Toggle Dropdown
Мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 561 қаулысына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 102 Қаулысы
Редакция 30.01.2012 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі 34-бабының 2-тармағына және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 9-1, 15-2-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1) «Жер учаскесіне жеке меншік құқығына актілер ресімдеу және беру» мемлекеттік қызмет стандарты;
2) «Тұрақты жер пайдалану құқығына актілер ресімдеу және беру» мемлекеттік қызмет стандарты;
3) «Уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығына актілер ресімдеу және беру» мемлекеттік қызмет стандарты;
4) «Уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығына актілер ресімдеу және беру» мемлекеттік қызмет стандарты бекітілсін.
2. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 17 ақпандағы
№ 102 қаулысымен
бекітілген
«Жер учаскесіне жеке меншік құқығына актілерді ресімдеу
және беру» мемлекеттік қызмет стандарты
1. Мемлекеттік қызметті жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жер учаскесіне жеке меншік құқығына акті дайындайтын, осы стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген тиісті мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың (бұдан әрі – мамандандырылған кәсіпорындар) қатысуымен жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын, осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет жер учаскесінің орналасқан жері бойынша баламалы негізде тізбесі осы стандарттың 3-қосымшасында көрсетілген халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – Орталық) арқылы көрсетілуі мүмкін.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 23 және 43-баптарының және "Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысының негізінде жүзеге асырылады.
4. Осы стандарт уәкілетті органның және Орталықтың арнайы ақпараттық стенділерінде орналастырылады және бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы толық ақпарат тізбесі осы стандарттың 1, 3-қосымшаларында көрсетілген мемлекеттік қызмет көрсету орындарындағы стенділерде, интернет-ресурста орналастырылады.
5. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі қағаз тасымалдағыштағы жер учаскесіне жеке меншік құқығына акті немесе жер учаскесіне жеке меншік құқығына актінің телнұсқасын немесе қызмет көрсетуден бас тарту себебі жазбаша көрсетілген ол туралы уәжделген жауап беру болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – тұтынушы) көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:
1) тұтынушы осы стандарттың 11-тармағында айқындалған қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 6 жұмыс күнін құрайды, жер учаскесіне жеке меншік құқығына арналған актінің телнұсқасын берген кезде - 4 жұмыс күні;
2) құжаттарды тапсыру және алу кезінде кезекте күтудің рұқсат берілген ең көп уақыты 30 минуттан аспайды;
3) құжаттарды тапсыру және алу кезінде қызмет көрсетудің рұқсат берілген ең көп уақыты 30 минуттан аспайды.
8. Мемлекеттік қызмет ақылы негізде көрсетіледі, уәкілетті органға немесе Орталыққа осы стандарттың 7-қосымшасына сәйкес мөлшерде жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні дайындағаны үшін қызмет ақысын төлегені туралы құжатты (түбіртекті) береді.
Жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні дайындау үшін ақы төлеу қолма қол немесе қолма-қол емес тәсілмен екінші деңгейдегі банктер арқылы мамандандырылған кәсіпорынның есеп шотына не мамандандырылған кәсіпорынның кассасында жүргізіледі, олар төлемнің мөлшері мен уақытын растайтын төлем құжатын береді. Құжаттың (түбіртектің) нысаны осы стандарттың 8-қосымшасында көрсетілген.
уәкілетті органға өтініш білдірген кезде:
демалыс және мереке күндерін қоспағанда, аптасына бес жұмыс күні, сағат 13-00-ден 14-00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін көрсетіледі. Құжаттарды қабылдау кезекке тұру тәртібімен алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады;
Орталыққа өтініш білдірген кезде:
жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, аптасына алты жұмыс күні, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскі үзіліссіз сағат 9-00-ден сағат 20-00-ге дейін көрсетіледі, филиалдар мен өкілдіктер үшін сағат 13-00-ден 14-00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9-00-ден сағат 19-00-ге дейінгі жұмыс кестесі белгіленеді. Құжаттарды қабылдау кезекке тұру тәртібімен алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет уәкілетті органның немесе Орталықтың ғимаратында көрсетіледі. Залда анықтама бюросы, күту орындары, толтырылған бланк үлгілері бар ақпараттық стенділер, өтініш бланкілері бар тағандар орналастырылады.
Физикалық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдайлар (пандус, лифт) көзделеді.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
11. Жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні немесе жер учаскесіне жеке меншік құқығына актінің телнұсқасын беру үшін уәкілетті органға немесе Орталыққа мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) мемлекет жер учаскесіне жеке меншік құқығын берген кезде:
уәкілетті органға осы стандарттың 4-қосымшасына сәйкес жер учаскесіне жеке меншік құқығына акті беруге өтініш;
жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімінен үзінді көшірме;
уәкілетті орган бекіткен жерге орналастыру жобасының және жергілікті жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдардың көшірмелері;
жеке тұрғын үй құрылысына бөлуге арналған алаңда жер учаскелерін орналастырудың жерге орналастыру жобасы болған жағдайда, көрсетілген жұмыстарды орындаған ұйым беретін, нақты жер учаскесіне арналған жерге орналастыру жобасының бір бөлігі және оның жергілікті жердегі шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар;
салық төлеуші куәлігінің (СТН) көшірмесі;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні дайындағаны үшін қызметтерге ақы төленгені туралы құжат (түбіртек);
тұтынушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не тұтынушының атынан берілген сенімхаттың және сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
Тұлғаның жеке куәлігінің немесе сенімхаттың көшірмелерін тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады, олар тексерілгеннен кейін тұтынушыға қайтарылады;
2) жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген жағдайда:
уәкілетті органға осы стандарттың 4-қосымшасына сәйкес жер учаскесіне жеке меншік құқығына акті беруге өтініш;