• Мое избранное
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 750 Қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Внимание! Документ утратил силу с 29.06.2015 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 750 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 1416 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 29 маусымнан бастап ҚР Үкіметінің 05.06.2015 жылғы № 408 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 750 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 30, 391-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                              К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2010 жылғы 27 желтоқсандағы
 № 1416 қаулысына
 қосымша
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2005 жылғы 20 шілдедегі
 № 750 қаулысымен
 бекітілген
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы », 2003 жылғы 25 сәуірдегі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы », 2005 жылғы 7 ақпандағы «Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы », 1997 жылғы 16 маусымдағы «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы » Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және мүгедектікті әрі еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеудің, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау тәртібін регламенттейді.
2. Мүгедектікті және еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеуді, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін белгілеуді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - аумақтық бөлімшелер) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі - МӘС) жүргізу жолымен жүргізеді.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік - қызметкердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, оның күрделілігі белгілі дәрежедегі жұмысты орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы;
2) еңбек қабілеті - қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;
3) жалпы еңбек қабілеті - адамның кез келген білікті емес жұмысты орындау, қызметтер көрсету қабілеті;
4) кәсіп - арнайы даярлықтың және жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде алған теориялық білімі мен практикалық машықтар кешенін меңгерген адамның еңбек қызметінің (кәсібінің) түрі;
5) кәсіптік еңбек қабілеті - қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;
6) кәсіптік еңбек қабілетінен айрылу дәрежесі - қызметкердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі;
7) куәландыру - оңалту әлеуеті мен болжамын, әлеуметтік қорғау шараларын белгілей отырып, МӘС жүргізу;
8) куәландырылатын адам - оған қатысты МӘС жүргізілетін адам;
9) медициналық-әлеуметтік сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін бағалау негізінде куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін белгіленген тәртіппен анықтау;
10) мүгедек - тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
11) мүгедек бала - тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегіз жасқа дейінгі адам;
12) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімін айқындайтын құжат;
13) мүгедектік - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының бұзылуы салдарынан адамның тіршілік-тынысының шектелу дәрежесі;
14) мүгедектерді әлеуметтік қорғау - мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені;
15) мүгедектерді оңалту - организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін жоюға немесе мүмкіндігінше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешені;
16) оңалту болжамы - оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедекті қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі;
17) оңалту әлеуеті - мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;
18) организм функциялары - организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғандағы) функциялары;
19) организм функцияларының бұзылуы - организмнің қызметінде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретінде қаралатын проблемалар;
20) тіршілік-тынысының шектелуі - адамның өзін өзі қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айрылуы.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі міндеттері мен функциялары
4. Негізгі міндеттері:
1) мүгедектікті және еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін, олардың себептерін, мерзімдерін, туындаған уақытын айқындай отырып белгілеу;
2) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу және олардың орындалуын, осы іс-шаралардың тиімділігін бақылау;
3) өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жарақат немесе басқа да денсаулық зақымын алған қызметкердің (бұдан әрі - зардап шеккен қызметкер) көмектің қосымша түрлеріне және күтімге қажеттілігін анықтау.
5. Негізгі функциялары:
1) мүгедектікті және еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін, олардың себептерін, мерзімдерін, туындаған уақытын айқындай отырып белгілеу;
2) зардап шеккен қызметкердің көмектің қосымша түрлеріне және күтімге мұқтаждығын анықтау;
3) мүгедектерді есепке алу жүйесі деректерінің орталықтандырылған банкін қалыптастыру, мүгедектік себебінің, құрылымы мен жай-күйінің мониторингін жүргізу;
4) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу және түзету, олардың орындалу тиімділігін бақылау;
5) уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімін ұзарту;
6) әскери міндетті және әскерге шақырылу жасындағы адамдардың мүгедек деп танылуы туралы мәліметтерді жергілікті әскери басқару органдарына ұсыну;
7) медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне МӘС және мүгедектерді оңалту мәселелері жөнінде консультативтік көмек көрсету, олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар жүргізуге қатысу;
8) жұмыс практикасына қазіргі заманғы, ғылыми қағидаттар мен әдістерді енгізу, сондай-ақ озық тәжірибені қорыту, тарату және МӘС әрі мүгедектерді оңалту жөнінде әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу тәртібі
6. Тіршілік-тынысының, оның ішінде аурудың, жарақаттың немесе кемістіктер салдарынан еңбек қабілетінің шектелуіне әкеп соқтыратын, организм функциялары тұрақты бұзылған адамдар, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгілер МӘС-ке жіберілуге тиіс.
7. Медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, анатомиялық кемістіктері немесе организм функцияларының едәуір немесе күрт білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.