Осы редакция 09.02.2002 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Мемлекеттік органдарды ақпараттандыру мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 5 қазан N 1501
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiн құру туралы" 1997 жылғы 9 желтоқсандағы N 3787 Жарлығына және "Қазақстан Республикасында бiрыңғай ақпараттық кеңiстiктi дамыту және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" жабық акционерлiк қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 4 сәуiрдегi N 492 қаулысына сәйкес және ақпараттандыру саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Әкiмшiлердiң мемлекеттiк органдарды ақпараттандыру жөнiндегi республикалық бюждеттiк бағдарламаларды iске асыруы, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебiнен ақпараттық жүйелердi аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етудi өзге түрде сатып алуы кезiнде осындай сатып алудың мiндеттi шарты Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiмен келiсу болып табылатыны белгiленсiн.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң "Ұлттық ақпараттық технологиялар" жабық акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - "Ұлттық ақпараттық технологиялар" ЖАҚ) оған - "БанкНет" банкаралық және қаржылық телекоммуникациялар орталығы" жабық акционерлiк қоғамын қосу арқылы қайта ұйымдастыру туралы ұсынысы қабылдансын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiм бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен - Ұлттық ақпараттық технологиялар" ЖАҚ-ның жарғылық қорына жарна ретiнде мына мүліктерді:
1) Алматы қаласы, Наурызбай батыр көшесi, 130 мекен-жайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң "Қазарнайымекеме" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны ғимаратының тиiстi бөлiгiн;
2) Алматы қаласы, Желтоқсан көшесi, 123 мекен-жайында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi жанындағы Үкiметтік байланыс агенттiгiнiң теңгерiмiндегi ғимараттың тиiстi бөлiгiн берудi жүзеге асырсын.