• Мое избранное
Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 1999 жылғы 15 желтоқсан

Қадірменді отандастарым!
Әрбір буынның өзі өмір сүрген уақытты өзекті кезең санайтыны бар. Дегенмен, мыңжылдықтар межесінде ғұмыр кешуді тарих тек біздің буынның ғана маңдайына жазыпты. Бұл бүгінгі буынның басына қонған бақ қана емес, сонымен қатар оның басына түскен уайымы да, бұл бізге берілген мүмкіндік қана емес, сонымен бірге бізге төнген қатер де. Соңғы он жылдың ішінде біз бастан кешкен уақиғалардың шиыршық атып тұрғандығы, күнделікті өмірдің уайым-қайғысы мен қауіп-қатерінің шығынға шыққандығы сондай, кей-кейде көне тарихтың бел-белестері де, келешектің көкжиегі де көмескіленіп кете береді. Сонда да жүріп өткен жолымызды еске алып, таяу болашаққа ой көзімен үңілетін сәттеріміз де болып тұруға тиіс. "Өзіңнің өткеніңді ұмытсаң, ол болашақта алдыңа келеді" деген ғибратты сөз бар. 
1. Тарих және тәуелсіздік
Осыдан мың жарым жылдай бұрын ұлан-байтақ Еуразия даласының нақ кіндігінде көне түріктердің ұлы империясы дүниеге келді, ол империя кейін мына шеті Қытайдан басталып, ана шеті Византияға тіреліп жатқан алып кеңістікті бағындырып алған қуатты мемлекеттік бірлестіктерге айналды. Сол уақыттардан бері біздің бабаларымыз Солтүстік Еуразияның төсінде, тұрақ-мекенін ауыстырмай ғұмыр кешіп келді, қазір біз де тап сол өңірде өмір сүріп жатырмыз.  
Екінші мыңжылдықтың бас жағында даламыз моңғол көшпенділерінің шапқыншылығына ұшырап, аса жойқын апатқа тап болмағанда Қазақстанның тарихы басқаша түзілер еді. Алайда, тарих болжам жасап, бал аша бергенді мойындай қоймайды, сондай-ақ ақ-қара деп қана айыра салғанды да құп көрмейді. Моңғолдардың шағын қолы жергілікті халыққа араласып, сіңсіп кетті, одан кейінгі Алтын Орданың, Ақ Орданың, Көк Орданың тарихы, шынтуайтына келгенде, түрік халықтарының тарихы болып табылады.  
Он бесінші ғасырда алғашқы қазақ хандығының құрылуы халықтың тарих төсіндегі, уақыт кеңістігіндегі өзіне тиісті бөлекше орынды алып тынғанын тиянақтады. Ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібек оны саяси тұрғыдан бедерлеп берді. Ұлттық тарихымыздың соңғы бес ғасыры халқымыздың өмір сүретін кеңістік үшін арпалысының тарихы болып табылады. Біз өзіміздің өткендегі өмірімізге кілең бір кездейсоқ оқиғалар тізбегі деп қарамауымыз керек. Шұғыл өркендеп кеткен еуропа мен дами түскен Қытай XVI-XVII ғасырлардың өзінде көшпелі халықтардың мүмкіндіктерін күрт кемітіп, олардың бойындағы күш-қуатын бір-бірін жойып жіберуге жұмсатып қойды. Қазақтар мен жоңғарлардың трагедиясы осылайша басталды. Ұлттың бойындағы қуат кернеуінің күштілігі сондай, біз сол "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға" да төтеп бере алдық, сөйтіп жеңіп шықтық. Бір болсақ бізді алар жау жоқ деген қарапайым ғана, қарапайым да болса мәңгілік ақиқат ойға да сол тұста ден қойғанбыз. Елді қос өкпеден қысқан құрсаудан халықтың басын қосқан айбынды ханымыз Абылайдың сөзі мен семсері құтқарып қалатыны да сол тұста болатын. Алайда, ол жеңістің қызығын ұзақ көре алған жоқпыз. Біз тарихи тұрғыдан көштен қалып қойған халыққа айнала бастадық.  
