• Мое избранное
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексін бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қарашадағы № 1403 Қаулысы

Редакция 15.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 14.07.2023 жылғы № 590 Қаулысына сәйкес (13.02.2023 ж. редакцияны қараңыз)
1. Қоса беріліп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                     С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 5 қарашадағы
№ 1403 қаулысымен
бекітілген
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексі  Мазмұны
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 15.04.2015 жылғы № 239 Қаулысымен (05.11.2012 ж. редакцияны қараңыз)
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 13.09.2021 жылғы № 633 Қаулысымен (08.06.2017 ж. редакцияны қараңыз)
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 20.07.2022 жылғы № 509 Қаулысымен (13.09.2021 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 26.07.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 26.09.2022 жылғы № 751 Қаулысымен (20.07.2022 ж. редакцияны қараңыз)
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 25.01.2023 жылғы № 45 Қаулысымен (26.09.2022 ж. редакцияны қараңыз)
Кодекс өзгертілді ҚР Үкіметінің 13.02.2023 жылғы № 121 Қаулысымен (25.01.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 27.02.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Кодекс жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 14.07.2023 жылғы № 590 Қаулысына сәйкес (13.02.2023 ж. редакцияны қараңыз)
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Үкімет қордың акционері ретінде
3-тарау. Қор мен ұйымдардың өзара іс-қимылы. Қордың ұлттық басқарушы холдинг ретіндегі рөлі
4-тарау. Акционерлердің (қатысушылардың) құқықтары және акционерлерге (қатысушыларға) әділ қарым-қатынас
5-тарау
6-тарау. Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау, аудит, комплаенс және омбудсмен
7-тарау. Қор қызметінің ашықтығы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексі (бұдан әрі – кодекс) Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстанда және әлемде дамып келе жатқан корпоративтік басқару практикасын ескере отырып, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – қор) ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді. Осы кодекстің ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
2. Осы кодекстің мақсаттары қорда және ұйымдарда корпоративтік басқаруды жетілдіру, басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, қор мен ұйымдардың тиісті корпоративтік басқару стандарттарын ұстануға бейілділігін растау болып табылады.
3. Осы кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акционер (қатысушы) – акцияның меншік иесі болып табылатын тұлға;  
2) акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысы – ұйымның жоғары органы;  
3) компаниялар – ұлттық даму институттары, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен қорға тиесілі басқа да заңды тұлғалар;  
4) корпоративтік қақтығыс – акционерлер мен қор немесе ұйым органдарының; қор немесе ұйым органдарының; Директорлар кеңесі мен атқарушы орган мүшелерінің, Ішкі аудит қызметі басшысының, корпоративтік хатшының, комплаенс-қызметі басшысының, омбудсменнің арасындағы келіспеушіліктер немесе дау;
5) корпоративтік оқиғалар – "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – БҚР туралы заң) 102-бабында айқындалған, эмитент қызметіне елеулі әсер ететін, бағалы қағаздарды ұстаушылар мен эмитент инвесторларының мүдделерін қозғайтын оқиғалар;
6) қор – ұлттық басқарушы холдинг;
7) қызметтің негізгі көрсеткіштері (индикаторлары) (бұдан әрі – ҚНК) – қор немесе ұйым қызметінің тиімділік деңгейін сипаттайтын, тұтастай алғанда олардың, сондай-ақ қордың немесе ұйымның басшы жұмыскерлері қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер (ҚНК-нің қордың немесе ұйымның іс-шаралар жоспарының құрамында бекітілетін және олардың жоспарланатын және есепті кезеңдер ішіндегі қызметінің нәтижелеріне сәйкес келетін сандық мәні болады);
8) қордың, ұйымның лауазымды адамы – Директорлар кеңесінің, атқарушы органның мүшесі немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам;
9) мүдделі тараптар – заңнаманың нормаларына, жасалған шарттарға (келісімшарттарға) байланысты немесе жанама (қосалқы) түрде қордың және/немесе ұйымның қызметіне, олардың өнімдеріне немесе көрсетілетін қызметтеріне және осымен байланысты әрекеттерге әсер ететін немесе олардың әсеріне ұшырайтын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, жеке немесе заңды тұлғалардың топтары; бұл анықтама қормен және ұйыммен таныс немесе олар туралы пікір білдіретін тұлғаларға қолданылмайды; акционерлер, жұмыскерлер, клиенттер, өнім берушілер, мемлекеттік органдар, еншілес ұйымдар, облигацияларды ұстаушылар, кредиторлар, инвесторлар, қоғамдық ұйымдар, қордың немесе ұйымдардың қызметі жүзеге асырылатын өңірлердің халқы мүдделі тараптардың негізгі өкілдері болып табылады;
10) омбудсмен – қордың Директорлар кеңесі тағайындайтын, рөлі өзіне өтініш жасаған қордың және ұйымдардың жұмыскерлеріне консультация беру, еңбек дауларын, қақтығыстарды, әлеуметтік-еңбек сипатындағы проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ қор мен ұйымдар жұмыскерлерінің іскерлік әдеп қағидаттарын сақтауына жәрдем көрсету болып табылатын тұлға;
11) орнықты даму – бұл қор мен ұйым өз қызметінің қоршаған ортаға, экономикаға, қоғамға әсерін басқаратын және мүдделі тараптардың мүдделерін сақтауды ескере отырып шешім қабылдайтын даму;
12) тәуелсіз директор – аталған акционерлік қоғамның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және өзі Директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған (оның осы акционерлік қоғамның тәуелсіз директоры лауазымында болған жағдайды қоспағанда), осы акционерлік қоғамның үлестес тұлғаларына қатынасы жөнінен үлестес тұлға болып табылмайтын; аталған акционерлік қоғамның немесе осы қоғам ұйымының үлестес тұлғаларының лауазымды адамдарына бағынышты емес және Директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде сол тұлғаларға бағынышты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; осы акционерлік қоғам органдарының отырыстарында акционердің өкілі болып табылмайтын және өзі Директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай өкіл болмаған; аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде осы акционерлік қоғамның аудитіне қатыспаған және өзі Директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де талаптарға сәйкес келетін Директорлар кеңесінің мүшесі;
13) ұйымдар – дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығында қорға тиесілі заңды тұлғалар;
14) холдингтік компания – басқа ұйымдардағы акциялар (қатысу үлестері) оған тікелей немесе жанама түрде тиесілі болатын және осы ұйымдар қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар компания;
15) іс-шаралар жоспары – қор немесе ұйым қызметінің негізгі бағыттарын және олардың қызметінің бес жылдық кезеңге арналған негізгі көрсеткіштерін айқындайтын, Директорлар кеңесі бекітетін құжат.  
4. Осы кодекстің қолданылу аясы қорға және қор тобына кіретін ұйымдарға қолданылады. Басқа акционерлері (қатысушылары) бар ұйымдар үшін кодексті акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысында бекіту ұсынылады. Холдингтік компаниялар осы кодекстің өз тобында енгізілуін қамтамасыз етеді.
5. Ұйымдар осы кодекстің "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" (бұдан әрі – Серіктестіктер туралы заң), "Акционерлік қоғамдар туралы" (бұдан әрі – Акционерлік қоғамдар туралы заң), "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" (бұдан әрі – қор туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына қайшы келмейтін бөлігіндегі ережелерін басшылыққа алуға тиіс.
6. Қор мен ұйымдар осы кодекстің ережелерін сақтауға, сәйкес келмеген жағдайда жылдық есепте ережелердің әрқайсысының сақталмау себептері туралы түсініктерді көрсетуге тиіс. Егер кодекстің ережелеріне сәйкес келмеу ұзақтығы алты айдан асатын болса, ұйым қорды хабардар етіп, себептеріне тиісті түсініктеме береді. қордың және ұйымдардың осы кодекстің орындалуын бақылау тиісінше қордың және ұйымдардың Директорлар кеңестеріне жүктеледі. Корпоративтік хатшылар қор мен ұйымдардың Директорлар кеңестері мен атқарушы органына осы кодексті тиісінше сақтау мәселелері бойынша мониторинг жүргізеді және консультация береді, сондай-ақ жыл сайынғы негізде оның қағидаттары мен ережелерін сақтау/сақтамау туралы есеп дайындайды. Кейіннен бұл есеп Директорлар кеңесінің тиісті комитеттерінің қарауына шығарылады, оны Директорлар кеңесі бекітеді және қордың немесе ұйымның жылдық есебінің құрамына енгізіледі.
7. Қордың және ұйымдардың құжаттары мен процестері осы кодекстің ережелеріне сәйкес өзектілендірілуге тиіс.
8. Осы кодекс ережелерінің сақталмау жағдайлары қорда және ұйымдарда корпоративтік басқаруды одан әрі жетілдіруге бағытталған тиісті шешімдер қабылдана отырып, тиісті комитеттер мен Директорлар кеңестерінің отырыстарында мұқият қаралады.
9. Осы кодекстің нормалары Қазақстан Республикасы заңнамасының, қазақстандық және халықаралық практиканың, корпоративтік басқару стандарттарының өзгерістері ескеріле отырып қайта қаралуға жатады.
2-тарау. Үкімет қордың акционері ретінде
10. Қазақстан Республикасының Үкіметі – қордың жалғыз акционері (бұдан әрі – Үкімет) қордың жалғыз акционері ретіндегі өз өкілеттіктерінің және мемлекеттік реттеуге байланысты өкілеттіктердің аражігін ажыратады.
Үкімет қорды және ұйымдарды басқаруға қор туралы заңда және қордың Жарғысында көзделген қордың жалғыз акционерінің өкілеттіктерін іске асыру және қордың Директорлар кеңесінде өкілдік ету арқылы ғана қатысады. Үкімет пен қордың өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары мен мәселелері Өзара іс-қимыл туралы келісімде регламенттелген. Үкіметке акционер ретінде қатысты осы кодекстің "Акционерлердің (қатысушылардың) құқықтары және акционерлерге (қатысушыларға) әділ қарым-қатынас" деген 3-тарауының қағидаттары қор туралы заңға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
11. Үкімет пен қордың, ұйымдардың арасындағы өзара қарым-қатынастар (өзара іс-қимыл) тиісті корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес қордың Директорлар кеңесі арқылы жүзеге асырылады.
12. Қор басқармасы, қор басқармасының төрағасы, ұйымдардың органдары өз құзыретінің шегінде шешімдер қабылдау және кез келген іс-қимылды жүзеге асыру кезінде толық дербес және тәуелсіз.
Мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдардың жедел (ағымдағы) қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген араласу орын алған жағдайда ұйымдар қорды осындай мән-жай туралы дереу хабардар етеді.
Қор мұндай ақпаратты Директорлар кеңесінің назарына мерзімді түрде жеткізеді, ол қажет болған жағдайда жалғыз акционер ретінде Үкіметтің қарауына мұндай жағдайларға жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды шығарады.
13. Мемлекеттік бағдарламалық құжаттардың, іс-шаралар жоспарларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларында қордың және/немесе ұйымдардың қызметіне қатысты нысаналы көрсеткіштер, іс-шаралар және/немесе өзге де ережелер белгіленген жағдайда, онда мұндай жобаларды әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде көзделген мерзімдерде қордың Үкіметке енгізу кезінде жобаға қоса берілетін жазбаша ұстанымын алу үшін жібереді.
14. Үкімет (Премьер-Министр) немесе мемлекеттік органдар қордың және/немесе ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді қарау жөніндегі консультативтік-кеңесші органдарды немесе жұмыс топтарын құрған кезде қордың және/немесе ұйымдардың өкілдері қормен келісу бойынша жұмыс тобының құрамына енгізіледі.
15. Қор Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, қордың Жарғысына, Өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес акционер ретінде Үкіметке және қордың Директорлар кеңесіне қордың қызметі туралы барлық қажетті ақпаратты ашады және қор мен ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.