• Мое избранное
Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары туралы (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы)

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 1

Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары туралы (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы № 1097 Қаулысы

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес Алматы қаласының қала маңы аймағын кешенді дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласы мен Алматы облысының мәслихаттары мақұлдаған Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспарының жобасы (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы) бекітілсін.
2. «Алматы қаласының қала маңы аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 17 наурыздағы № 228 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
Премьер-Министрі                               К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2010 жылғы 22 қазандағы
 № 1097 қаулысымен
 бекітілген
Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы)
1. Бас жоспардың мақсаты
  • 3
Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы) (бұдан әрі - Бас жоспар) қала маңы аймағы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың негізгі құжаты болып табылады.
Бас жоспарды әзірлеудің басты мақсаты - Алматы қаласы және қала маңы аймағындағы елді мекендерде экологиялық қолайлы, тыныс-тіршілікке қауіпсіз орта құруға, әлеуметтік-экономикалық дамытудың болжамды параметрлері негізінде аумақтың функционалдық-жоспарлық ұйымдастырылуын қалыптастыруға; Алматы қаласы мен Алматы облысының өзара байланысты мүдделерін ескере отырып, аумақты пайдалану регламенттерін әзірлеуге бағытталған қала құрылыстық шаралар кешенін жүргізу.
Қала маңы аймағының бас жоспары 17,44 мың шаршы километр аумақта орындалған және Алматы облысының бес әкімшілік аудандарын: Қарасай ауданын толық, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының бір бөліктерін, сондай-ақ Қапшағай әкімшілігінің аумағын қамтиды.
Бас жоспарда:
қалыптасқан және болжамды демографиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ескерілген қала маңы аймағының аумақтық және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары;
Жетісудың мәдени мұрасын ескере отырып, ерекше қорғалатын аймақтарды бөлу; өндірістік, рекреациялық, жасыл аймақтарды дамыту мен орналастыру; функционалдық аймақтандыру және жоспарлық құрылымдау арқылы, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды дамыту айқындалады.
Бас жоспар іске асырудың мынадай жобалық кезеңдерін ескере отырып орындалған:
бастапқы жыл - 2009 жыл;
бірінші кезең - 2015 жыл;
аралық кезең - 2025 жыл;
есептік мерзім — 2035 жыл;
болжамдық мерзім - 2040 жыл.
Бас жоспар әлеуметтік-экономикалық және аумақтық дамудың, инженерлік-көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың, жаңа тұрғын үй, өндірістік, агроөнеркәсіптік кешендерді, туризм, спорт және демалыс объектілерін орналастырудың перспективалық және бірінші кезектегі бағдарламаларын әзірлеу мен жүзеге асырудың негізі болып табылады.
Бас жоспар әкімшілік аудандардың, елді мекендердің және қарастырылып отырған өңірдің басқа да аумақтық бірліктерінің аумақтарын дамытудың қала құрылысы жобаларын әзірлеу мен іске асыруға арналған база ретінде қызмет етеді.
Бас жоспар, қала құрылысы жағдайлары мен ресурстық әлеуетті кешенді талдауды ескере отырып, Алматы қаласына іргелес аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен функционалдық мақсатын анықтайды.
  • 1
2. Алматы қаласының қала маңы аймағы туралы жалпы мәліметтер
Алматы қаласының қала маңы аймағы экономикалық-географиялық және геосаяси оңтайлы орынды алып жатыр, Алматы облысының оңтүстік-батыс бөлігінде, Алматы - Тараз - Шымкент - Қызылорда - Батыс Қазақстан - Ресей, Алматы - Есік - Қорғас - Батыс Қытай, Алматы - Қапшағай - Талдықорған - Шығыс Қазақстан - Батыс Қытай мемлекетаралық және республикалық транзиттік магистральдарда орналасқан.
Қала маңы аймағының аумағы оңтүстікте Іле Алатауы жоталарынан (Солтүстік Тянь-Шань) бастап, солтүстікте Іле ойпатының жазығына дейін созылған. Қала маңы аймағында жер үсті және жер асты суларының айтарлықтай мол қоры бар.
Қала маңы аймағында Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласымен, облыс орталықтарымен, таяу және алыс шет елдермен байланыстыратын тұрақты әуе және темір жолдары бар.