Ресей империясының құрамында болған кезіміз көшпеліктің тарихтағы бағы баянды еместігіне көз жеткізді. Абылай ханның немересі Кенесарының қияпатты тұлғасы, тәуелсіздік үшін арпалысқан басқа да ерлердің бейнесі біздің жадымызда жатталып қалады. Бұл трагедияның түйіні ержүрек номадтардан уақыттың өзі бетін бұрып алғанында болатын.  
Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында біздің сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халықты әлемдік айдынға алып шығуға нақты мүмкіндік туды. Ол мүмкіндікті туғызғандар "Алаштың" ардақты азаматтары еді. Алайда, енді басқа трагедия - тоталитаризм трагедиясы алдан шығып, тарихымыздың жүз жылға жуық белесін жапты да тастады. Тікелей немесе жанама шығындардың кесірінен тек қазақтардың өзі айналасы бірнеше жылда халықтың 40 проценттейінен айырылып шыға келді. Ондаған миллион орыстар, украиндықтар, еврейлер опат болды... Тоталитаризм ұлтқа қарап жатпайды. Этностың басына түскен осынау ақырзаманда ешқандай ұлттың кінәсі жоқ екенін, мұның өзі сол жүйенің табиғатынан туындағанын түсінетін шақ жетті. Ол Жүйе тіпті тұяқ серпитін сәтінде де Алматының алаңында жігіттер мен қыздардың қанына қол батырып қалудан шіміріккен жоқ...  
Ұзақ жылдар бойы халықтың бойындағы қуат дамуға емес, өлместің күнін кешуге жұмсалып жатты. Біз жаңа жүзжылдықтың табалдырығына қилы-қилы мұраны арқалап жеттік, сонымен бірге ұлттық тарихта бізге дейін ешқандай ұрпақтың қолына тимеген мүмкіндікті де ала келдік. Қияметті де қияпатты соңғы онжылдықта бұған дейінгі жүздеген ұрпақтардың қолы жетпегенге қол жеткіздік: тәуелсіз мемлекет құра алдық. Бізді енді ешқандай тарих желі жер бетінен жойып жібермейтіндігінің басты кепілі міне осы. 
2. XXI ғасырдың салар сынағы
"Қатып-семіп қалған уақыттың" құшағына қайта түспес үшін біз нақтылы ойлай білуіміз керек. Жиырма бірінші ғасырдағы Қазақстан - әлемдік экономикалық және саяси кеңістіктің бір бөлігі.  
Әлемнің басқа аймақтарындағы дағдарыс Қазақстанды да шарпып, шалдықтырып кеткен шақта біздің бәріміз де алапат ауқымдылықтың салмақ-салдарын сезіне алдық. Әлемнің бағыт-бағдары ұлттардың да бағыт-бағдары болып барады. Бүгінде оқшауланушылық саясаты, әсіресе, Қазақстан үшін жеңіліспен тең. Ұлт пен мемлекеттің аман қалуының жалғыз жолы - экономиканы ашық ұстау, әлемдегі қуатты экономикалық аймақтармен ықпалдаса араласып-құраласу.  
Айрықша жолды ойлап табуға тырысушылық экономикада ғана емес, саясатта да жарға жықпай қоймайды. Қазақстан әлемдік тенденцияларға қарсы тұра алмақ емес. Ашық қоғамды демократиясыз құруға болмайды. Бұл сапарда кідірістер де кездесер, алайда, қандай саяси қажеттілік талап етсе де, Қазақстанда кері шегінуге жол жоқ. Монархтардың, бас хатшылардың немесе президенттердің белден баса беретін кезі келмеске кетті.  
Алайда осынау міндеттердің бәрінің үдесінен шығу елдің қауіпсіздігіне келіп тіреледі. Сонан да жиырма бірінші ғасыр біздің алдымызға ауыр сынақ тосқалы тұр. Екінші дүние жүзілік соғыстан бері әлемде кем қойғанда 170 рет соғыс өрті тұтанды. Қазір де төрт құрылықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыс орын алып отыр.  
Көршілес жатқан елдердегі қарулы қақтығыстар және олардың Қазақстанға ауысу қауіпінің бар екендігі - таяудағы жылдарда біздің қауіпсіздігімізге салынар басты сынақ. Бұл - құр теория емес, нақты қатер. Бұл қатер босқындардың баса-көктеп еніп кетуінен де, Қазақстанды қарулы қақтығыстарға ұрындыру мақсатымен жасалатын арандатушылықтан да, ел территориясында террорлық әрекеттер жасаудан да, шекарадағы жағдайды ушықтырудан да көрініс табуы мүмкін.  
Жаңа ғасырдың басында саяси және діни экстремизмнің кеңінен таралуының қаупі де мұнан кем емес. Экстремизмнің неше атасы - өтіп бара жатқан ғасырдың қорқынышты "жаңалығы", оны ойда-жоқта шыға келген сұмдық деп қарауға болмайды. Оның бастау-бұлағы, себеп-салдары бар. Тек күш көрсетумен бұл мәселені шеше алмайсың. Күш көрсету күш көрсетуді туғызатыны тағы бар.  
Қазақстан есірткі тоқтаусыз тасымалданатын белдеуде жатыр. Орналасқан жеріне байланысты Қазақстан есірткі бизнесінің халықаралық құрылымдарының мүддесі үйлескен аймаққа айналған. Бұл мәселенің географиялық, экономикалық тұрғыдан қарағандағы өлшемдерінің маңыздылығын ескерумен қатар, есірткіге салынушылық пен есірткі бизнесімен күресті қазақстандықтардың өздерінің қолдауынсыз жүргізуге болмайтынын да түсінуге тиіспіз. Проблеманың ауқымын мемлекет қана емес, тұтастай алғанда қоғамның өзі де шамалауға міндетті.  
Өкімет билігін Конституцияға жат әдістермен тартып алуға шақыратын күштердің іс-қимылын қырағылықпен қадағалап отыруға тиіспіз. Ия, бәлкім, біз қателіктер жіберетін де шығармыз. Біздің уақытымызға әділ бағаны тек болашақтың тарихшылары ғана бере алады. Алайда, осындай өтпелі кезеңдердің бірінде айтылған "тозаққа барар жол да ізгі ниетпен төселген" деген ақиқат сөз де бар. Мемлекеттің айналасындағы жағдай қазіргідей өте нәзік те тұрлаусыз күйде тұрған кезде іштен іріп жату дегеніңіз дәп сол тозаққа барар жол болады да шығады. Осыны түсінгісі келген адам көршілеріміздің қайғылы халіне көз салса жетіп жатыр. Немесе өткенімізге көз жіберсін - ұлттың басы бірікпеген кездеріне мысал жетіп артылады. Мұндай қателіктерді біз қайталамақ емеспіз. Өзінің мемлекеттілігіне қол жеткізген халықтың тағдырын ешкімнің де, мейлі олар қандай ұранды бетперде етіп ұстаса да, тәлкегіне түсіріп қоя алмаймыз. 
3. Ауытқымалы дүниедегі қауіпсіздік
Ғасыр соңында қауіпсіздіктің бүкіл халықаралық жүйесінің тас-талқаны шығуға шақ қалды. Соғыста жеңіп шығу бейбітшілік қол жеткізуден жеңілірек деседі. Ұлттық егемендіктің мызғымастығы принциптеріне арқа сүйейтін халықаралық құқыққа негізделіп құрылған бейбітшілік "сыр бере" бастады. Таяудағы тарихтың "адамды адастырып жіберетін сипаты" бізді өзіміздің қауіпсіздігіміздің мәселесіне айрықша ықылас қоюға мәжбүр етеді.  
Тәуелсіздік алғалы бергі Ресей біз үшін көп көршінің бірі емес. Мына қарапайым жайды - алдағы ғасырда Ресеймен серіктестік қарым-қатынастарымыз біздің еліміздің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін міндетті шарттардың бірі болатынын түсінетін, мойындайтын шақ жетті.  
