Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 30 желтоқcандағы N 289 өкімін іске асыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 24 наурыздағы N 388 Қаулысы
Редакция 28.12.2016 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
"Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, холдингтерде, ұлттық компанияларда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда әкімшілік шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы N 289 өкімін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2009 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде:
көлік құралдарын сатып алуға;
қызметтік ғимараттарға және үй-жайларға күрделі жөндеу жүргізуге;
қымбат тұратын кеңсе жиһазын сатып алуға арналған шығыстарды оңтайландыруды қамтамасыз етуді;
іс-шаралар (мерейтойлар мен салтанат) өткізу;
Астана қаласында кеңестер, семинарлар өткізу;
республикалық бюджет қаражаты есебінен лауазымды тұлғаларды шетелге іссапарға жіберу жөніндегі шығыстарды қысқартуды ескерсін.
2. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар заңнамада белгіленген тәртіппен 2009 жылға арналған қаржы-шаруашылық қызмет жоспарларына (даму жоспарлары) өзгерістер енгізуді, оның ішінде:
көлік құралдарын сатып алуға;
қызметтік ғимараттар мен үй-жайларға күрделі жөндеу жүргізуге;
қымбат тұратын кеңсе жиһазын сатып алуға арналған шығыстарды алып тастауды;
лауазымды тұлғаларды, қызметкерлерді шетелге іссапарға жіберуге;
іс-шаралар (мерейтойлар мен салтанат) өткізуге;
Астана қаласында кеңестер, семинарлар өткізуге арналған шығыстарды қысқартуды қамтамасыз етсін.
3. Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы оларға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында тиесілі заңды тұлғаларға қатысты осы қаулының 2-тармағында көрсетілген шараларға ұқсас шаралар қабылдау ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі:
1) орталық атқарушы органдармен бірлесіп, 2009 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік органдар, олардың аумақтық бөлімшелері және ұлттық компаниялар орналасқан үй-жайларды, пайдаланатын қызметтік жеңіл автомобильдерді түгендеу жүргізсін;
2009 жылдың соңына дейін түскен қаражатты республикалық бюджетке аудара отырып, түгендеу нәтижелері бойынша анықталған артық қызметтік автомобильдерді заңнамада белгіленген тәртіппен сатуды;
артық алаңдарды орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында қайта бөлуді;
анықталған артық алаңдарды заңнамада белгіленген тәртіппен мүліктік жалға (жалдауға) беруді не жекешелендіруді қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бір ай мерзімде:
1) мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін кеңсе жиһазын сатып алуға нормативтер белгілеу жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлесін және бекітуге енгізсін;
2) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көліктік қызмет көрсету үшін қызметтік автомобильдердің тиістілік нормативін қайта қарасын және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының тиісті жобасын бекітуге енгізсін.
6. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін отын шығыстарының және автокөлікті ұстауға арналған шығыстардың нормативтерін белгілеу жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлесін және бекітуге енгізсін.
7. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бір ай мерзімде "Республикалық бюджетте "Шетелдік іссапарлар" бағдарламасы бойынша көзделген қаражатты пайдалану ережесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 сәуірдегі N 410 қаулысына өзгерістер енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлесін және бекітуге енгізсін.
8. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) "Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және олардағы мемлекеттік қатысу үлестерінің мөлшері қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін анықтауға мемлекетке мүмкіндік беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді оңтайландыру мақсатымен олардың әкімшілік шығыстарының мониторингін жүргізу тетігін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 ақпандағы N 145 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 7, 73-құжат):
бірінші абзацтағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры", "ҚазАгро" ұлттық холдингі", "Арна Медиа" ұлттық ақпараттық холдингі", "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі", "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" акционерлік қоғамдарынан басқа" деген сөздер алынып тасталсын;
екінші абзацтағы "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан басқа," деген сөздер алынып тасталсын;
мынадай редакцядағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. 1-тармақтың 3), 4), 5), 6) тармақшаларының талаптары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына қолданылады.";
2) тармақша күшін жойды (ескертуді қараңыз)
9. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жергілікті атқарушы органдарға қатысты ұқсас шаралар қабылдау ұсынылсын.
10. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы:
1) осы қаулыны іске асыру жөніндегі шараларды қабылдасын;
2) тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне осы қаулының орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
11. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметіне тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне осы қаулының орындалу барысы туралы жиынтық ақпаратты беруді қамтамасыз етсін.
12. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов