• Мое избранное
Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 01.12.2016 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 маусымдағы № 682 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2016 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ҚР Үкіметінің 21.11.2016 жылғы № 714 Қаулысына сәйкес
«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабының 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2011 жылғы 21 маусымдағы
 № 682 қаулысымен
 бекітілген
Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасында темір жол көлігімен жүк тасымалдауды ұйымдастыру тәртібі мен шарттарын белгілейді.
2. Қазақстан Республикасы арқылы халықаралық және транзиттік қатынаста темір жол көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Қағидада көзделмеген жүктерді тиеу және бекітудің техникалық нормалары, сұйық жүктерді құйма түрінде, қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібі мен шарттары Темір жол ынтымақтастығы ұйымының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына (ТМД) қатысушы елдер мен Латвия Республикасының, Литва Республикасының, Эстония Республикасының темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің шеңберінде қабылданған халықаралық келісімдерде (шарттарда) және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын өзге де халықаралық келісімдерде (шарттарда) белгіленеді. 
4. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жоспардан тыс тасымалдау - ағымдағы ай ішінде түскен өтінім бойынша негізгі жоспарда көзделмеген жүк тасымалдау;
2) кірме жол мен түйісу станциясы жұмысының бірыңғай технологиялық үдерісі (БТП) - кірме жол мен түйісу станциясының өзара әрекет ету шарттарын анықтайтын технологиялық акт, ол ұйымның меншікті локомотив қызмет көрсететін және орташа тәуліктік жүк айналымы 50 және одан көп вагоннан тұратын кірме жолы үшін әзірленеді;
3) мүкәммал вагон (контейнер) - ТМД елдері, Латвия, Литва және Эстония темір жол әкімшілігінде темір жол әкімшілігінің ақпараттық-есептеу орталығының автоматтандырылған дерекқорында тіркелген жүк вагоны (контейнері);
4) айналмалы маршрут - бір жөнелтуші біртекті жүк тиеген бір жөнелту станциясынан бір жүк алушының атына бір станцияға тағайындалған және жүк түсіргеннен кейін бос вагондар бастапқы станцияға жүз пайыз қайтарылатын бір жүк құжатымен ресімделген белгіленген салмақтағы және ұзындықтағы поезд құрамы;
5) маршрут - жүк жөнелтуші кірме жолда немесе темір жол станциясында құрастырған белгіленген салмақтағы немесе ұзындықтағы поезд құрамы;
6) тасымалдаудың негізгі жоспары - алдағы айға тасымалдаушы қабылдаған және келіскен жүкті тасымалдауға өтінім (жоспар);
7) реттеуші тапсырма - түсіруден бос вагондарды беру және тиеуге бос вагондарды қабылдауға, сондай-ақ жылжымалы құрамды пайдаланудың сапалы көрсеткіштерін қамтамасыз етуге және вагондарды (контейнерлерді) станциялар бойынша тең бөлуге арналған станция тапсырмасы;
8) қосарланған жүк операциясы - жүк алушының өзі түсірген вагонды, контейнерді жүк тиеуге пайдалануы;
9) жалғама жол - станциялардың парктерін немесе станцияны кірме жолдармен қосатын арнайы тағайындалған темір жол;
10) мамандандырылған контейнерлер - арнайы конструкциясы бар сусыма, сұйық, тез бүлінетін, қауіпті және басқа да жүктің жекелеген түрлеріне арналған контейнерлер;
11) тиеу, түсіру (жүктен босату) мерзімдері (технологиялық уақыт) - жалпы пайдалану орындары мен кірме жолдарда дайындау, қосалқы және қорытынды операцияларға жұмсалған уақыт шығынын есепке ала отырып, жүктерді механикаландырған немесе механикаландырылмаған тәсілдермен тиеуді және түсіруді орындауға жұмсалатын уақыт (бұдан әрі - техникалық уақыт);
12) ҚКК тақтайшасы - «Қауіпсіз контейнерлер жөніндегі халықаралық конвенцияда» (ҚКК) белгіленген, әмбебап контейнерді жасағанда немесе күрделі жөндегенде міндетті түрде есігіне бекітілген және оны пайдалану қауіпсіздігін куәландыратын тақтайша;
13) кедендік тақтайша (КБК) - контейнерге бекітілген және оның жүктерді кедендік бақылаумен тасымалдауға жарамдылығын растайтын белгілі бір мөлшердегі және мазмұндағы тікбұрышты металл пластина;
14) көліктік пакет - әмбебап, арнайы біржолғы пайдаланылатын немесе табандықпен немесе табандықсыз көп айналымдық пакет құралдардың көмегімен өзара бекітілетін ыдыстағы (жәшіктердегі, қаптардағы, бөшкелердегі, мамандандырылған контейнерлердегі) немесе ыдыссыз жүктің жекелеген орындарынан қалыптастырылған ірілендірілген жүк орны;
15) әмбебап контейнер - жүкті орналастыруға арналған ішкі көлемі бар көп рет қолданылатын, бір немесе бірнеше көлік түрімен жүк тасымалының сақталуын қамтамасыз ететін, брутто массасы, габаритті мөлшері, конструкциясы және таңбалануы бойынша стандартты және механикаландырылған тиеу, түсіру (жүкті босату) және қайта тиеуге арналған конструкциясы бар, жүктердің кең номенклатурасын тасымалдауға пайдаланылатын көлік жабдығының біріздендірілген жүк бірлігі;
16) әмбебап орташа тонналық контейнер - тиісінше ең жоғарғы рұқсат етілген брутто массасы 3 және 5 тонна, сыйымдылығы 5 және 11 текше метр, тиісінше 3-тен және 5-тен басталатын тоғыз мәнді нөмірі бар әмбебап контейнер;
17) әмбебап ірі тонналық контейнер - брутто массасы 10 және одан көп тонна және ұзындығы 10 және одан көп ағылшын футы болатын, ИСО стандартына сәйкес келетін таңбалау коды бар және Контейнерлер жөніндегі халықаралық бюрода (ВІС) тіркелген әмбебап контейнер;
18) тасымалдардың электрондық дерегі (бұдан әрі - ТЭД) - компьютердің жадында болатын және құжаттармен электрондық алмасу және жүкті тасымалдау мен ілесіп жүруге қатысты хабарламаларды жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін деректер жиынтығы;
19) деректермен электрондық алмасу (бұдан әрі - ДЭА) - ақпараттық желілерді, бағдарламалық және техникалық құралдарды қолдану арқылы тараптар келіскен деректерді тапсыру хаттамаларының негізінде жүргізілетін жүк тасымалдары мәселелері бойынша деректермен (құжаттармен, хабарлармен) алмасу;
20) тиеу және түсіру орындары - жүк операцияларын жүргізуге және жүктерді сақтауға ашық станциялардағы жүктерді тиеуге және түсіруді орындауға арналған жол, қоймалар, алаңдар, платформалар;
21) өз осіндегі жүк - тасымалдау төлемақысы төленген толық тасымалдау құжаты бойынша бос түрде жөнелтілген жылжымалы құрам; 
22) меншік вагон (контейнер) - көлік құралы (жабдығы) ретінде берілетін және тиісті нөмірленуі (префиксі) бар меншік құқығы немесе басқа заңды негізде жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі жүк вагоны (контейнері);
23) тікелей аралас қатынастағы тасымалдау - тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылар санына қарамастан, бүкіл тасымалдауға бірыңғай тасымалдау құжатын толтыру арқылы ұйымдастырылған екі және одан көп көлік түрімен жүргізілетін жүкті тасымалдау.
5. Осы Қағидада пайдаланылатын өзге ұғымдар Заңда белгіленген мәндерде қолданылады.
6. Жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру үшін тасымалдаушы мен жүкті жөнелтуші арасында тасымалдау шарты жасалады, ол бойынша тасымалдаушы өзіне жүк жөнелтуші сеніп тапсырған жүкті уақтылы және сақтаулы түрде жөнелту станциясынан жеткізу станциясына дейін жеткізіп, жүк алушыға тапсыруға міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші (жүк қабылдаушы) жүк тасымалдауға ақы төлеуге және оны қабылдауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Жүктерді тасымалдау шарты темір жол көлік жүкқұжатын жасаумен ресімделеді.
