• Мое избранное
  • Сохранить в Word
  • Сохранить в Word
    (альбомная ориентация)
  • Сохранить в Word
    (с оглавлением)
  • Сохранить в PDF
  • Отправить по почте
Документ показан в демонстрационном режиме! Стоимость: 240 тг/год
Внимание! Недействующая редакция документа. Посмотреть действующую редакцию

Отправить по почте

Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы N 51 Қаулысы

Осы редакция 16.06.2009 жылы енгізілген өзгерістерге  дейін қолданылды
"Автомобиль көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:  
1. Қоса берiлiп отырған Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру ережесi бекiтiлсiн. 
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының 
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
 Үкiметiнiң
 2005 жылғы 24 қаңтардағы
 N 51 қаулысымен
 бекітiлген
Бөлiнбейтiн іpi көлемдi және ауыр салмақты жүктерді  
  Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды  
  ұйымдастыру және жүзеге асыру  
  ЕРЕЖЕСI 
1. Жалпы ережелер 
1. Осы Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының " Автомобиль көлігi туралы " 2003 жылғы 4 шiлдедегi, " Автомобиль жолдары туралы " 2002 жылғы 17 шілдедегi Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1997 жылғы 25 қарашадағы N 1650 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерiне, Көлiк құралдарын пайдалануға жiберу жөнiндегi негiзгi ережелер мен жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың мiндеттерiне және Арнайы түстiк-графикалық схемалар бойынша арнайы түстiк және дыбыстық белгiлермен жабдықталуға және боялуға жататын жедел және арнайы қызметтердiң, көліктің тiзбесiне (бұдан әрi - Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесi), "Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өтуiн реттейтiн кейбiр мәселелер" туралы 2002 жылғы 19 қаңтардағы N 62 қаулысына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк және құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi. 
2. Ереже автокөлiк құралының көлемi мен салмағын ескере отырып, автомобиль жолдары арқылы және қалалар мен елдi мекендердің көшелерi арқылы жүрiп өту үшiн Қазақстан Республикасы аумағында белгiленген автокөлiк құралдарының рұқсат етiлген көлемдiк және салмақтық өлшемдерiнен асатын жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру тәртiбiн реттейдi. 
3. Ережеде қолданылатын негiзгi ұғымдар мен терминдер: 
1) бүркемелеу автомобилi - iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралына барлық жүру бағыты бойынша iлесiп жүру үшiн тасымалдаушы немесе жүк жөнелтушi бөлген автомобиль; 
2) iлесiп жүру автомобилi - жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралына автомобиль жолдарымен iлесiп жүретiн, тиiстi тану белгілерi бар жол полициясы органдарының ақысыз негiзде ұсынатын патрульдiк автомобилi; 
3) бақылаушы органдар - өздерiнiң Қазақстан Республикасының   заңнамасымен   белгiленген құзыретi шегінде жол қозғалысы қауiпсiздігінiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi аумақтық басқармаларының тиiстi жол полициясы органдары (бұдан әрi - жол полициясы органдары) және (немесе) Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлігі Көлiктiк бақылау комитетінiң аумақтың басқармалары (бұдан әрi - аумақтық көлiктік бақылау басқармалары); 
4) Арнайы рұқсатқа бақылау талоны - iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өтуi үшiн төленген алым сомасын растайтын құжат; 
5) iрi көлемдi автокөлiк құралы - автомобиль жолдары арқылы жүрiп өту үшiн Қазақстан Республикасы аумағында белгіленген рұқсат етiлген көлемдiк өлшемдерi асып түсетiн жүгімен немесе жүксiз автокөлiк құралы; 
6) iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүк - автокөлiк құралдарымен тасымалдау кезiнде рұқсат етiлген көлемдiк өлшемдерден асатын және (немесе) жүгi бар автокөлiк құралының толық салмағы немесе оське түсетін жүктемелерi автомобиль жолдары арқылы жүрiп өту үшiн Қазақстан Республикасы аумағында белгiленген рұқсат етiлген салмақтың өлшемдерден асып түсетiн жүк; 
7) халықаралық тасымал - бағыты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қиып өтетiн тасымал; 
8) өңiраралық тасымал - бағыты Қазақстан Республикасының екi және одан да көп облысы арқылы өтетiн тасымал; 
9) жергiлiктi тасымал - бағыты Қазақстан Республикасының бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгі шегiнде өтетiн тасымал; 
10) бөлiнбейтiн жүк - тасымалдау кезінде бөлшектеу-құрастыру жұмыстарына шектен тыс шығынсыз (мысалы жүктiң немесе оны тасымалдау құнымен бара-бар болатын), сондай-ақ жүктi өндiрушi немесе жүктi жiберушінiң құжаттарымен расталған жоюға болмайтын бастапқы сапасын жоғалту қаупiне байланысты екi немесе одан да көп бөлiктерге бөлiнбейтiн жүк; 
11) көлiктік бақылау посты - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 27 ақпандағы N 238 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерінің және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау посттарының тiзбесiне сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасында және аумағында орналасқан, техникалық құралдармен жабдықталған стационарлық бақылау-өткізу пунктi; 
12) iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының жүрiп өтуi үшін алынатын алым - Қазақстан Республикасының   заңнамасында   белгiленген тәртіппен алынатын iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының жүрiп өтуi салдарынан автомобиль жолдарына және жол құрылыстарына келтiрiлген залалды ақшалай өтеу; 
13) iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктi тасымалдау бағытын келiсу - келiсушi ұйымдардың iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының белгiленген бағыт бойынша жүру шарттарын белгiлеуi; 
14) келiсуші ұйымдар - автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының жүру маршрутында автомобиль жолдары, жол құрылыстары және коммуникациялық объектiлерi (көпірлерi, жолөткелдерi, темiр жол өтпелерi, электр желiлерi, байланыс кабелдерi және т.б.) теңгерімінде бар, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында автомобиль жолдарына иелiк ету немесе басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар, сондай-ақ жол полициясы органдары; 
15) Арнайы рұқсат - белгiленген бағытқа және тасымалды жүзеге асыру мерзiміне сәйкес iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары арқылы жүруiне құқық беретiн рұқсат беру құжаты; 
16) ауыр салмақты автокөлiк құралы - толық салмағы немесе оське түсетiн жүктемесi Қазақстан Республикасы аумағында автомобиль жолдарымен жүру үшін белгiленген рұқсат етілген салмақтық өлшемдерден асатын жүгi бар немесе жүксiз автокөлiк құралы; 
17) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң Көліктiк бақылау комитетi немесе аумақтық көліктiк бақылау басқармалары. 
4. Iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктердi автокөлiк құралдарымен автомобиль жолдары арқылы тасымалдауға оларды көлiктiң басқа түрлерiмен тасымалдау мүмкiн болмаған жағдайда ғана рұқсат етiледi. 
5. Автокөлiк құралының көлемдерi мен салмағын ескергенде, Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль жолдары арқылы жүру үшін белгiленген автокөлiк құралдарының рұқсат етілген көлемдiк және салмақтық өлшемдерiнен асатын бөлiнетiн жүктердi автокөлiк құралымен тасымалдауға рұқсат етілмейдi. 
6. Iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктерді автокөлік құралымен автомобиль жолдары арқылы тасымалдауға уәкілетті органмен келісілгеннен кейін берiлген Арнайы рұқсат (1-қосымша) пен оның бақылау талоны   (2-қосымша) болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. 
7. Ipi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктерді автомобиль көлiгiмен автомобиль жолдары арқылы тасымалдау Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесінің және осы Ереженің талаптарына, сондай-ақ iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктердің тасымалына оларды өндiрушi немесе жүк жөнелтуші (жүк алушы) белгiлеген қосымша талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнайы рұқсатты алуға берiлетiн өтініштi  
  беру, қарау және келiсу тәртiбi 
8. Iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының жүріп өтуiне Арнайы рұқсат алу үшін тасымалдаушы уәкiлеттi органға белгiленген нысандағы (3-қосымша) өтінішпен жүгiнедi онда жүктiң сипаты мен санаты, жүгі бар автокөлiк құралының көлемдiк және салмақтық өлшемдерi, болжалды қозғалыс бағыты, тасымалдау мерзiмi туралы келісушi ұйымдарға қажетті барлық сенiмдi мәлiметтер мен басқа да қажетті ақпарат болады. 
Қажет болған жағдайда жүктiң орналасу және оның автокөлiк құралына бекiтiлу схемасы қосымша ұсынылады. 
9. Тасымалдаушы өтiнiшiнде көрсеткен iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты жүктердi тасымалдау бағытын ол келiсушi ұйымдармен алдын-ала келiседi. 
Тасымалдау бағытына келiсу жүргiзетiн келiсушi ұйымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi Көлiк инфрақұрылымын дамыту комитетiнiң аумақтық органдары, және егер тасымалдау бағыты елдi мекендердiң шегiнде болса - жергілікті атқару органдары көрсетедi. 
10. Ұсынылған тасымалдау маршрутын келiсу кезiнде тасымалдау қауiпсiздiгiн, жолдардың, жол құрылысы мен өзге де инженерлiк құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ету, жол жүру бағытындағы қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде қосымша шаралар қабылдау қажеттілігi бөлiгiнде жүру жолы бойынша автомобиль жолдарының, жол құрылысы мен өзге де инженерлiк құрылыстардың көтерушілік қабiлетi және өткiзу қабiлеті бағаланады. 
11. Автомобиль жолдарының жол құрылыстары мен өзге де инженерлiк құрылыстардың көтерушілік қабілетiн бағалау үшiн есептеудiң сынақтан өткiзiлген әдiстерiн, жолдардың жол құрылыстары мен өзге де инженерлiк құрылыстардың жай-күйi туралы ақпаратты, сондай-ақ қосымша зерттеулердің материалдарын пайдалануға рұқсат етiледi. 
12. Тасымалдаудың болжанған бағыты темiр жол өтпелерiмен, жолөткелдерiмен, көпірлермен, құбырлармен, электр және байланыстың әуе желiлерiмен қиылысқан жағдайларда егер: 
1) iрi көлемдi автокөлiк құралының енi 5 метрден асатын болса; 
2) iрi көлемдi автокөлiк құралының биiктігі жол бетінен 4,5 метрден асатын болса; 
3) iрi көлемдi автокөлiк құралының, соның iшiнде автопоездiң ұзындығы 20 метрден асатын болса; 
4) автокөлiк құралы жолдың немесе жүру жолы бағыты бойындағы жол құрылыстарының төменгi санаты үшін ауыр салмақты болып табылатын болса; 
5) iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының қозғалу жылдамдығы 8 км/сағаттан кем болса тиiсті ұйымдармен тасымалдауды келiсу жүргiзіледi. 
13. Келiсуші ұйым мәлiмделген бағытқа келiсудi жүргiзедi немесе белгiленген мерзiмдерде: 
1) жергiлiктi тасымалға үш күннен аспайтын мерзiмде; 
2) өңiраралық және халықаралық тасымалға бес күннен аспайтын мерзiмде тасымалдаушыға дәлелдi бас тартуды ұсынады.