Toggle Dropdown
"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 52 Қаулысы
Редакция 28.12.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1236 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 31 қаңтардағы
№ 52 қаулысымен
бекітілген
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 – 2020 жылдарға арналған даму стратегиясы
1. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазіргі уақытта Қазақстанның аграрлық секторы ауыл шаруашылығы дақылдары шығымдылығының және ауыл шаруашылығы малдары өнімділігінің төмендігіне, ескірген технологияларды пайдалануға, қосылған құны төмен өнім шығаруға, сала субъектілерінің инновациялық белсенділігінің әлсіздігіне негізделген төмен еңбек өнімділігімен сипатталады. Сала тозығының деңгейі 80 пайызға (бұдан әрі – %) жететін ауыл шаруашылығы техникасын (бұдан әрі – ауылшартехникасы) жаңартуды қажет етеді. Ауылшартехникасының басым бөлігі 1991 жылға дейін шығарылған.
Республикада негізгі егістік алаңдары дәнді дақылдарға арналады, оның шамамен 85 %-ы немесе 13 миллион (бұдан әрі – млн.) гектарға (бұдан әрі – га) бидай егіледі. Бидай өндірісінің көлемі ұлттық тұтыну деңгейінен асады, ал артылып қалғаны қалыптасқан дүниежүзілік орташа бағамен экспортталады. Негізгі экспорттық өткізу нарықтары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері (бұдан әрі – ТМД), Еуропа Одағы, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері болып табылады. Сала Ресей мен Украина тарапынан бәсекелестіктің өсуі жағдайында дамуда. Экспорттың перспективалық бағыты Қытай Халық Республикасының нарығы болып табылады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің (бұдан әрі – АШТӨ) көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, күзгі кезеңде астықты кепілдендірілген өткізуді қамтамасыз ету, бірыңғай экспорттық саясатты әзірлеу және астықты сақтаудың және экспорттық аударып тасымалдаудың инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ) қатысуымен Бірыңғай астық холдингі құрылды.
Көкөніс, картоп, бақша дақылдарының отандық өндірісі халықтың қажеттілігін қанағаттандырады. Алайда жеміс, жүзім бойынша импортқа тәуелділіктің жоғары болуы байқалады.
Мал шаруашылығында ауыл шаруашылығы құралымдарында (бұдан әрі – ауылшарқұралымдары) мал басы барлық түрлерінің тұрақты өсімі байқалады. Алайда малдың әртүрлі түрлері бойынша асыл тұқымды мал басының үлес салмағының төмендігі, мал басының негізгі санының тұрғындардың шаруашылықтарында шоғырлануы, жоғары өнімді мал мен құстың тез өсуі үшін репродуктивтік базаның әлсіздігі саладағы өндірістің өсімін тежейді.
Генетикалық әлеуетті дамыту, малды бағу мен өсірудің қазіргі заманғы технологияларын енгізуді ынталандыру, жайылым жерлерді игеру әлемдік нарықта сұранысқа ие болатын экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі Кеден Одағы елдерінің өндірушілерімен бәсекелестіктің өсуімен сипатталады. Тамақ өнімдерінің отандық өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігіне өнеркәсіптік өңдеуге жарамсыз шикізаттың төмен сапасы, шикізатты дайындау және жеткізудің, шикізатты тасымалдау, сақтау және өткізу инфрақұрылымының дамымауы, ескірген жабдықтар, сауда желілерінің монополиялылығы, шикізатты маусымдық сатып алуға айналым қаражатының жетіспеушілігі, ішкі нарықта арзан сапасы нашар импорттық өнімдердің болуы кері әсерін тигізеді. Республикада нарықтарда ет-сүт, май өнімдерінің және жеміс-көкөніс консервілерінің импорттық өнімдері үлесінің жоғары болуы байқалады.
Жалпы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені (бұдан әрі – АӨК) соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісінің және негізгі өндірістік көрсеткіштердің өсімімен сипатталады.
Еңбек өнімділігінің, өсімдік шаруашылығындағы шығымдылықтың, мал шаруашылығындағы өнімділіктің әлемдік көрсеткіштермен салыстырғандағы төмен деңгейі, ұлан-байтақ ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы АӨК қарқынды дамыту үшін әлеует құрады.
Азық-түлікке әлемдік сұраныстың өсуі жағдайларында Қазақстанның АӨК іске асырылмаған әлеуеті ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу саласына инвестициялардың өсімі үшін аса маңызды ынталандырушы фактор болып табылады, ол Қазақстанға әлемдік жетекші азық-түлік өндірушілердің қатарына кіруге мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешеннің инновациялық дамуын талдау
Ауыл шаруашылығын табысты жүргізудің әлемдік тәжірибесін талдау ауыл шаруашылығы өндірісінің нәтижелерін жақсартуға инновацияларды енгізу есебінен қол жеткізілетінін көрсетеді. Бұл ретте инновациялық даму міндеттері инновацияларды меншікті зерттеу базасына шоғырландыру есебінен (АҚШ, Франция, Германия), шетелдік технологиялардың трансферті және бейімдеу есебінен (Аргентина, Австралия, Қытай) не алдыңғы екі тәсілді құрамдастыру, яғни меншікті ғылыми базаны (Бразилия, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония) бір мезгілде дамыта отырып, технологиялардың трансферті жолымен шешіледі.
