Toggle Dropdown
Бағалы қағаздар рыногы туралы
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 наурыздағы N 77 Заңы
Редакция 03.06.2003 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заңмен эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылуы мен айналыста болуы, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыру, бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу процесiнде туындайтын қатынастар реттеледi.
1-бап. Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары
Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы заңнан бағалы қағаздар шығаруға және олардың айналысына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтiн өзге де заңдардан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес шығарылатын мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) агенттiк облигация - уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қаржы агенттiгi шығарған облигация;
2) антеррайтер - бағалы қағаздар рыногында делдалдық және дилерлiк қызметке лицензиясы бар және эмитенттiң бағалы қағаздарын онымен жасасқан ережелерiне сай орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
3) бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң аффилиирленген тұлғасы - шешiмдi тiкелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) бағалы қағаздар рыногы субъектiсi қабылдаған шешiмге, оның iшiнде ауызша шартты қоса алғанда, шарттың немесе өзге де мәмiленiң күшiне әсер етуге мүмкiндiгi бар тұлға (өзiне берiлген өкiлеттiк шегiнде осы тұлғаның қызметiн реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ осындай құқығы бар бағалы қағаздар рыногы субъектiсiне қатысты кез келген тұлға;
4) брокер - сыйақы үшiн шарт негiзiнде iс-қимыл жасайтын, клиенттердiң тапсырмасы бойынша, солардың есебiнен және мүдделерiн көздеп бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асырушы кәсiби қатысушы;
5) бағалы қағаздардың қайталама рыногы - бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын қатынастар, бұған бағалы қағаздардың бастапқы рыногының қатынастары қосылмайды;
6) бағалы қағаздарды материалсыздандыру - бағалы қағаздармен куәландырылатын мүлiктiк құқықтарды растау әдiсiн өзгерту, бұл орайда арнаулы тiзiлiмдердегi жазбалар бұл құқықтарды растау болып табылады;
7) бағалы қағаздар депозитарийi - бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi есепке алу және оларды орындау, сондай-ақ бағалы қағаздарды материалсыздандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым;
8) депонент - депозитарийдiң клиентi болып табылатын тұлға, ол бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге қызмет көрсету жөнiндегi депозитарийдiң қызметтерiн шарт негiзiнде пайдаланады;
9) бағалы қағаз ұстаушы - бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмдерiн жүргiзу жүйесiнде тiркелген және осы бағалы қағазбен куәландырылған мүлiктiк құқықтарды иеленген тұлға;
10) дилер - бағалы қағаздарды кейiн қайта сату немесе олармен өзге де мәмiлелер жасау нәтижесiнде пайда табу мақсатымен баға кесудi ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногына шығару және (немесе) оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы өз атынан және өз есебiнен бағалы қағаздармен мәмiлелер жасайтын кәсiпқой қатысушы;
11) инвестор - қаражатын бағалы қағаздарға салуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
12) институционалдық инвестор - өзi тартқан ақшаларды заңдарға сәйкес бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялайтын заңды тұлға;
ипотекалық облигация - ипотекалық қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы кепiлiмен (ипотекалық куәлiктер кепiлiн қоса алғанда), сондай-ақ тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсімен белгiленетiн өзге де жоғары өтiмдi активтермен қамтамасыз етiлген облигация;
13) кастодиан - бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеу және олардың есебiн жүргiзу, құжатты бағалы қағаздарды сақтау және клиенттердiң ақшаларына есеп жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
14) бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу жөнiндегi клиринг - бағалы қағаздармен мәмiле жасаудың нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiн есепке алу;
15) баға кесу - қор биржасында және басқа да ұйымдасқан бағалы қағаздар рыноктарында бағалы қағаздардың бағамын (рыноктық бағасын) белгiлеу;
16) биржадан тыс бағалы қағаздар рыногындағы баға кесу ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құратын, заңды тұлға мәртебесi бар, бағалы қағаздарға баға кесу және биржадан тыс рынок айналысындағы бағалы қағаздармен сауда жасауды техникалық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
17) листинг - бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушының ережелерiнде белгiленген тәртiппен сауда-саттық ұйымдастырушының бағалы қағаздар тiзiмiне енгiзу;