Өзінің мыңжылдық тарихында Қазақстан тұңғыш рет Қытаймен заңды түрде бекітілген шекараға ие болды. Ол шекара достық шекарасына айналды. Қытаймен тұрақты қарым-қатынас жасаудың Қазақстан үшін мән-маңызы ерекше. Осынау ұлы мемлекетпен қатынастарымызды "Шанхай бестігі" шеңберінде нығайта түсу планетаның осы бөлігіндегі аймақтық қауіпсіздіктің негізі болмақ.  
Қазірдің өзінде Қазақстандағы инвестицияның үштен бірі Америка Құрама Штаттарына тиесілі, Американың экономикасы мен саясатының Қазақстанға қатысын кеңейте түсу, демократиясы дамыған елдермен сан салалы байланыс жасау да біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің іргелі мәселесі.  
Орталық Азияның екінші мыңжылдықтағы тарихи құрлықтың орталығында орналасқан, әлемдік коммуникация жүйесіне шыға алмайтын халықтардың болашағы болмайтынын көрсетіп берді. Орталық Азиядағы барлық халықтардың тарихы, егер жекелеген жайларды алып тастар болсақ, біз әлемдік маңызы бар транспорт арнасы бола аламыз ба, әлде тағы да жолдың бір жиегінде қалып қоямыз ба деген басты мәселенің қалай шешілетініне байланысты. Расында да, "әміршілер келеді, кетеді, ал халықтар қала береді". Жаңа ғасырдың табалдырығында тұрғанда Орталық Азия мемлекеттерінің саяси ұмтылысы мәселесінен гөрі, қауіп-қатерін де, мүмкіндіктерін де ішіне бүгіп жатқан мына әлемде ел болып қалудың стратегиясы мәселесі әлдеқайда маңызды. Орталық Азия халықтарының бір-біріне сенімі мен өзара жақындаса түсуі біздің ортақ қауіпсіздігіміздің мүддесіне сай келеді.  
Тағдырға мойынсұнған құл күйінде өмірден өтеді деген сөз бар. Тағдырымыз қаншама күрделі күйде қалыптасса да, белсене әрекет етпейінше болашағымыздың баянды болмайтынын біз білеміз. Бұл арада әңгіме игі жемісін қазірдің өзінде көріп отырған біздің дипломатиямыздың белсенділігі жөнінде ғана емес. Біз ұлттық қауіпсіздіктің стратегиясын бекітіп алдық. 2000 жылдың басында жаңа әскери доктрина қабылданбақ, онда әскерді жеткілікті деңгейде қаржыландыру көзделетін болады. Ел басшылығы артық шу шығарып, дабыра жасамай-ақ саяси және діни экстремизмнің жолын кесудің нақты шараларын жүзеге асырды. Бұл бізге жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығына аспай-саспай қадам басуға мүмкіндік жасайды. Жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы ел болып табылатын Қазақстанның шекаралары, қандай экономикалық қиындықтарға да қарамастан, таяудағы жылдардың өзінде сенімді түрде бекітілетін болады.  
Дүниеде екі дүлей күш бар, оның бірі - уақыт, енді бірі - жағдаят деген сөздің осыдан екі ғасырдан бұрын айтылып жүргені тегін емес. Алда тұрған уақыт біздің тарихымыздағы онша оңай уақыт емес, жағдаят жақсы боп кетер деп үміт етудің де жөні жоқ.  
Уақыт деген зымиян, айтпай-ақ жетіп келеді. Жиырма бірінші ғасыр табалдырыққа тақап қалды деу аз, ол ғасыр біздің тереземізді тықылдатып тұр. Біз жаңа ғасырға өзімізді өзіміз алдарқатпай, бірақ сонда да барша қазақстандықтардың жағдайының тұрақтылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деген сеніммен қадам басқалы отырмыз.
* * *
Өткен тарихымыз бізге талай-талай тағылым қалдырды. Халық өзекті өртер өкінішті сәттерді бастан кешудей кешті. Ал бүгін қазақстандықтар өз тағдырына өздері ие болып отыр. Жаңа ғасыр келіп қалды. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемін. Бұл ғасыр біздің тарихымызға жасампаз іске толы, бейбіт өткен ғасыр болып енеді деп сенемін.