Қылмыстық процестің барлық кезеңінде сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға қылмыстық қудалаудан, айыптау мен соттаудан қорғану құқығы берілген және кепілдендірілген.
Отправить по почте
Осы редакция 25.06.2010 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы. 2002 жылғы 6 желтоқсан N 26
Әркімнің білікті заң көмегін, сондай-ақ ол көмекті адвокаттың (қорғаушының) қатысуымен алуға құқығы туралы конституциялық ережені сақтау, сот ісін тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы негізінде жүзеге асыруға, іс бойынша ақиқатты анықтап, заңды да негізді сот шешімін шығаруға ықпал етеді.
Қылмыстық процестің барлық кезеңінде сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға қылмыстық қудалаудан, айыптау мен соттаудан қорғану құқығы берілген және кепілдендірілген.
Сот практикасын зерделеу - алдын ала тергеу барысында және сот төрелігін атқару кезінде конституциялық ережелердегі және қылмыстық іс жүргізу заңындағы қорғану құқығы туралы талаптардың сақталатындығын көрсетті.
Сонымен қатар, қылмыстық процесті жүргізуші органдары жұмысында қорғану құқығын реттейтін нормалардың бұзылуы, ал адвокаттардың өздеріне заңмен берілген өкілеттіктерді толығымен пайдаланбайтын жағдайлар орын алуда.
Қылмыстық іс жүргізу заңындағы кемшіліктер мен жолсыздықтарды жою, сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның қорғану құқығын қамтамасыз ету жөніндегі сот тәжірибесінде туындаған мәселелерді дұрыс және біркелкі шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қылмыстық іс жүргізудегі сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның және ақталушының қорғану құқығы конституциялық принцип болып табылады, сондықтан қылмыстық процесті жүргізуші органдар Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағында, 16-бабының 3-тармағында және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай мәтін бойынша- ҚІЖК) тиісті нормаларында бекітілген ережелерді мүлтіксіз орындауға міндетті.
2. Сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның қорғану құқығы - сезіктілікті, тағылған айыпты теріске шығаруды немесе жауаптылық пен жазаны жеңілдетуді, сондай-ақ ақталған адамға қатысты - заңсыз ұстаудан, айыпкер ретінде жауапқа тартылудан, бұлтартпау шарасын қолданудан, сотқа беруден және заңсыз сотталудан келген зиянды өтеуге бағытталған, заңда көрсетілген барлық процессуалдық мүмкіндіктердің жиынтығын білдіреді.
3. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның, ақталғанның қорғану құқығын қылмыстық процестің басқа да принциптерімен бірге қамтамасыз етуі - істі әділ талқылаудың және ол бойынша дұрыс шешім қабылдаудың кепілі болып табылады. Сондықтан қорғану құқығын бұзушылық ҚІЖК-нің 9-бабында көрсетілген салдарға әкеп соғуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағындағы және ҚІЖК-нің 28-бабындағы әркімнің білікті заң көмегін алуға кепілдендірілген құқығы негізінде, қорғаушылар ретінде адвокаттың немесе ҚІЖК-нің 70-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың, егер олардың арнайы заңгерлік дайындығы және білікті заң көмегін көрсетуге қабілеті болса, іске қатысуы қорғану құқығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады.
Егер сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның таңдап алған қорғаушысының білікті заң көмегін қамтамасыз етуге қабілеті болмаса, қылмыстық процесті жүргізуші органдар іске қорғаушы ретінде адвокатты қатыстыру мәселесін талқылауға міндетті. Мұндай жағдайда қорғаушы ретінде таңдалып алынған адам іске кәсіпқой қорғаушымен бірге қатыса алады.
5. Қорғаушыны іске қатысуға жіберу қылмыстық процесті жүргізуші органдардың қаулысының негізінде жүзеге асырылып, қаулыда оның ҚІЖК-нің 74-бабында көрсетілген өкілеттіктері түсіндірілуі тиіс.
Қылмыстық процесті жүргізуші органдар іске қорғаушы ретінде адвокаттарды, сезіктінің, айыпталушының, сотталушының жұбайын, жақын туыстарын немесе заңды өкілдерін, кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін іске қатыстыру мәселесін шешкенде оларда ҚІЖК-нің 72-бабының 8-бөлігінде көрсетілген құжаттардың болуын тексеруге міндетті.
6. Кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қорғаушы ретінде қатыстырудың міндетті шарты: сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның осы бірлестіктерге мүшелігі болып табылады. Бұл тиісті құжаттармен расталуы қажет.
Осыған орай, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамның өзі мүшесі болып табылмайтын қоғамдық бірлестіктерге жүгінуі олардың қорғау функцияларын өздеріне қабылдауына, демек, оларды қылмыстық процеске қатыстыруға негіз бола алмайды.
7. Шетелдік адвокаттар қорғаушылар ретінде тек Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттермен өзара келісілген халықаралық шарттарының негізінде ғана қатыса алады.
Өз қызметін жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттігі жеке куәлікпен, адвокаттың мәртебесін куәландыратын құжатпен, сондай-ақ адвокат пен сезіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталғанның арасындағы заң көмегін көрсету туралы келісіммен расталуға тиіс.
8. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар ҚІЖК-нің 71-бабында көрсетілген жағдайларда қорғаушының міндетті түрде қатысуы туралы заң талабын қатаң түрде орындаулары қажет. Аталған норманың сақталмауын іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзушылық деп қарастырып, ал жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.
9. Сезіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғану құқығының бұзылуын тек қорғаушыны бермеу ғана емес, сондай-ақ олардың процессуалдық құқықтарын, атап айтқанда, ана тілі немесе басқа білетін тілді пайдалану, түсініктеме беру, айғақтар ұсыну, дәлелдеме келтіру, өтініш мәлімдеу, дәлелдемелерді зерттеу және сот жарыссөзіне қатысу, соңғы сөз сөйлеу, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану және т.б. құқықтарын шектеуі де - қорғану құқығын бұзушылық деп танылуы мүмкін екендігін ескерген жөн.
10. Заңда қорғаушының міндетті түрде іске қатысуына негіз болатын дене және психикалық кемістіктердің тізбесі көрсетілмегендіктен, әрбір нақтылы жағдайда сезіктінің, айыпталушының, сотталушының өзінің кемістіктеріне байланысты қорғану құқығын іс жүзінде толық көлемде жүзеге асыра алатындығы немесе кемістіктер аталған заңды құқықтарды пайдалануға елеулі қиындық туғызатыны негізге алынуы қажет.
Денесіндегі немесе психикасындағы кемістіктеріне байланысты өзінің қорғану құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдардың қатарына есі ауыспаса да, психикасының кемістігі бар, сондай-ақ сөйлеу, көру, есту кемістіктеріне немесе басқа да ауыр науқасына байланысты зардап шегетін адамдарды да жатқызу қажет.