Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 25-03-01/63 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 наурызда № 7472 тіркелді
Редакция 24.12.2015 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 35) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2012 жылғы 17 ақпандағы
№ 25-03-01/63 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық
ісін ұйымдастыру қағидасы
1. Осы Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 35) тармақшасына сәйкес әзірленді және аңшылық алқаптарды бекітіп бергенге дейін жүргізілетін аңшылық шаруашылығының шекаралары мен санаттарын, алаңын есептеуді, жануарлар дүниесі мен ол мекендейтін ортаның жай-күйін айқындау тәртібін анықтайды.
2. Шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыруды жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру субъектісі) аңшылық шаруашылығын ұйымдастыру және кейіннен аңшылық шаруашылығы субъектілеріне бекітіп беру үшін аңшылық алқаптардың резервтік қорының учаскесін таңдау мен зерделеу мақсатында жүзеге асырады.
3. Аңшылық шаруашылығы субъектісі – бекітіп берілген аңшылық алқаптарда аңшылық шаруашылығын жүргізетін жеке немесе заңды тұлғалар.
4. Шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру мынандай тәртіпте жүзеге асырылады:
1) дайындық кезеңі - шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыруды жүргізуге дайындық кезеңі;
2) далалық кезең - шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру үшін материалдар жинау кезеңі;
3) камеральдық кезең - шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастырудың жиналған материалдарын өңдеу кезеңі.
5. Шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастырудың дайындық кезеңі мыналардан тұрады:
1) аңшылық шаруашылығын жүргізуге болатын аңшылық алқаптардың резервтік қорының учаскелерін анықтау.
Аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін учаскелер анықтау өлшемдері мыналар болып табылады:
аң аулау объектілеріне жататын жануарлар түрлерінің тұрақты немесе уақытша мекендеуі;
аң аулауды өткізу мүмкіндігі;
учаскенің санитариялық және ветеринариялық қолайлылығы;
учаскенің аңшылар үшін қолжетімділік дәрежесі;
2) құрылған аңшылық шаруашылықтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жапсарлас шекараларын нақтылау (аңшылық шаруашылықтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы мұрағаттық құжаттарды зерделеу жолымен);
3) шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды бастау күні және оларды жүргізу мерзімін анықтау;
4) жануарлар дүниесі объектілері мен олардың мекендеу ортасын салыстырмалы түрде бағалау әдістерін таңдау (сауалдама-сұрау салу, маршруттық, осының алдындағы кезеңдерде аң аулауды өткізу нәтижелеріне талдау жасау);
5) аңшылық ісін ұйымдастырушылар тобын қалыптастыру және жасақтау.
6. Шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастырудың далалық кезеңі мыналардан тұрады:
1) жүріп өту тәсілдерін анықтау (жаяу, салт атпен, автомобильмен, моторлы қайықпен, авиациямен), схема-карталарда (қағазға басылған және (немесе) электрондық нұсқадағы) маршрутты көрсетіп, далалық күнделікте нәтижелерді сипаттай отырып, далалық тексеру маршрутын белгілеу және олардан өту;
2) секундтың оннан бір үлесіне дейін дәлдікпен бұрылма нүктелердің және (немесе) жергілікті жердегі объектілерге байланыстырудың географиялық координаттарын айқындау;
3) жануарлар дүниесі объектілерінің таралымдары мен олардың мекендеу ортасының жай-күйін бағалау (орнықты, оңтайлы, орнықсыз және бүлінген күйде);
4) далалық тексерудің нәтижелерін картографиялық түпнұсқаға көшіру.
7. Шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастырудың камеральдық кезеңі мыналардан:
1) басты геодезиялық негіздің бекеттеріне, темір және автомобиль жолдарына, гидротехникалық объектілерге, өзендердің жағалау бұрылыстарына, электр тарату желілеріне, жергілікті жер бедерінің ерекшеліктеріне байланыстырылған, жобаланып отырған аңшылық шаруашылықтары шекараларының картасына түсіріп, далалық тексерудің картографиялық материалын зерделеу және өңдеу;
2) жобаланып отырған учаскелердің шекарасын сипаттау және олардың алқабын гектармен айқындау;
3) жануарлар дүниесі объектілерінің таралымдары мен олардың мекендеу ортасының жай-күйін анықтау;
4) жобаланып отырған аңшылық шаруашылықтарының санаттарын анықтау;
5) жанама өнім түрлері мен қосымша қызметтер алу мүмкіндігін анықтау;
6) аңшылық шаруашылықтарының паспорттарын толтыру.