Toggle Dropdown
Осы редакция 29.12.2012 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы N 2 нормативтік қаулысы
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК) кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот практикасында біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Заңдылық принципіне және әділеттілік пен парасат өлшемдеріне жауап беретін сот актісін (шешімді, ұйғарымды, қаулыларды, сот бұйрығын) шығару мақсатында әрбір азаматтық істі қарау кезінде материалдық және процессуалдық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігіне соттардың назары аударылсын.
2. АІЖК-нің 150-бабына сәйкес, талапкерлер талап арыздарында тек талаптарын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге олардың құқықтарының, бостандықтарының немесе заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәнін, өз талаптарын негіздеген мән-жайларды жан-жақтылы баяндауға, сондай-ақ осы мән-жайлар мен талаптарды растайтын дәлелдемелерді келтіруге міндетті.
Прокурордың мемлекеттің немесе қоғамның не азаматтың мүддесін көздеп қойған талаптары АІЖК-нің 150-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
АІЖК-нің 153, 154, 242, 243, 247, 249-баптарында көрсетілген талап арызды қабылдаудан бас тартудың не талап арызды талапкерге қайтарудың немесе қараусыз қалдырудың, ал қозғалған азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтата тұрудың не қысқартудың негіздері түпкілікті болып табылады.
3. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
5. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде қабылданған прокурорлық қадағалау актілерін ( ұсыныс, наразылық және т.б.) даулау туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздары АІЖК-нің 3 және 27-тарауларында қарастырылған нормалар бойынша соттардың қарауына жатады. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры шығарған прокурорлық қадағалау актілері АІЖК-нің 28-бабына сәйкес сотта даулануы мүмкін.
АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 5) тармақшасына және "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына және 24-бабының 5-тармағына сәйкес прокурордың наразылық актісінің күшін және орындалуын шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұру туралы сот ұйғарым шығаруға құқылы.
6. АІЖК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес, заңнамалық актілермен көзделген жағдайларда заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар да іс бойынша тараптар бола алады (мысалы, АІЖК-нің 272-бабына сәйкес - аумақтық сайлау комиссиясы).
Қазақстан Республикасынан тыс жерде тиісті шетел мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларды (компанияларды, фирмаларды, кәсіпорындарды және т.б.) шетелдік ұйымдар деп түсіну қажет. Қазақстан Республикасының аумағында оның заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік инвесторға толығымен тиесілі кәсіпорындар мен бірлескен кәсіпорындар шетелдік ұйымдар болып табылмайды.
7. АІЖК-нің 36-бабының екінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, істерді бір соттың өндірісінен екінші соттың өндірісіне беру заңды күшіне енген сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі. Тараптардың осындай ұйғарымдарға жазған жеке шағымдарын апелляциялық сатыдағы сот қарайды.
АІЖК-нің 36-бабының екінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер болған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен, істі нақтылы бір соттың қарауына беру туралы жеке-дара ұйғарым шығарады.
Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.
Апелляциялық саты сотының қаулысы және жоғары тұрған соттың судьясының істің қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымы шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.
8. Сотта талапкерлер мен жауапкерлердің мүдделерін олардың заңды өкілдері және сенімхатта көрсетілген адамдар (тапсырма бойынша өкілдік алғандар) білдіре алады.
АІЖК-нің 59-бабының 7) тармақшасына орай, соттар өкілдер ретінде қатыстыратын басқа адамдар деп осы баптың 1) - 6) тармақшаларында аталмаған, бірақ сенімхаттың немесе сенім білдірушінің сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінің негізінде сотта тараптардың мүдделерін білдіретін адамдар танылады.
Өкілдің сенімхатында АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігінде көзделген процессуалдық іс-әрекеттердің ішінен өкілдің сотта сенім білдірушінің атынан жасайтын іс-әрекеттері көрсетілуге тиіс.
Егер өкілге берілген сенімхатта оның нақтылы өкілеттіктері көрсетілмесе, онда өкіл АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігіне сәйкес берілуге тиіс өкілеттіктерден басқа процессуалдық іс-әрекеттерді жасауға (іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жасауға, өтініштер білдіруге, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беруге және т.б.) құқылы.
