Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасы Су кодексінің жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 27 қараша N 1264
Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Су кодексiнiң жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУ КОДЕКСI
Осы Кодекс су қатынастарының ұйымдастырушылық, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғаудың тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған.
ЖАЛПЫ БӨЛIМ БIРIНШI БӨЛIМ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау Негiзгi қағидалар
1-бап. Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекарамен шектелген су кеңiстiгі;
2) су объектiсiнің бассейнi - гидравликалық түрде байланысты су айдындары мен су ағындарының су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;
3) басқарудың бассейндiк принципi - географиялық белгiлер бойынша су қорын басқару және әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы өзендер, көлдер және басқа да су айдындарының бассейндерi шегінде су ресурстарын бөлу кезiнде iске асырылады;
4) жағалау жиегi - судың барынша көтерiлуi (топан cу) нәтижесiнде құралатын су айдынының жиегi;
5) жағалау белдеуi - табиғат қорғау талаптарын сақтап, навигациялық белгiлер мен жабдықтарды орнату үшiн су шегiндегi ені 20 метр су объектiлерi жағалауының бойындағы құрлық белдеуi;
6) су сервитуты - су объектiсiн шектеулi пайдалану құқығы;
7) сулар - "сулар" заң ұғымы пайдаланылуы заңдармен реттелетін су объектілерiнің жиынтығын қамтиды;
8) су үнемдеу - су ресурстарын ұтымды әрi тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн шаралар жүйесi;
9) су жинау алаңы - шекарасы шегiнде су объектiсiнiң су ресурстары қалыптастырылатын аумақ;
10) сулардың зиянды әсерi - жер бетi және жер асты суларының басуы, тасуы әрі адамдардың денсаулығы мен өмiрiне, сондай-ақ белгiлi бір аумақтар мен объектiлерге басқа да зиянды әсерi;
11) су шаруашылығы - су объектiлерiн пайдалану, қорғау және молайтумен байланысты экономика саласы;
12) су режимi - су объектiлерi мен құрғақ топырақтағы су деңгейiнің, шығыстары мен көлемiнің уақытқа қарай өзгеруi;
13) су алу құрылысы - су объектiлерiнен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;
14) су ағыны - жер бетiндегi судың ойпатта ойысуы бағытындағы су қозғалысын сипаттайтын су объектiсi;
15) су қорғау аймағы - судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болдырмау үшiн шаруашылық жүргiзудің арнайы режимі белгiленетін су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарына iргелес аумақ;
16) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың мұқтаждарын және/немесе коммерциялық мүдделерiн қанағаттандыру үшiн су ресурстарын белгiленген тәртіппен пайдалану;
17) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және/немесе коммерциялық мүдделерiн қанағаттандыру үшiн оларға белгiленген тәртiппен су ресурстарын пайдалану құқығы берiлген жеке және заңды тұлға;
18) су тұтынушы - су объектiлерiнен суды тұтынатын немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерiн пайдаланатын әрi сумен жабдықтау жүйелерiнен су алатын жеке және заңды тұлға;
19) су шаруашылығы ұйымдары - қызметi су ресурстарын реттеумен, оларды жеткiзумен, молайтумен, суды дайындаумен, сарқынды суларды бұрумен әрi су объектілерін пайдаланумен байланысты ұйымдар;
20) су қорғау белдеуi - шектеулi шаруашылық қызмет режимi бар су объектiсiне iргелес су қорғау аймағы шегiндегi енi кемiнде 20 метр аумақ;
21) су шаруашылығы жүйесi - суларды ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сарқынды суларды бұруға арналған өзара байланысты су объектiлерi мен гидротехникалық құрылыстар кешенi;
22) гидромелиоративтiк жүйе - жер суғару, суландыру әрi құрғатуға арналған өзара технологиялық байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешенi;
23) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, суды дайындау, су тұтынушыларға беру, тасымалдау мен су бұру, сондай-ақ олардың зиянды әсерiнiң алдын алу үшiн пайдаланылатын инженерлiк құрылыстар;
24) санитарлық қорғау аймағы және санитарлық қорғау белдеуi - су сапасы нашарлауының алдын aлу үшiн сумен жабдықтау көзiн (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгiленген режим сақталуы тиiс сумен жабдықтау көзi әрi су құбыры құрылыстарының маңында арнайы бөлiнетiн аумақ;
25) су объектiсi рекреациясы аймағы - жаппай демалыс, туризм және спорт үшiн пайдаланылатын су объектiсi немесе оған iргелес жағалаудағы оның учаскесi;
26) су пайдалану көзi - су тұтынушылар қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн су объектілерi;
27) су объектiлерiн пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн су объектiлерiнiң пайдалы табиғи қасиеттерiн сыртқа шығару;
28) өзендерге теңестiрiлген арналар - суды бiр бассейннен екiншiсiне, сондай-ақ бiр өзен жүйесiнен екiншiсіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;
29) су пайдалану лимиттерi - су бассейндерi бойынша және жекелеген су пайдаланушылар үшiн белгiленетiн белгiлi бiр уақыт iшiнде су ресурстарын су объектілерiнен алудың немесе нормативтiк сападағы сарқынды суларды су объектiлерiне ағызудың рұқсат етiлетiн шектi көлемдерi;
30) көлтабандық суғару - гидротехникалық құрылыстар жүйесiнiң көмегімен немесе оларсыз еріген қардың, тасқын және басқа да суларды ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен басу үшiн пайдалану;
31) арнайы су пайдалануға лицензия - техникалық құралдар мен құрылыстарды пайдаланып су объектiсiнен су алуға, пайдаланылған суларды су объектiлерiне ағызуға, сондай-ақ олардан су алусыз су объектілерiн пайдалануға иесiне құқық беретiн жеке немесе заңды тұлғаға берiлетін арнайы рұқсат;
32) ластаушы заттар шоғырлануының рұқсат етiлетiн шектi шегiнің нормативтерi - адам денсаулығын қорғау әрi өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне зиянды әсерiн болдырмау мақсатында белгiленетiн ластаушы заттардың су объектiлерiнде болуы мен физикалық факторлардың су ортасына әсер етуiнің рұқсат етiлетiн шамасы;
33) суғару арнасы - суды су көздерiнен суғаруды талап ететiн учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;
34) су объектiлерiн қорғау - су объектiлерiн сақтауға, қалпына кeлтiруге және молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсерiне жол бермеуге бағытталған кешендi қызмет;
35) жер бетiндегi су объектiлерi - шекарасы, көлемi мен су режимi сипаттары бар оның бедерi нысанында құрғақ жер бетiнде сулардың тұрақты немесе уақытша орналасуы;
36) су жiберулер - су ағынының төмендегi учаскесiндегi су шығысын немесе деңгейiн немесе су қоймасының өзіндегi су деңгейiн реттеу үшiн су қоймасынан суды кезеңдiк немесе бiр мезгiлдік беру;
37) су ағызу арнасы - бөлу желiсiнiң жалғасы болып табылатын әрi пайдаланылған және артық суды өзен саласына немесе жергiлiктi сайға ағызу үшiн пайдаланылатын жасанды құрылыс;
38) сарқынды сулар - табиғи немесе жасанды су объектiлерiне немесе жергiлiктi сайға белгiленген тәртіппен ағызылатын пайдаланылған немесе ластанған аумақтан келiп түскен сулар;
39) трансшекаралық әсер - олардың физикалық көзi шектес мемлекеттің немесе көршi мемлекеттердiң аумағында толық немесе iшiнара орналасқан, адамның қызметінен трансшекаралық сулардың сандық немесе сапалық өзгеруi нәтижесiнде туындайтын кез келген елеулi зиянды зардаптар.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |