1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдар (бұдан әрі - Ұсынымдар) мақұлдансын.
Отправить по почте
Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдарды мақұлдау туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының 2010 жылғы 17 ақпандағы № 01-39.10 Бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдар (бұдан әрі - Ұсынымдар) мақұлдансын.
2. Мемлекеттік органдар мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде Ұсынымдарды басшылыққа алсын.
3. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы бекіткен 2007 жылғы 15 қаңтардағы № 32-15.11 Қазақстан Республикасында мерекелерді дайындау және өткізу тұжырымдамасының күші жойылсын.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің басшысы А. Мусин
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2010 жылғы 17 ақпандағы № 01-39.10 бұйрығымен МАҚҰЛДАНҒАН Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ҰСЫНЫМДАР
Кіріспе Қазақстан Республикасында мемлекеттік мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі Ұсынымдар (бұдан әрі - Ұсынымдар) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы бекіткен 2007 жылғы 15 қаңтардағы № 32-15.11 Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу тұжырымдамасының қағидаларын дамыту мақсатында дайындалды.
Осы тұжырымдаманы әзірлеу елде болған елеулі қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістерден туындады.
Бұл Ұсынымдар республиканың тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктерін және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру перспективасына, қазақстандықтардың жаңа, анағұрлым жоғары өмір сүру сапасын қалыптастыруға, сондай-ақ осы тұғырнамада елдің негізгі қоғамдық-саяси күштерінің бірігуі қажеттігіне байланысты 2012 жылға дейінгі мемлекеттік саясаттың басымдықтарын ескереді.
Осы Ұсынымдарды әзірлеу мен іске асырудың мақсаты республиканың қазіргі заманғы болмысын, күллі қоғам үшін мән-маңызы бар құндылықтарды бейнелейтін мемлекеттік мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің бірыңғай жүйесін құру болып табылады.
Міндеттер:
Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің бірыңғай қағидаттарын әзірлеу;
мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің айқын идеологиялық базасын жасау;
мерекелерді ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша тиімді бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу;
қоғамның идеялық және рухани-мәдени бірігуін, елдің жалпыұлттық азаматтық сәйкестілігін нығайту;
қалың жұрттшылықты мерекелерге дайындық пен оларды өткізу процесіне тарту;
қоғамның мемлекет пен оның институттарына деген сенімін нығайту;
халықты «Қазақстан-2030» Стратегиясының міндеттерін орындауға жұмылдыру.
Мерекелер халықтың рухани-мәдени топтасуын, өскелең ұрпақтың әлеуметтенуін, рухани және адамгершілік-имандылық құндылықтарды өрістету мен ұластыруды қамтамасыз ететін ұлттың идеялық топтасуының қуатты факторы болып табылады.
Әлемдік практика көрсетіп отырғандай, мемлекеттік мереке мәртебесі мынадай өлшемдерге сәйкес келеді:
этносына және дініне қарамастан, қоғамның барлық мүшелері қолдайтын құндылықтар мен бағдарларға ерекше мән беретін жалпыұлттық сипаты;
осы этномәдени бірлікте қалыптасқан мерекенің тарихи себептілігі;
осы мерекенің пайда болуын айқындаған оқиғаның жалпыұлттық ауқымы;
мемлекеттің тарихи дамуының шынайы ерекшелігін көрсетуі;
мерекелерге жалпыұлттық сипат беру үшін халықтың барлық әлеуметтік, этностық, конфессиялық және басқа да топтарының мүдделерін ескеруі;
мереке мәртебесінің заңды ресімделуі.
Әлем елдерінің көпшілігінде мемлекеттік мерекелер мынадай функциялар атқарады:
жалпыұлттық сананы, жалпыұлттық мұраттар жүйесі мен ұлттың өмір сүру салтын қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамның жалпыадамзаттық, либералдық-демократиялық құндылықтар негізінде топтасуына жәрдемдеседі;
қоғамның өзіндік мәдени бірлік ретінде біріздендірілу процесіне мүмкіндік туғызады;
қоғамның әлемдік мәдени кеңістікке кірігуіне мүмкіндік жасайды.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267-ІІ Қазақстан Республикасының Заңымен елде атап өтілетін мерекелердің құқықтық мәртебелері айқындалған.
Қазақстан Республикасында ұлттық мереке, мемлекеттік мерекелер, кәсіби мерекелер атап өтіледі.
