«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 7-бабының 14-7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1718 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 27 тамыздан бастап ҚР Үкіметінің 10.08.2015 жылғы № 623 Қаулысына сәйкес «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 24.02.2015 жылғы № 171 Бұйрығын қараңыз
Редакция 23.07.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 7-бабының 14-7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары;
2) Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары;
3) Интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы Интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидаларының 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 30 және 31-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1718 қаулысымен бекітілген
Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – «Байланыс туралы» Заң) сәйкес әзірленген және тіркелген телефон байланысы қызметтерін (бұдан әрі – телефон байланысы қызметтері) көрсету тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидалар ортақ пайдаланылатын телекоммуникацияның желісіне шыға алмайтын, жылжымалы радиотелефон немесе радиобайланыс желісі, корпоративтік және бөлінген телекоммуникация желілері арқылы телефон байланысы қызметтерін көрсетуді реттемейді.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) абонент – байланыс қызметін көрсету мақсатында абоненттік жол, абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөліне отырып, осындай қызмет көрсету үшін шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат – абоненттер туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін телефон нөмірлері, почталық мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі және заңды тұлғалар үшін реквизиттері (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғандығы туралы куәліктің деректері), биллингтік мәліметтер және абоненттерге көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер;
3) абоненттік жол – жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;
4) абоненттік нөмір – телефон байланысы қызметін көрсетуге шарт жасасу кезінде абонентке бөлінетін телефон нөмірі, ол арқылы басқа терминалдарды қосу кезінде телефон желісіне қосылған терминал сәйкестендіріледі;
5) абоненттік құрылғы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;
6) автоматты қызмет көрсету жүйесі – тапсырысты қызмет көрсету жүйесінсіз телефондық қосылу тәсілі, бұл кезде пайдаланушы шақырылатын терминалмен қосылуға қажетті абоненттік нөмірді өз бетімен тереді;
7) аймақішілік телефон байланысы – жергілікті телефон желісіне қосылған және бір нөмірлеу аймағы шеңберінде орналасқан пайдаланушылық (ақырғы) жабдықтың арасындағы телефон қосылуы;
8) байланыс арнасы – жиіліктер белдеуінде телекоммуникация құралдарының арасында немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен сигнал беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне қарай арналар телефондық, телеграфтық, деректерді беру арналары болып, ал аумақтық белгілері бойынша – халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;
9) байланыс желісі – байланыс құралдары мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;
10) байланыс желісін басқару – байланыс желісінің қызмет істеуін қамтамасыз етуге, оның ішінде жүктеме ағысын (трафикті) реттеуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
11) байланыс жолдары – тарату жолдары (кабельдік, радиорелелік, жерсеріктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кабельдік құрылғылары, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;
12) байланыс қызметтері – почта жөнелтімдері мен арнаулы жөнелтімдерді, почталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;
13) байланыс қызметтерін көрсету – байланыс операторларының пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсетуге негізделген қызметі;
14) байланыс қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – байланыс қызметін алатын жеке немесе заңды тұлға;
15) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
16) байланыс операторының әрекет ету аймағы – байланыс операторының телефон байланысы қызметтерін көрсету аумағы;
17) биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ, оларды трафиктеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;
18) жалғау жолы – телекоммуникацияның жалғайтын және жалғанатын желілерінің арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, байланыс жолы мен станциялық жабдықтау бөлігін қамтитын техникалық құралдар кешені;
19) жергілікті телекоммуникация желісі – елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралы. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық деп бөлінеді;
20) жергілікті телефон байланысы – телекоммуникацияның бір жергілікті желісі шеңберіндегі абоненттер, пайдаланушылар арасындағы телефон қосылуы;
21) жергілікті телефондық қосылыс құнын уақытпен есепке алу жүйесі (бұдан әрі – жергілікті телефондық қосылысты уақытпен есепке алу) – жергілікті телекоммуникация желісінің қызметін пайдаланғаны үшін төлем сомасын есептеуді қамтамасыз ететін жергілікті телефонды қосылысты есепке алудың әдістері технологиясының жиынтығы;
22) тапсырысты қызмет көрсету жүйесі – белгілі уақыт ішінде жартылай автоматты және қол арқылы, бір және/немесе бірнеше оператор-телефоншылардың көмегімен, қолмен қызмет көрсету жабдығын пайдалана отырып, телефон қосылуларын ұсыну барысында телекоммуникация қызметтерін тұтынушыларға олардың өтініші бойынша әртүрлі телефон қосылуларын (халықаралық, қалааралық, жергілікті, ұялы байланыс және т.б.) және басқа да қосымша қызмет түрлерін ұсыну үшін қызмет көрсету жүйесі;
23) қызметке ақы төлеудің аралас жүйесі – белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы:
тұрақты құрамдас бөліктен – абоненттік жолдың түріне қарамастан оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғаулардың тарифтеу бірлігінің белгілі бір көлемі үшін төлемақыдан;
уақытына қарай құрамдас бөліктен – телефондық қосылыс берілгені үшін оның тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты уақытына карай төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесі;
24) қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі – белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефондық қосылыстың берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;
25) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;
26) тарифтеу бірлігі – Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшеу бірлігі;
27) телекоммуникация желісі – коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік, жалғау жолдары мен арналарынан), тарату жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын телекоммуникация хабарламаларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;
28) телекоммуникация желісінің иесі – ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінің бір бөлігі және (немесе) телекоммуникацияның бірыңғай желісінің тиісті санаты тиесілі жеке немесе заңды тұлға;
29) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) – электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, іздеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;
30) телекоммуникация хабарламалары – телекоммуникация құралдарының көмегімен берілетін ақпарат;
31) телекоммуникациялар желісіне абоненттік қол жетімділікті ұйымдастыру – телефон байланысы қызметтерін көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ететін, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісіне қосу бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар;
32) телефондық қосылыстар қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі – қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) – байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіні оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефондық қосылыстың бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;
33) терминал – пайдаланушы берген ақпаратты байланыс арналары бойынша тарату және (немесе) қабылдау үшін дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді және өзге де сигналдарды қалыптастырудың әдістерін қалыптастыру құралы ретіндегі абоненттік желіге қосылатын шеткі жабдық;