18) бағалы қағаздарды бiр iзге түсiрудiң ұлттық жүйесi (NSIN) - Қазақстан Республикасы аумағында айналымға жiберiлген бағалы қағаздарды әрiптiк-сандық кодификациялау жүйесi;
19) ұйымдастырылмаған рынок - мәмiле нысанасына және оның қатысушыларына ұйымдастырылған рынок талаптарына сақтамай бағалы қағаздармен мәмiлелер жүзеге асырылатын бағалы қағаздар айналымы өрiсi;
20) облигацияның нақтылы құны - облигация құнының оны шығару проспектiнде айқындалған ақшалай көрiнiсi;
21) нақтылы ұстаушы - шартқа сәйкес және бағалы қағаздар иесiнiң мүдделерiн көздеп, өз атынан және меншiк иесi есебiнен бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушысы;
22) бағалы қағаздар айналысы - бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
қамтамасыз етiлген облигация - эмитент мiндеттемелерiн орындау кепiлмен, кепiлдiк берумен және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де тәсiлдермен қамтамасыз етiлген облигация;
23) бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногы - бағалы қағаздардың айналым өрiсi, онда бағалы қағаздармен мәмiле жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мәмiлелерге қатысушылар үшiн сауда-саттықты ұйымдастырушылар белгiлеген рәсiммен және шарттармен реттелген;
24) бағалы қағаздардың бастапқы рыногы - бағалы қағаздарды шығару және орналастыру процестерiнде, бiр жағынан, эмитенттiң немесе оның тапсыруы бойынша бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысының және, екiншi жағынан, инвесторлардың арасында қалыптасатын қатынастар;
25) бағалы қағаздар портфелi - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгiндегi не сенiмгерлiкпен басқаруындағы әртүрлi бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының жиынтығы;
26) бұйрық - бағалы қағаздарды ұстаушы немесе сатып алушы бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысына беретiн, бағалы қағаздармен мәмiле жасасуға негiзделген және бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыруға арналған бағалы қағаздар мен ақша жөнiндегi белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыру жөнiнде нұсқаудан тұратын стандарттық үлгiдегi құжат;
27) шығарылым проспектi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi және шығарылған бағалы қағаздар туралы ақпараттан тұратын құжаттар жиынтығы;
28) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары - бағалы қағаздар рыногында кәсiпқой қызметтiң бiр немесе бiрнеше түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар;
29) туынды бағалы қағаздар - басқа бағалы қағаздар арқылы бiлдiрiп құнға ие болатын бағалы қағаздар;
30) тiркеушi - бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
31) өзiн-өзi реттейтiн ұйым - бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырудың бiрыңғай ережелерiн (стандарттарын) әзiрлеу және қабылдау мақсатында бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары құрған ұйым;
32) өзiндiк капитал - шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң өз мiндеттемелерiн шегерiп тастағаннан кейiнгi активтерi;
33) бағалы қағаздар шығарылымының құрылымы - шығарылатын бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, сондай-ақ орналастырылу бағасы (нақтылы құны) туралы мәлiметтер;
34) трансфер-агент - бағалы қағаздар рыногында азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асыру процесiнде ақпараттар (құжаттар) қабылдау мен беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
35) бағалы қағаздар портфелiн басқарушы - бағалы қағаздарды, өзге де қаржы құралдарын, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған ақшаларды сенiмгерлiкпен басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
36) қаржы агенттiгi - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен экономиканың белгiлi бiр саласында мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттiк берiлген және осы мақсатта капиталдың iшкi және сыртқы рыноктарынан қарыз алуды жүзеге асыратын ұйым. Қаржы агенттiгiне мәртебе беру тәртiбiн және қаржы агенттiгiнiң қызметiне қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi;
37) қаржы құралы - тұтыну құны оның айналыс және (немесе) төлем құралы ретiнде пайдаланылу мүмкiндiгiмен айқындалатын және ұлттық валютаға айырбасталу қабылеттiлiгiн иеленген актив түрі;
38) қор биржасы - қызметiнiң ерекше түрi қаржы құралдарымен сауда жасауды ұйымдастыру болып табылатын, ол қызметтi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес және биржа белгiлеген ережелерге сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
39) эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде бiртектес белгiлерге және реквизиттерге ие болатын, осы шығарылымға арналған бiрыңғай ережелер негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
40) эмиссия - эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу және оларды орналастыру мақсатында жасайтын iс-әрекетi;