Алматы қаласының қала маңы аймағының ауданы 9,72 мың шаршы километрді немесе облыс аумағының 4,3%-ын құрайды.
Қала маңы аймағының экономикасы салаларының құрылымында сауда қызметі, қаржы қызметі, ауыл шаруашылық өндірісі мен өнеркәсіп жетекші орынға ие, олардың үлесіне жиынтық жалпы өнімнің 86%-ы және жұмыс орындарының 60,3%-ы келеді.
Қала маңы аймағының өнеркәсіп әлеуетінің негізін ауыл шаруашылығы шикізатын және жергілікті шикізат ресурстарын қайта өңдеу, сондай-ақ машина жасау және металл өңдеу, құрылыс материалдары өнеркәсібінің салалары құрайды. Бұл салалардың қала маңы аймағының өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлес салмағы, жұмыспен қамтылған халықтың саны 85% кезінде, бастапқы жылы 87%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде мал шаруашылығы басымдыққа ие, оның жетекші салалары ет-сүттік мал өсіру (52,2%), қой шаруашылығы, құс шаруашылығы болып табылады.
Өсімдік шаруашылығын дамытудағы негізгі бағыттар астық, темекі, жеміс-жидек дақылдары, жүзім, көкөніс өндірісі болып табылады.
Ықпал ету аймағының аумағында 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2090,8 мың адам, оның ішінде қала маңы аймағында 1870,9 мың адам немесе республика халқының 12%-ы тұрған. Қала маңы аймағының қалалық жерлеріндегі халықтың саны - 1489,4 мың адам (Алатау кентін қоса алғанда, Алматы қаласында 1365,0 мың адам тұрады), ауылдық жерлерде - 381,5 мың адам. Халықтың жалпы санының экономикалық қызмет салаларында жұмыспен қамтылғандары 50,7%.
Ықпал ету аймағының тұрғын үй қоры 2009 жылғы 1 қаңтарда 37,0 миллион шаршы метрді құрады, оның ішінде қала маңы аймағында - 34,2 миллион шаршы метр, олардың ішінде Алматы қаласында - 24,6 миллион шаршы метр. Ықпал ету аймағында 1 тұрғынға орташа қамтамасыз ету - 17,2 шаршы метр, Алматы қаласы бойынша - 1 тұрғынға 18,0 шаршы метр. Инженерлік инфрақұрылым Алматы және Қапшағай қалаларында едәуір толық дамыған.
3. Алматы қаласының қала маңы аймағының шекаралары
Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі Алматы агламерациясы аумағының өзара байланысты толық қанды кеңістіктік дамуын қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай Алматы қаласы (2800,0 мың адам) мен қала маңы аймағының (1312,4 мың адам) халқы санының қарқынды өсуі, сондай-ақ халықты перспективалы жайғастырудың екпінді жобаларын жүзеге асыру Алматы қаласының қала маңы аймағы шекараларын өзгерту үшін негіз болды.
Бас жоспарда үш аймақ қарастырылады: Алматы қаласының ықпал ету аймағы, қала маңы аймағы және ерекше қала құрылыстық реттеу аймағы. Алматы қаласының қала маңы аймағының шекаралары облыстың бес әкімшілік аудандарының (Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Жамбыл), сондай-ақ Қапшағай қалалық әкімшілігі мен Алматы қаласы аумақтарының шегінде жүргізілген әлеуметтік, арнайы көліктік, экологиялық және тарихи-мәдени зерттеулердің нәтижелері бойынша анықталды. Еңбек, мәдени-тұрмыстық және рекреациялық мақсаттар бойынша жүргізілген зерттеулерді талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының ықпал ету аймағының және қала маңы аймағының шекаралары белгіленді.
Ықпал ету аймағы еңбек, рекреациялық және мәдени-тұрмыстық мақсаттар бойынша белсенді маятниктік миграцияның байқалуы шегінде 70,0 - 100,0 км қашықтықтағы аумақты қамтиды. Ықпал ету аймағында қала маңы аймағының бас жоспары бойынша халықты жайғастыру аймақтарының, агроөнеркәсіптік кешеннің, қала маңындағы ауыл шаруашылық өндірісінің, бау-бақшалық және саяжайлық шаруашылықтар аймақтарының, инженерлік-көлік инфрақұрылымы аймағының, халықтың қысқа мерзімді және ұзақ уақыт демалу аймағының, орман-саябақ белдеуінің, орман-саябақтық қорғаныс жасыл аймақтарының дамуы белгіленді.
