Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерiн, Көлiк құралдарын пайдалануға жiберу жөнiндегi негiзгi ережелер мен жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың мiндеттерiн және Арнайы түстiк-графикалық схемалар бойынша арнайы түстiк және дыбыстық белгiлермен жабдықталуға және боялуға жататын жедел және арнайы қызметтердiң, көлiктiң тiзбесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 25 қарашадағы N 1650 қаулысы
Редакция 10.07.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының жол қозғалысы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн Жол қозғалысы туралы халықаралық конвенцияның талаптарына сәйкес келтiру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бөлiмнiң 92-бабын және "Жол қозғалысының қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi Заңының 12-бабын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап мыналар бекiтiлсiн және қолданысқа енгiзiлсiн:
Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерi (1-қосымша);
Көлiк құралдарын пайдалануға жiберу жөнiндегi негiзгi ережелер мен жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың мiндеттерi (2-қосымша);
Арнайы түстiк-графикалық схемалар бойынша арнайы түстiк және дыбыстық белгiлермен жабдықталуға және боялуға жататын жедел және арнайы қызметтердiң, көлiктiң тiзбесi (3-қосымша).
2. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерiн, Көлiк құралдарын пайдалануға жiберу жөнiндегi негiзгi ережелер мен жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың мiндеттерiн басып шығару (қайта басып шығару) жөнiнде тапсырыс орналастыру құқығы берiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi 1997 жылғы 15 желтоқсанға дейiн мерзiмде аталған нормативтiк құжаттарды бұқаралық таралыммен басып шығаруды және баспасөзде, радио мен теледидарда олардың талаптарын көрсетудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
1997 жылғы 25 қарашадағы
N 1650 қаулысына
1-қосымша
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕЛЕРI
1.1. Бұл Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының аумағындағы жол қозғалысының бiрыңғай тәртiбiн белгiлейдi. Жол қозғалысына қатысты басқа нормативтiк және құқықтық актiлер осы Ереженiң талаптарына негiзделуi және оған қайшы келмеуi тиiс.
1.2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
автомагистраль - 5.1-белгісімен белгіленген және бір-бірінен бөліп тұратын жолақпен, ал ол болмаған жағдайда - жол қоршауымен бөлінген, жүрістің әрбір бағыты үшін жүру бөліктері бар, басқа жолдарды, темір жолдарды немесе трамвай жолдарын, жаяу немесе велосипедпен жүретін жолдарды бір деңгейде кесіп өтпейтін жол;
автобус - жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған, онда жүргізуші орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автокөлік құралы;
автопоезд - тіркемеге (тіркемелерге) тіркелген механикалық көлік құралы;
багаж - буып-түйілген және Жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінде белгіленген нормалар шегінде автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісімнің негізінде таксиде тасымалданатын жолаушы мүлкі;
жол қозғалысының қауiпсiздiгi - оған қатысушылар мен мемлекеттiң жол-көлiк уақиғалары мен олардың зардаптарынан қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол қозғалысының жай-күйi;
велосипед - мүгедектердiң арбасынан басқа, екi не одан көп дөңгелек бар және үстiндегi адамның дене күшiмен қозғалысқа келтiрiлетiн көлiк құралы;
жүргiзушi - көлiк құралын, жүгi бар, салт жануарларды немесе табынды жолмен басқарушы адам. Жүргiзудi үйренушi де жүргiзушiге теңестiрiледi;
мәжбүрлi аялдау - оның техникалық ақаулығынан немесе ол әкеле жатқан жүк тудырған қауiптiлiктен, жүргiзушiнiң (жолаушының) жай-күйiне, жолда кедергi пайда болуынан көлiк қозғалысының тоқтауы;
басты жол - 2.1, 2.3.1-2.3.3 белгілерімен белгіленген немесе 5.1 белгісі бар жолдармен қиылысатын (қосылатын) не болмаса қиыршық тас төселген жолдарға қатысты қатты (асфальтталған, цементті-бетондалған, тыс материалдар және сол сияқты) жол. Екінші дәрежелі жолда, тікелей учаске қиылысы алдындағы төселген жол болғанымен, қиылысатын жолмен тең болып саналмайды;
газон (гүлзар) - қалалық жер тізілімінде «газон» («гүлзар») ретінде айқындалған, айқын белгіленген шекаралары бар жер учаскесі;
жол - мемлекеттік есепке алуға жататын және көлік құралдарының жүруіне арналған инженерлік құрылыстар кешені болып табылатын жалпы пайдаланудағы автомобиль жолы, шаруашылық автомобиль жолы, қала мен елді мекен көшесі. Жол бір немесе бірнеше жүріс бөлігін, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерін және олар болған жағдайда бөлу жолақтарын қамтиды;
