуге жұмыс берушінің шығыстарын өтеуге мемлекеттік бюджеттен субсидия беруді қамтиды.
13. Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды жұмыс берушілермен жасалған шарттар негізінде, ай сайын қаржыландырудың бекітілген жоспарларына сәйкес және осы мақсаттарға аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) бюджеттерінде көзделген сома шегінде уәкілетті орган жүзеге асырады.
14. Уәкілетті орган ай сайын, жұмыс берушінің осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынған мәліметтері негізінде, жұмыс берушінің жұмысқа орналастырылған азаматтарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарын өтеуге арналған соманы жұмыс берушінің есеп айырысу шотына аударуды жүргізеді.
15. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған азаматтарға еңбекақы төлеуді ай сайын, нақты орындалған жұмыс уақыты үшін еңбек шартында белгіленген мөлшер негізінде жүргізеді.
Орындалатын жұмыстың көлеміне, сапасы мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші нақты орындалған жұмыс үшін өзінің жеке қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілеуге құқылы.
5. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы есептілікті ұсыну
16. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 2-күніне қарай облыстардың уәкілетті органдарына Қазақстан Республикасының статистика саласындағы уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша есепті ұсынады. Аталған есепте:
1) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған азаматтардың саны туралы;
2) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған азаматтардың жалақысының орташа айлық мөлшері туралы мәліметтер қамтылады.