• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 02.07.2015 г

Отправить по почте

Электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидаларын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 маусымдағы № 795 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 2 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің 23.06.2015 жылғы № 475 Қаулысына сәйкес
«Электрмен жабдықтаудың сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидаларын бекiту туралы» ҚР Энергетика министрінің 11.02.2015 жылғы № 72 бұйрығын қараңыз
«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 22) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                           К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2012 жылғы 15 маусымдағы
 № 795 қаулысымен
 бекітілген
Электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмысты қамтамасыз етуді, энергия жүйесінде теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалануға әзірлікте ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
2) Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесі - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенімді және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін электр станцияларының, электр беру желілері мен қосалқы станциялардың жиынтығы;
3) электр берудің қайталаушы (шунттаушы) желілері – ұлттық электр желісінің қолданыстағы электр жеткізу желілеріне қосымша Қазақстан Республикасының электр энергиясы нарығының субъектілері салған және қолданысқа енгізілген, олар бойынша субъектілердің санаттылығына сәйкес және ұлттық электр желісінде ағынның таралуын өзгертетін, нормаланған электр энергиясы сапасымен және сенімділік көрсеткішімен бірге электр энергиясының ағыны жүзеге асырылған электр беру желілері;
4) реттеуші орган – табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) ұлттық электр желісі – қосалқы станциялардың, тарату құрылғыларының, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары аймақаралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерінің және электр станцияларының электр энергиясын беруді жүзеге асыратын электр беру желілерінің жиынтығы, олар жекешелендіруге жатпайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және шарттармен ұлттық компанияға беріледі;
7) электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығы – авариялық жағдайлар пайда болған кезде тұтынушылардың басым көпшілігін қоректендіруді қамтамасыз ету немесе электрмен жабдықтауы энергия жүйесінің қалыпты жұмыс режимін бұзу процесінде үзіліп кеткен тұтынушылар бөлігін қоректендіруді қалпына келтіру үшін қажетті негізгі желінің бірыңғайлылығын сақтай отырып, электр жүйесінің авариялық жағдайларға қарсы тұру қабілеті;
8) электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетулер - жүйелік оператордың тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігінің және тұрақтылығының шарттық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында атқаратын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені.
2. Электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету тәртібі
3. Жүйелік оператордың қайталаушы/шунттаушы электр беру желілерін салған электр энергиясы нарығының субъектілерін электрмен жабдықтау сенімділігі мен тұрақтылығы бойынша қызмет көрсету:
1) Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі электрлік қосылыстар схемаларын тұтастай және оның маусымдық мезгілдерге тән жекелеген бөліктерін таңдауды;
2) қайталаушы (шунттаушы) электр беру желілерін салған және пайдаланатын тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұлттық электр желісінің қолданыстағы электр беру желілерін тиісінше техникалық жағдайда ұстауды;
3) жүйелік оператордың диспетчерлік орталықтары бақылайтын желілердегі кернеуді реттеуді және электр желілерінің бақылау нүктелеріндегі кернеу кестесін әзірлеуді;
4) бірыңғай электр энергетикалық жүйеде технологиялық бұзушылықтардың алдын алу және оқшаулау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруды;
5) ұлттық электр желілерінің өткізу қабілетін басқаруды;
6) жалпы жүйелік аварияға қарсы автоматиканы әзірлеуді және енгізуді, релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларының пайдаланылуын бақылауды, оларды баптау параметрлерін келісуді;
7) төтенше, дүлей құбылыстардың немесе үшінші тұлғалардың әсер етуі нәтижесінде авариялық бүлінулерді жедел оқшаулауды және кейіннен жоюды;
8) Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің іргелес мемлекеттердің энергетикалық бірлестіктерімен қатарлас жұмыс жағдайында электр энергиясының ағындарын басқаруды;
9) электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел өкімдер беруді білдіреді.
4. Электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету жүйелік оператор мен электр энергиясы нарығының субъектілері арасында жасалатын шарттардың негізінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызметтерге арналған шарт қызмет көрсету тәртібі мен талаптарын, сондай-ақ осы қызмет көрсетулер үшін ақы төлеу тәртібі мен талаптарын, тараптардың шартта көзделген талаптарды орындамағаны үшін жауаптылықты, сондай-ақ мына талаптарды қамтуы тиіс:
1) жүйелік оператордың электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған өкімдерін, сондай-ақ жүйелік оператордың автоматты жиілік жүктемесінің, жиіліктік автоматты қайта қосудың, жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасының көлемдері мен құрылғылары бойынша өкімдерін орындау;
2) қосалқы станциялар мен желілердің негізгі жабдықтарын, релелік қорғау, аварияға қарсы автоматика құрылғыларын, диспетчерлік-технологиялық басқару құралдарын жөндеуге арналған өтінімдерді пысықтау кезінде жүйелік оператордың берген өкімдерін іске асыру;
3) электр энергиясын өндіру, беру және тарату кезінде технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға және оқшаулауға бағытталған жүйелік оператордың өкімдерін орындау;
4) жүйелік оператордың диспетчерлік орталықтың жедел басқаруындағы бастапқы жабдықтарды, релелік қорғау, автоматика және аварияға қарсы автоматты құрылғыларды, телемеханика мен байланыс құралдарын пайдалану жөніндегі өз персоналының іс-әрекетін үйлестіру.
6. Электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуді осы қызметтерді тұтынушылар қызмет көрсету шартының талаптарына сәйкес олардың тұтынған электр энергиясының нақты мөлшері тұрғысынан жүргізіледі.
7. Көрсетілген қызметтер үшін төлемақы мөлшері белгіленген тарифті электр энергиясын тұтыну жүзеге асырылған желілердің кернеу сыныбы мен тиесілілігіне қарамастан, электр энергиясын жеткізудің-тұтынудың нақты теңгерім деректері бойынша анықталған электр энергиясының көлеміне көбейту жолымен айқындалады.
8. Жүйелік оператор электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету және осы қызмет көрсетуге арналған шарттармен, осы Қағидалармен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен көзделген өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде:
1) бірыңғай электр энергетика жүйесінің тұрақтылығына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды әзірлеуді және келісуді;
2) бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосылған субъектілердің релелік қорғау және автоматика, аварияға қарсы автоматика құралдарын орналастыру және орнату, сондай-ақ оларды ретке келтіру параметрлерін өзгерту жөніндегі нұсқауларды орындау мониторингін жүзеге асырады.