Әлемдік тәжірибені, айналадағы жағдайларды және қолда бар ресурстарды ескере отырып, Қазақстанда ауыл шаруашылығында инновацияларды дамытудың оңтайлы тәсілі ретінде шетелдік технологиялардың трансфертін меншікті ғылыми зерттеулермен үйлестіру айқындалған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық саясатты іске асыруға «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – холдинг) қатысуы инновациялық сипаттағы инвестициялық жобаларды басымдықпен қаржыландыру, сондай-ақ холдингтің және оның еншілес акционерлік қоғамдарының (бұдан әрі – ЕАҚ) қызметінде инновацияларды енгізу және дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Холдинг қызметін тұтынушыларды талдау
Қаржы ресурстарына қолжетімділік АӨК дамуы орнықтылығының аса маңызды құрауышы болып табылады. Қазіргі уақытта түрлі нысандардағы жеңілдікті қаржыландыруға іс жүзінде барлық аграрлық өндіріс субъектілері мұқтаж болып отыр. Ауыл шаруашылығында 2009 жылы 175636 ауылшарқұралымдары жұмыс істеді, олардың ішінде: мемлекеттік кәсіпорындар – 35 бірлік (бұдан әрі – бірл.), мемлекеттік емес кәсіпорындар – 5408 бірл., шаруа (фермерлік) қожалықтар – 170193 бірл. 2009 жылдың аяғында тұрғындар шаруашылықтарының саны 2248000 бірл. құрады.
2009 жылдың басында ауыл тұрғындарының өз бетінше жұмыспен қамтылған 1792,9 мыңы және 236,1 мың адам жұмыссыз бөлігі ауылдағы шағын кредит беру бағдарламасын іске асыру кезінде табыс деңгейі және шаруашылықтағы тәжірибесі бойынша басым нысаналы әлеуметтік топтар ретінде қаралады.
Қазіргі уақытта холдингтің ЕАҚ қызметін тұтынушылардың маңызды бөлігінің олардың толыққанды қаржыландырылуына кедергі болатын негізгі проблемалары ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыру тиімділігінің төмендігімен, ұсынылатын кепілдік мүлкі сапасының жеткіліксіз деңгейімен, активтерінің мөлшері мен өндіріс көлеміне әсерін тигізетін ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақ тауарлығына байланысты жоғары тәуекелдер болып табылады.
Холдингтің бәсекелес ортасын талдау
АӨК субъектілеріне қызмет көрсетудегі холдингтің ЕАҚ бәсекелестері екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ), лизингтік компаниялар, микроқаржы ұйымдары (бұдан әрі – МҚҰ), даму институттары және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар болады.
Холдингтің ЕАҚ нарықтың басқа қатысушыларымен салыстырғандағы түйінді бәсекелес артықшылықтары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кредит беру және лизингтік қаржыландыру құнының неғұрлым төмен болуы және АӨК қолдауға мемлекеттік қаражатты және капиталдың ішкі және сыртқы нарықтарынан салыстырмалы «арзан» қарыздарды тарту мүмкіндігіне қаржыландырудың неғұрлым ұзақ мерзімі болып табылады.
Холдингтің ЕАҚ-ның ЕДБ-дан маңызды айырмашылығы кредиттік ресурстарды АӨК-де шоғырландыру болып табылады, ол салалық тәуекелдердің холдингтің ЕАҚ кредиттік қызметіне әсерінің жоғары болуын негіздейді.
Кредит беру нарығын талдау
2009 жылы ЕДБ екінші деңгейлі банктердің кредиттік қоржынының 7644 миллиард бұдан әрі – млрд.) теңгесінен ауыл шаруашылығына 281,8 млрд. теңге сомасында кредит берді.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына кредит беру үлесінің ЕДБ жиынтық несие қоржынына қатысты өзгеру серпіні кері үдерісті байқатады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2003 жылдан бастап 2006 жыл аралығында бұл көрсеткіш 12 %-дан 4,4 %-ға дейін қысқарды; 2009 жылы экономикаға берілген кредиттердің жалпы сомасынан 3,69 %-ға дейін қысқарды.
Кредиттердің 95 %-дан астамы ірі және орташа АШТӨ заңды тұлғаларға беріледі, кредиттердің тек 4 %-ы ғана шаруа (фермерлік) қожалықтарына беріледі.
ЕДБ кредит беруінің орташа мөлшерлемесі 15 – 22 %-ды құрайды, кепіл базасына қойылатын қатаң талаптар көптеген АӨК субъектілері үшін орындалуы мүмкін емес жағдай болып табылады.
ЕДБ кредиттік қоржынының құрылымында қысқа мерзімді кредиттер басым, бұл банк секторы тарапынан салаға сенімділік деңгейінің төмен болуын куәландырады.
Аграрлық саладағы несие қоржынының жиынтық көлемінде холдингтің ЕАҚ үлесіне барлық берілген қарыздың жартысы тиесілі болады. Жыл сайын 22 – 25 мың қарыз алушы холдингтің ЕАҚ клиенттері болып табылады. Бұл ретте қарыз алушылардың негізгі санатын (98 %-дан астамын) шағын және орта бизнес өкілдері құрайды.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ) АШТӨ кредиттік серіктестіктер (бұдан әрі – КС) арқылы соңғы қарыз алушылар үшін жылына орташа 8 – 9 %-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен кредит беруді жүзеге асырады (4 % – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маржасы, 4 – 5 % – КС). АШТӨ бірлестіктеріне жылдық 5 %-ға дейінгі пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен кредит беріледі. Кепілдік базасына қойылатын талаптар ЕДБ қарағанда жеңілдеу және АШТӨ-де қолда бар мүлкінің өтімділік ерекшеліктерін есепке алады. 2009 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ барлығы 11192,7 млн.теңге сомасына 153 КС кредит берді.
Ауылдық жерлерде барлығы 161 КС құрылды, олардың құрамына 6,7 мың АШТӨ кірген. Ұсақ ауыл шаруашылығы тауарларды өндірушілердің бірлестіктерін (бұдан әрі – бірлестік) бірлескен өндірісті жүргізуге ынталандыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2009 жылы 737,6 млн. теңге сомасына 27 бірлестікке кредит берілді. Бірлестіктің құрамына 471 қатысушы, оның ішінде 169 АШТӨ және 302 жеке үй шаруашылығы кірді.
Кредиттік ресурстардың қолжетімділігін кеңейтуді ынталандыру және АӨК-ге инвестицияның құйылуын ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасында АӨК дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасында АӨК субъектілерін қолдаудың жаңа құралдары көзделген: кредиттер және ауылшартехникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, АӨК басым секторларында жаңа өндірістік қуаттарды құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарды ішінара өтеуді субсидиялау, қаржы институттарының алдындағы АӨК субъектілерінің қарыздарын сақтандыру және кепілдендіру кезінде субсидиялау. Сондай-ақ АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру бойынша біржолғы шараларды өткізу, сондай-ақ Холдингтің компаниясы тобының кейіннен АӨК субъектілерін қаржыландыру үшін ЕДБ, МҚҰ және КС қорландыруы көзделген.
АӨК субъектілерін қолдаудың жаңа құралдары Холдингке бюджеттен тыс қаражат есебінен АӨК қаржыландыруды ұлғайту үшін мүмкіндік береді.
Көрсетілетін лизинг қызметтерінің нарығын талдау
2009 жылдың соңындағы жағдай бойынша республикада шамамен 46 лизингтік компания жұмыс істеді, 2008 жылы олардың саны 48-ді құрады, олардың 12-сі ЕДБ еншілес құрылымдары болды. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2009 жылдың бірінші жартысында лизингтік компаниялар үшін өзінің қызметін ұсынудағы негізгі салалар көлік және байланыс – шарттардың жалпы құнынан 40 %-ы, ауыл шаруашылығы – 36 %, құрылыс – 12 %, өнеркәсіп – 9 % болды. 2008 жылы ауыл шаруашылығына шарттардың жалпы құнының 64 %-ы, өнеркәсіпке – 9 %-ы, құрылысқа – 8 %-ы, көлік және байланысқа – 6 %-ы тиесілі болды.
Банктермен (БТА Лизинг, Центр Лизинг, АТФ Лизинг, Темір Лизинг сияқты) аффилиирленген лизингтік компаниялардың сыйақы мөлшерлемесі орташа жылдық 14 – 24 %-ды құрады, лизинг мерзімі 5 жылға дейін, лизинг нысанасын лизинг алушыларға бергенге дейін аванстық жарна көлемі лизинг нысанасы құнының 15 – 40 %-ын құрайды.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚазАгроҚаржы» АҚ) бюджеттік қаржыландыру көздерінен жылына 4 %-дан бастап сыйақы мөлшерлемесі бойынша және бюджеттен тыс қаржыландыру көздерінен 12,5 %-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесі бойынша лизингтік қызметтер көрсетеді, лизингтің мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін, аванстық төлем жарнасының көлемі лизинг нысанасы құнының 15 – 20 %-ын құрайды.
Шағын кредит беру нарығын талдау
2009 жылы елімізде 1317 бірл. МҚҰ тіркелді, олардың жұмыс істейтіндері 1088 бірл. (тіркелгендердің жалпы санының 83 %-ы), оның белсенділері 549 МҚҰ құрайды. 2010 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауылдық жерлерде 465 МҚҰ орналасқан (тіркелгендердің жалпы санының 35 %-ы), оның жұмыс істейтіні - 404 (87 %) МҚҰ, белсенділері – 147 (32 %).