Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі № 455 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 10 қазанда № 7243 тіркелді
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары жол полициясының жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі, қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғаудағы, оның қызметінде заңдылық пен тәртіпті нығайтудағы қызметін жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары ішкі істер департаменттерінің бастықтары:
1) жол полициясы қызметкерлерінен сынақтар қабылдай отырып, осы Нұсқаулықты зерделеуін ұйымдастырсын;
2) жол полициясы жол-патрульдік қызметінің жұмысын осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес ұйымдастырсын;
3) Қазақстан Республикасында жол қозғалысы ережелерін сақтауды бақылау тек жол полициясы қызметкерлерінің құзыретіне жататындықтан, көлік құралдары жүргізушілерінің талаптарды бұлжытпай орындауын қамтамасыз етсін. Полицияның басқа қызметтерінің қызметкерлері жол қозғалысын бақылаудың арнайы жоспарларын қолданысқа енгізген кезінде ғана, сондай-ақ ішкі істер органы басшысының шешімі бойынша қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты міндеттерді жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп орындаған кезде жүзеге асырады.
3. «Ішкі істер органдарының жол полициясы жол-патрульдік қызметінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2002 жылғы 14 желтоқсандағы № 789 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 14158 болып тіркелген) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А.В.Кулиничке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетіне (Б.Б.Бисенқұлов) жүктелсін.
5. Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті (Б.Б.Бисенқұлов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жолдасын.
6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр милиция генерал-майоры Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2011 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 455 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ
1. Осы нұсқаулық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды нақтылайды. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы жол-патрульдік қызметінің (бұдан әрі - жол-патрульдік қызметі) бөліністерінің жұмысын ұйымдастыруын белгілейді.
2. Жол-патрульдік қызмет бөліністері жұмысының құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады.
3. Жол-патрульдік қызметтің жұмысында:
1) бақылау-өткізу пункті - бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде, табиғи апаттар, індеттер және басқа да төтенше жағдайлар пайда болғанда белгілі бір ауданда (жерде) өткізу режимін қамтамасыз ету немесе көлік пен жаяулардың қозғалысын шектеу үшін қойылатын полиция жасақшасы.
2) жол полициясының бекеті - жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын (аварияларды талдау, жоғары тұрған орнадар мен лауазымды адамдардың нұсқаулары мен өкімдері, жоспарлар, полицияның кешенді күштерінің бірліктерін орналастыру негізінде) командирлер белгілеген нақты орнықтырылған орын.
3) жол полициясының жасағы-патрульдеу бағыттары мен бекеттерде қызмет өткеру үшін тағайындалған жол полициясының қызметкері немесе бірнеше қызметкері.
4) жол полициясының стационарлық бекеті-арнаулы қызметтік үй-жаймен жабдықталған, жедел-техникалық және арнаулы құралдармен, инженерлік және өзге де құрылыс-жайларымен жасақталған, сондай-ақ жауаптылық аймағы бекітіліп берілген жол полициясының қызмет өткеретін орны.
5) патрульдеу бағыты-жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын, көшенің немесе жолдың (аварияларды талдау, жоғары тұрған орнадар мен лауазымды адамдардың нұсқаулары мен өкімдері, жоспарлар, полицияның кешенді күштерінің бірліктерін шоғырландыру негізінде) командирлер белгілеген, басшылық бекіткен автомобиль жолдарының учаскесі.
6) патруль көлігі - ішкі істер органдарының балансында тұратын және бекеттік ведомосіне қосылған жол полициясының көлік құралдары (автомобиль, мотоцикл, автобус). Патруль автомобильдері түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарымен жабдықталған, сонымен бірге аталған түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарысыз.
2. Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ішкі істер департаменттері (бұдан әрі - Департаменттер) жол полициясы басқармалары лауазымды адамдарының міндеттері
4. Департаменттердің жол полициясы басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарлары:
1) жол-патрульдік қызметтің жұмысына жалпы басшылықты, бақылау жасауды жүзеге асырады, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, күштер мен құралдарды орналастырады;
2) жол-көлік оқиғалары бойынша есепке алу-тіркеу тәртібінің жағдайына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы 1650 Қаулысымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерін (бұдан әрі - Жол қозғалысы ережелері) бұзушыларға әкімшілік шаралардың дұрыс қолданылуына, анықтау ісінің сапасына, айдап әкеткен және ұрланған автокөлікті, жол-көлік оқиғалары болған орыннан бой тасалаған жүргізушілерді іздестіру жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуына ұдайы бақылауды жүзеге асырады;
3) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмыста ішкі істер органдарының бөліністерімен, өзге мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен қызметтің өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз етеді;
4) қызметтік жұмысты есепке алу мен талдауды ұйымдастырады, оны жетілдіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды, жұмыстың оң тәжірибесін жинақтауға және енгізуге ықпал етеді;
5) қызметтік жұмыс мәселелері бойынша келіп түскен азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің уақтылы және сапалы қаралуын бақылайды, олар бойынша шаралар қабылдайды;
6) жол-патрульдік қызметтің жеке құрамының қызмет өткеруін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
3. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезіндегі жұмысты жоспарлау, есепке алу және талдау
5. Жоспарлау қолда бар күштер мен құралдарды есепке ала отырып, жедел жағдайды, қызмет көрсететін аумақтағы апаттылықтың жай-күйін, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес жағдайларын, жол-патрульдік қызметтің бөліністерінде заңдылық пен тәртіптің сақталуын талдау мен болжау негізінде жүзеге асырылады.
6. Саптық бөліністердің жұмыс жоспарлары жол полициясының жол-патрульдік қызмет басқармаларының (бөлімдерінің) бөлім (бөлімше) бастықтарымен келісіледі және облыстық (қалалық) Департаменттердің жол полициясы басқармасының (бөлімінің) бастығы бекітеді. Жол полициясы басқармаларының (бөлімдерінің) бастықтарымен келісіп, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, саптық бөліністердің командирлері жоспарларды түзете алады, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7. Жоспарлы кезең аяқталған соң жоспарланған іс-шаралардың орындалғаны туралы есеп (анықтама) жасалып, кейіннен жоспарды бекіткен басшыға баяндалады. Қандай да бір іс-шара орындалмаған жағдайда есепте жағдайдың себебі және қажет болса орындалуының жаңа мерзімі көрсетіледі. Жоспарлардың орындалу қорытындысы саптық бөліністің командирі жанындағы жедел кеңесте қаралады.
8. Жоспарлардың орындалуын бақылауды саптық бөліністердің командирлері (штаб бастықтары), сондай-ақ Департаменттердің жол полициясы басқармаларының тиісті бастықтары жүзеге асырады.
9. Жол-патрульдік қызметтің бөліністерінде қызмет алдында тұрған негізгі міндеттерді орындау үшін маңызы бар мәліметтерді есепке алу және талдау, тіркеу ұйымдастырылады. Есепке алу мен талдауға қызмет жүргізілетін аумақтағы жол-көлік оқиғалары және олардың алдын алу жөнінде қабылданған шаралар, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты қылмыстар, жол-патруль қызметінің жеке құрамының арасындағы тәртіптің жағдайы мен заңдылықтың сақталуы туралы деректер, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың жол-патрульдік қызметтің жұмысын жетілдіруге және жол қозғалысы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстары жатады.
4. Күштер мен құралдарды орналастыру
10. Жол-патрульдік қызметтің жұмысы қолда бар күштер мен құралдарды және күрделі жол жағдайымен сипатталатын жергілікті жерлерде оларды шоғырландырудың принциптерін ескере отырып, ұйымдастырылады. Бұл ретте қызмет жүргізілетін аумақтағы апатты жағдайдың, қылмыс пен құқық бұзушылықтың жай-күйі, автомобиль жолдарының ұзындығы мен олар арқылы қозғалыс жағдайларының ерекшелігі, тәуліктің әр түрлі сағаттарында, аптаның күндерінде, жылдың мезгілдерінде көлік пен жаяулар қозғалысының жиілігі ескеріледі.
11. Жол-патрульдік қызметі мен құралдарын орналастыру жасақтарды шығарудың тәулік сайынғы орташа нормасын есепке ала отырып Департаменттердің бекіткен патрульдеу бағыттарының және бекеттердің орналасуына (бұдан әрі - орналастыру, орнықтыру) осы нұсқаулықтың 1-қосымшасындағы формасына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Орналастыру келесіні көрсетеді:
қаланың, ауданның сызбасын, автомобиль жолының учаскесін, қалалар мен елді мекендердің көшелерін, жедел жағдайдың бағалануын;
жол полициясы қызметкерлері мен көлік құралдарын шығарудың міндетті нормаларын;
патрульдеудің алдын ала белгіленген, оның ішінде жедел жағдай күрделенген кезде қосымша жабуға тиісті жасақтардың түрлерін;
олардың арасындағы өзара іс-қимыл мен байланыстың тәртібін және басқа да қажетті мәліметтерді (медицина мекемелерінің, ішкі істер органдарының, ұйымдастырылған көлік тұрақтарының және басқа да қызмет көрсету объектілерінің орналасқан жері мен телефондарын).
13. Орнықтыру оқиға болған орын, аптаның күні, тәуліктің сағаты бойынша жедел жағдайды және апатты ахуалды талдау негізінде жолдар бойында қозғалу жағдайларының, кәсіпорындардың, оқу орындарының, сауда орталықтарының, жұмыс көлік құралдары мен жаяулар қозғалысының эпизодтық ұлғаюына байланысты сервис объектілерін, жұмыс режиміндегі ерекшеліктерді ескере отырып, әзірленеді.
14. Бекеттер мен патрульдеу бағыттары аптаның күндері немесе тәуліктің сағаттары ішінде міндетті түрде жабылуы тиісті және қалыптасқан жедел жағдайға байланысты жабылып қалатын бекеттерге, патрульдеу бағыттарына бөлінеді. Күштер мен құралдарды ауыстыру туралы шешімдерді саптық бөліністің командирі қабылдайды және осы нұсқаудың 2-қосымшасындағы формасына сәйкес бекеттік ведомосіне тіркеледі.
15. Әрбір бекет пен патрульдеу бағытына екі данадан, осы нұсқаудың 3-қосымшасындағы формасына сәйкес бекет (патрульдеу бағыты) карточкасы жасалып, олардың біреуі саптық бөліністің кезекші бөлімінде сақталады, екіншісі қызмет өтеу уақытында жол полициясының қызметкеріне беріледі. Бекет (бағыт) карточкасы қызметте пайдалану құжаты болып табылады және тек жол полициясы инспекторларының қызметіне бақылауды жүзеге асыруға құқылы ішкі істер органдарының лауазымды адамдарына көрсетуге жатады.
16. Саптық бөлініс жұмысының режимі күн тәртібімен және кестемен белгіленеді, онда әрбір жол полициясы қызметкерінің қызмет өткеретін күндері мен сағаттары (ауысымы) көрсетіледі. Күн тәртібі мен жұмыс кестесін саптық бөліністің командирі бекітеді.