Жүк тасымалдау шарты жүк жөнелтушіге жөнелту станциясының темір жол көлігі жүк құжатына күнтізбелік мөртаңба қойылып, жүктің қабылданғаны туралы түбіртек берілген және жүкті тасымалдауға қабылдау туралы қабылдау-тапсыру құжаттарына (вагондарды беру-алу ведомосі, жаднама, натурлық парақ) кол қойылған сәттен бастап жасалды деп есептеледі.
Тасымалдау шарты жүк алушы немесе уәкілеттік берілген адам темір жол көлігі жүкқұжатын алғаннан кейін және жол ведомосына, сондай-ақ жүкті қабылдау туралы қабылдау-тапсыру актісіне қол қойғаннан кейін орындалды деп есептеледі.
7. Тасымалдау үдерісін орталықтан басқаруды және ұйымдастыруды, жүк тасымалдаушыларға магистральдық темір жол желісінің қызметтерін көрсетуді магистральдық темір жол желісі операторы жүзеге асырады.
8. Тасымалдаушы жүк тасымалдау бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін магистральдық темір жол желісінің операторы көрсететін магистральдық темір жол желісі қызметтерін қолданады.
9. Магистральдық темір жол желісінің операторы темір жол көлігінде техникалық құралдарды тиімді пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын негізге ала отырып, магистральдық темір жол желісі бойынша жылжымалы құрамның өткізілуін қамтамасыз етеді, тасымалдау үдерісін үйлестіруді, орталықтан басқаруды және ұйымдастыруды жүзеге асырады.
10. Жүк жөнелтуші, жүк қабылдаушы жүкті тасымалдаумен байланысты жұмыстарды орындау үшін тармақ иеленушісінің, тасымалдаушының, экспедитордың, жылжымалы құрам иесінің және басқа да адамдардың қызметтерін шарт негізінде қозғалыстың, техникалық құралдар мен жылжымалы құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шартымен пайдаланылады.
11. Вагон (контейнерлер) операторы тасымалдау үдерісінде қатысушыларды шарт негізінде вагондармен (контейнерлермен) қамтамасыз ету бойынша, вагондар (контейнерлер) қозғалысын бөлу және басқаруы бойынша қызметтер көрсетеді, сондай-ақ тасымалдаушымен шарт негізінде вагон (контейнер) операторы қызметтерін көрсету жолымен тасымалдау үдерісіне қатысады.
12. Тасымалдау үдерісіне қатысушылар темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігі бойынша талаптарды сақтау мақсатында өз қызметкерлерінің қажетті кәсіби даярлығын қамтамасыз етеді, қозғалыс қауіпсіздігімен және еңбекті қорғаудың ерекше шарттарымен байланысты жұмыстарды орындауға адамдарға рұқсат берілуін бақылауды жүзеге асырады.
13. Кірме жолдар, олардың құрылыстары және құрылғылары жүктердің бірқалыпты тиелуін, түсірілуін (босатылуын), жүк айналымына сәйкес маневрлік жұмысты, сондай-ақ жылжымалы құрамның ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс.
14. Тасымалдаушының, жүк тасымалдаумен байланысты қызметтерді ұйымдастыру және/немесе орындау үшін тартылатын, тасымалдау үдерісіне қатысушылардың және өзге де адамдардың қызметтерінің құнын жүк тасымалдау шартының тараптары белгілейді.
15. Магистральдық темір жол желісі бойынша жүкті тасымалдауды жүктерді жөнелтушінің жүк тасымалдауға қабылданған өтінімі негізінде тасымалдаушы жүзеге асырады.
16. Тасымалдаушылар жүк жөнелтушілердің өтінімдері негізінде жүктерді тасымалдау жоспарын жасайды және магистральдық темір жол желісі операторына олардың поездарын қозғалыс кестесіне енгізуге өтінім береді.