"Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 тамыздағы № 951 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 31.08.2016 жылғы № 489 Қаулысына сәйкес
"Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 тамыздағы № 951 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар
Осы Әдістемелік ұсынымдар "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеу мәселелерін шешу кезінде норма шығармашылығы қызметінде қолдануға арналған.
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік органның құзыреті ретінде оның қызметінің мәнін айқындайтын белгіленген мемлекеттік орган өкілеттіктерінің жиынтығы түсініледі;
мемлекеттік органның өкілеттіктері ретінде мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері түсініледі;
мемлекеттік органның құқықтары ретінде белгілі бір іс-әрекетті жасау, басқа тұлғадан (басқа тұлғалардан) белгілі бір мінез-құлықты (іс-әрекетті немесе іс-әрекет жасаудан тартынуды) талап ету мүмкіндігі түсініледі;
мемлекеттік органның міндеттемелері ретінде мемлекеттік орган орындауға міндетті іс-әрекет аясы түсініледі;
мемлекеттік органның функциялары ретінде мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыруы түсініледі.
2. Мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеу мәселелерін шешу кезінде Конституцияның 61-бабы 3-тармағының ережелерін басшылыққа алу керек, оларға сәйкес заңдар:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауапкершілігіне;
2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;
9) қоршаған ортаны қорғауға;
10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуі тиіс.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.
3. Мемлекеттік органдардың функцияларын белгілеу мемлекеттік органдардың құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциясымен, конституциялық заңдармен және заңдармен ғана емес, заңға тәуелді актілермен де белгіленетіндігі анықталған "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысымен айқындалғанын ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.
2. Мемлекеттік органдардың функцияларын белгілеудің әдістемелік негіздері
1. Заңдарда мемлекеттік органдарға белгілі бір міндеттер аясын тиісінше орындау, ең алдымен, олардың жеке және заңды тұлғалармен және ұйымдармен өзара іс-әрекетіне қатысты тиісті функцияларды жүзеге асыру мақсатында берілген мемлекеттік органның негізгі міндеттерін, функцияларын белгілейтін нормалар болуы тиіс.
2. Негізгі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің "ішкі" рәсімдерімен байланысты функциялар, олардың өзара іс-әрекеті, әдетте заңға тәуелді актілерде белгіленуі тиіс.
Бұл ретте мемлекеттік органның заңға тәуелді акті деңгейіндегі функциялары Президент және Үкімет қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі тиіс.
3. Мемлекеттік орган қызметінің өзге түрлерін Конституцияның 61-бабының 3-тармағын басшылыққа ала отырып, әрі заңдарда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, әсіресе құқықты шектеу сипатындағы шараларды тікелей регламенттейтін нормалар болуы тиіс екенін көздей отырып айқындау қажет.
4. Мемлекеттік органдардың типтік функциялары мынадай 3 топқа:
1) мемлекеттік органдардың заң деңгейінде белгіленуі қажет типтік функцияларына;
2) мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейде белгіленуі қажет типтік функцияларына;
3) заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеуге болатын типтік функцияларына бөлінеді.
Осы Әдістемелік ұсынымдарда белгіленген мемлекеттік органдардың типтік функцияларының тізбесі толық емес.
3. Мемлекеттік органдардың заң деңгейінде белгіленетін типтік функциялары
1. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының шектелуін айқындау.
2. Тиісті салада мемлекеттік саясатты іске асыру.
3. Елдің ұлттық, экономикалық қауіпсіздігін және қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету.
4. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру:
заңнамада белгіленген талаптарды жеке және заңды тұлғалар қызметіне сәйкестік мәніне тексеру және бақылаудың өзге де нысандары арқылы заңнаманың бұзылу себептері мен шарттарын анықтау, оларды жою;
тексеру нәтижелері бойынша ықпал етудің құқықтық шараларын қабылдау.
5. Лицензиялау.
6. Тиісті салада сараптама жүргізу.
7. Қандай да бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға немесе оларды шектеуге рұқсат етілген, оның ішінде режимді, қызметтің шегін белгілеу, аумақты аймақтарға бөлу арқылы аумақтарды анықтау.
8. Әлеуметтік қолдау шаралары жүйесін анықтау.
9. Тергеу функциялары.
10. Азаматтық мүліктік құқықтар объектілерін беру, бөлу туралы шешімдерді қабылдау.
11. Мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мәселелері.
12. Шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды және босқындарды мәжбүрлеп шығару.
13. Орындалуы міндетті актілер шығару, бұлтартпау шараларын қолдану.
14. Тиісті салада белгілі бір іс-әрекеттерді жүзеге асыру кезеңін анықтау.
15. Тиісті салада тексеруді, қарауды жүргізу.
16. Мемлекеттік ресурстарды қамтамасыз ету, қалыптастыру және басқару.
17. Типтік құжаттарды әзірлеу және бекіту.
18. Тиісті салада тізбелерді қалыптастыру.
19. Тұлғаларды мәжбүрлеп ұстау мәселелері.
20. Белгілі бір тауарларды, заттарды, жануарларды кәдеге жарату, жою, оларды алып қоюды ұйымдастыру.
21. Ұйымдарда уақытша басқаруды енгізу.
