Toggle Dropdown
Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 828 Қаулысы
Редакция 26.03.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 93-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасы бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының аумақтарында азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға қызметтiк тексеру жүргiзудің тәртіптері туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 19 маусымдағы № 755 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясындағы авиациялық оқиғаларға қызметтік тексеру жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 ақпандағы № 57 қбп қаулысы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 828 қаулысымен
бекітілген
Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасы
1. Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағида Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық (эксперименттік) әуе кемелерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында болған шетел мемлекеттерін мемлекеттік және азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру тәртібін, авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тексеру жөніндегі комиссияның өкілеттілігін, Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттерді шетел мемлекеттерінің тексеру жүргізуіне Қазақстан Республикасы өкілдерінің қатысу шарты мен тәртібін, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді жіктеуін және есепке алуын, авиациялық оқиғалар немесе инциденттер туралы деректерді ұсыну жүйесін құру тәртібін белгілейді.
3. Азаматтық (эксперименттік) авиацияда әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттерді азаматтық авиация саласында уәкілетті орган тағайындаған авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі комиссия тексереді.
Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі комиссияға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы туралы (бұдан әрі – ИКАО) конвенцияның 13-қосымшасының стандарттарына және ұсынымдарына сәйкес тексеруді жүргізуде тәуелсіздік беріледі.
4. Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құратын авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тексеру жөніндегі комиссия тексереді.
5. Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерімен болған авиациялық инциденттерді тұрақты негізде мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құратын авиациялық инциденттерді тексеру жөніндегі комиссия тексереді.
6. Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларға тексеру жүргізуді ұйымдастыруды мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
7. Біреудің кінәсін және жауапкершілігін белгілеу авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты болып табылмайды.
8. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді тексеру үдерісі өзіне ақпаратты жинау мен талдауды, қажетті зерттеулерді жүргізуді, авиациялық оқиғалар мен инциденттердің себебін анықтауды, есеп беру материалдарын және қорытындыларды дайындауды, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді болдырмау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді қамтиды.
9. Осы Қағидада пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) мемлекеттік авиация саласында:
авиациялық жағдай – әуе кемесін пайдалану барысында ұшу қауіпсіздігіне қатер төнген, әуе кемесі зақымданған немесе әуе кемесі істен шыққан және/немесе осы әуе кемесінде болған адамдар қаза тапқан оқиға;
авиациялық оқиға – әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың қаза болуына (өлімге әкеп соққан дене жарақаты) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған авиациялық оқиға;
авария – адам шығындары болмаған авиациялық оқиға;
авиациялық инцидент – әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған авиациялық оқиға;
авиациялық бөлім – мемлекеттік авиация әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру мен орындауды, оларды пайдалануды және сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме;
әуе кемесі – жер (су) бетінен шағылысқан ауамен әрекеттесуді болғызбай, ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты;
Комиссия құрамының кезекші тобы – тексеру бойынша шұғыл іс-шараларды жүргізуге және Комиссия құрылғанға дейін оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға арналған кезекші топ. Комиссияны құру кезінде кезекші топтың мамандары Комиссия құрамына енгізіледі;
апат – адам шығындары болған авиациялық оқиға;
мемлекеттік авиацияны басқару органдары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер бас қолбасшылығы - Ішкі әскерлер комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
авиациялық оқиғаның немесе авиациялық инциденттің себептері (факторлары) – авиациялық оқиғаға немесе авиациялық инцидентке әкеп соқтырған іс-қимылдар, әрекетсіздік, мән-жайлар, жағдайлар немесе олардың үйлесуі;
авиациялық оқиғаны тексеру – қарастырылып отырған авиациялық оқиғаға қатысты фактілер, жағдайлар және мән-жайлар туралы ақпаратты анықтауды, жинауды және зерделеуді, зерттеулерді, сараптамаларды және эксперименттерді, алынған деректерді қорытындылауды және талдауды, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша авиациялық оқиғаның себептері туралы қорытындыны және авиациялық оқиғаны тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдар дайындауды қамтитын процесс;
елеулі авиациялық инцидент – күрделі немесе авариялық ұшу жағдайының туындауына байланысты немесе сол кезде әуе кемесінің бортында болған адамдардың ең болмаса біреуінің денсаулығына зиян келтірілген авиациялық инцидент;
әуе кемесі зақымданған елеулі авиациялық инцидент – мұндай авиациялық инцидент кезінде зақымданған әуе кемесін қалпына келтіру мүмкін және экономикалық тұрғыдан мақсатқа сай болады;
уәкілетті өкілдің кеңесшісі – тиісті біліктілігі бар және авиациялық оқиғаға тексеру жүргізуде уәкілетті өкілге көмек көрсететін адам;
өлімге әкеп соқтырған дене зақымы (тек статистикалық деректерді бірегейлендіру мақсатында пайдаланылады) – оқиға болған сәттен бастап отыз тәулік ішінде өлімге әкеп соқтырған дене зақымы;
мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
уәкілетті өкіл – басқа мемлекет жүргізетін тексеруге қатысу үшін тиісті біліктілігінің болуына байланысты уәкілетті орган тағайындаған адам;
әуе кемесін жоғалту – мынадай жағдайда:
әуе кемесі толық бүлінгенде;
әуе кемесінің тұрған орны (оның сынықтары) анықталмағанда және оны ресми түрде іздестіру тоқтатылғанда;
әуе кемесінің алған зақымдарына қарамастан оны мәжбүрлі қону орнынан эвакуациялау мүмкін емес немесе орынсыз болғанда туындайтын авиациялық жағдай;
2) азаматтық (эксперименттік) авиация саласында:
авиациялық жағдай – кез келген кезеңде әуе кемесін пайдалануға, ұшуды қамтамасыз етуге және орындауға, сондай-ақ техникалық қызмет көрсетуге немесе оны сақтауға байланысты кез келген оқиға;
авиациялық оқиға – азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, ұшқыш басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе ұшқышсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
дене жарақатын табиғи себептер нәтижесінде алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушы дене жарақатын салған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы нәтижесінде өлімге әкеп соқтырған дереп жарақатын алған (дене жарақатын алуына байланысты оқиға болған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қайтыс болған жағдайды қоса алғанда);