Осы редакция 31.08.2011 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы N 1559 Қаулысы
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 15 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 1, 7-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 15 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы N 1033 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 40, 443-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 12 қазандағы
N 1559 қаулысымен
бекітілген
Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі (бұдан әрі — Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласында аккредиттеу жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сәйкестігін тану мақсатында денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге денсаулық сақтау субъектілері жатады.
Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғалар аккредиттеуге жатады.
3. Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
4. Аккредиттеуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган не уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
5. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттелген субьектілер мен тәуелсіз сарапшылардың дерекқорын құрады.
6. Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ереже уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеуді жүргізу тәртібі
7. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін тәуелсіз сараптамалық бағалауды жүргізуге аккредиттеуден өту кезінде жеке тұлғалар аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды ұсынады:
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен мамандықтар номенклатурасына сәйкес өтініш білдірілген аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеуден өтуге өтініш;
жеке куәлігінің көшірмесі;
салық төлеуші куәлігінің көшірмесі;
жоғары кәсіптік білімі туралы дипломның көшірмесі;
ғылыми дәрежелері, атақтары болған кезде олардың болуы туралы құжаттардың көшірмелері;