22. Құрметті атақтарды беру.
23. Құжаттарды, мәліметтерді мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау.
24. Тиісті саладағы куәліктердің, сертификаттардың немесе өзге де кез келген балама құжаттардың растығын тану.
25. Мемлекеттік реттеу шараларына жататын қызмет түрлерін анықтау.
26. Тыныс-тіршілік және ерекше өмір сүру тәртібін регламенттеу.
27. Рәсімдердің мерзімін ұзарту, белгілеу.
28. Түрлі анықтамалар, мәліметтер беру.
29. Тиісті салада әкімшілендіруді жүзеге асыру.
30. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, тергеу және қарау.
31. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талаптар қою.
32. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарау.
4. Мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейде белгіленетін типтік функциялары
1. Тиісті салада кадрларды даярлауды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру.
2. Кадр мәселелері.
3. Консультативтік-кеңесші және сараптамалық комиссиялар құру, олардың қызметін ұйымдастыру.
4. Ведомстволық бағынысты қызметтердің, ұйымдар қызметінің ұйымдастырылуын белгілеу, олардың қызметін жетілдіру.
5. Инвестициялық жобаларды дайындау және іске асыру.
6. Заңнаманың қолданылу тәжірибесін қорыту және оны жетілдіру.
7. Ұсынымдар беру.
8. Белгілі бір салада қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның немесе өзге де тұлғаның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жоғары тұрған органға не өзге тұлғаларға ұсыныстар енгізу.
9. Түрлі жоспарларды бекіту.
10. Мемлекеттік органның өкілдік ету функциялары.
11. Сарапшыларды, кеңесшілерді тарту.
12. Халықты хабардар ету.
13. Объектілерді салу, оларды күтіп ұстау.
14. Бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын тауарларды бөліп беру.
15. Нормативтерді (материалдық қамтамасыз ету), тұтыну нормаларын, квоталарды бекіту, оларды бөлу.
16. Белгілі бір салада мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды қамтамасыз ету, оның ішінде қаржыландыру (қаржыландыру жүргізілетін салаларды анықтау).
17. Жобаларды, схемаларды, кестелерді, шығыстарды, шығындарды өтеуді бекіту (мемлекеттік органның көрсетілген құжаттарды бекіту, шығындарды өтеу жөніндегі құзыреті).
18. Өз құзыреті шегінде объектілердің жобаларын, құжаттамаларды, тиісті саладағы жұмыстар мен өзге іс-шараларды келісу.
5. Заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеуге болатын типтік функциялар
1. Өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау, бекіту.
2. Тиісті саладағы халықаралық ынтымақтастық.
3. Тиісті саладағы мемлекеттік тапсырыс мәселелері.
4. Насихаттау шараларын, (оқыту нысаны бойынша және т.б.) құқық түсіндіру жұмыстарын, алдын алу шараларын жүзеге асыру.
5. Ғылыми бағыттардың дамуын қамтамасыз ету.
6. Резервті құру және қамтамасыз ету.
7. Мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету.
8. Мемлекеттік мүлікті басқару.
9. Статистикалық қызметті жүзеге асыру.
10. Қауіпсіздік режимін қамтамасыз ету, мемлекеттік объектілерді күзету, оларды қорғау.
11. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру.
12. Тиісті салада қолдау шараларын әзірлеу және қамтамасыз ету.
13. Тиісті салада сынақ, зерттеу, іздестіру жүргізу.
14. Тиісті салада (аяда) куәліктер, тіркеу куәліктерін, рұқсаттар мен қорытындылар (аккредиттеу, сертификаттау, аттестаттау) беру және оларды сот тәртібінде қайтару.
15. Тиісті салада тізілімдерді, тіркелімдер мен кадастрларды есепке алуды, бағалауды, талдауды, мониторинг, базалар және деректер банкін жүргізу.
16. Тиісті салада бағаларды, ставкаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру.
17. Адам құқықтарын іске асыруға байланысты қатынастар бойынша белгілі бір тыныс-тіршілік аясын мемлекеттік реттеудің өзге шараларын бекіту.
18. Тұлғаға белгілі бір мәртебе беру, ұзарту, одан айыру және тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру.
19. Белгілі бір заттарды, тұлғаларды жіктеуді, белгілеуді, беруді, санатты, мәртебені, сынып беруді не өзге сәйкестендіруді жүзеге асыру.
20. Ақпараттық жүйелер, байланыс жүйелері мен деректер беру жүйелерін, техникалық құралдарды, сондай-ақ ақпаратты қорғау жүйелерін әзірлеу және жасау.
21. Мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру, мемлекеттік және мемлекеттік емес бірлестіктермен өзара іс-әрекет ету.
22. Саладағы жағдайды зерттеу, талдау.
23. Келісімдер, меморандумдар жасасу.
24. Объектілерді, жобаларды пайдалануға беру, қабылдау және оларды қамтамасыз ету.
25. Жүзеге асырылатын қызмет туралы есепті қарау.
26. Заңнаманы түсіндіру.
27. Кепілдік міндеттемелер беру (кепілдік міндеттемелердің жалпы ережесі).
28. Ақпаратты сұрату және жинау.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |