Toggle Dropdown
Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 3 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6321 болып енгізілді
Редакция 26.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 39) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Ұсынылып отырған, Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасы бекітілсін.
2. Мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаменті (Р.Ә. Тоқсеитова) заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2010 жылғы 2 маусымдағы
№ 367 бұйрығымен
бекітілген
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидалары
1. Осы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 39) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру тәртібін, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануарды иеленуші туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көпдеңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі;
2) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға қолжетімділік (бұдан әрі – дерекқорға қолжетімділік) – мәліметтерді енгізу, өзектілендіру, түзету, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы мәліметтермен танысу, көшірмесін жасауды, талдауды және дерекқордағы мәліметтермен басқа да операцияларды қоса алғанда, оны өңдеу;
3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан үзінді-көшірме (бұдан әрі – дерекқордан үзінді-көшірме) – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысанда жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан жануарлар иелерінің талап етуі бойынша алатын диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың мерзімдері мен сипаты туралы мәліметтер;
4) ветеринария саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ветеринария саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз құзыреті шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) оператор – мемлекеттік ақпараттық жүйені сүйемелдеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
6) уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі – уәкілетті органның мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
7) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай терезесі болып табылатын ақпараттандыру объектісі;
8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
3. Дерекқордың жұмыс істеуі тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйе, мемлекеттік ақпараттық жүйенің (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
4. Дерекқор мыналарға арналады:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің және оларды мемлекеттік есепке алудың бірыңғай қағидаттарын қамтамасыз ету;
2) ауыл шаруашылығы жануарларының республика ішінде және олардың экспорты мен импорты кезінде орнын ауыстыруын бақылаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру;
3) эпизоотияға қарсы, ветеринариялық, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулердің дұрыстығын қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік органдарды ауыл шаруашылығы жануарлары туралы ақпаратпен қамтамасыз ету;
5) ауыл шаруашылығы жануарлары туралы ақпарат алу;
6) ветеринария саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру және оны жұмыс істету;
7) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды қоса алғанда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау жүргізу.
5. Оператор дерекқорға қолжетімділікті «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Ақпараттандыру туралы заң) сәйкес:
1) уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесінің дерекқорға қолжетімділік беру туралы хаты негізінде:
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің (бұдан әрі – ведомство) және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерін қоспағанда, уәкілетті органның қызметкерлеріне;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне (өздеріне бекітіліп берілген функцияларды жүзеге асыру үшін ішкі істер органдары, кеден органдары, шекара қызметі және басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар);
2) ведомствоның дерекқорға қолжетімділік беру туралы хаты негізінде:
ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлеріне;
Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес құрылған ветеринария саласындағы мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың мамандарына;
3) ведомствомен келісу бойынша:
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелерінің қызметкерлеріне;
Заңның 11-бабының 4-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандарына (бұдан әрі – ветеринария саласындағы маман);
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының (бұдан әрі – Бірдейлендіру қағидалары) 27-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы құралымдарында, шаруа, фермер қожалықтарында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру рәсімін және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 16-07/332 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9639 болып тіркелген) бекітілген Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидаларының (бұдан әрі – Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидалары) 15-тармағына сәйкес қан сынамаларын алуды жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы құралымдарының, шаруа, фермер қожалықтарының ветеринариялық дәрігерлеріне (бұдан әрі – шаруашылықтың ветеринариялық дәрігері) береді.
2-тарау. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу тәртібі
6. Дерекқор электрондық түрде жүргізіледі. Дерекқорды жүргізу дерекқорға рұқсатсыз кіруді болдырмауды қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.
7. Дерекқорда жұмыс істеу кезінде:
1) бір дербес бірегей логинді бірнеше пайдаланушының пайдалануына;
2) пайдаланушының өзінің жеке ЭЦҚ-сын, бірегей логинін және құпиясөзін үшінші адамға беруіне;
3) дерекқорға заңсыз қолжетімділікке байланысты іс-қимылдар жасауға, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіретін іс-қимылдар жасауға;
4) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзуға;
5) мемлекеттік техникалық қызметтің бағдарламалық (бағдарламалық-техникалық) құралдарының жұмысына кедергі жасау немесе бұғаттау, сол сияқты мемлекеттік техникалық қызмет қызметкерлерінің мемлекеттік техникалық қызметпен өзара іс-қимыл жасайтын ақпараттандыру объектілерімен жұмысына кедергі жасау түрінде жасалған дерекқорды қорғау құралдарын пайдалану жөніндегі талаптарды бұзуға;
6) азаматтардың дербес деректерін немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қол жеткізуге шектеу қойылған мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды олардың меншік иесінің немесе иеленушісінің заңсыз таратуына;
7) бастапқы кодты (бастапқы мәтінді) қалпына келтіруге, зерделеуге, көшіруге бағытталған заңсыз әрекеттерді жүзеге асыруға;