жол қозғалысы - көлiк құралдарын пайдаланып немесе оларсыз (жаяу жүргiншiлердiң) жолдың бойымен адамдардың немесе жүктердiң орын ауыстырулары кезiнде, сондай-ақ осы орын ауыстыруларды реттеу процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығы;
жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралының жол бойымен қозғалысы кезiнде және оның қатысуы процесiнде туындайтын, адамдар қаза тапқан немесе жарақат алған, көлiк құралдары, ғимараттар, жүктер бүлiнген, не өзге де материалдық зиян келтiрiлген оқиға;
темiржол өтпесi - жолдардың темiр жолдармен бiр деңгейде қиылысуы. Жолдың учаскесiнiң жақын жердегi рельстен 10 м арақашықтықтағы сызықпен көрсетiлiп шектелген учаскесi өтетiн шекарасы болып табылады;
жүрiс бөлiгiнiң шетi - таңбалау сызығымен, ол жоқ болғанда, сондай-ақ жүрiс бөлiгiнiң трамвай жолдарымен жол шетiнде жанасатын жерлерде жол төсенiшi өтетiн шартты сызықпен айқындалады. Жол танабының төсенiшiн, оның iшiнде жолдың жағдайына орай, айқындау мүмкiн болмаған кезде жүру бөлiгiнiң шетiн таптаурын жолақтың шетi бойынша жүргiншiлердiң өздерi айқындайды;
ірі көлемді көлік құралы - көлемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген көлем мөлшерінен асатын, жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы;
тұрғын аймақ - 5.38 белгiсiмен белгiленген учаске, құрылыс салынған аумақ немесе массив;
маневр жасау - қозғалыстың аялдамадан (тұрақтан) басталуы, аялдау, бұрылу (керi бұрылу), орын ауыстыру, тежеу және көлiк құралының артқы жүрiспен қозғалысы;
маршруттық көлiк құралы - жол бойымен жолаушыларды тасымалдауға арналған және белгiленген аялдама пункттерi (аялдамалары) бар белгiленген маршрутпен қозғалатын жалпы пайдаланудағы көлiк құралы;
жүксіз масса - көлік құралының экипажысыз, жолаушылар мен жүксіз, бірақ толық отын қоры мен қажетті құрал-сайман жиынтығы бар массасы;
жүкті масса - тиелген көлік құралының, экипаж бен жолаушылардың нақты массасы;
механикалық көлiк құралы - двигательмен қозғалысқа келтiрiлетiн мопедтен басқа көлiк құралдары. Термин сондай-ақ кез-келген тракторға және өздiгiнен жүретiн машиналарға қолданылады;
мопед - жұмыс көлемi 50 куб.см аспайтын двигательмен қозғалысқа келетiн екi немесе үш дөңгелектi және ең жоғары конструктивтi жылдамдығы 50 км/сағ. аспайтын көлiк құралы. Мопедтерге аспалы двигателi бар велосипедтер, мокиктер және осындай сипаттағы басқа көлiк құралдары жатады;
мотоцикл - екi дөңгелектi бүйiр тiркемесi бар немесе тiркемесiз механикалық көлiк құралы. Жабдықталған күйiнде массасы 400 кг аспайтын үш және төрт дөңгелекті көлiк құралы да мотоциклге теңестiрiледi;
елдi мекен - оған кiретiн және шығатын жерлерi 5.22 - 5.25 белгiлермен белгiленген, құрылыс салынған аумақ;
жеткiлiксiз көрiну - тұман, жаңбыр, шаң, қар жауу және сол сияқты жағдайларда, сондай-ақ қаракөлеңкеде жолдың көрiнуi 300 м кем;
жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдау - жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтініштері) бойынша автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, тасымалдаушылар көрсететін көлік қызметтері;
басып озу - ең төменгi қауiпсiз ара қашықтықтағы алдында қозғалып келе жатқан көлiк құралынан немесе көлiк құралдары составынан жүрiп келе жатқан жолағына шығумен озып кету;
жол жағалауы - жүрiс бөлiгiнiң жиегi (немесе бордюр тасы) мен шетi арасында онымен бiр деңгейдегi грунтты немесе төсенiшпен бекiтiлген жолақ;
қауіпті жүк - жүк, оларға тән қасиеттерге және ерекшеліктерге байланысты тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу және сақтау кезінде жарылыстың, өрттің себебіне немесе техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, хайуанаттардың өліміне, жарақаттануына және ауруына әкеліп соқтыратын, қоршаған ортаға зиян келтіретін жүк;
қозғалыс үшiн қауiптiлiк - жол қозғалысындағы, оның қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн және көлiк құралының жылдамдығын және (немесе) маневр жасауын өзгертудi талап ететiн кенеттен болатын өзгерiс;
жол қозғалысын ұйымдастыру - жолдарда қозғалысты басқару жөнiндегi ұйымдастыру-техникалық шаралары мен реттеу iс-қимылдарының кешенi;
ұйымдасқан жаяу жүргiншiлер колоннасы - Ереженiң 3.2-тармағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және белгiленген жол бойымен қозғалатын жаяу жүргiншiлер тобы;
ұйымдасқан көлiк колоннасы - жарқылы бар көк түстi немесе көк және қызыл түстi жарқырауықтар iске қосылған бас көлiк құралының бастауымен жарық тұрақты жанып тұрған, бәрi сол бiр қозғалыс бойымен тiкелей бiрiнiң артынан бiрi жүрiп келе жатқан үш немесе одан да көп механикалық көлiк құралдарының тобы;
аялдама - көлiк құралының қозғалысын 5 минутқа дейiн, сондай-ақ бұл жолаушыларды мiнгiзу немесе түсiру, не көлiк құралына тиеу немесе түсiру үшiн, қажет болса онда да көбiрек уақытқа мақсатты тоқтатуы;