Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 125-бабына сәйкес қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мен олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды айқындау кезінде бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
Отправить по почте
Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 25 маусымда № 7755 тіркелді
Осы Бұйрық күшін жойды 2021 жылғы 22 қантардан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 30.12.2020 жылғы № 553 Бұйрығына сәйкес
Редакция 17.04.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 125-бабына сәйкес қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мен олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды айқындау кезінде бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы бекітілсін.
2. Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті (А.Ә. Сарбасов) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Г. Әбдіқалықова
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығымен бекітілген
Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы
1. Жалпы ережелер
1. Басшылардың, мамандардың және тағы да басқа қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы (бұдан әрі - БА) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес қызметкерлерге біліктілік талаптарын белгілеу үшін негіз болып табылады және еңбек қатынастарын реттеумен, ұйымдастырушылық - құқықтық нысанына қарамастан әртүрлі экономикалық қызмет түрлерімен айналысатын ұйымдарда мамандарды басқарудың тиімді жүйесін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу үшін қолданылады.
2. БА екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының экономикалық қызметтің әр түрі үшін ортақ және ұйымдарда кеңінен таралған біліктілік сипаттамасы келтірілген. Екінші бөлім ғылыми-зерттеу, конструкторлық, технологиялық, жобалық және іздестіруші ұйымдарда, сонымен қатар редакциялық-баспа ұйымдарында және бөлімшелерінде жұмыс атқаратын қызметкерлер лауазымдарының біліктілік сипаттамасынан тұрады.
3. БА қызметшілерді қабылданған жіктеуге сәйкес, яғни үш санат: басшылар, мамандар және басқа қызметшілер бойынша әзірленген. Қызметшілерді санаттарға бөлу қызметкердің еңбегін құрайтын атқаратын жұмыс сипаттамасына байланысты (ұйымдастырушылық - әкімшілік, талдамалы - конструктивті, ақпараттық - техникалық).
4. Қызметкердің біліктілігіне қойылатын талаптар оның лауазымдық міндеттері негізінде айқындалады, сондай-ақ лауазымның атауы да соған байланысты болады. Осыған байланысты БА құру негізінде лауазымдық белгі салынған.
5. Біліктілік сипаттамасы ішкі ұйымдастырушылық - өкімдік құжаттарды, өндірісті ұйымдастырудың ерекшелігін, еңбек және басқарудың, сонымен қатар олардың құқықтары мен жауапкершілігін ескере отырып, қызметкерлердің лауазымдық міндеттерінің нақты тізімінен тұратын лауазымдық нұсқаулықты әзірлеу үшін негіз болып қызмет етеді. Қажет болған жағдайда, нақты бір лауазымның сипаттамасына енгізілген міндеттер бірнеше орындаушылар арасында бөлінуі мүмкін.
Лауазым атауы өзгертілмей, қызметкердің міндеттерінің шеңбері ұлғайған жағдайда қызметкерге жұмыс мазмұны бойынша тектес, күрделілігі бойынша тең мағыналы, орындауы басқа мамандық пен біліктілікті қажет етпейтін басқа лауазымдардың сипаттамасында қарастырылған міндеттерді орындау жүктелуі мүмкін.
6. Мамандар лауазымдарының сипаттамасында атауды өзгертпей сол бір лауазымның шеңберінде лауазымаралық біліктілік санаттандыру қарастырылады, ұжымның басшысы айқындаған лауазымдық міндеттерді орындау кезіндегі қызметкер дербестігінің деңгейі, оның қабылдаған шешімдер үшін жауапкершілігі, жұмысқа көзқарасы, еңбектің тиімділігі мен сапалығы, сонымен қатар кәсіби білімдері, мамандық бойынша жұмыс стажымен анықталатын практикалық қызметінің тәжірибесі қоса ескеріледі.
7. БА-ға туынды лауазымдардың біліктілік сипаттамалары кіргізілмеген (аға және жетекші мамандар, сонымен қатар басшының бірінші орынбасарын қоспағанда, бөлімше басшысының орынбасарлары). Бұл қызметкерлердің лауазымдық міндеттемелері, олардың білімі мен біліктілігіне қойылатын талаптар БА-ғы тиісті негізгі басшылардың лауазымдары және лауазымдар сипаттамасының негізінде анықталады.
«Аға» және «жетекші» лауазымдары типтік штаттық нормативтер негізінде қалыптастырылады.
Аға маман өзінің лауазымымен қарастырылған міндеттерін орындаумен қатар, оған бағынысты орындаушыларға басшылықты жүзеге асырған жағдайда ғана және қызметкердің тікелей бағыныстылығында орындаушылар болмаған кезде, егер оған жұмыстың дербес учаскесіне басшылық жасау функциясы жүктелген жағдайда белгіленуі мүмкін.
Жетекші мамандарға басқарушының және ұйым немесе олардың құрылымдық бөлімшелеріндегі қызмет бағыттарының бірінде жұмыстың жауапты орындаушысының функциялары немесе нақты ұйымдастырушылық - техникалық жағдайларда еңбектің ұтымды бөлінісін ескере отырып, құрылымдық бөлімшелерінде (бөлімдерде, бюрода және тағы басқа) құрылатын орындаушылар тобын үйлестіру мен әдістемелік басшылық жасау бойынша міндеттер жүктеледі. Жұмысқа қажетті стажға қойылатын талаптар 1 біліктілік санатындағы мамандар үшін көзделген стажға қарағанда 2-3 жылға көбейеді.
8. Қызметкердің іс жүзіндегі орындайтын міндеттері мен біліктілігінің лауазымдық сипаттамасының талаптарына сәйкестігін комиссия (біліктілік, аттестациялық) анықтайды. Бұл ретте жұмыстың сапалы және тиімді орындалуына ерекше көңіл аударылады.
9. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымдық міндеттерінде лауазымның тиісті біліктілік сипаттамасында қарастырылған функцияларды орындаумен қатар, әрбір жұмыс орнында еңбекті қорғау бойынша талаптарды міндетті сақтау қарастырылған, ал басшылардың лауазымдық міндеттерінде бағынысты орындаушылар үшін салауатты және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету, сонымен қатар олардың еңбекті қорғау жөніндегі заң және өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарының және де экологиялық стандарттар мен нормативтердің сақталуына бақылау қарастырылған.
10. Арнайы дайындығы немесе біліктілікке қойылатын талаптарда белгіленген еңбек стажы жоқ, бірақ жеткілікті практикалық тәжірибесі бар және өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін толық көлемде және сапалы орындайтын адамдар комиссияның ұсынысы бойынша, ерекшелік ретінде, тиісті лауазымға арнайы дайындығы және еңбек стажы бар адамдар сияқты тағайындала алады.
2. Ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлер лауазымдарының біліктілік сипаттамасы
1. Басшылардың лауазымдары
1. Ұйым директоры (бас директор, атқарушы директор, президент, басқарма төрағасы, басқарушы)
Лауазымдық міндеттері. Заңнамаға сәйкес ұйым қызметінің қаржылық - шаруашылық нәтижелерінің орындалуын, қабылданатын шешімдердің орындалуын, оның теңгеріміндегі ұйым мүлкінің сақталуын және толық пайдалануын қамтамасыз етеді, ұйымның өндірістік, шаруашылық және қаржы- экономикалық қызметіне басшылық жасайды. Ұйым қызметінің саясатын, стратегиясын және оны іске асыру механизмін айқындайды. Басқа ұйымдармен немесе заңды тұлғалармен шарттар, келісім-шарттар, операциялар жасайды, өкімдер мен бұйрықтары шығарады, іскерлік кездесулерде ұйының атынан өкілдік етеді. Барлық құрылымдық бөлімшелердің жұмысын және өзара тиімді іс-қимылдарын ұйымдастырады, әлеуметтік және нарықтық басымдықтарды ескере отырып, олардың қызметін жаңалықтар мен нарықтық жағдайдағы өзгерістерге жылдам ден қоятын, тауарлар мен қызметтерді икемді және ұтқыр өндіруді дамыту мен жетілдіруге бағыттайды. Ұйым жұмысының тиімділігін арттыруды, өнімдер мен қызметтер сатылымын және пайданы ұлғайтуды, өндірілетін өнімнің (қызметтердің) сапасын және бәсеке қабілеттілігін, отандық және шетелдік нарықтарды жаулап алу мақсатында олардың мемлекеттік және жоғары дамыған елдердің, озық компаниялардың стандарттарына сай келуін қамтамасыз етеді. Ұйымның мемлекеттік бюджет, жинақтаушы зейнетақы қорлары және сақтандыру қорлары, өнім жеткізушілер, тапсырыс берушілер және банк мекемелерін қоса алғанда, кредиторлар алдындағы міндеттемелерінің, сондай-ақ шаруашылық және еңбек шарттарының (келісім-шарттардың) және индикативті жоспар мен бизнес-жоспарлардағы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етеді. Өнімнің (қызметтердің) техникалық деңгейін және сапасын, өндіріс қарқындылығын, еңбек өнімділігін, экономикалық тиімділігін арттыру, өндірістік резервтерді тиімді пайдалану және ресурстардың барлық түрлерін үнемді жұмсау мақсатында жаңа техниканы және жаңа технологияны, басқару мен еңбекті ұйымдастырудың прогрессивтік нысандарын, материалдық, қаржылық және еңбек шығындарының ғылыми негізделген нормативтерін кеңінен пайдалану, нарықтық конъюнктураны және озық тәжірибені (отандық және шетелдік) зерделеу негізінде өндірістік-шаруашылық қызметті ұйымдастырады. Кәсіпорынды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, олардың кәсіби білімдері мен тәжірибесін тиімді пайдалану мен дамыту, адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманың талаптарын сақтау, ұжымда қолайлы психологиялық жағдай қалыптастыру бойынша шаралар қабылдайды. Басқарудың экономикалық және әкімшілік әдістерінің үйлесуін, өндірістік және өзге мәселелерді талқылау мен шешуді, өндірістің тиімділігін арттыруды материалдық және моральдық көтермелеуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік әріптестік қағидаттары негізінде ұжымдық шарттарды әзірлеу, жасау және орындау, еңбек және өндірістік тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді, кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлерінің еңбек ынталылығын, бастамасын және белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Кәсіпорынның қаржылық-экономикалық және өндірістік-шаруашылық қызметіне қатысты мәселелерді оған заңнама бойынша берілген құқықтар шегінде шешеді, басқа лауазымды тұлғаларға – директорлардың орынбасарларына, кәсіпорынның өндірістік бірліктері мен филиалдарының, сондай-ақ функционалдық және өндірістік бөлімшелерінің басшыларына қызметтің жекелеген бағыттарын жүргізуді тапсырады. Кәсіпорының шаруашылық қызметінде және оның шаруашылық-экономикалық байланыстарды жүзеге асыруында заңдылықтың сақталуын, нарық жағдайында қаржылық басқару мен жұмыс істеуге арналған құқықтық құралдардың пайдаланылуын қамтамасыз етеді, шарттық және қаржылық тәртіптерді нығайту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, бизнесті (кәсіпкерлік қызметке) қолдау көрсету мен ауқымын кеңейту мақсатында кәсіпорынның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді. Сотта, төрелік сотта мемлекеттік билік және басқару органдарында кәсіпорынның мүліктік және басқа да мүддесін қорғайды және оның атынан өкілдік етеді.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілер, мемлекеттік органдардың кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық және қаржылық-экономикалық қызметін реттейтін, экономиканың және экономиканың тиісті саласының, жалпы Қазақстан Республикасының дамуының басым бағыттарын айқындайтын заңнамалық және нормативтік құқықтық актілері, ұйымның техникалық, экономикалық және әлеуметтік даму перспективалары, стратегиясы, басымдықтары, ұйымның қызметіне қатысы бар басқа да органдардың әдістемелік және нормативтік материалдары, ұйымның бейіні, ерекшелігі және құрылымының ерекшелігі, ұйымның өндірістік қуаты мен кадр резерві, ұйымның өнім өндіру технологиясы, салық заңнамасы, ұйымның өндірістік-шаруашылық және қаржылық-экономикалық қызметінің бизнес-жоспарларын жасау және келісу тәртібі, ұйымның шаруашылығын жүргізу және басқарудың заманауи әдістері, стратегиялық жоспарлау, нарық – сыртқы және ішкі (өзінің секторы және онымен өзара байланыс) конъюнктура, бәсекелестер, өнім жеткізушілер мен тұтынушылар, ұйымға өзінің нарықтағы жай-күйін айқындауға және жаңа өткізу нарығына шығу бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік беретін экономикалық индикаторлар жүйесі, практикалық маркетинг, жарнама техникасы, сатуды басқару, өндірістің тиісті саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерді және озық шетелдік және отандық тәжірибе, ұқсас озық ұйымдар қызметінің тәжірибесі, шаруашылық және қаржылық шарттар жасау және оларды орындау тәртібі, ұйымның экономикасы мен қаржысын басқару, өндірісті және еңбекті ұйымдастыру, салалық келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеудің және жасаудың және әлеуметтік - еңбек қатынастарын реттеу тәртібі, еңбек заңнамасы, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiм және экономикалық қызмет түрінде тиісті ұйым бейінінде басшы лауазымында жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс. «Іскер әкімшілік магистрі» ғылыми дәрежесі немесе басқару (менеджмент) саласында қосымша білімінің болғаны дұрыс.
2. Бас бухгалтер
2-тарау өзгертілді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2013 жылғы № 163-ө-м Бұйрығымен (21.05.2012 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 04.06.13 жылғы „Заң газеті„ Газетінде жарияланды
Лауазымдық міндеттері. Ұйымның бухгалтерлік есебін және қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастыруды, материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының үнемді пайдаланылуын, оның теңгеріміндегі ұйым мүлкінің сақталуын ұйымдастырады. Есептік-экономикалық бөлімшелердің (қызметтердің) қызметін қамтамасыз етеді және оған басшылықты жүзеге асырады. Қаржы-экономикалық қызметті қалыптастыру және реттеу жөніндегі бөлімшенің жұмысын бағыттайды және үйлестіреді, өз құзыреті шеңберінде әкімшілік мәселелерді шешеді, ұйымның бірінші басшысының жалпы басшылығымен және басқа бөлімшелер мен қызметтердің басшыларымен өзара қызмет ете отырып өз міндеттерін атқарады. Бухгалтерлік есеп туралы заңнамаға сәйкес ұйым қызметінің құрылымы мен ерекшеліктеріне, оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделе отырып есеп саясатын қалыптастырады. Есептердің жұмыс жоспарын (қаржыландыру жоспарларын), үлгі нысандар көзделмеген, шаруашылық операцияларын ресімдеу үшін қолданылатын бастапқы есеп құжаттарының нысандарын дайындау және қабылдау жөніндегі жұмысқа, ішкі бухгалтерлік есептілік құжаттарының нысандарын әзірлеуге, сондай-ақ түгендеу жүргізу тәртібін, шаруашылық операцияларын жүргізуді бақылауды, бухгалтерлік ақпаратты өңдеу технологиясын сақтауды және құжат айналым тәртібін қамтамасыз етуге басшылық етеді. Ұйымдағы және оның бөлімшелеріндегі бухгалтерлік есеп және есептіліктің оңтайлы ұйымдастырылуын есептеу жұмыстарын барынша орталықтандыру және заманауи техникалық құралдарды мен ақпараттық технологияларды, есептеу мен бақылаудың дамыған нысандары мен әдістерін пайдалану арқылы қамтамасыз етеді. Ұйымның қызметі туралы оның мүліктік жағдайы кірістері мен шығыстары туралы толық және нақты бухгалтерлік ақпаратты қалыптастыру және уақтылы ұсынуды, сондай-ақ қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған іс-шараларды әзірлеуді және орындауды жүзеге асырады. Мүлікті, міндеттемелер мен шаруашылық операцияларды, түсетін негізгі құрал-жабдықтарды, тауарлық-материалдық құндылықтарды, ақшалай қаражатты есептеуді, шоттарда қозғалысына байланысты бухгалтерлік есеп операцияларының уақтылы көрінуін, өндіріс шығыстары мен тыйым салуды есепке алуды, шығыстар сметасының орындалуын, өнімнің сатылуын, жұмыстардың (қызметтердің) орындалуын, ұйым қызметінің қаржы-шаруашылық нәтижелерін, сондай-ақ қаржы, есептеу және кредит операцияларын ұйымдастырады. Құжаттарды ресімдеудің заңдылығын, уақтылығы мен дұрыстығын, экономикалық негізделген өнімнің (жұмыстың, қызмет көрсетудің) өзіндік құнының калькуляциясын жасауды, жалақы бойынша есептерді, заңнамаға сәйкес мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді, банктерге зейнетақы және өзге сақтандыру жарналарын, төлемдерді, капитал салымдарын қаржыландыруға қаражатты дұрыс аударуды. Бастапқы және бухгалтерлік құжаттарды, есептер мен төлем міндеттемелерін ресімдеу тәртібінің сақталуына, ұйым қызметкерлері жалақысының дұрыс есептелуіне, жалақы қорының жұмсалуына, негізгі құралдарға, тауар-материалдық құндылықтар мен ақша қаражатына түгендеу жүргізуге бақылауды, бухгалтерлік есеп және есептілік ұйымдарды тексеруді, сондай-ақ ұйым бөлімшелерінің құжаттарын тексеруді жүзеге асырады. Ішкі шаруашылық қорды айқындау, шығындар мен өнімсіз шығындарды тоқтату мақсатында бухгалтерлік есеп және есептілік деректері бойынша ұйымның қаржы-шаруашылық қызметіне экономикалық талдау жүргізуге қатысады. Жетіспеушіліктердің, ақша құралдары мен тауарлық-материалдық құндылықтарды заңсыз жұмсаудың, қаржы және шаруашылық заңнаманы бұзудың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды. Ақша қаражаты мен тауарлық-материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі мен ұрлануы бойынша қаржылық зерттеулер жүргізуге мен материалдар ресімдеуге қатысады, қажет болған жағдайларда материалдардың тергеу және сот органдарына берілуін бақылайды. Ұйымдардың банкроттығын ресімдеу рәсімдеріне қатысады. Ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын жинақтау бойынша шаралар қабылдайды. Бос қаржы құралдарын банктердің депозит салымдарына (сертификаттарына) орналастыру және құнды қағаздарды сатып алу мәселелері бойынша банктермен өзара әрекеттесуді, депозиттік және кредит шарттарымен есеп операцияларын жүргізуге бақылауды жүзеге асырады. Штаттық, қаржылық және кассалық тәртіптің, әкімшілік-шаруашылық және басқа да шығыстар сметасының, жетіспеушіліктерді, дебиторлық берешектер мен басқа да шығындарды бухгалтерлік есептен шығарудың заңдылығының қатаң сақталуын, бухгалтерлік құжаттардың сақталуын, олардың белгіленген тәртіппен мұрағатқа тапсырылуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жүргізеді. Баланс жасауды және қаражат табысы мен шығысы туралы, бюджеттің пайдаланылуы туралы жедел жиынтық есептерді, басқа бухгалтерлік және статистикалық есептерді жасауды, оларды белгіленген тәртіппен тиісті органдарға ұсынуды қамтамасыз етеді және есептік ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етеді. Заманауи есептеуіш техника құралдарын пайдалана отырып, тиімді жоспарлы және есептік құжаттаманы, бухгалтерлік есеп жүргізудің дамыған нысандары мен әдістерін әзірлеуге және енгізуге қатысады. Бөлімшелердің қызметкерлеріне бухгалтерлік есеп, шаруашылық қызметін бақылау, есеп беру және талдау мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді. Бухгалтерия қызметкерлеріне басшылық етеді.
Білуге тиіс. Бухгалтерлік есеп саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативті құқықтық актілері, жоғары тұрған қаржы және бақылау-тексеру органдарының бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және есеп жасау мәселелері бойынша, сондай-ақ ұйымның қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты әдістемелік және басқа да материалдар, құралдар, азаматтық, қаржы, салық және әкімшілік-шаруашылық заңнама, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнама негіздері, ұйымның құрылысы, оның даму стратегиясы мен перспективалары, ұйымда бухгалтерлік есепті ұйымдастыру жөніндегі ережелер мен нұсқаулықтар, оны жүргізу ережелері, операцияларды ресімдеу тәртібі және есеп учаскелері бойынша құжат айналымын ұйымдастыру, қаржы есептерінің нысандары мен тәртібі, ұйымның қаржы-шаруашылық қызметіне экономикалық талдау, шаруашылықтың ішкі қорын анықтау әдістері, дебиторлармен және кредиторлармен есептесу ережесі, заңды және жеке тұлғаларға салық салу шарттары, жетіспеушіліктерді, дебиторлық берешектер мен басқа да шығындарды бухгалтерлік есеп шоттарынан шығару тәртібі, ақша қаражаттарына, тауар-материалдық құндылықтарға түгендеу жүргізу ережесі, тексерулер мен құжаттамалық ревизиялар ережесі, заманауи есептеуіш техника құралдары және оларды есептеу жұмыстарын орындау және ұйымның өндірістік-шаруашылық және қаржылық қызметін талдау үшін қолдану мүмкіндігі, атап айтқанда салып есептемесі мен бухгалтерлік есептің қолданбалы бағдарламасы, бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың отандық және шетелдік озық тәжірибелері, қаржы есептілігінің халықаралық ұлттық стандарттары, қаржылық есептеме депозитарийімен жұмыс жүргізу машығы болуға тиіс, өндіріс технологиясының негіздері, шаруашылық жүргізудің нарықтық әдістері, еңбек заңнамасы.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiм және қаржылық бухгалтерлік жұмыс, оның ішінде кемінде басшылық лауазымында 5 жыл жұмыс өтілі болуға тиіс.
3. Бас диспетчер
Лауазымдық міндеттері. Ұйымның бірінші басшысының жалпы басшылығымен және басқа бөлімшелер мен қызметтердің басшыларымен өзара байланыс жасай отырып өзінің міндеттерін орындайды. Тиісті құрылымдық бөлімшелердің (қызметтердің) қызметіне басшылық жасайды және олар үшін жауапты болады. Жабдықтауды, көлікті, байланыс пен өткізуді қалыптастыру және реттеу жөніндегі бөлімшелердің жұмысын бағыттайды және үйлестіреді, әкімшілік мәселелерді шешеді. Ұйымның бірқалыпты жұмысын және өнімді біркелкі шығаруды (қызмет көрсетуді), жұмыстың өндірістің бағдарламасына, шарттық міндеттемелерге, күнтізбелік кестелерге және ауысымдық-тәуліктік тапсырмаларға сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді. Құрал-жабдықтарды тиімді іске қосуға, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға ықпал ете отырып, ұйымның негізгі қорын (өндірістік қуатын) барынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдайды. Жедел өндірістік жоспарлау және диспетчерлеуді ұйымдастырады. Өндірістің барысына және ұйымның басқа да негізгі қызмет түрлеріне тұрақты түрде жедел бақылауды жүзеге асырады, өндірістік процестер барысындағы қалыпты жұмыстың бұзылуының алдын алуға және болдырмау жөнінде шаралар қабылдайды, осындай жөнсіздікті жою үшін ұйымның қосалқы және басқа да қызметтерін тартады. Ұйым бөлімшелерінің, өндірістік көлік құралдары мен қоймалардың жұмысын үйлестіреді, диспетчерлік мәжілістер өткізеді. Цехтар мен учаскелердің өңірлік бөлімшелерінің қажетті шикізаттармен, материалдармен, конструкциялармен, жиынтықтаушы бұйымдармен, жабдықтармен, сондай-ақ көлікпен және тиеу-түсіру құралдарымен қамтамасыз етілуін бақылайды. Жіберу топтарының мөлшерін, беру мерзімдері мен қорлардың нормаларын айқындау бойынша нормативтік-жоспарлық есептеулер жүргізуге басшылық етеді. Цехтарда және учаскелерде белгіленген нормативтердің деңгейінде аяқталмаған істердің болуына, өндірістік ағын бойынша