Ықпал ету аймағының ауданы 17,44 мың шаршы километрді құрайды, оған жататын елді мекендердің саны - 215.
Қала маңы аймағының шекарасы Алматы қаласының жақын жатқан қала маңы аумағын қамтиды және қала мен қала маңының едәуір тығыз байланысымен айқындалған (күнделікті маятниктік еңбек миграциясы, күніне 250 мың адамды құрайды), қалыптасқан серіктес қалалардың: Қапшағай, Қаскелең, Талғар, Есік қалалары, Ұзынағаш ауылы; жаңа 4 серіктес қалалардың: Gаtе Сіtу, Golden City, Growing City, Green City, «Жаңа-Іле» туристік орталығының, Алматы қаласын инженерлік қамтамасыз ету көздерінің, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы қысқа және ұзақ мерзімді Алматы демалыс аймақтарының орналасуын ескереді. Қала маңы аймағы есептік мерзімге резервтік алаңдарымен келешектегі қоныстану аймақтарын, ерекше кезеңдегі қос мақсаттағы демалыс аймақтарының аумағын, және басқа да аумақтарды қамтиды.
Алматы қаласының қала маңы аймағында коммуналдық нысандар, логистикалық орталықтар, көлік, инженерлік қамтамасыз ету көздері мен нысандары, бау-бақшалық және саяжайлық массивтер, халықтың қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді демалыс орындары, ауылшаруашылық өндіріс аймақтары орналасқан. Қала маңы аумағының ауданы 9,72 мың шаршы километрді құрайды, оған жататын елді мекендердің саны - 154.
Ерекше қала құрылыстық реттеу аймағының шекарасы Алматы қаласының шекарасына жақын жатқан, 10,0 - 15,0 км қашықтықтағы аумақты қамтиды. Бұл аймақта елді мекендердің есептік мерзімге даму аумағынан басқа 2025 жылға дейінгі кезеңде қоныстандыру аймағының резервтік алаңдары орналасқан. Ерекше қала құрылыстық реттеу аймағы аумағының ауданы 1,17 мың шаршы километрді құрайды.
Алматы қаласының ықпал ету аймағының шекарасы
Ықпал ету аймағының, қала маңы аймағының және қала құрылысы ерекше реттелетін аймақтың ішкі шекарасы Алматы қаласының қазіргі қала шегі болып табылады. Алматы қаласының ықпал ету аймағының сыртқы жобалық шекарасы келесі нұсқауда өтеді:
Оңтүстік шекара
Оңтүстік шекара Талғар ауданы шекарасының оңтүстік-шығыс нүктесінен басталады және Талғар ауданының оңтүстік шекарасы бойынша батыс бағытта Қарасай ауданының шекарасымен қиылысқан жеріне дейін өтеді, одан әрі Қарасай ауданының шекарасымен оңтүстік бағытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасымен қиылысқан жеріне дейін және мемлекеттік шекара бойымен Күмбел беліне дейін өтеді.
Батыс шекара
Батыс шекара Күмбел белдеуінен басталып Жамбыл ауданының келесі ауылдық округтарының аумақтарының батыс шекарасы бойымен: Ұзынағаш, Үлгілі, Шолаққарғалы, Ұзынағаш, Қарасу, қайтадан Ұзынағаш ауылдық округі, Мыңбаев ауылдық округінен Қарасай ауданының мемлекеттік жер қорының шекарасына дейін, Қарасай ауданының мемлекеттік жер қорының батыс шекарасы бойымен темір жолға дейін, батыс жақтан Ұзынағаш станциясын айналып, одан әрі Теміржол ауылдық округінің шекарасы бойымен солтүстік бағытта Іле ауданының шекарасына дейін, Күрті өзенінің оң жақ жағалауы бойымен солтүстік-батыс бағытта Междуреченск ауылдық округінің шекарасына дейін өтеді.