Заң консультациясы немесе жеке адвокаттық кеңсе берген ордер адвокатқа заңгерлік көмек көрсетуді өтінген клиенттің мүддесін сотта қорғау (іс материалдарымен танысу, олардан үзінділер жасау, өтініштер білдіру, даудың мәні бойынша түсіндірмелер беру және т.б.) құқығын береді, бірақ сенімхаттың орнына жүрмейді және адвокатқа АІЖК-нің 61-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген процессуалдық іс-әрекеттерді жасау құқығын бермейді.
9. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде, сондай-ақ істі мәні бойынша нақты қарау барысында да нені дәлелдеу қажеттігін айқындап алуы керек.
Соттар дәлелдемелерді бағалау және тараптарды дәлелдеуден босату туралы мәселені шешу кезінде АІЖК-нің 66-бабының оныншы бөлігінде, 78-бабының үшінші бөлігінде және 91-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген нормаларды ескеріп отырулары қажет.
АІЖК-нің 64 - 70-баптарына сәйкес, соттар сот отырысында даудың мәніне тікелей қатысы бар және істің мән-жайын анықтау, тараптардың дауының мәні бойынша уәждерін растау немесе теріске шығару үшін жеткілікті болып табылатын дәлелдемелердің ғана зерттелетінін назарда ұстаулары қажет.
Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).
10. АІЖК-нің 161-бабына сәйкес, АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінде аталған талаптарды іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы ұйғарымдар сот шешімдерін орындау үшін көзделген тәртіппен дереу шешілуге жатады.
Мына төмендегі жағдайларда:
а) жауапкердің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақталып жатқан ақшасына немесе өзге де мүлкіне тыйым салу туралы сот ұйғарымдарын банктер немесе осындай ұйымдар өздері тікелей орындайды;
б) АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6) тармақшаларында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін қабылданған сот ұйғарымдары ондағы шараларды сақтауға міндетті жаққа белгіленген іс-әрекеттерден тартыну үшін сол адамға қолы қойдырылып тапсырылады;
в) АІЖК-нің 159-бабының бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйғарымдарды мемлекеттік органдар немесе дауланып отырған актіні шығарған ұйым немесе лауазымды адам орындайды. Егер шағымдалып отырған акт бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, онда соттың осы актінің күшін тоқтата тұру туралы ұйғарымы бұқаралық ақпарат құралының кезекті санында талапкердің есебінен жариялауға жатады.
11. Заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар (жеке кәсіпкерлер) араларында туындаған талаптың бағасына қарамастан мүліктік және мүліктік емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық істер, осы бапта көрсетілгендерден басқалары АІЖК-нің 30-бабына сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың қарауына жатады.
АІЖК-нің 30-бабында көрсетілген корпоративтік дауларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммерциялық ұйымдар, коммерциялық ұйымдардың және (немесе) жеке кәсіпкерлердің қауымдастығы (одағы), өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйымдар және (немесе) оның акционерлері (қатысушылар, мүшелері) тараптары болып табылатын даулар жатады (АІЖК-нің 24-бабының 2-бөлігі ). Ондай дауларға, атап айтқанда, акциялармен, қатысу үлестерімен мәміле жасасуға байланысты дауларды, серіктестіктерге қатысушылар, акционерлер арасында осындай серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар қызметінің мәселелері бойынша дауларды жатқызуға болады.
12. Моральдық зиян немесе іскерлік абырой-беделге нұқсан келтірілгені үшін ақшалай түрде өтем жасау туралы талаптар қойылған кезде, ақшалай талап қойылып отырғаны айқын болса да, мүліктік емес сипаттағы талаптар ретінде мемлекеттік баж алынатынына соттардың назары аударылсын. Алайда осындай талаптар бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеу туралы мәселені шешу кезінде соттар АІЖК-нің 111-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мұндай шығындар өтемақы сомасының он пайызынан аспауы қажет екендігі туралы талапты негізге алулары қажет.
13. АІЖК-нің 189-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда, іс жаңа сот отырысында АІЖК-нің 180, 181 және басқа да баптарында белгіленген қағидалар сақтала отырып қаралады. Алдыңғы сот отырыстарында алынған құжаттар АІЖК-нің 201-бабында көзделген тәртіппен даудың мәні бойынша шешім шығарылатын сот отырысында жариялануға тиіс.
14. Жауапкердің талапты толық немесе ішінара мойындауы талап арызға жазбаша пікір келтіру арқылы білдіріледі. Пікір сот отырысында арыз түрінде жазбаша берілуі не ауызша айтылуы мүмкін. Ауызша айтылған арыз сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған жауапкер қол қояды.
