Toggle Dropdown
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі N 750 Қаулысы
Редакция 02.08.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
"Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнің
2005 жылғы 20 шілдедегi
N 750 қаулысымен
бекiтілген
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесi
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі, «Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі заңдарына сәйкес әзірленді және мүгедектікті әрі еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеудің, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау тәртібін регламенттейді.
2. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуді, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін белгілеуді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық бөлімшелерінің медициналық-әлеуметтік сараптама және/немесе медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімдері медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізу жолымен жүргізеді.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік – қызметкердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, оның күрделілігі белгілі дәрежедегі жұмысты орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы;
2) еңбек қабілеті – жұмыстың орындалу мазмұнына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыру қабілеті;
3) еңбек ету қабiлетiнен айырылу – қызметкердiң жұмысты орындау, қызмет көрсету қабiлетiнен айырылуы, оның дәрежесi айырылған еңбек ету қабiлетiне пайыздық қатынаста көрсетіледі (бұдан әрі - жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу);
4) кәсіп – арнайы даярлықтың және жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде алған теориялық білімі мен практикалық машықтар кешенін меңгерген адамның еңбек қызметінің (кәсібінің) түрі;
5) кәсіптік ауру – қызметкердiң өзінің еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауына байланысты оған зиянды өндiрiстiк факторлардың әсер етуiнен болған созылмалы немесе қатты ауру;
6) кәсіптік еңбек ету қабілеті – қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;
7) кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – КЕА дәрежесі) – қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі;
8) куәландыру – оңалту әлеуеті мен болжамын белгілей және ескере отырып, МӘС жүргізу;
9) куәландырылатын адам – оған қатысты МӘС жүргізілетін адам;
10) медициналық-әлеуметтік сараптама – организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін бағалау негізінде куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін белгіленген тәртіппен айқындау;
11) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің МӘС мәселелері бойынша әдіснаманы және бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшесінің бөлімі;
12) МӘС бөлімі – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің МӘС жүргізу жөніндегі аумақтық бөлімшесінің бөлімі. Ауру мен мүгедектiктiң деңгейiне, құрылымына қарай МӘС жалпы бейіндегі, мамандандырылған бейіндегі (туберкулезбен ауырған науқастарды, психикасы бұзылған адамдарды куәландыруға (қайта куәландыруға) арналған) және педиатриялық бейіндегі МӘС бөлімдеріне бөлінеді;
13) мүгедек – тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
14) мүгедек бала – тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегіз жасқа дейінгі адам;
15) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімін айқындайтын құжат;
16) мүгедектік – организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының бұзылуы салдарынан адамның тіршілік-тынысының шектелу дәрежесі;
17) мүгедектерді әлеуметтік қорғау – мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені;
18) мүгедектерді оңалту – организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін жоюға немесе мүмкіндігінше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешені;
19) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедекті қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі;
20) оңалту әлеуеті – мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;
21) организм функциялары – организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғандағы) функциялары;
22) организм функцияларының бұзылуы – организмнің қызметінде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретінде қаралатын проблемалар;
23) өндірістік жарақат – өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, еңбек ету қабілетінен айырылуына әкеп соққан, қызметкер денсаулығының зақымдануы;
24) тіршілік-тынысының шектелуі – адамның өзін өзі қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін негіздер
4. Медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (бұдан әрі – ДКК) адамға:
1) организм функциялары тұрақты бұзылған кезде алғаш куәландыру;
2) қайталап куәландыру (қайта куәландыру);
3) медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек көрсету мақсатында берген МӘС жолдамасы МӘС жүргізу үшін негіздеме болып табылады.
5. Медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, анатомиялық кемістіктері немесе организм функцияларының едәуір немесе күрт білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.
6. Медициналық ұйымдар қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектерді және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарды қайта куәландыруға (қайтадан куәландыруға) жібереді.
7. Медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек ДКК қорытындысының, медициналық құжаттардың, оның ішінде науқастың консультацияға жолдамасы бар амбулаторлық медициналық картасының негізінде жүргізіледі. МӘС бөлімінің және/немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің консультациялық қорытындысы амбулаторлық науқастың медициналық картасына енгізіледі.
8. МӘС-ке жолдама тиісінше, сапалы ресімделмеген кезде МӘС бөлімі тексеру деректері және ұсынылған медициналық құжаттарды талдау негізінде сараптамалық қорытынды шығарады және бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен 088/у нысанының көшірмесін қоса ұсына отырып, он жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
3. Куәландыру тәртібі (қайта куәландыру)
9. Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС медициналық ұйымның жолдамасы бойынша:
1) тұрғылықты тұратын (тіркелген) жері бойынша;
2) мамандандырылған мекемелерде емдеуде жүрген жері бойынша;
3) түзеу мекемелерінде және тергеу изоляторларында жүргізіледі.