бұйымдарды іркіліссіз жылжытуға, дайын өнімді немесе аяқталған жұмысты (қызметті) өткізу кестесінің орындалуына жүйелі бақылауды жүзеге асырады. Өндіріс барысына жедел бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті жоспарлық құжаттарды уақтылы алуды қамтамасыз етеді. Ұйымның өндірістік бөлімшелерінің диспетчерлік қызметтеріне әдістемелік басшылықты жүзеге асырады. Өндірісті жедел басқару саласында отандық және шетелдік озық тәжірибелерді зерделейді, өндірістік жоспарлауды, диспетчерлеуді жетілдіру және өндірістің барысын жедел есепке алу мен бақылау, өндірісті жедел басқарудың техникалық құрал-жабдықтарын енгізу жөнінде іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады. Ұйым бөлімшелерінің өнім шығарудың (қызмет көрсетудің) өндірістік бағдарламасын орындау жөніндегі жұмыс нәтижелерін қорытындылауға және бағалауға басшылық етеді. Өндірісті мамандандыру және кооперацияландыру, оның тиімділігін арттыруды жетілдіру жөніндегі жұмысқа қатысады. Өнім шығарудың және орындалған жұмыстың есебін жүргізуді, белгіленген есептілікті, бөлімше қызметінің нәтижесіне талдау мен бағалау жүргізуді, ұсынылатын қызметтердің сапасы мен уақтылығын бақылауды уақтылы қамтамасыз етеді. Диспетчерлік қызмет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, еңбек тәртібін сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Диспетчерлердің жұмысына басшылық жасайды, бөлімше қызметінің ақпараттық қамтамасыз етілуін бақылайды, заманауи техниканы енгізу және ақпараттық технологияны пайдалануға ықпал етеді, олардың диспетчерлік журналдарды және басқа да техникалық құжаттамаларды жүргізуін бақылайды.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілері және өндірісті жедел басқару бойынша әдістемелік материалдар, ұйымның бейіні, мамандануы мен құрылымының ерекшелігі, оның даму перспективалары, ұйымның өнім өндіру (қызмет көрсету) технологиясының негіздері, тиісті экономикалық қызмет түріндегі және ұйымдағы өндірісті (қызмет көрсетуді) ұйымдастыру, ұйым шығаратын өнімдердің номенклатурасы, орындалатын жұмыстар мен қызметтердің түрлері, ұйымның құрал-жабдықтарының өндірістік қуаты, техникалық сипаттамасы, құрылымдық ерекшеліктері және жұмыс режимі, оны пайдалану ережелері, өндірістік жоспарлау тәртібі және әдістері, ұйым бөлімшелерінің мамандануы және аумақтық орналасуы, олардың арасындағы өндірістік байланыстар, өндіріс барысын есепке алу жүйесі мен әдістері, техникалық құжаттаманы әзірлеу және ресімдеу бойынша ережелер, нұсқаулықтар және басқа да басшылыққа алынатын материалдар, өндірістік қоймалардың, тасымалдау және тиеу-түсіру жұмыстарын ұйымдастыру, ұйым шығаратын өнімді жеткізуге қойылатын стандарттар мен техникалық талаптар, өндірісті жедел басқару саласындағы отандық және шетелдік озық тәжірибе, экономика негіздері, еңбекті ұйымдастыру және басқару негіздері, еңбек заңнамасы, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі және диспетчердің немесе өндірісті немесе қызметті жедел басқару бойынша басшылық лауазымында жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс.
4. Бас инженер
Лауазымдық міндеттері. Ұйымның бірінші басшысының жалпы басшылығымен және басқа бөлімшелер мен қызметтердің басшыларымен өзара байланыс жасай отырып өзінің міндеттерін орындайды. Өз құзыреті шеңберінде әрекет етуге, ұтқырлыққа және табыстылыққа қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымның техникалық саясатын және нарықтық экономика жағдайында техникалық дамуының бағыттарын, қолданылып жүрген өндірісті қайта жабдықтау және техникалық қайта жарақтандыру жолдарын, өндірістің мамандану және перспективаға түрлендіру деңгейін анықтайды. Тиісті өндірістік құрылымдық бөлімшелердің (қызметтердің) қызметтерінің тиімділігін қамтамасыз етеді және әкімшілік мәселелерді шешеді олардың жұмыс нәтижесін, еңбек және өндірістік тәртіпті қамтамасыз етеді. Өндірістің техникалық дайындығының қажетті деңгейін және оның үнемі өсуін, еңбектің өнімділігі мен тиімділігін арттыруды, шығыстардың (материалдық, қаржылық, еңбектік) азаюын, өндірістік ресурстардың тиімді пайдалануды, өндірілетін өнімнің, жұмыстардың, қызметтердің жоғары сапалылығын және бәсекелестікке қабілеттілігін, өндірілетін бұйымдардың қолданылып жүрген мемлекеттік стандарттарға, техникалық шарттарға және техникалық эстетика, дизайн талаптарына сәйкес болуын, сондай-ақ сенімділігі мен ұзақ уақытқа жарамдылығын қамтамасыз етеді. Ұйымның орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға бекітілген бизнес-жоспарларына сәйкес ұйымды қайта жабдықтау және модернизациялау, өндірістің қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмау, табиғи ресурстарды ұқыпты қолдану, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістің техникалық мәдениетін көтеру бойынша шаралардың даярлануын басқарады. Жаңа техника мен технологияны енгізудің жоспарларын даярлау мен жүзеге асыруды, ұйымдық-техникалық шаралардың, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-өнертапқыштық жұмыстарды өткізуді ұйымдастырады. Жобалық шешімдердің тиімділігін, өндірісті уақытылы және сапалы дайындауды, жабдықты техникалық пайдалануды, жөндеуді және модернизациялауды, өнімді (тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді) даярлау және өндіру барысында жоғары сапаға жетуді қамтамасыз етеді. Ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерінің, патенттік зерттеулердің, сондай-ақ нарықтың конъюнктурасын есепке ала отырып, озат тәжірибенің негізінде ассортиментті және сапаны жақсарту, өндірілетін өнімді, жұмыстарды (қызметтерді), техника мен технологияны жетілдіру және жаңалау, бәсекелестікке қабілетті түбегейлі жаңа өнім түрлерін өндіру, технологиялық процестерді кешенді механизациялау және автоматтандыру, өнімділігі жоғары арнайы жабдықты бақылау және сынау құралдарын жобалау және өндіріске енгізу, құралдардың еңбек қажеттілік нормативтерін және оны жасау үшін материалдардың шығыс нормаларын даярлау, үнемдеу режимін және шығыстарды азайтуды жүйелеп жүзеге асыру бойынша жұмысты ұйымдастырады. Жобалық, өнертапқыштық және технологиялық тәртіптің, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы ережелерінің және нормаларының, өндірістік санитарияның және өрт қауіпсіздігінің, табиғатты қорғау, санитарлық органдардың, сондай-ақ техникалық қадағалауды жүзеге асыратын органдардың талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді. Техникалық құжаттамалардың (сызбалардың, сипаттамалардың, техникалық шарттардың, технологиялық карталарды) уақытылы дайын болуын қамтамасыз етеді. Ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және жоғары оқу орындарымен жаңа техниканы және өндіріс технологиясын даярлау, кәсіпорын мен оның бөлімшелерін қайта жаңарту, жабдықты, өндірістік процестерді, өндірісті басқарудың автоматты жүйелерін кешенді механизациялау және автоматтандыру бойынша шарттарды жасайды, олардың даярлануына бақылау жүргізеді, өзге ұйымдар даярлаған техникалық қайта жарақтандыру жобаларын қарастыруды және енгізуді, лизинг шарттарында жабдықты сатып алуға тапсырыстарды құрастыруды ұйымдастырады. Патенттік-өнертапқыштық қызмет, өнімді біріздендіру, стандарттау және сертификаттау жұмыс орындарын аттестациялау және рационалдау, өндірісті метрологиялық қамтамасыз ету, оған механикалық-энергетикалық қызмет көрсету мәселелері бойынша жұмысты үйлестіреді. Инженерлік және басқару жұмыстарын орындаудың жаңа техникалық және телекоммуникациялық құралдарын енгізудің негізінде өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыруды жетілдіру бойынша шараларды қабылдайды. Ғылыми зерттеулер мен эксперименттерді, жаңа техника мен технологияны сынақтан өткізуді, сондай-ақ ғылыми-техникалық ақпарат, рационализациялау және өнертапқыштық, озат өндірістік тәжірибені тарату саласындағы жұмысты ұйымдастырады. Енгізілген ғылыми-техникалық шешімдердің басымдылығын қорғау, оларды патенттеу үшін материалдарды дайындау, зияткерлік меншікке лицензиялар мен құқықтарды алу бойынша жұмыстарды жүргізеді. Жұмысшылар мен мамандардың оқуын және біліктілігін жоғарлатуды ұйымдастырады және персоналды дайындаудың үнемі жетілдірілуін қамтамасыз етеді. Ұйымның техникалық қызметтерін басқарады, олардың жұмыстарының нәтижелерін, бағынышты бөлімшелердегі еңбек және өндірістік тәртіптің жағдайын бақылайды. Өндірістік қызметтің нәтижелері мен тиімділігіне жауапты болып табылады.
Білуге тиіс. Ұйымның өндірістік-шаруашылық және қаржылық-экономикалық қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілері, экономиканың және экономиканың тиісті саласының басым бағыттарын белгілейтін мемлекеттік билік және басқару органдарының шешімдері, ұйымның қызметіне байланысты басқа органдардың әдістемелік және нормативтік-техникалық актілері, ұйымның бейіні, мамандануы және құрылымының ерекшелігі, экономикалық қызмет түрінің техникалық, экономикалық және әлеуметтік дамуының перспективасы және ұйымның бизнес-жоспары, ұйымның өндірістік қуаты, ұйым өнімін өндіру технологиясы, ұйымның өндірістік-шаруашылық қызметінің жоспарларын даярлау және келісу ережесі, шаруашылықты жүргізу және ұйымды басқару әдістері, шаруашылық және қаржылық шарттарды жасау және орындау тәртібі, экономиканың тиісті саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер және озат ұйымдардың тәжірибесі, стандарттау негіздері, экономика және өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру, еңбек заңнамасын, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі және экономикалық қызмет түрінде тиісті ұйым бейінінде басшы лауазымында жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс.
5. Бас конструктор
Лауазымдық міндеттері. Ұйымның бірінші басшысының жалпы басшылығымен және басқа бөлімшелер мен қызметтердің басшыларымен өзара байланыс жасай отырып өзінің міндеттерін орындайды. Өз құзыреті шегінде тиісті құрылымдық бөлімшелердің (қызметтердің) ұйымды ғылыми-техникалық дамыту, бейінді бөлімшенің жұмысына бағыт сілтеу және үйлестіру бойынша қызметіне басшылықты жүзеге асырады, оның қызметінің нәтижесін қамтамасыз етеді, әкімшілік мәселелерді шешеді. Ұйымның ғылыми-техникалық дамуының мақсаттарын, міндеттерін, саясаты мен стратегиясын айқындайды. Технологиялық процестердің, техниканың (кешендердің, машиналардың, аппараттардың, жабдықтардың, механизмдердің), қолданыстағы өндірістің жоғары техникалық дәрежесін, бәсекеге қабілеттілігін, ғылым мен техниканың заманауи жетістіктеріне, техникалық эстетика талаптарына және өндірістің неғұрлым үнемді технологияларына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, өндірілетін өнімнің жаңа және жетілдірілген түрлерін құруды басқарады. Өндірісте перспективалық конструкторлық әзірлемелердің, жаңа материалдардың игерілуін жеделдету, ғылыми-техникалық жетістіктерді кеңінен енгізу бойынша шараларды жүзеге асырады. Объектілердің қайта құрылуына, өндірістің автоматтандырылуына және көп еңбекті қажет ететін процестердің механикалануына байланысты жаңа тәжірибелік және өнеркәсіптік құрылғылардың, стандарт емес жабдықтардың және құрылғылардың жобаларын даярлауды ұйымдастырады. Даярланатын құрастырушылық өнімдерді бірыңғайландыру, стандарттау және сертификаттау дәрежесін арттыру жұмыстарын жүргізеді. Жаңа және жетілдірілген конструкциялардың техникалық тапсырмаларға, стандарттарға, еңбекті тиімді ұйымдастыру және қорғау талаптарына, қауіпсіздік техникасының нормаларына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Жаңа конструкторлық әзірлемелердің техникалық-экономикалық негіздемелерін даярлауды, олардың тиімділігін, бұрын даярланған әзірлемелерден артықшылығын басқарады. Жаңа техниканы енгізу және игерудің перспективалық және ағымдағы жоспарларын даярлауды, өндірісті конструкторлық дайындауды, зерттеу және тәжірибелік-құрастырушылық жұмыстарды ұйымдастырады, олардың орындалуын бақылайды. Автоматтандырылған жобалау жүйелерін енгізуді, конструкторлық бөлімшелер даярлайтын сызбалардың және басқа техникалық құжаттамалардың уақтылы жасалуын, келісілуін және бекітілуін қамтамасыз етеді. Тапсырыс берушілермен бірге жобалауға техникалық тапсырмаларды даярлауды жүзеге асырады, даярланған нобайлардың, техникалық және жұмыс жобаларының белгіленген тәртіпте сақталуын және келісілуін қамтамасыз етеді, жобалық шешімдерді бекітуге ұсынады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес сызбаларды және басқа құрастырушылық құжаттамаларды сақтауды, көбейтуді және өндірісті олармен уақтылы қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Жобалаудың прогрессивті әдістерін, есептеуіш және телекоммуникациялық техниканы, техникалық құжаттаманы көбейтудің үздік әдістерін, жобаларда стандартталған және бірыңғайланған бөлшектерді және құрастыру бірліктерін кең пайдалануды енгізу есебінен жаңа техниканы игеру мерзімін, өндірісті конструкторлық дайындау құнын және циклын азайту бойынша шараларды қабылдайды. Тәжірибелік өндіріс бөлімшелерінде өткізілетін зерттеу және эксперименттік жұмыстарды басқаруды жүзеге асырады. Өнім сапасы мен беріктігін, оның технологиялығын, экологиялық тазалығын үнемі жоғарлатуға, оның өзіндік құнын, көп еңбек мен көп материал қажет ететіндігін төмендетуге қол жеткізе отырып, тәжірибелік үлгілерді даярлауды, оларды эксперименталды тексеруді, алғашқы өнеркәсіптік сериялардың бастапқы партияларын жетілдіру және алғашқы өнеркәсіптік серияларын шығаруды ұйымдастырады. Өнімнің жаңа конструкцияларын орнатуға, сынауға, жөндеуге және іске қосуға қатысады. Бұйымдарды жасау және оның пайдалануына авторлық қадағалауды жүзеге асырады. Өндірісті конструкторлық даярлау жөніндегі техникалық құжаттамаға енгізілетін өзгерістерді бекітуге ұсынады. Өнімді сапа санаттарына аттестациялау бойынша, өндірісті қайта құру, техникалық қайта жарақтандыру, қарқындылығын арттыру жөнінде ұсыныстарды даярлау, өндірістің тиімділігін жоғарылату бойынша жұмысқа қатысады, енгізуге қабылданған рационализаторлық ұсыныстардың және өнертапқыштықтардың конструкторлық даярлығын қамтамасыз етеді. Неғұрлым күрделі рационализаторлық ұсыныстарды, сондай-ақ кәсіпорынға өзге ұйымдардан келетін стандарттарды және басқа конструкторлық құжаттаманы қарастырады және сын-пікірлер мен қорытындылар береді. Өндірістің конструкторлық дайындығын жүзеге асыратын жұмысшылардың біліктілігін жоғарылату бойынша жұмысты ұйымдастырады. Өзіне бағынышты бөлімшелердің қызметін басқарады және үйлестіреді.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамалық, нормативтік құқықтық актілері және өндірісті конструкторлық даярлау бойынша әдістемелік материалдар, ұйымның бейіні, мамандануы және ұйымдық-технологиялық құрылымы, экономикалық қызмет түрінің және кәсіпорынның техникалық дамуының перспективасы, ұйымның өнімін өндіру технологиясы, жобалаудың жүйесі және әдістері, экономикалық қызмет түрінде және ұйымда өндірістің конструкторлық даярлануын ұйымдастыру, ұйым жабдығының өндірістік қуаты, техникалық сипаттамасы, конструкциялық ерекшеліктері және жұмыс режимі, оны пайдалану ережелері, өндірістің конструкторлық дайындығын жоспарлау тәртібі мен әдістері, даярланатын құрылыстарға, оларды орнатуға және пайдалануға қойылатын техникалық талаптар, техникалық есептерді жүргізудің әдістері, техникалық эстетиканың, көркемдік құрылыстың және эргономиканың негіздерін, құрылыстық құжаттаманы дайындау және ресімдеу бойынша стандарттар, техникалық шарттар және басқа басшылық материалдар, патенттану, стандарттау және сертификаттау негіздері, автоматтандырылған жобалау жүйелері, құрастырушылық құжаттамалардың көшірмесін түсіру және көбейту құралдарын қоса, қазіргі кезге сай есептеу және телекоммуникациялық құралдар, жобалық-құрастырушылық дайындықтарға еңбекті тиімді ұйымдастыру талаптары, өндірістің тиісті саласындағы отандық және шетелдік ғылыми және техникалық жетістіктер, ұқсас өнімді құрастырудың отандық және шетелдік озат тәжірибе, экономика, өндірісті, еңбекті және басшылықты ұйымдастыру негіздері, еңбек заңнамасын, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі және экономикалық қызмет түрінде тиісті ұйым бейінінде құрастыру жұмысы бойынша жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс.
6. Бас металлург
Лауазымдық міндеттері. Ұйымның бірінші басшысының жалпы басқаруымен және басқа бөлімшелер мен қызметтердің басшыларымен өзара байланыста өзінің міндеттерін орындайды. Өз құзыреті шегінде тиісті құрылымдық бөлімшелердің (қызметтердің) қызметіне бөлімшенің жұмысын бағыттау және үйлестіру, қолданылатын технологияларды қалыптастыру мен реттеу бойынша басшылықты жүзеге асырады, әкімшілік мәселелерді шешеді, бөлімше қызметінің оң нәтижелерін қамтамасыз етеді. Металлургиялық өндірісті технологиялық дайындау бойынша барлық жұмыс кешенінің орындалуын басқарады, белгіленген ассортиментте және белгілі бір техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен бәсекеге қабілетті өнім шығарудың өндірістік бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ете отырып, өндірістің технологиялық дайындығын қамтамасыз етеді. Озық отандық және шетелдік үлгілер деңгейінде шығарылатын өнімнің сапасы мен өнімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін прогрессивті, экономикалық және экологиялық негізделген технологиялық процестерді әзірлеу және өндіріске енгізуді ұйымдастырады. Өндірісті технологиялық дайындаудың перспективалы және жедел бағдарламаларын және оларға негіздер мен есептер әзірлеуге қатысады. Жаңа техниканы, өндірістік процестің кешенді механизациясы мен автоматтандыруды енгізуді, жаңа өнім түрлеріне стандарттарды, техникалық жағдайларды және технологияны әзірлеуді ұйымдастырады. Металлургиялық агрегаттардың өндірістік қуатының есебін жасау және жабдықты жүктеу бойынша, негізгі және көмекші материалдардың шығын нормаларын және металлургия өндірісі бойынша басқа да техникалық-экономикалық нормативтерді әзірлеу бойынша жұмысты басқарады. Технологиялық құжаттаманы әзірлеуді басқарады және онымен өндірісті қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады. Өндірістің, ішкі шаруашылық кооперацияның тиімділігін арттыру мәселелерін шешуге, негізгі агрегаттар мен жабдықтарына жоспарлы алдын алу және күрделі жөндеу жүргізудің кестесін әзірлеуге, сонымен қатар оларды жөндеуден кейін қабылдауға қатысады. Өндіріс қуатын толық пайдалану мен дамытуды, қоршаған ортаны қорғау талаптарын, жабдықты пайдалану ережелерін, қауіпсіздік техникасының ережелерін, сонымен қатар шикізатқа, материалдар мен дайын өнімге қойылатын талаптарды ескере отырып, белгіленген технологиялар мен жұмыс кестесінің қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді. Агрегаттар мен жабдықтарды реконструкциялау мен жаңартуға техникалық тапсырма жасауды, жаңадан құрылатын және реконструкцияланатын объектілерді іске қосуға дайындықты басқарады және жобалық қуаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз етеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын жасауға, жаңа техниканы, озық технология мен көп еңбекті қажет ететін процесті механикаландыруды енгізуге, қолданыстағы өндірісті техникалық қайта жасақтау мен реконструкциялау бойынша ұйымдастырушылық техникалық іс-шараларына, өндірісті техникалық бақылау әдістерін жетілдіруге, өнімнің сапасын жақсартуға, еңбекті ұйымдастыруға қатысады, олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Қайта әзірленетін технологиялық процестерді және өндіріс режимдерін игеру бойынша зерттемелік және эксперименталды жұмыстарды жүргізуге басшылық етеді. Жабдыққа, металлургиялық өндірістің технологиясы мен ұйымдастырылуына қатысты ұтымды ұсыныстар мен өнер табыстарын қарастырады және оларға қорытынды береді, көрсетілген саладағы озық техникалық отандық және шетелдік тәжірибені зерттеу мен енгізу бойынша жұмыстарды ұйымдастырады. Металлургиялық өндірістің технологиялық дайындығын жүзеге асыратын ұйым бөлімшелері мен қызметкерлерінің қызметін үйлестіреді, олардың біліктілігін жоғарлату бойынша жұмысты ұйымдастырады.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарын, нормативтік құқықтық актілерін және өндірісті технологиялық дайындау бойынша әдістемелік материалдар, ұйымның ұйымдастырушылық-технологиялық құрылымының бағыты, саласы мен ерекшеліктері, оның даму перспективасы, металлургиялық өндірістің және ұйым шығаратын өнімнің технологиясы, ұйымда және экономикалық қызмет түрінде өндірістің технологиялық дайындығын ұйымдастыру, ұйым жабдығының жұмыс режимі мен өндірістік қуаты, техникалық сипаттамасы, құрылымдық ерекшеліктері, оларды пайдалану ережелері, өндірісті технологиялық дайындау тәртібі мен жоспарлау әдістері, шикізатқа, материалдарға, жартылай дайын шикізатқа және дайын өнімге қойылатын техникалық талаптар, техникалық есепті жүргізу әдістері, техникалық құжаттаманы әзірлеу мен рәсімдеу бойынша стандарттар, техникалық жағдайлар және басқа да басқарушы материалдар, патенттеу, стандарттау және сертификаттау негіздері, технологиялық процестерді жоспарлау кезінде еңбекті ұтымды ұйымдастырудың талаптары, өндірісті жобалау мен технологиялық дайындаудың алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік тәжірибесі, экономика, өндірісті ұйымдастыру, еңбек пен басқару негіздері, еңбек заңнамасын, өрт қауіпсіздігінің талаптары.