Сот жауапкерге талапты мойындау туралы арыздың құқықтық салдарын түсіндіреді және жауапкерді талаптарды мойындауға мәжбүрлеу туралы қандай да бір мәліметтердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін жауапкердің талаппен келісуі туралы арызын қабылдау не қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Соттың шығарған ұйғарымы шағымдануға жатпайды. Егер жауапкер талапты ішінара мойындаса, онда арызды қабылдау не қабылдамау туралы ұйғарым осы бөлікте ғана шығарылады. «Аталған ұйғарым өз алдына бөлек іс жүргізу құжаты болып табылады, дәлелді болуға тиіс және сот шешімінен бөлек шағымдануға жатпайды.
15. Біріктірілген талаптардың бірі қысқартылған мерзімде, екіншісі жалпы екі айлық мерзімде қаралатын болса, онда іс сотқа түскен күннен бастап екі айлық мерзім ішінде қаралады.
Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе өлді деп жариялау туралы істерді қараудың мерзімі тиісті хабарландыру жарияланған күннен бастап үш айлық мерзім аяқталған күннен бастап есептеледі. Осы орайда істі қарау мерзіміне арыз сотқа түскен күннен бастап іс қозғалғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейінгі мерзім кіреді.
Іс бойынша өндірісті қысқарту туралы шешім немесе ұйғарым не арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған күн істің қаралу мерзімінің аяқталған күні болып табылады.
16. Егер борышкер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзімнің ішінде сотқа мәлімделген талапқа қарсылықтарын жіберсе, онда судья олардың мазмұнына қарамастан сот бұйрығын бұзу туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Егер жауапкер осындай қарсылықтарды беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алса, онда осы мерзім АІЖК-нің 128-бабына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.
Егер бұзылған сот бұйрығы орындауға жіберілсе немесе орындау үшін өндірушіге берілсе, онда сот мұндай сот бұйрығын кері қайтарып алады.
17. Басталған сот отырысында АІЖК-нің 260-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер жиынтығы болған жағдайда ғана сот сырттай іс жүргізе алады.
АІЖК-нің 264-бабының бірінші бөлігі бойынша, істі қарау кезінде сот отырысына төрағалық еткен судьяны сырттай шешім шығарған сот деп түсіну қажет. Ерекше жағдайларда (судьяның қайтыс болуы, орнынан түсуі, демалысы, ұзақ уақыт бойы (10 күннен астам) еңбекке жарамсыздығы не іссапарда болуы) сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арызды осы соттың басқа судьясы қарауы мүмкін.
Егер жауапкер сот отырысына келіп, бірақ ол аяқталғанға дейін сот отырысы залынан өз бетімен шығып кетсе, онда сот істі қарауды жалғастыра алады. Мұндай жағдайда шығарылған шешім сырттай шығарылған шешім деп есептелмейді.
Егер жауапкердің алдыңғы сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеуіне байланысты істі талқылау талапкердің өтініші бойынша кейінге қалдырылса және жауапкер сот отырысына екінші рет келмесе, онда сот істі сырттай жүргізуге құқылы.
18. АІЖК-нің 332-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар шағымдануы немесе прокурор апелляциялық тәртіппен наразылық келтіруі мүмкін.
Іске қатыстырылмаған адамдар, сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған жағдайда ғана апелляциялық шағым беруге құқылы.
19. АІЖК-нің 334-бабының үшінші бөлігімен көзделген қысқаша (қысқартылған) шешімге апелляциялық шағым берудің (наразылық келтірудің) мерзімі ол шығарылған күннен бастап, ал дәлелді шешімге - осындай шешім шығарылған күннен бастап есептеледі.
АІЖК-нің 264-бабына сәйкес сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым берудің мерзімін есептеудің бір ерекшелігі, осындай шешімнің көшірмесін алған күннен бастап бес күн өткеннен кейін, егер жауапкер сырттай шығарылған шешімді бұзу жөнінде арыз бермеген жағдайда ғана сырттай шығарылған шешімге апелляциялық шағым беріледі. Егер жауапкер осы мерзімнің ішінде сырттай шығарылған шешімді бұзу туралы арыз берсе, бірақ ол арызды бірінші сатыдағы сот қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он бес күннің ішінде апелляциялық шағым берілуі мүмкін.