Toggle Dropdown
Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 470 Жарлығы
Редакция 29.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Шетелде кадрлар даярлауды одан әрi жетiлдiру және оңтайландыру мақсатында қаулы етемін:
1) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссия туралы ереже;
2) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның құрамы бекітілсiн.
1-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережелерiн бекiтсiн.
1-2. Қазақстан Республикасының орталық жəне жергілiктi атқарушы органдарының басшылары жыл сайын 1 қыркүйектен кешiктiрмей Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның жұмыс органына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша мамандар даярлауға өтiнiмді ұсынсын.
2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 "Шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 515-құжат):
бiрiншi абзацта "250 халықаралық стипендиясы" деген сөздер "халықаралық стипендиясы" деген сөздермен ауыстырылсын;
екiншi абзацта "Министрлер Кабинетi" деген сөздер "Үкiметi" деген сөзбен ауыстырылсын;
4-тармақта "Бiлiм министрлiгіне" деген сөздер "Бiлiм және ғылым министрлiгiне" деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың күшi жойылды деп танылсын;
2) тармақша күшін жойды (ескертуді қараңыз)
3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 12 қазандағы
№ 470 Жарлығына
ҚОСЫМША
Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның ҚҰРАМЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, төраға
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің вице-министрі, хатшы
Республикалық комиссия мүшелерi:
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Қазақстан Республикасының Көлік министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі
Қазақстан Республикасының Экология жəне табиғи ресурстар министрі
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі
Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының әлеуметтік-мәдени даму мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің басшысы
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 12 қазандағы
N 470 Жарлығымен
бекітілген
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы Ереже
1. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - Республикалық комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы (бұдан әрі - "Болашақ" халықаралық стипендиясы) мен ғылыми тағылымдамалардан өту мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылады.
2. Республикалық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен осы Ережені басшылыққа алады.
3. Республикалық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді. Республикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі басқарады. Республикалық комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, хатшысы - Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары болып табылады.
3-1. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Республикалық комиссияның жұмыс органы болып табылады.
2-тарау. Республикалық комиссияның міндеттері
4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына (бұдан əрі - Іріктеу қағидалары) сəйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау, одан айыру туралы шешім қабылдау;
2-1) «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу үшін жұмыскерлердің санаттарын жыл сайын айқындау;
3) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4-1) «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін үйлестіруді қамтамасыз ету.
4-2) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бекітетін Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамалардан өту қағидаларына сәйкес ғылыми тағылымдаманы тағайындау, одан айыру туралы шешім қабылдау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
3-тарау. Республикалық комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібі
5. Республикалық комиссияның төрағасы республиканың заңдары мен осы Ережеге сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Республикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi.
5-1. Республикалық комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.
6. Республикалық комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Республикалық комиссияның қарауына ұсынады.
7. Республикалық комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшы мен мүшелері оның жұмысына қоғамдық негізде қатысады.
8. Республикалық комиссияның отырыстары оның жоспарына сәйкес өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар қажеттігіне қарай Республикалық комиссия төрағасының шешімі бойынша өткізіледі.
Республикалық комиссияның отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан жағдайда құқықтық күші болады.
9. Республикалық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелері санының кем дегенде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
10. Республикалық комиссияның жұмыс органы:
1) "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлердің жеке істерінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
2) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3) «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің (бұдан әрі - стипендиат) оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін, тілдік курстардың ұзақтылық кестесін бекітеді;
4) тамақтануға, тұруға, оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, тұратын жерінен шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдің жоғары оқу орындары, тілдік курстар мен тағылымдамаларды өткізуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, статистикалық, рейтингілік және өзге де тиісті ұйымдар және/немесе шет мемлекеттің уәкілетті органдары белгілеген оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге ақпараттың негізінде оқитын, тілдік курстардан не тағылымдамадан өтетін жеріне дейін жол жүру бойынша көлік түрі мен сыныбын анықтайды;
5) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекітеді;
6) мүдделі мемлекеттік органдармен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми және өзге де ұйымдармен келісім бойынша тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамын, оның жұмысының тәртібін және ұйымдастырылуын, сондай-ақ үміткерлердің тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен дербес әңгімелесуін бағалау парағын бекітеді;
7) мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төмен деңгейін, шетелдік жоғары оқу орындарының, шет мемлекеттердің уəкілетті органдары айқындайтын шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып, шет тілін білудің қажетті ең төмен деңгейін белгілейді;
8) қажетті материалдарды Республикалық комиссияның отырысына енгізеді;
9) "Болашақ" халықаралық стипендиясы мен ғылыми тағылымдамалар бойынша іс-шараларды қамтамасыз етуге және іске асыруға қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады;
10) осы Ереженің 4-тармағында көзделген Республикалық комиссияның міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде қарауы оның құзыретіне кіретін мәселелерді қоспағанда, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияны құрады;
11) стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерімі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі мен шарттарын бекітеді.
12) Іріктеу қағидаларына сəйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясынан бас тартуды қабылдайды, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша еңбек қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
13) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін жыл сайын бекітеді;
14) Іріктеу қағидаларында айқындалған адамдар санаттары үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының шекті санын жыл сайын белгілейді.
4-тарау. Республикалық комиссия қызметінің тоқтатылу тәртібі
11. Республикалық комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.