Toggle Dropdown
Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 13 мамырда № 6951 тіркелді
Редакция 25.01.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 119) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Дәрежелерді беру қағидалары бекітілсін.
2. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (М.Ә. Бектемесов):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
3. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Қ. Орынхановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 127 бұйрығына 1-қосымша
Дәрежелерді беру қағидалары
1. Осы Дәрежелерді беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Министрлік туралы ереже) 15-тармағының 119) тармақшасына сәйкес әзірленді және философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аттестациялық іс – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне (бұдан әрі – Комитет) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру үшін ұсынылатын құжаттар топтамасы;
2) бейіні бойынша доктор – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) белгіленген тәртіппен танылған дәреже;
3) диссертация – философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор даярлаудың білім беру бағдарламасының шеңберінде нақты мамандық бойынша Қазақстан Республикасында немесе шетелде қорғалған біліктілікті айқындайтын ғылыми жұмыс;
4) Сараптау кеңесі – Комитет жанындағы тиісті ғылыми бағыт бойынша диссертацияның Қағида талаптарына сәйкестігін сараптайтын және диссертациялық кеңестің қызметіне мониторингті жүзеге асыратын, сондай-ақ ғылыми басылымдардың талаптарға сәйкестігіне сараптама және мониторинг жүргізетін консультативтік-кеңесші орган;
5) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, «Білім туралы» Заңда белгіленген тәртіппен танылған дәреже.
3. Ерекше мәртебесі бар Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі - ЖОО) жанындағы диссертациялық кеңестерде диссертацияларын қорғаған докторанттарға философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін ерекше мәртебесі бар ЖОО осы Қағидалардың 6-тарауында белгіленген тәртіппен өздері береді.
Диссертацияларын ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ларда қорғаған докторанттарға философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін Комитет Сараптау кеңесінің (осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша) қорытындыларын ескере отырып және осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген тәртіппен береді.
2-тарау. Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор
дәрежелерін беру тәртібі
4. Диссертация ғылыми дәрежелері (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелері бар және докторанттың ғылыми зерттеулері саласындағы маман болып табылатын отандық және шетелдік ғылыми консультанттардың жетекшілігімен орындалады.
Мемлекеттік құпиялары бар диссертация ғылыми дәрежелері (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелері бар және докторанттың ғылыми зерттеулері саласындағы маман болып табылатын не ғылыми-педагогикалық жұмысының тәжірибесі 5 (бес) жылдан кем емес полковниктен төмен емес әскери (арнайы) атағы бар және докторанттың ғылыми зерттеулері саласында ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын екі отандық ғылыми консультанттың жетекшілігімен орындалады.
Диссертацияның тақырыбы (бекіту күніне) «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңның 20-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия қалыптастыратын ғылымның даму бағыттарына және (немесе) мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес болуы тиіс (Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың шетелде алған ғылыми дәрежелерінің баламалылығын тануға ұсынылған диссертациялардан басқа).
5. Диссертация өзі жазу, ішкі бірлік, ғылыми жаңашылдық, дәйектілік, практикалық құндылық пен академиялық адалдық принциптері сақтала отырып орындалады.
Өзі жазу принципі диссертацияны докторанттың өзі жазуын және диссертация авторының ғылымға, техника мен технологиялардың дамуына қосқан жеке үлесін танытады. Вариативті деректерді статистикалық іріктеу үшін жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат етіледі.
Диссертацияны дайындау үшін жасанды интеллект технологияларын қолданған кезде оның ғылыми нәтижелерін, ережелерін, ұсынымдары мен қорытындыларын автор өз бетінше тұжырымдауы керек.
Ішкі бірлік принципі диссертацияның ішкі бірлігінің болуын, диссертацияның барлық бөлімдері мен ережелері логикалық түрде өзара байланысты болуын; ғылыми ережелер, алынған нәтижелер мен ұсынымдар диссертацияда қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес болуын танытады. Автор ұсынған жаңа шешімдер (қағидаттар, әдістер) дәлелденіп, бұрыннан белгілі шешімдермен салыстырылып бағаланады.
Ғылыми жаңашылдық принципі диссертацияның ғылыми нәтижелері, ережелері, ұсынымдары мен қорытындыларының жаңа болуын білдіреді және диссертация:
жиынтығы жаңа ғылыми жетістік ретінде белгіленген немесе нақты ғылыми бағыттардың дамуы үшін маңызды ғылыми негізделген жаңа теориялық және (немесе) эксперименттік нәтижелерді;
не енуі ел экономикасын дамытуға маңызды үлес қосатын ғылыми негізделген техникалық, технологиялық, экономикалық немесе басқару шешімдерін қамтиды.
Дәйектілік принципі диссертация жұмысының нәтижелері компьютерлік технологияларды және (немесе) жасанды интеллект технологияларын қолдану (егер қолданылса) арқылы ғылыми зерттеудің қазіргі заманғы әдістері мен деректерді өңдеу және интерпретациялау әдістемелерін пайдалана отырып алынғанын білдіреді; жаратылыстану, техникалық, медициналық, ауылшаруашылық мамандықтары бойынша орындалған диссертациялар үшін теориялық қорытындылар, модельдер, анықталған өзара байланыстар және заңдылықтар эксперименттік зерттеулермен дәлелденеді және расталады, ал эксперименттердің нәтижелері бойынша тұжырымдар қайталанатын және (немесе) статистикалық тұрғыдан сенімді болып табылады; «Білім беру» тобының мамандықтары үшін нәтижелер педагогикалық эксперимент (егер қолданылса) негізінде дәлелденеді.
Диссертацияның практикалық құндылық принципі қолданбалы мәні бар диссертацияда авторлық куәліктермен, патенттермен, зияткерлік меншік куәліктерімен, өндіріске ену актілерімен және басқа да ресми құжаттармен расталған автордың қол жеткізген ғылыми нәтижелерінің практикада қолданылуы туралы мәліметтер, ал теориялық мәнге ие диссертацияда ғылыми тұжырымдарды пайдалану жөнінде ұсынымдар келтірілетінін білдіреді.
Академиялық адалдық принципі диссертация авторының басқа авторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауын және:
мәтінді, идеяларды, гипотезаларды, қорытындыларды, әдістерді, зерттеу нәтижелерін, кестелерді, кодтарды, суреттерді немесе басқа авторлардың жұмыстарын авторына және мәтінді пайдалану дереккөзіне сілтеме жасамай пайдалану және (немесе) иелену, сондай-ақ басқа тілден аударылған мәтінді пайдаланумен қоса мағынаны өзгертусіз сөздерді және пікірлерді синонимдік ауыстырумен басқа авторлардың мәтінін пайдалану (плагиат);
атауын, өндірушіні (құқық иесін). нұсқасын және жүгіну және (немесе) пайдалану күнін көрсететін сілтемесіз жасанды интеллект технологиясын пайдалану;
өзінің материалын, нақты және сандық деректерді өзіне және (немесе) өзінің дереккөзіне сілтеме жасамай пайдалану (автоплагиат);
жоқ дереккөздерге сілтеме жасау, дәйексіз деректерді және (немесе) нәтижелерді, жазуларды немесе олар туралы хабарламаларды ұсыну (фабрикация);
нәтижесінде диссертациядағы зерттеу материалдары бұрмаланатын зерттеу материалдарын, жабдықтарды, суреттер мен иллюстрацияларды немесе процестерді манипуляциялау (фальсификация) фактілерінің болмауын білдіреді.
Нормативтік құқықтық актілер мен ресми құжаттар атауларының, мемлекеттік және өзге ресми органдар мен ұйымдар атауларының, тиісті ғылым саласында жалпы қабылданған терминдердің, анықтамалар мен ұғымдардың, нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің, зерттелетін шығармалар мәтіндерінің сәйкес келуі, егер оларды пайдаланудың көлемі және сипаты орындалған диссертацияның дербестігіне күмән тудырмаса, плагиат болып саналмайды. Плагиатты табу мүмкіндігін азайту немесе жою мақсатында техникалық құралдар мен әдістерді, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдануға жол берілмейді.
Зерттеудің эмпирикалық әдістерін жүргізу кезінде жасанды интеллектіні 13 жасқа дейінгі балаларға қатысты пайдалануға жол берілмейді.
«ҚБП» және «құпия» грифтері бар жұмыстарды жазған кезде жасанды интеллект технологияларын пайдалануға жол берілмейді.
5-1. Диссертация мынадай нысандардың бірінде ұсынылады:
2) диссертация мазмұнына сәйкес келетін ғылыми салалардың бірінен Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректеріне сәйкес импакт-фактор бойынша бірінші және (немесе) екінші квартильге кіретін басылымдарда жарияланған кемінде екі мақала және бір шолу немесе үш мақала сериясы. Мақаланың біреуінде докторант үміткер бірінші автор немесе хат-хабарлардың авторы болады.
Осы тармақтың талаптары орындалған жағдайда 6-тармақтың талаптары докторант үшін қолданылмайды.
5-2 Диссертацияны дайындау кезінде автордың жасанды интеллект технологияларын пайдалануына отандық және шетелдік ғылыми консультанттар мен диссертациялық жұмыс орындалған ЖЖОКБҰ этикалық комиссиясының мүшелері тарапынан алдын ала мақұлдау болған жағдайда жол беріледі.