Жануарлар дүниесi - айналадағы табиғи ортаның негiзгi құраластарының (компаненттерiнiң) бiрi. Қазақстан Республикасы табиғи байлықтарының маңызды құрамдас бөлiгi.
Отправить по почте
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 қазандағы N 3300 Заңы
Осы Заң күшін жойды 20.07.2004 жылдан бастап ҚР 09.07.2004 жылғы № 593-II Заңына сәйкес
Редакция 24.12.2001 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Жануарлар дүниесi - айналадағы табиғи ортаның негiзгi құраластарының (компаненттерiнiң) бiрi. Қазақстан Республикасы табиғи байлықтарының маңызды құрамдас бөлiгi.
Осы заң жануарлар дүниесiн тиiмдi қорғауды, өсiмiн молайтуды және ұтымды пайдалануды, бүгiнгi және болашақ ұрпақты табиғатқа деген ықтияттылық пен адамгершiлiк көзқарас рухында тәрбиелеудi қамтамасыз етуге тиiс.
I бөлiм. Жалпы ережелер
1-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңдарының мiндеттерi
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңдарының мiндеттерi жабайы жануарлардың табиғи еркiн тiршiлiк жағдайларын қамтамасыз ету, табиғи үйiрлердiң түр жағынан сан алуандылығы мен тұтастығын сақтау мақсатында оларды қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп отыру, сондай-ақ осы саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
2-бап. Жануарлардың дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңдары
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар осы Заңмен және осыған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарымен реттелiп отырады.
3-бап. Жануарлар дүниесi ұғымы
Жануарлар дүниесiне құрғақта, суда, атмосферада және жер қыртысында табиғи еркiн жағдайда тұрақты немесе уақытша мекендейтiн барлық жабайы жануарлар (сүт қоректiлер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қос мекендiлер, балықтар, сондай-ақ ұлутектiлер (молюскалар), шыбын-шiркейлер (насекомдар) және басқалар) жатады.
Ауыл шаруашылық және басқа да үй жануарларын, сондай-ақ шаруашылық, мәдени өзге де мақсаттар үшiн табиғи ортадан айырылып, ырықсыз немесе жартылай ырықсыз жағдайда ұсталатын жабайы жануарларды пайдалану, өсiмiн молайту және қорғау саласындағы қатынастар Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi.
4-бап. Жануарлар дүниесiнiң мақсатты мiндетi
Мақсатты мiндетiне сәйкес жануарлар дүниесi мынадай топтарға бөлiнедi:
- жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген түрлерi;
- жануарлардың аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
- жануарлардың балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
- жануарлардың (аң аулау мен балық аулаудан басқа) өзге де шаруашылық мақсатында пайдаланылатын түрлерi;
- жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi;
- жануарлардың халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығын және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында бас санын реттеп отыруға жататын түрлерi.
5-бап. Жануарлар түрлерiн топтарға жатқызу және бiр топтан екiншi топқа аудару
Жануарлардың түрлерiн осы заңның 4-бабында аталған топтарға жатқызу олардың негiзгi мақсатты мiндетiне сәйкес, ал жануарлар түрлерiн бiр топтан екiншi топқа аудару олардың негiзгi мақсатты мiндетi өзгерген реттерде жүргiзiледi.
Жануарлар түрлерiн топтарға жатқызуды және бiр топтан екiншi топқа аударуды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар өз құзыретi шегiнде жүргiзедi.
6-бап. Жануарлар дүниесiне меншiк Қазақстан Республикасындағы жануарлар дүниесi республиканың айрықша меншiгiнде болады.
Жануарлар дүниесiне иелiк етудi, билiк жүргiзудi және пайдалануды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тiкелей немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары мен жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жануарлар дүниесiн пайдалануға беру және жануарлар дүниесiне меншiк құқығын iс жүзiне асыру жөнiнде басқа да iс-әрекеттер жасау жануарлар дүниесiн басқарудың мемлекеттiк органының мiндеттi түрде қатысуымен жүзеге асырылады.
II бөлiм. Азаматтардың, қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласына қатысуы
7-бап. Азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқықтары
Қазақстан Республикасы азаматтарының және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдардың:
- жануарлар дүниесi мәселелерi жөнiндегi заң жобаларын және шараларды талқылауға қатысуға;
- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiнде қоғамдық құрылымдарға бiрiгуге;
- жануарлар дүниесiнiң жай-күйi туралы толық әрi анық-қанық ақпарат алуға;
- жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi жұмыстар, сондай-ақ осы мәселелер бойынша қоғамдық сараптама жүргiзуге қатысуға;
- жануарлар дүниесiн заңда белгiленген тәртiппен пайдалануға құқығы бар.
Мемлекеттiк органдар азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi заңды және негiзделген ұсыныстарын ескеруге мiндеттi.
8-бап. Азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мiндеттерi
Қазақстан Республикасы азаматтары және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдар:
- жануарлар дүниесiн сақтап, қорғауға;
- осы Заңның және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарының талаптарын қастерлеуге;
- жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бақылауды жүзеге асыратын органдардың заңды талаптарын бұлжытпай орындауға және де оларға көмек көрсетуге;
- жануарлар дүниесiне және оның мекендеу ортасына келтiрiлген нұқсанның орнын толтыруға мiндеттi.
9-бап. Қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласына қатысуы
Қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қызметi олардың жарғылары мен қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
III бөлiм. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары
10-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына:
- жануарлар дүниесiне меншiк құқығын жүзеге асыру;
- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңдарды әзiрлеп, жетiлдiру;
- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты айқындау;
- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында заңдардың орындалуына бақылау жасау;