1. Қоса беріліп отырған Екiншi деңгейдегi банктердiң студенттерге берген кредиттерiне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесi бекiтiлсiн.
Отправить по почте
Осы редакция 25.04.2008 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Екiншi деңгейдегі банктердiң студенттерге берген кредиттерiне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі N 745 Қаулысы
Мемлекет басшысының "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Екiншi деңгейдегi банктердiң студенттерге берген кредиттерiне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі N 746 қаулысымен бекiтiлген
Екінші деңгейдегі банктердiң студенттерге берген кредиттеріне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепілдiк беру ережесi
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Екiншi деңгейдегi банктердiң студенттерге берген кредиттерiне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Мемлекет Басшысының "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауына сәйкес әзiрлендi және екiншi деңгейдегі банктердiң студенттерге беретiн кредиттерiне (бұдан әрi - кредит) "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - Қаржы орталығы) кепiлдiк беру тәртiбiн реттейдi.
2. Ереже кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын төмендетуге, жоғары бiлiмге қол жеткiзудi қамтамасыз етуге, кредит шарттары бойынша қарыз алушылардың мiндеттемелердi орындамауына байланысты кредиторлардың тәуекелiн төмендетуге, берілетiн кредиттер көлемiн ұлғайту үшiн қолайлы жағдайлар қалыптастыруға, қарыз алушылар ауқымын кеңейтуге мүмкiндiк беретiн жүйенi құру мақсатында әзiрлендi.
3. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қарыз алушының андеррайтингi - қарыз алушының төлем қабiлеттiлiгiн бағалау жолымен кредиттi қайтармау тәуекелiн бағалау рәсiмi;
2) кепiлдiктi мiндеттеме - Қаржы орталығының кредитор алдында бас келiсiмде көзделген тәртiппен айқындалған кепiлдiктер мөлшерi шегiнде кредит шарты бойынша қарыз алушының мiндеттемелердi орындағаны үшін жауап беру мiндеттемесi;
3) бас келiсiм - кредитор мен Қаржы орталығының арасында жасалған, олардың кредиттерге кепiлдiк беру жөнiндегi өзара қарым-қатынас жасау тәртiбiн белгiлейтiн шарт;
4) дефолт - қарыз алушының кредит шарты бойынша мiндеттемелердi орындамауы, соның нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепiлдiкте мiндеттемелердi орындау рәсiмi басталады;
5) қарыз алушы - кредитор кредит берген жеке тұлға;
6) кредит - қарыз, яғни жоғары оқу орнында оқуға ақы төлеу үшiн мақсатты пайдалану, жеделділік, төлемдiк, қайтарымдылық шарттарында кредитор қарыз алушыға беретiн ақша;
7) кредитор - қарыз операцияларын жүргiзуге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегі уәкiлетті органның лицензиясы бар екiншi деңгейдегі банк;
8) кепiлдiк беру жоспары - қарыз алушылар үшiн Қаржы орталығы айқындаған өлшемдерге байланысты кредиттер бойынша кепiлдiктер мөлшерiн белгiлейтiн, бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi жариялануға жататын Қаржы орталығы бекiткен тарифтік кесте.
3-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 30.06.2006. № 619 қаулысымен (19.07.2005 жылғы редакцияны қараңыз).(қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
2-тарау. Қаржы орталығы, кредиторлар мен қарыз алушылардың өзара қарым-қатынасы