• Мое избранное
Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 02.07.2015 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 маусымдағы № 740 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 2 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің 23.06.2015 жылғы № 475 Қаулысына сәйкес
«Электр энергиясының көтерме нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 20.02.2015 жылғы № 106 бұйрығын қараңыз
Редакция 23.07.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                       К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2012 жылғы 4 маусымдағы
 № 740 қаулысымен
 бекітілген
Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалануға әзірлікте ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
2) Қазақстан Республикасының электр энергиясы көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімі – есепті кезеңде электр энергиясының теңгерімді нарығында орталықсыздандырылған және орталықтандырылған сауда нарықтарында өндірілген, жеткізілген және тұтынылған электр энергиясы көлемдерін атаулы бөлуді белгілейтін жүйелік оператор жасаған құжат. Нақты теңгерім Қазақстан Республикасының электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілері арасында өзара есеп айырысуды жүргізуге негіз болып табылады;
3) уәкiлеттi орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
4) электр қуатын реттеу – электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектісінің нақты электр жүктемесінің тәуліктік кестеде жоспарланып немесе жоспарланбай айырбас электр энергиясының нөлдік сальдосы сақталған жағдайда мәлімделген электр жүктемесінен ауытқуларының орнын толтыру жөнінде көрсетілетін қызмет;
5) электр энергиясын беру – энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес көрсететін қызметі;
6) электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілері – энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелік оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда нарығының операторы;
7) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы – электр энергиясының спот-сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
8) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы – электр энергиясын қысқа мерзiмдi («операциялық тәулік ішінде» спот-сауда-саттық және «бір күн бұрын» режимінде), орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) негiзде сатып алу-сату үшiн ұйымдастырылған сауда алаңы;
9) электр энергиясын сатып алу-сату шарты – белгiлi бiр кезеңде оларды нақты жеткiзе отырып, электр энергиясының шарттық көлемiн сатып алуға/сатуға арналған электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiлерi арасында жасалатын келiсiм;
10) электр энергиясының транзитi – электр энергиясын басқа елдің энергия жүйесiнен беру үшiн бiр немесе бiрнеше шектес елдердiң электр желiлерiн пайдалану жөнiндегi қызметтер;
11) электр энергиясының көтерме сауда нарығы – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы шарттар негізінде жұмыс істейтін электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қатынастар жүйесі.
3. Қазақстан Республикасында электр энергиясының көтерме сауда нарығы      электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы шарттар негізінде жұмыс істейтін электр энергиясын сатып алу-сатумен байланысты қатынастар жүйесін білдіреді және мынадай өзара байланысты жұмыс істейтін нарықтардан тұрады:
1) электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығы;
2) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы;
3) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы;
4) жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығы.
2. Электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу тәртібі
4. Электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысу үшін электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері ұлттық электр желісіне қол жеткізуге негіз болатын сәйкестік шарттарын орындаған кезде рұқсат беріледі.
5. Энергия өндіруші ұйымдар мынадай шарттарды орындаған кезде электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысады:
1) Қазақстан Республикасының лицензиялау саласындағы заңнамада көзделген тәртiппен лицензиясының болуы;
2) электр энергиясының көтерме сауда нарығына кемiнде 1 мегаватт (бұдан әрi – МВт) көлемінде орташа тәулiктiк (базалық) қуат жеткізу (орта жылдық қуатты жаңартылған энергия көздері үшін) және коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелерiнiң, жүйелiк операторда белгiленген жүйелермен оларды бiріздендіруді қамтамасыз ететiн телекоммуникациялардың болуы;
3) ұлттық және қажет болған жағдайда өңірлік электр желiлерiне рұқсатының болуы.
6. Энергия өндіруші ұйымдарға ұлттық электр желісіне және/немесе өңірлік электр желісіне жүйелiк оператормен мынадай:
1) Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру/тұтыну режимдерiн техникалық диспетчерлендiру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған;
2) Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру/тұтыну теңгерiмдерiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметтерді көрсетуге арналған;
3) теңгерімді электр энергиясын сатып алуға/сатуға арналған шарттары болған кезде рұқсат берiледi.
7. Электр энергиясының тұтынушылары, оның ішінде энергия беруші ұйымдар мынадай шарттарды орындаған кезде көтерме сауда нарығына қатысады:
1) электр энергиясының көтерме сауда нарығына кемiнде 1 МВт көлемінде орташа тәулiктiк (базалық) қуат сатып алу және коммерциялықесепке алудың автоматтандырылған жүйелерiнiң, жүйелiк операторда белгiленген жүйелермен оларды бiріздендіруді қамтамасыз ететiн телекоммуникациялардың, қажет болған жағдайда өңірлік электр желілік компанияның болуы;
2) ұлттық және қажет болған жағдайда өңірлік электр желiлерiне рұқсатының болуы.
8. Электр энергиясының тұтынушыларына, оның ішінде энергия беруші ұйымдарға ұлттық электр желісіне мынадай:
1) жүйелiк оператормен:
ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған;
импортталатын электр энергиясын техникалық диспетчерлендiру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған (электр энергиясының импортын жүзеге асырған жағдайда);
Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру/тұтыну теңгерiмдерiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметтерді көрсетуге арналған;
теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алуға/сатуға арналған шарттары;
2) энергия беруші ұйыммен, оның ішінде желілеріне электр энергиясын тұтынушы қосылған өңірлік деңгейдегі энергия желілерін пайдаланатын ұйыммен беру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шарты болған кезде рұқсат берiледi.
9. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мынадай шарттарды орындаған кезде электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметін жүзеге асырады:
1) энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу құқығына арналған лицензиясының болуы;
2) электр энергиясының көтерме сауда нарығынан кемiнде 1 МВт көлемінде орташа тәулiктiк (базалық) қуат жеткізу/тұтыну бойынша талаптарды орындау;
3) ұлттық және қажет болған жағдайда өңірлік электр желiлерiне рұқсатының болуы.
10. Ұлттық электр желісіне энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға мыналар:
1) жүйелiк оператормен:
ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған;
импортталатын электр энергиясын техникалық диспетчерлендiру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған (электр энергиясы импортын жүзеге асырған жағдайда);
Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру/тұтыну теңгерiмдерiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметтерді көрсетуге арналған;
теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алуға/сатуға арналған шарттары;
2) энергия беруші ұйыммен, оның ішінде желілеріне электр энергиясын тұтынушы қосылған өңірлік деңгейдегі энергия желілерін пайдаланатын ұйыммен беру бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шарты болған кезде рұқсат берiледi.
1. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуы
11. Энергия өндіруші ұйымдар азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған шарттар негізінде электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілеріне өндірілген электр энергиясын сатуды жүзеге асырады.
12. Электр энергиясының көтерме сауда нарығында өз қызметiн жүзеге асыру үдерiсiнде энергия өндіруші ұйымдар:
1) жүйелiк оператормен бiрлесіп, Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде стандарттық жиiлiктi реттеудi және ұстап тұруды жүзеге асырады;
2) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторына электр энергиясының орталықсыздандырылған және орталықтандырылған нарығында жасалған электр энергиясын сатып алу-сату шарттары жөніндегі ақпаратты қоса алғанда, Қазақстанның электр энергиясының нарығына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты бередi;
3) қуат резервтерін ұстауды, көлемін, құрылымын және жасалған шарттар негізінде жүйелік оператор айқындаған олардың орналасуын қамтамасыз етеді;
4) диспетчерлік технологиялық басқару құралдарының, оның ішінде жүйелік оператордың жедел-ақпараттық кешенімен біріздендірілген жүйелік оператордың диспетчерлік орталықтарымен диспетчерлік басқарудың жедел-ақпараттық кешенімен байланыс құралдарының болуын қамтамасыз етеді;
5) жүйелік операторға және өңірлік электр желілері компаниясына электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына кедергісіз қол жеткізуге рұқсат береді.
2. Тұтынушылардың электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуы
13. Электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясының көтерме сауда нарығында азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған шарттар негізінде электр энергиясын сатып алады.
14. Электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) электр энергиясын сатып алу-сату шартымен айқындалған электр тұтыну режимдерін сақтайды;
2) тұтынушының меншігінде тұрған электр және энергия құрылғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарының тиісті техникалық жай-күйін растайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың техникалық жай-күйіне қойылатын талаптарды орындайды;
3) коммерциялық аспаптардың өлшем деректерін белгіленген мерзімде береді;
4) жүйелік операторға және өңірлік электр желілері компаниясына электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарына кедергісіз қол жеткізуге рұқсат береді;
5) диспетчерлік технологиялық басқару құралдарының, оның ішінде жүйелік оператордың жедел-ақпараттық кешенімен және өңірлік электр желілік компаниямен біріздендірілген жүйелік оператордың диспетчерлік орталықтарымен және өңірлік электр желілік компаниялармен байланыс құралдарының болуын немесе басқа диспетчерлік орталықпен жедел- диспетчерлік өзара іс-қимыл жасау жөнінде өкілеттік беру туралы құжаттың болуын қамтамасыз етеді;
6) өкілетті диспетчерлік орталықпен қосылған телеметрикалық ақпаратты жинақтау және беру жүйесінің болуын қамтамасыз етеді;
7) электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша өзінің контрагенттеріне және жүйелік операторға электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының талаптарының өзгергені туралы уақтылы ескертеді;
8) шарттар талаптарын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес орындайды;
9) электр энергиясын сатып алуға арналған шарттары жоқ электр энергетикасын тұтынушылары ұлттық және (немесе) өңірлік электр желілерден бас тартуға жатады.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуы
15. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған шарттар негізінде тиісті шекті, есептік немесе жеке тарифтерді есепке ала отырып, өз тұтынушыларын энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
16. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) жүйелік операторға және (немесе) өңірлік электр желілік компанияға қызмет көрсететін тұтынушылардың электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарына кедергісіз қол жеткізуге рұқсат береді;
2) тиісті диспетчерлік орталықпен немесе өңірлік электр желілік компания пунктімен диспетчерлеу бойынша қызметтер көрсету туралы шарттың болуын қамтамасыз етеді;
3) электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша өзінің контрагенттеріне, жүйелік операторға және (немесе) өңірлік электр желілік ұйымдарын электр энергияны сатып алу-сату шарттарының талаптарын өзгерту туралы уақтылы ескертеді;
4) шарттар талаптарын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес орындайды.
17. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясын сатып алуға арналған шарттары болмаған кезде бөлшек сауда тұтынушылары кепілдендірілген электр энергия жеткізушісіне белгіленген тәртіппен беруге жатады.
4. Энергия беруші ұйымдардың электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуы
18. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетеді, азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған шарттар негізінде электр энергиясына және шаруашылық мұқтаждыққа жұмсалатын технологиялық шығыстарды өтеу үшін электр энергиясын сатып алады.
19. Өңірлік электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілейтін тарифтер бойынша өңірлік электр желілері, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға қосылған электр энергия тұтынушыларына көрсетіледі.
20. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының көтерме сауда нарығында өз қызметтерін жүзеге асыру кезінде:
1) белгіленген электр энергиясының сенімділік  нормаларына және сапа стандарттарына сәйкес өңірлік электр желілері бойынша электр энергиясын беруді жүзеге асырады;
2) өңірлік электр желілеріне қол жеткізу үшін тең шарттарды қамтамасыз етеді;
3) өңірлік электр желісінің пайдалануға әзірлігін қолдауды және оған техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді;
4) өңірлік электр желілерінің тұрақты және сенімді жұмысын, жедел басқару (іске қосу) аймағына кіретін энергетика объектілерінде аварияның алдын алу, оқшаулау және жою бойынша шараларды уақтылы қабылдауды қамтамасыз етеді;
5) жүйе операторымен бірге ұлттық стандарттарда және өзге де стандарттау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес берілетін электр энергиясының сапасын қамтамасыз етеді;
5-тармақша өзгертілді ҚР Үкіметінің 23.07.2013 жылғы № 735 Қаулысымен (04.06.2012 ж. редакцияны қараңыз)
6) өңірлік электр желілері шекарасында келісілген есепке алу нүктелерінде электр энергиясын коммерциялық есепке алуды жүзеге асырады;
7) Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр энергиясын өндiру/тұтыну режимдерiн жедел диспетчерлiк басқару үдерісінде жүйелiк оператормен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
8) ұлттық және өңiрлiк электр желісінің бөлiну шекараларындағы коммерциялық есепке алудың келiсiлген нүктелерiнде электр энергиясының меншікті теңгерiмсiздiктерiн жүйелiк оператормен қаржылық реттеуді жүзеге асырады;
9) меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан, электр энергиясының көтерме сауда нарығының барлық субъектілерінен электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алады және сапасын бақылауды жүзеге асырады.
5. Жүйелік оператордың және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуы
21. Жүйелік оператор  Заңға, Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы қызмет көрсету нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуі қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысады.
22. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы орталықтандырылған сауданы ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметтерді көрсетеді.
23. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы:
1) сауда жүйесiнің электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүргiзуге тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз етеді және ұстайды;
2) көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң коммерциялық тәуекелдерiн барынша төмендету мақсатында электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында кепiлдіктер мен есеп айырысудың орталықтандырылған жүйесiн ұйымдастырады;
3) электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысушыларды сауда жүйесiмен жұмыс істеуге оқытады;
4) орталықтандырылған сауда-саттықтарда жасалған мәмiлелердiң орындалу мониторингін жүзеге асырады;
5) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiлерiн орталықтандырылған сауда-саттықтарда қалыптасқан электр энергиясына арналған индикативтік бағалар жөніндегі ақпаратпен және басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етеді.
6. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының жұмыс істеуі
24. Электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығында көтерме сауда нарығының субъектiлерi электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын өз еркімен жасайды. Электр энергиясын жеткізудің көлемдері мен мерзімдері шарт талаптарымен айқындалады.
25. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сату жөніндегі шарттар мен мәмілелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы жүргізетін орталықтандырылған сауда-саттық нәтижелері бойынша жасалады.
26. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң орталықтандырылған сауда-саттықтарға қатысуы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ерiктi негізде және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторымен жасалатын қатысу шартының негізінде жүзеге асырылады.
27. Электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығында және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сату шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жасалады, сондай-ақ мынадай талаптарды көздейді:
1) тараптармен келiсiлген электр энергиясын жеткізу режимінің сағаттық тәулiктiк (маусымдық) өзгеру кестесi;
2) электр энергиясын тұтынушылар мен энергия өндiрушi ұйымдарды электр энергиясының шарттық көлемдерiн торапқа босату мен тораптан қабылдауды табиғи және коммерциялық есепке алу нүктелерiн көрсету;
3) авариялық бұзушылықтар туындаған жағдайда электр энергиясын жеткізу талаптары (резервтеу тәртібі);
4) электр энергиясына сатып алушы уақтылы ақы төлемеген жағдайда электр энергиясының босатылуын шектеу және (немесе) тоқтату тәртiбi.
28. Электр энергиясын шектес мемлекеттерге жеткізуді/сатып алуды, шектес мемлекеттердің электр желілері бойынша электр энергиясын беруді немесе транзиттеуді көздейтін электр энергиясын сатып алу-сату шарттары жүйелік оператормен техникалық іске асыру бөлігінде келісуге жатады.
29. Электр энергиясының экспортына және (немесе) импортына арналған мәмiлелер бойынша электр энергиясының көтерме сауда нарығында туындайтын қатынастар тиiстi шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық келiсiмдерде көзделген тәртiппен реттеледi.
30. Электр энергиясының экспорты мен импорты, егер қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын, ратификацияланған халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, кеден заңнамасының талаптарын орындау шартымен жүзеге асырылады.
31. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жасалған шарттар негізінде жүйелік операторға алдағы тәулікке электр энергиясын жеткізу-тұтыну өтінімдерін жібереді.
32. Жүйелік оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің өтінімі негізінде тәулік кестені қалыптастырады және бекітеді.
33. Электр энергиясын жеткізу-тұтыну жүйелік оператор бекіткен, келісілген түзетулерді ескере отырып, тәулік кестесінде көрсетілген электр энергиясын жеткізудің-тұтынудың мәлімделген көлемдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
34. Электр энергиясының теңгерімді нарығы Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы және қуат теңгерімін ұстау үшін жүйелік оператордың құралы болып табылады.
35. Жүйелiк оператор шектес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосының шарттық мәндерiн қамтамасыз етеді және электр энергиясының мемлекетаралық теңгерiмсiздiктерiн реттейді. Мемлекетаралық теңгерiмсiздiктердi реттеуді жүйелік оператор тиісті шарттарда, қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық келісімдерде көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
36. Жүйелік және қосалқы қызметтер нарығы электр энергиясын және қуатты беру, бөлу, диспетчерлеу, реттеу және резервтеу жөніндегі қызметтерді қамтиды, электр энергиясын өндіру, беру, тұтыну ерекшеліктерімен негізделген және белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыс істейді. Жүйелік және қосалқы қызметтерді тиісті қызметтерді көрсетуге жасалған шарттар негізінде электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері көрсетеді және алады.
37. Электр энергиясының көтерме сауда нарығына нақты жеткізілгені және тұтынылғаны үшін өзара есеп айырысулар Қазақстан Республикасының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты теңгерімінде көрсетілген, есептік күнтізбелік айдың нәтижесі бойынша жүйелік оператор жасаған электр энергиясы көлемінің мәндеріне сәйкес жүзеге асырылады.