Қазақстан Республикасында 16-17 желтоқсанда атап өтілетін Тәуелсіздік күні ұлттық мереке болып табылады, мемлекеттік мерекелер: Жаңа жыл - 1-2 қаңтар, Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз, Наурыз мейрамы - 21-23 наурыз, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі — 1 мамыр, Жеңіс күні - 9 мамыр, Астана күні — 6 шілде, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні - 30 тамыз.
Кәсіби мерекелер мен өзге де мерекелер «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы 3827 Жарлығына сәйкес белгіленген: Отан қорғаушылар күні - 7 мамыр, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр, Қазақстан Республикасының рәміздері күні - 4 маусым, Полиция күні - 23 маусым, Медицина қызметкері күні - маусымның үшінші жексенбісі, Баспасөз, телевидение және радио күні - маусымның соңғы жексенбісі, Дипломатиялық қызмет күні — 2 шілде, Металлург күні - шілденің үшінші жексенбісі, Көлік және байланыс қызметкерлері күні - тамыздың бірінші жексенбісі, Құрылысшы күні - тамыздың екінші жексенбісі, Спорт күні - тамыздың үшінші жексенбісі, Шахтер күні - тамыздың соңғы жексенбісі, Білім күні - 1 қыркүйек, Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні - кыркүйектің бірінші жексенбісі, Қазақстан Республикасының халықтары тілдерінің күні - қыркүйектің үшінші жексенбісі, Атом саласы қызметкерлерінің күні - 28 қыркүйек, Мұғалім күні - қазанның бірінші жексенбісі, Ұлттық валюта күні - 15 қараша, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні - қарашаның үшінші жексенбісі, Энергетик күні - желтоқсанның үшінші жексенбісі.
Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен атаулы және мерейтой күндерінің тізбесі бекітіледі.
Сол секілді бейресми мерекелер де (дәстүрлі, діни, этномәдени, өңірлік және т.б.) бар.
Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады. Бұл - Мемлекет басшысының елдегі тұрақтылықты, этносаралық келісімді, конфессияаралық сыйластықты, өзара қарым-қатынастар төзімділігін нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған саясатын іске асырудағы мемлекеттік оң рөлінің айғағы.
Өзінің ауқымдылығы мен мазмұны бойынша неғұрлым елеулілері ұлттық мереке және мемлекеттік мерекелер болып табылады.
Ұлттық мерекені және мемлекеттік мерекелерді тойлау жөніндегі іс-шаралар республикалық, өңірлік деңгейлерде өткізіледі.
Өңірлік іс-шаралар жалпыреспубликалық іс-шараларды тұтастай қайталамай, оларды тек толықтыра, мазмұнын жергілікті деңгейде аша түсуге тиіс.
Мерекелерді өткізу нысандары неғұрлым демократиялық, адамдарға жақын болуға тиіс.
Мерекелердің нышандары мен эмблемаларын ғылым және өнер қайраткерлері арасынан сарапшыларды тарта отырып жоғары көркемдік деңгейде жасау, авторлар және дизайнерлер мен суретшілер ұжымдары жұмыстарына республикалық деңгейде логотиптерді міндетті түрде бекіте отырып, конкурстық таңдаулар өткізу ұсынылады.
Халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына айқын бағытталуы іс-шаралар тиімділігінің негізгі шарты болып табылады. Аталған мереке өздері үшін мейлінше маңызды әлеуметтік топты (соғыс және еңбек ардагерлері, балалар, әйелдер және т.б.) айқындап, оған бірқатар атаулы іс-шараларды арнау кажет.
Негізгі назарды практикалық істерге аударған жөн (халықтың табысы төмен топтарына атаулы материалдық қолдау көрсету; нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нышаны бұқаралық шаралар және т.б.)
Мерекелерді дайындау және өткізу процесіне олардың әсемдігіне, айшықтылығына, сезімді билеу қанықтылығына ерекше көңіл бөле отырып, халықты жаппай жұмылдыруды қамтамасыз еткен жөн.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес ұлттық мерекеге және Қазақстан Республикасында атап өтілетін мерекелік күндерге арналған салтанатты жиналыстар мен мәжілістерді ашқан кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалады.
Ұлттық мереке және мемлекеттік мерекелер күндерінде Қарулы күштердің әскери құрылымдарында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери жасақтарында міндетті түрде Мемлекеттік ту көтеріледі.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |