• Мое избранное
Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 08.08.2016 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 1

Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 5 тамыздағы N 191 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 16 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5796 болып енгізілді

Осы Қаулы күшін жойды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 жылғы № 183 Қаулысына сәйкес
Редакция 30.01.2012 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңына, "Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шілдедегі Заңына және "Секьюритилендіру туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
4. Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап екі айлық мерзімде өздерінің ішкі құжаттарын осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.
5. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (М.Ж. Хаджиева):
1) Заң департаментiмен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мәлімет үшін жіберсін.
6. Агенттік Төрайымының қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.
Төрайым                                       Е. Бахмутова  
  • 1
Қазақстан Республикасы Қаржы
 нарығын және қаржы ұйымдарын
 реттеу мен қадағалау агенттігі
 Басқармасының 2009 жылғы
 5 тамыздағы N 191 қаулысымен
 бекітілді
Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті
 жүзеге асыру ережесі
Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асырудың осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы (бұдан әрі - Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заң), "Бағалы қағаздар рыногы туралы " 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі - Заң), "Инвестициялық қорлар туралы " 2004 жылғы 7 шілдедегі (бұдан әрі - Инвестициялық қорлар туралы Заң), "Секьюритилендіру туралы " 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асырудың талаптары мен тәртібін белгілейді.
кіріспе өзгертілді ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен (05.08.2009 жылғы редакцияны қараңыз).(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ереженің қолданысы кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия негізінде не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кастодиандық қызметті жүзеге асыратын банктерге (бұдан әрі - кастодиан) таралады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында реттелмеген бөлігінде кастодиандық қызмет Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін кастодианның ішкі құжаттарына және клиентпен жасалған кастодиандық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
3. Кастодиан Заңның 73-бабының 3-тармағында және Инвестициялық қорлар туралы Заңның 9-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өз клиентінің аффилиирленген тұлғасы болып табылмайды.
Осы Ереженің 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне таралмайды.
4. Кастодианның бас офисінің үй-жайларында және оның кастодиандық қызметті жүзеге асыратын филиалдарында, клиенттер үшін оңай қол жетімді орындарда кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның нотариатта куәландырылған көшірмесі орналастырылады.
5. Кастодиан клиенттердің алғашқы талап етуі бойынша оларға танысу үшін мыналарды:
1) кастодиандық қызметтің жүзеге асырылуын реттейтін осы Ереженің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) өзге де нормативтік құқықтық актілерінің көшірмелерін;
2) кастодианның бірінші басшысы немесе оның орнындағы тұлға қол қойған және кастодиан мөрінің таңбасымен расталған ішкі құжаттардың көшірмелерін;
3) кастодианның қаржылық есептілігін;
4) пруденциалдық нормативтерді сақтау жөніндегі мәліметтерді;
5) соңғы он екі ай ішінде кастодианға уәкілетті орган қолданған әкімшілік жазаларды қоспағанда, шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар туралы мәліметтерді ұсынады. Әкімшілік жаза түріндегі санкциялар бойынша, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы күшіне енген күннен бастап, соңғы он екі ай үшін осы кастодианға және оның лауазымды тұлғаларына әкімшілік жаза қолдану туралы мәліметтер ұсынылады.
6. Клиенттерге осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттардың көшірмелерін бергені үшін кастодиан оларды дайындауға (қалыптастыруға) кеткен шығындардың шамасынан аспайтын мөлшерде төлем алады.
7. Кастодиандық қызметті қаржы нарығындағы өзге де қызмет түрлерімен қоса атқаратын банк:
1) банктің ұйымдық құрылымында кастодиандық қызметті жүзеге асыратын жекелеген бөлімшенің болуын;
2) кастодиандық қызметті жүзеге асыратын бөлімшенің және осы бөлімше қызметкерлерінің қаржы нарығындағы өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырмауын;
3) кастодиандық қызметті жүзеге асыратын бөлімшенің жекелеген үй-жайларының болуын;
4) кастодиандық қызметті жүзеге асыратын бөлімше орналасқан үй-жайларда реттелетін кіру жүйелерінің болуын;
5) кастодиандық қызметті жүзеге асыратын бөлімшеде кастодиандық қызметті жүзеге асырмайтын банк бөлімшелерінің (бұдан әрі – басқа бөлімшелер) есепке алу және құжат айналымы жүйелерінен бөлек есепке алу және құжат айналымы жүйелерінің болуын;
6) банктің басқа бөлімшелері қызметкерлерінің кастодиандық қызметті жүзеге асыратын банк бөлімшесінің құжаттамаларына және бағдарламалық-техникалық кешендеріне (оның ішінде деректердің электрондық массивтеріне) кіруіне жол бермеуді;
7) лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің кастодиандық қызметті жүзеге асыратын банк бөлімшесінде болатын (олар өздерінің лауазымдарына немесе оларға берілген құқықтар мен өкілеттіктеріне орай алуға рұқсаты бар) ақпаратты банктің басқа бөлімшелерінің қызметкерлеріне бермеуін қамтамасыз етеді.
2-тарау. Кастодиандық қызметті жүзеге асыру
8. Кастодиан клиенттердің активтері кастодианның кастодиандық қызмет көрсетуіне нақты берілген және кастодиандағы клиенттің шотына есепке алынған сәттен бастап олардың сақталуына, шынайы және актуалды есебін жүргізуге жауапты болады.
9. Кастодиан өзіне сеніп тапсырылған клиенттердің активтерін өз мүдделеріне, өзінің аффилиирленген тұлғаларының мүдделеріне пайдаланбайды, оның ішінде олармен өз міндеттемелері бойынша және өзінің аффилиирленген тұлғаларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, кепілге бермейді және көрсетілген активтерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген іс-әрекеттер жасамайды.
10. Заңның 74-бабының 1-тармағында белгіленген кастодианның функцияларын іске асыру мақсатында, кастодиан:
1) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген бағалы қағаздардың номиналды ұсталуын жүзеге асырады;
2) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген ақшаның, бағалы қағаздардың және өзге де активтердің есебін жүргізуді және сақталуын қамтамасыз етеді;
3) кастодиндық қызмет көрсетуге берілген бағалы қағаздармен және өзге де активтермен жасалған мәмілелер бойынша төлем агентінің функцияларын атқарады;
4) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген бағалы қағаздар мен өзге де активтер бойынша кірістер алады және оларды клиенттердің шоттарына есепке алады;
5) өзінің активтеріне қарағанда клиенттер активтерінің жеке сақталуын және есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;
6) осы Ереженің 4-тарауында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген клиенттердің бағалы қағаздары мен өзге де активтерінің шоттарын және есебін жүргізу технологиясын сақтайды;
7) өз клиенттерінің активтерімен жасалған мәмілелердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуіне, оның ішінде осы Ереженің 11-тармағында белгіленген тәртіпте жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерінің, инвестициялық қорлар активтерінің және арнайы қаржы компаниясы активтерінің мақсатты орналастырылуына (пайдаланылуына) бақылау жасайды;
8) клиенттерге тұрақты негізде және алғашқы талап етуі бойынша олардың шоттарының жай-күйі туралы есептілігін береді;
9) кастодианның ішкі есепке алу жүйесіндегі шоттарда тұрған клиенттердің активтері туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді және бағалы қағаздар эмитенттері мен орталық депозитарийдің тапсырмасы бойынша клиенттерге ақпарат береді;
10) уәкілетті орган сұратқан ақпаратты береді;
11) кастодиандық қызмет көрсету шартында көзделген қызмет көрсетулерді ұсынады.
10-1. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 26-бабында белгіленген кастодианның функцияларын іске асыру мақсатында кастодиан мыналарды:
1) зейнетақы активтерін жинақтау, оларды орналастыру, сондай-ақ инвестициялық кіріс алу бойынша барлық операцияларды есепке алуды;
2) жинақтаушы зейнетақы қорын осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ақпаратты қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей оның инвестициялық шоты бойынша ақша қозғалысы туралы және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қызметі туралы кастодиандық шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде ай сайын хабардар етуді;
3) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға, немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорына ұсыну үшін осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысандағы ақпаратты қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей әрбір жинақтаушы зейнетақы қоры кескінінде зейнетақы активтерінің құрылымы туралы есепті жасау және кастодиандық шартта белгіленген кезеңділікпен және мерзімдерде осы Ереженің 27-тармағына сәйкес салыстырып тексеруді жүргізу үшін оны зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға (зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорына) беруді;
4) комиссиялық сыйақы сомаларына және зейнетақы төлемдері шотынан аударуға жататын сомаларға бақылау жүргізуді жүзеге асырады.
10-1-тармақпен толықтырылды ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен.(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
11. Кастодиан осы Ереженің 10-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген клиенттер активтерінің мақсатты орналастырылуына (пайдаланылуына) бақылау жасауды кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттар бойынша операциялар жүргізуге инвестициялық қорлардың активтерін немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар, басқарушы агент немесе арнайы қаржы компаниясы ұсынған құжаттары мен бұйрықтарының (тапсырмаларының):
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында;
2) инвестициялық декларацияда (зейнетақы активтеріне және акционерлік инвестициялық қорлардың активтеріне қатысты);
3) инвестициялық пай қорларының ережелерінде;
4) уәкілетті орган қолданған, кастодиан клиентінің активтеріне қатысты инвестициялық қызметін шектеуге бағытталған шектеулі ықпал ету шараларында немесе ертерек ден қою шараларында белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру арқылы жүзеге асырады.
  • 1
12. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерінің, инвестициялық қорлар активтерінің және арнайы қаржы компаниясы активтерінің мақсатты орналастырылуына (пайдаланылуына) бақылау жасау функциясын орындау аясында кастодиан кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттар бойынша көрсетілген активтердің есебінен операция жүргізуге алынған бұйрық осы Ереженің 11-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде операцияны тіркейді және осы бұйрықты (осы тапсырманы) берген тұлғаға тиісті бұйрықтың (тапсырманың) орындалуы туралы есебін жібереді.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген есепті жіберу қор биржасының сауда-саттық жүйесінде жасалған мәмілелер бойынша талап етілмейді.
Кастодиан бұйрықтың (тапсырманың) осы Ереженің 11-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған жағдайда осы бұйрықты (осы тапсырманы) тоқтатады (орындамайды) және тез арада ол туралы уәкілетті органды, өзінің клиентін және бұйрықты (тапсырманы) берген тұлғаны хабардар етеді.
13. Кастодиан Заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын шетел ұйымында (бұдан әрі – шетелдік номиналды ұстаушы) сақтауда тұрған клиенттер активтерінің сақталуын және шынайы есебін жүргізуді кастодиан мен шетелдік номиналды ұстаушының арасында жасалған тиісті шарттың негізінде қамтамасыз етеді, сондай-ақ жүргізілген операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келу мәніне бақылау жасайды.
  • 1
3-тарау. Кастодиандық шарт
14. Кастодиандық шарт жазбаша нысанда жасалады.
Кастодиан резиденттік белгісі бойынша клиентпен кастодиандық шарт жасасудан бас тартпайды.
15. Кастодиандық шартта Заңның 75-бабының 3-тармағында белгіленген оның мазмұнына қойылатын талаптардан басқа мыналар қамтылады:
1) шарттың мәні;
2) кастодианның бағалы қағаздар нарығында коммерциялық және қызметтік құпияны, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражаты құпиясын сақтау міндеттемесі және кастодианның клиенттен немесе клиенттің шоттарын басқаруға өкілеттігі бар ұйымнан кастодианның осы Ереженің 10-тармағының 7) тармақшасында көзделген функцияларын орындауы үшін қажетті құжаттарды алу құқығы;
3) кастодианның клиент алдындағы есептілігінің нысаны мен кезеңділігі;
4) клиентке активтерді қайтару не клиенттің активтерін жаңа кастодианға тапсыру тәртібі;
5) салыстырып тексеруді жүргізу тәртібі мен жүйелілігі;
6) төтенше жағдайлардың мән-жайы;
7) тараптардың біреуінің бастамасы бойынша және (немесе) уәкілетті органның кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берген кастодиан лицензиясының қолданылуы Заңның 51-бабының 1 және 5-тармақтарында белгіленген негіздемелер бойынша не кастодианның осы Ереженің 25-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты тоқтатылған кезде кастодиандық шарттың бұзылуына қойылатын талаптар, сондай-ақ клиентке активтерді қайтару рәсімдері аяқталғаннан кейін ғана кастодиандық шарттың бұзылуын көздейтін ереже;
8) кастодианның кастодиандық қызметін реттейтін ішкі құжаттарымен танысқаны туралы клиенттің белгісі;
9) тараптардың деректемелері мен қойылған қолдары;
10) тараптардың қалауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер.
16. Осы Ереженің 15-тармағының талаптары:
1) кастодиан, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым және жинақтаушы зейнетақы қоры;
2) кастодиан және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қоры;
3) кастодиан, басқарушы агент және арнайы қаржы компаниясы;
4) кастодиан және бөлінген активтер бойынша уақытша бос түсімдердің инвестициялануын дербес жүзеге асыратын арнайы қаржы компаниясы арасында жасалатын кастодиандық шарттардың мазмұнына таралмайды.
Осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген кастодиандық шарттардың мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Кастодиандық үлгi шарттардың нысандарын бекiту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 139 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2320 тіркелген) қаулысымен (бұдан әрі -  N 139 қаулы) белгіленеді.
17. Кастодиан кастодиандық қызметтерді көрсету тарифтерінің өзгергені туралы клиенттерді кастодиандық шартта белгіленген тәртіппен олар қолданысқа енгізілу күніне дейінгі отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етеді.
18. Кастодиандық шарттың қолданыста болуының барлық мерзімі ішінде кастодиан клиенттеріне:
1) оның пруденциалдық нормативтерді сақтамау фактілері туралы;
2) оның кастодиандық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру (қайта бастау), сондай-ақ одан айырылуы туралы;
3) бұйрықты берген клиенттің бұйрығы бойынша бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді жасау барысында мүдделер қайшылығының туындау фактілері туралы;
4) бағалы қағаздармен жасалынатын мәмілелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулер мен арнаулы талаптар туралы хабарлайды.
19. Осы Ереженің 18-тармағында көзделген хабарламалар жазбаша түрде ресімделеді және осындай хабарламаны жіберу үшін негіздеме туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде клиенттерге кастодиандық шартта айқындалған байланыстың факсимильдік, телекстік немесе өзге де мүмкін болатын түрімен жіберіледі және кастодианның жөнелтілетін хат-хабарлар журналдарында тіркеледі.
20. Кастодиандық шартты бұзудың бастамашысы:
1) осы Ереженің 16-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген кастодиандық шарттың екінші тарабын оларды бұзудың белгіленген күніне дейінгі жиырма күнтізбелік күн бұрын;
2) осы Ереженің 16-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген кастодиандық шарттың екінші тарабын оларды бұзудың белгіленген күніне дейінгі отыз күнтізбелік күн бұрын хабардар етеді.
Өзге кастодиандық шарттарды бұзудың бастамашысы шарттың екінші тарабын кастодиандық шартта белгіленген мерзімде хабардар етеді.
21. Кастодиандық шарт бұзылған сәтте кастодианда болған клиенттердің активтері клиенттерге кастодиандық шартта және кастодианның ішкі құжаттарында көзделген тәртіпте жиырма жұмыс күні ішінде қайтарылуы не жаңа кастодианға тапсырылуы тиіс.
22. Кастодиандық шарт кастодианның бастамасы бойынша бұзылған кезде кастодиан активтерді жаңа кастодианға тапсырғанға дейін шарт бойынша міндеттемелерін орындайды.
4-тарау. Есеп жүргізуді ұйымдастыру
23. Клиенттердің активтерімен жасалатын операциялардың есебін жүргізу, сондай-ақ олар бойынша кірістер алу және оларды бөлу жинақтаушы зейнетақы қорларының және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ кастодианның ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
24. Кастодианның ішкі есеп жүргізу жүйесіндегі оның клиенттерінің активтері баланстық және баланстан тыс шоттарында есепке алынады.
Кастодиан әрбір клиентке оның активтерінің есебін жүргізуге арналған жеке шот ашады және ішкі есеп жүргізу жүйесінде ашылған клиент шотының шегінде қосалқы шоттар ашу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Кастодиандық қызмет көрсетуге берілген шетелдік бағалы қағаздардың есебін жүргізу мақсаттары үшін кастодианның есеп жүргізу жүйесінде номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымның әрбір клиентіне осы ұйымға ашылған есеп шоттың шеңберінде осы клиентке тиесілі шетелдік бағалы қағаздардың есебін жүргізуге арналған жеке баланстан тыс шот ашылады.
Кастодиандық қызмет көрсетуге берілген ақшаны, бағалы қағаздарды және өзге де активтерді есепке алу мақсаттары үшін кастодиан инвестициялық портфельді басқарушының әрбір клиентіне инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыратын ұйымды көрсете отырып, ақшаны есепке алуға арналған жеке банк шотын және бағалы қағаздарды есепке алуға арналған баланстан тыс шотты ашады.
Арнайы қаржы компаниясының активтерінің есебін жүргізу мақсаттары үшін кастодиан арнайы қаржы компаниясына бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке инвестициялық шотты және арнайы қаржы компаниясы шығарған облигациялардың міндеттемелері бойынша ақшаны есепке алуға арналған банктік шотты ашады.
Зейнетақы активтерінің есебін жүргізу мақсаттары үшін кастодиан жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы активтері есебінен сатып алынған бағалы қағаздардың және басқа қаржы құралдарының есебін жүргізуге арналған баланстан тыс шот ашады. Зейнетақы активтері кастодианға кастодиандық қызмет көрсетуге берілген жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтерінен бөлек есепке алынады.
24-тармақ өзгертілді ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен (05.08.2009 жылғы редакцияны қараңыз).(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
25. Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін сақтау және есебін жүргізу қызметтерін көрсететін кастодиан мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша «ВВ-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service, Fitch агенттіктерінің (бұдан әрі – басқа рейтингілік агенттіктер) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі, немесе Standard & Poor's агенттігінің ұлттық шәкілі бойынша «kzBB-»-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің ұлттық шәкілі бойынша осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар кастодиан не Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша «А-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес бас банкінің Қазақстан Республикасының резиденті еншілес банкі болып табылады не осы кастодианның ірі қатысушыларының арасында орналастырылған акциялардың (артықшылықты және банкпен сатып алынған акцияларды шегергенде) он немесе одан астам пайызын иеленетін жеке тұлғалар болуы;
2) халықаралық депозитарлық-есеп айырысу жүйелеріне (Еuroclear және Сlearstream International типтес) мынадай түрдегі қол жетімділігі бар:
тікелей қол жетімділігі;
бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызмет көрсететін және көрсетілген жүйелерге тікелей қол жетімділігі бар шетелдік номиналды ұстаушымен кастодиандық шарт жасасу арқылы;
орталық депозитарий көрсететін қызметтерді пайдалану арқылы.
Осы Ереженің 25-тармағының 1) тармақшасында белгіленген талап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне таралмайды.
25-тармақ жаңа редакцияда ҚР Ұлттық Банкінің 30.01.2012 № 20 (31.01.2011 жылғы редакцияны қараңыз) Қаулысымен.(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
26. Кастодианның жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерінің, инвестициялық қорлар активтерінің, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздардың және олармен жасалған мәмілелердің есебін жүргізу ерекшеліктері жинақтаушы зейнетақы қорларының және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
Кастодиан жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің құнсыздануын осы жинақтаушы зейнетақы қорының құнсыздану әдістемесіне сәйкес жүзеге асырады.
27. Кастодиан оған кастодиандық қызмет көрсетуге берілген бағалы қағаздар мен ақшаның актуалды есебін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында айына кем дегенде бір рет өзінің клиенттерінің бағалы қағаздары мен ақшасын есепке алу жүйесінің деректерін номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді және (немесе) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметті және депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың деректеріне, сондай-ақ шетелдік номиналды ұстаушының деректеріне сәйкестігін салыстырып тексереді.
27-тармақ өзгертілді ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен (05.08.2009 жылғы редакцияны қараңыз).(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
28. Кастодианның есеп жүргізу жүйесінің деректерін орталық депозитарийдің деректерімен салыстырып тексеру орталық депозитарий ережелерінің жинағына сәйкес жүзеге асырылады.
29. Кастодиандық қызмет көрсетуге берілген зейнетақы активтерін, сондай-ақ арнайы қаржы компаниясының активтерін салыстырып тексерудің ерекшеліктері N 139 қаулыда белгіленеді.
29-тармақ жаңа редакцияда ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 (05.08.2009 жылғы редакцияны қараңыз) қаулысымен.(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
30. Кастодианның есеп жүргізу жүйесінің деректерін номиналды ұстаушы ретінде клиенттер шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың деректерімен салыстырып тексеру мынадай мәліметтерді қамтитын салыстырып тексеру актісін жасау жолымен жүзеге асырылады:
1) салыстырып тексеру актісі жасалған күн, салыстырып тексеру жүзеге асырылатын кезең;
2) салыстырып тексеру актісі жасалған күнге кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттардағы (қосалқы шоттардағы) активтердің қалдығы туралы ақпарат;
3) салыстырып тексеру жүзеге асырылатын кезең ішінде кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттар (қосалқы шоттар) бойынша, оның ішінде салыстырып тексеру күнінде шетелдік номиналды ұстаушыда болған активтер бойынша активтер қозғалысы туралы ақпарат.
Салыстырып тексеру актісі екі данада жасалады, оған салыстырып тексеруді жүзеге асыратын тараптардың өкілдері қол қояды және олардың мөрлерімен расталады.
31. Кастодианның есепке алу жүйесінің деректерін шетелдік номиналды ұстаушының деректерімен салыстырып тексеру ақпарат берудің және SWIFT - хабарламалармен алмасу арқылы төлемдер жасаудың халықаралық банкаралық жүйесі не шетелдік кастодианмен жасасқан шартта көзделген байланыстың басқа да құралдары арқылы жүзеге асырылады және кастодианның клиенттеріне тиесілі және шетелдік номиналды ұстаушының шоттарындағы қаржы құралдарын салыстырып тексеру жүргізілген күндегі қалдықтарды кастодианның ішкі есеп жүргізу жүйесінің деректерімен салыстырып тексеру болып табылады.
Салыстырып тексеру жүргізілген құжаттар, оның ішінде SWIFT - хабарламалар салыстырып тексеру жүргізілген күннен бастап бес жыл ішінде сақталуы тиіс.
32. Егер осы Ереженің 27-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын салыстырып тексерудің нәтижелері бойынша алшақтықтар болған жағдайда, салыстырып тексеруді жүзеге асыратын тараптар оларды жою шараларын қабылдайды және сәйкессіздік анықталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
Осы Ереженің 31-тармағына сәйкес салыстырып тексеруді жүргізу кезінде кастодиан салыстырып тексеру нәтижелерінің сәйкессіздігі туралы хабарламаны уәкілетті органға жібереді.
32-тармақ өзгертілді ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен (05.08.2009 жылғы редакцияны қараңыз).(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
33. Кастодиан кастодианның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіпте:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы N 61 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4138 тіркелген) қаулысымен бекітілген Номиналды ұстау қызметін көрсететін бағалы қағаздар рыногы кәсіби қатысушыларының бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу, бағалы қағаздар ұстаушысының жеке шотынан үзінді көшірмені ресімдеу мен беру және номиналды ұстаушының ақпаратты ашу ережесінің 20-тармағында көзделген;
2) кастодиан жинақтаушы зейнетақы қорларының және инвестициялық қорлардың жеке шоттары бойынша операцияларының Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) осы жинақтаушы зейнетақы қорлары мен инвестициялық қорлардың инвестициялық декларацияларына сәйкес келмеуі себебінен қабыл алмаған (орындамаған) операцияларын;
3) инвестициялық қорлардың активтерін немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың кастодианға берген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін бұйрықтары (тапсырмалары) туралы уәкілетті органға жіберілген хабарламаларды есепке алу журналдарын жүргізу арқылы шынайы және актуалды есеп жүргізуді (есепке алу деректерін өзгертуге негіздемелер туындаған күні) жүзеге асырады.
34. Кастодианның кастодиандық қызмет нәтижелері туралы есептерді жасау және ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Кастодианның есеп беру ережесін бекіту туралы" 2004 жылғы 12 маусымдағы N 155 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2941 тіркелген) қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Клиенттердің активтерін жаңа кастодианға беру тәртібі
35. Жұмыс істеп тұрған және жаңа кастодианның уәкілетті өкілдері инвестициялық қордың және кастодианның арнайы қаржы компаниясының активтерін жаңа кастодианға беруді клиент жаңа кастодианмен кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартты жасасқаннан кейін жүзеге асырады.
36. Осы Ереженің 35-тармағында көрсетілген клиенттердің активтерін жаңа кастодианға беруді жүзеге асыру үшін жаңа кастодианға мыналар:
1) берілетін активтер тізбесі;
2) берілетін құжаттар тізбесі;
3) активтерді қабылдау-тапсыру актісі жасалады.
Клиенттердің берілетін активтерінің тізбесіне клиенттердің кастодиандық қызмет көрсететін барлық активтері кіргізіледі.
37. Осы Ереженің 35-тармағында көрсетілген клиенттердің берілетін құжаттарының тізбесіне:
1) активтерді беру күнінде кастодианның ішкі есеп жүргізу жүйесінде клиентке ашылған есеп шоттан және орталық депозитарийдің есеп жүргізу жүйесінде ашылған қосалқы шоттан алынған үзінді көшірмелерінің көшірмелері;
2) активтерді беру күні кастодиан мен клиент арасында жасалған салыстырып тексеру актілерінің көшірмелері, сондай-ақ салыстырып тексеру жүргізілген құжаттар кіргізіледі.
38. Осы Ереженің 35-тармағында көрсетілген клиенттердің активтерін жаңа кастодианға беруді жүзеге асыру кезінде активтерді қабылдау-тапсыру актісі жасалады, онда мынадай ақпарат қамтылады:
1) қабылдау-тапсыру актісі жасалған күн;
2) клиенттің жаңа кастодианмен шарт жасасқан күні;
3) активтері берілетін клиент туралы мәліметтер;
4) қабылдау-тапсыру актісі жасалған күнгі кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттардағы ақшаның, бағалы қағаздар мен өзге де активтердің қозғалысы және қалдығы туралы мәліметтер;
5) жаңа кастодианға берілуі тиіс құжаттар тізбесі;
6) тараптардың деректемелері;
7) тараптардың келісуі бойынша өзге де мәліметтер.
39. Арнайы қаржы компаниясының активтерін жаңа кастодианғақабылдау-тапсыру актісінде осы Ереженің 37-тармағында көрсетілген ақпараттан бөлек мынадай ақпарат қамтылады:
1) депонент-банктердің атауын, салымдар сомаларын, банктік салым шартының жасалған күні мен нөмірлерін, салымдар мерзімдерін, сыйақы ставкаларын көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктердегі салымдар туралы;
2) қаржы құралдарының сатып алу және ағымдағы құны туралы;
3) әрбір қаржы құралы бойынша есептелген және алынған инвестициялық кірістің сомасы туралы;
4) комиссиялық сыйақылар сомасы туралы;
5) облигациялармен жасалған мәмілелерді есепке алу, оның ішінде олар бойынша сыйақы төлеу жөніндегі қызметке қатысты берілетін құжаттардың түпнұсқалары туралы;
6) кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі қызметке қатысты өзге де мәліметтер.
40. Клиент активтерін қабылдау-тапсыру актісі кастодиандық шарт бұзылған күні кастодиан, жаңа кастодиан және клиент не оның уәкілетті өкілі үшін бір-бір данадан үш данада жасалады да, кастодианның және жаңа кастодианның бірінші басшылары мен бас бухгалтерлері қол қояды және олардың мөр бедерімен расталады.
Инвестициялық қордың және арнайы қаржы компаниясының активтерін беру кезінде уәкілетті органға ұсыну үшін актінің қосымша данасыжасалады.
41. Арнайы қаржы компаниясының активтерін қабылдау-тапсыру актісі кастодиандық шарт бұзылған күні арнайы қаржы компаниясы, басқарушы агент, кастодиан, жаңа кастодиан, уәкілетті орган үшін бір-бір данадан бес данада жасалады да, арнайы қаржы компаниясының, кастодианның және жаңа кастодианның бірінші басшылары мен бас бухгалтерлері қол қояды және арнайы қаржы компаниясының, кастодианның және жаңа кастодианның мөр бедерімен расталады.
42. Активтерді қабылдайтын кастодиан инвестициялық қордың және арнайы қаржы компаниясының активтерін қабылдау-тапсыру актісінің даналарын оған қол қойған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ұсынады.
43. Кастодиан өз клиенттерінің міндеттемелері бойынша жауапты болмайды және клиенттер қабылдайтын инвестициялық шешімдер үшін жауапкершілік атқармайды.
44. Кастодианның кастодиандық шарттың талаптарын орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан келтірген шығындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өтелуі тиіс.
6-тарау. Инвестициялық пай қорының активтерін инвестициялық
 басқаруды жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрі – басқарушы
 компания) инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге
 асыруға берілген лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған
 немесе лицензиясынан айырылған жағдайда жаңа басқарушы
 компанияны таңдау бойынша, сондай-ақ инвестициялық пай қорының
 жұмысын тоқтату бойынша кастодиан қолданатын іс-әрекеттер
 тәртібі
45. Кастодиан:
1) ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының активтерін басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компания инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылған жағдайда, жаңа басқарушы компанияны таңдайды не ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының жұмысын тоқтатады;
2) жабық инвестициялық пай қорының активтерін басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компания лицензиясынан айырылса, жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын осы қордың ережелерімен белгіленген талаптарда және тәртіпте шақыруды қамтамасыз етеді не жабық инвестициялық пай қорының жұмысын тоқтатады.
46. Кастодиан уәкілетті органның ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының лицензиядан айырылғаны туралы хабарламасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мыналар:
1) ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының атауы;
2) ертеректе ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асырған басқарушы компанияның атауы;
3) кастодианның өтінімдерді қабылдайтын мерзімі көрсетіле отырып, осы ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының инвестициялық портфелін басқару қызметін жүзеге асыруға берілетін өтінімдерді (бұдан әрі - өтінім) қабылдау туралы ұсынысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды не инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыруға берілген уәкілетті органның лицензиясы бар барлық басқарушы компанияларға жібереді.
47. Кастодиан кастодианға өтінім жіберген және осы Ереженің 50-тармағының талаптарына сәйкес келетін басқарушы компанияның талап етуі бойынша оған басқарушы компаниясы лицензиясынан айырылған ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді береді.
48. Кастодиан Басқармасы:
1) кастодианға осы Ереженің 46-тармағының 3) тармақшасында белгіленген мерзімде өтінім жіберген;
2) өтінім жіберген күнге уәкілетті орган белгілеген пруденциалдық нормативтерді сақтайтын;
3) өтінім жіберген күнге уәкілетті орган берген лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру түрінде қолданыстағы санкциялары жоқ болған басқарушы компаниялардың қатарынан жаңа басқарушы компанияны таңдау туралы шешімін қабылдайды.
49. Кастодиан жаңа басқарушы компанияны тағайындауға қатысты инвестициялық пай қорының ережесіне енгізілетін өзгерістердің күшіне енген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде инвестициялық пай қорының активтерін басқарушы компанияға мыналар:
1) қабылдау-тапсыру актісі жасалған күн;
2) активтері берілетін инвестициялық пай қоры туралы мәліметтер;
3) қабылдау-тапсыру актісі жасалған күнгі кастодианның есеп жүргізу жүйесінде ашылған шоттардағы ақшаның, бағалы қағаздар мен өзге де активтердің қозғалысы және қалдығы туралы мәліметтер;
4) жаңа басқарушы компанияға берілуі тиіс құжаттар түпнұсқаларының, ал құжаттардың түпнұсқалары болмаған жағдайда олардың көшірмелерінің тізбесі;
5) тараптардың деректемелері;
6) тараптардың қалауы бойынша өзге де мәліметтер қамтылған қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес тапсыруды жүзеге асырады.
50. Инвестициялық пай қорының активтерін қабылдау-тапсыру актісі кастодиан мен жаңа басқарушы компания үшін бір-бір данадан екі данада жасалады да, кастодианның және басқарушы компанияның бірінші басшылары мен бас бухгалтерлері қол қояды және олардың мөр бедерімен расталады.
Кастодиан инвестициялық пай қорының активтерін қабылдау-тапсыру актісінің көшірмесіне тараптар қол қойған күннен бастап үш күнтізбелік күннен кешіктірмей оны уәкілетті органға жібереді.
51. Кастодиан инвестициялық пай қорының қызметін тоқтатуға Инвестициялық қорлар туралы Заңның 33-бабының 1-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздемелер туындаған кезде мынадай іс-әрекеттерді жүзеге асырады:
1) инвестициялық пай қорының қызметін тоқтататын негіздемелер туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қордың ережелерімен айқындалған тәртіпте және талаптарда пай ұстаушыларға, уәкілетті органға, инвестициялық пай қорының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдарға, қордың кредиторларына және инвестициялық пай қорының активтерімен жасалынатын орындалмаған мәмілелердің тараптарына инвестициялық пай қорының жұмысының тоқтағаны туралы, аталған рәсімді өткізудің талаптары мен тәртібі туралы хабарды мәлімет үшін жеткізеді;
2) үш жұмыс күні ішінде тіркеушіге мәмілелердің тіркелуін тоқтату күнін көрсете отырып, аталған қор пайларын ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде жеке шоттар бойынша мәмілелердің тіркелуін тоқтату туралы талапты жібереді;
3) талаптары қор активтерінің есебінен қанағаттандырылатын кредиторларды анықтау шараларын қабылдайды;
4) инвестициялық пай қорының ақысы төленген, бірақ оның қызмет етуі кезеңінде орналастырылмаған (қордың меншігі ретінде тіркелмеген) активтерін алуды және қор активтерін сатуды қамтамасыз етеді;
5) инвестициялық пай қоры активтерінің есебінен қанағаттандырылатын кредиторлардың талаптары қойылған мерзім аяқталғаннан кейін және көрсетілген кредиторлармен есеп айырысу басталғанға дейін қордың кастодианы уәкілетті органға инвестициялық пай қоры активтерінің құрамы мен құны туралы, кредиторлар қойған талаптар туралы, қордың ақысы төленген, бірақ орналастырылмаған активтері туралы мәліметті, сондай-ақ аталған мәліметтерді қарастыру нәтижелері мен бұдан былайғы іс-әрекеттер туралы есеп беруді жібереді;
6) инвестициялық пай қорының кредиторларымен есеп айырысады;
7) қор жұмысының тоқтатылуына байланысты шығыстардың ақысын төлейді;
8) қалған ақшаны пай ұстаушылар арасында Инвестициялық қорлар туралы Заңның талаптарына және қор ережелеріне сәйкес бөліп береді.
52. Кастодиан осы Ереженің 6-тарауында көрсетілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін:
1) қызметінің тоқтатылуы кастодиан арқылы жүргізілетін инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар тізілімдерінің жүйелерін жүргізу қызметін жүзеге асыратын ұйымнан осы инвестициялық пай қорының пайлары, осы инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар, олардың деректемелері мен оларға тиесілі пайлардың саны туралы мәліметтерді сұратады;
2) қызметінің тоқтатылуы кастодиан арқылы жүргізілетін инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясынан кредиторлар және дебиторлар, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешек, оның ішінде "репо" операцияларын ашу аясында туындаған кредиторлық және дебиторлық берешек сомалары туралы ақпаратты сұратады.
53. Осы Ереженің 51-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру кезінде кастодиан инвестициялық пай қорының активтерін сату бойынша мәмілелер жасайды.
Бағалы қағаздар нарығында
 кастодиандық қызметті
 жүзеге асыру ережесіне
 1-қосымша
1-қосымшамен толықтырылды ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен.(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
20__ж. «___» ______ бастап «___» ________ дейінгі кезең бойынша _______________________________________________________________ 
                 (жинақтаушы зейнетақы қорының атауы) 
       инвестициялық шоты бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметі
 
Ақша ағындарының баптары Сомасы
1. Есепті кезеңнің басындағы ақша қалдығы
2. Түскен ақшалар барлығы, оның ішінде:
2.1. зейнетақы жарналары
2.2. басқа қорлардан келіп түскен жинақталған зейнетақы қаражаты
2.3. өсімпұл
2.4. нақты алынған инвестициялық кіріс
2.5. анықталмаған (жаңылысып түскен) сомалар
2.6. зейнетақы төлемдері шотынан қайтарылған сомалар
2.7. қайтарылған банктік салымдар сомасы
2.8. бағалы қағаздарды өтеуден түскен сомаларды қоса алғандағы, бағалы қағаздарды сатудан түскен сомалар
2.9. басқа сомалар
3. Барлығы инвестицияланған ақша, оның ішінде:
3.1. бағалы қағаздар
3.2. екінші деңгейдегі банктердегі салымдар
4. Барлығы төлемдер, оның ішінде:
4.1. жасына қарай зейнетақы төлемдері
4.2. мұрагерлерге
4.3. Қазақстан Республикасынан тыс аумақтарға шығуына байланысты
4.4 жаңылыс есепке алынған сомаларды қайтару
4.5. комиссиялық сыйақылар аударымдары
4.6. шетел валютасын сатып алу
4.7. өзгелер
5. Есепті кезеңнің аяғындағы ақша қалдығы
Қосымша мәліметтер
Есептелген инвестициялық кіріс
Инвестициялық кірістен түскен комиссиялық сыйақылар
Зейнетақы активтерінен түскен комиссиялық сыйақылар
Бірінші басшы (ол болмаған кезде – оның орнындағы адам)
       _______________________________________________ ____________
    (тегі, аты, бар болса - әкесінің аты)        (қолы)
Бас
       бухгалтер _______________________________________ __________
          (тегі, аты, бар болса - әкесінің аты)    (қолы)
      Орындаушы: _________________________ ________ ________________
          (лауазымы, тегі және аты)  (қолы)  (телефон нөмірі)
      Есепке қол қойылған күні 20___ жылғы «___» ______________
Мөрдің орны       
Бағалы қағаздар нарығында
 кастодиандық қызметті
 жүзеге асыру ережесіне
 2-қосымша
2-қосымшамен толықтырылды ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 31.01.2011 № 10 қаулысымен.(мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
 _______________________________________________
 (жинақтаушы зейнетақы қорының атауы)
 зейнетақы активтерінің құрылымы туралы есебі
 
Реттік нөмірі Эмитенттің атауы Бағалы қағаздың түрі Ұлттық сәйкестендіру нөмірі Номиналды құны (теңге) Саны (данасы) Өтеу мерзімі (өтеу күні) Бір бағалы қағаздың сатып алу құны (теңге) Бағалы қағазға салынатын жиынтық сомасы Орналастырылған зейнетақы активтерінің жиынтық шамасынан % жиынтығы
Мемлекеттік бағалы қағаздар
бойынша жиынтығы
Бағалы қағаздар бойынша жиынтығы
Бірінші басшы (ол болмаған кезде–оның орнындағы адам)
       ___________________________________________________ ___________
        (тегі, аты, бар болса - әкесінің аты)        (қолы)
Бас
       бухгалтер _________________________________________ ___________
           (тегі, аты, бар болса - әкесінің аты)     (қолы)
      Орындаушы: ________________________ _______ __________________
          (лауазымы, тегі және аты) (қолы)   (телефон нөмірі)
      Есепке қол қойылған күні 20_____ жылғы «_____» __________
Мөрдің орны
Қазақстан Республикасы Қаржы
 нарығын және қаржы ұйымдарын
 реттеу мен қадағалау агенттігі
 Басқармасының 2009 жылғы
 5 тамыздағы N 191 қаулысына
 қосымша
Күші жойылды деп танылатын нормативтік
 құқықтық актілердің тізбесі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2342 тіркелген).
2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2004 жылғы 25 қазандағы N 299 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3239 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде 2005 жылы N 9-13, 44-құжатында жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 26 наурыздағы N 77 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3604 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2005 жылғы 9 қыркүйекте, N 165-166 (899-900) жарияланған).
4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысына толықтырулар мен өзгеріс енгізу туралы" 2006 жылғы 15 сәуірдегі N 98 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4228 тіркелген).
5. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 142 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2008 жылғы 29 қазандағы N 172 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 5395 тіркелген).