• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 07.09.2015 г

Отправить по почте

Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 тамыздағы № 944 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 7 қыркүйектен бастап ҚР Үкіметінің 10.08.2015 жылғы № 622 Қаулысына сәйкес
«Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 27.03.2015 жылғы № 358 Бұйрығын қараңыз
«Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
Премьер-Министрі                                   К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2011 жылғы 23 тамыздағы
 № 944 қаулысымен
 бекітілген
Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес қабылданды.
2. Қағида Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар негізінде ішкі су жолдарында, сонымен қатар транзит мақсатында жүзуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кеме кітабында, Мемлекеттік кеме тізілімінде немесе жалға алынған шетелдік кемелер тізілімінде мемлекеттік  тіркеуге жататын кемелермен, соның ішінде шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, сыныптауды және есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.
3. Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеуді, сыныптауды және есепке алуды жүргізудің мақсаты жағдайлардың, себептердің салдарлардың, қатысты адамдардың іс-қимылын бағалауды белгілеу, оларды болдырмау жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ авариялардың алдын алу жөніндегі тиісті ұсынымдар дайындау болып табылады.
4. Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - нәтижесінде адам өлімі не ауыр дене жарақаттары болған көлік оқиғалары не кемеден адамдар жоғалып кеткен, сондай-ақ кеменің толық конструктивтік қирауы, кемені су басуы, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, теңіз инфрақұрылымы объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуіне әкеп соққан көлік оқиғасы;
2) гидротехникалық құрылыстар - шлюздер, бөгеттер, көпірлер, порттық және су тартқыш құрылыстар, толқын тосқауылдар, сондай-ақ әуе және кеме жүрісінің шегіндегі су асты өткелдері (кабельдер, су құбырлары, телефон және электр жүргізу құбырларының желілері, қалқымалы көпірлер);
3) кемеде жүзу қасиеті - кеменің жүзуде пайдалану жағдайларындағы әрекетін айқындайтын сипаттамаларының жиынтығы: жүзгіштігі, беріктігі, суға батпайтындығы, жүргіштігі, басқарушылығы;
4) кемелерді су басу - корпустың суға толық батуы немесе корпусқа судың кіруі немесе аударылуы нәтижесінде жүзгіш қорлардың толық жоғалуы;
5) көлік оқиғасы - кемемен болған, оны апатқа және кемеде жүзу қасиетін жоғалтуға, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, теңіз инфрақұрылымы объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, кеменің тіркеп сүйреу объектісін жоғалтуға әкеп соққан оқиға;
6) пайдалану оқиғасы - аварияға жатпайтын көлік оқиғасы.
5. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі - Комитеттің аумақтық бөлімшесі) көлік окиғаларын тергеу органы болып табылады.
6. Кемелердегі көлік оқиғасын тергеу еңбек заңнамалық, қылмыстық, әкімшілік немесе өзге өндіріс шеңберінде жүргізілген басқа тергеуге қарамастан жүзеге асырылады және өзге тергеулерге кедергі келтірмейді.
7. Комитеттің аумақтық бөлімшесі көлік оқиғасы туралы Комитетке және көліктік прокуратураға кідірместен келесі мәліметтерді хабарлайды:
1) көлік оқиғасы туралы хабарлаған адамның (ұйымның) тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары;
2) көлік оқиғасының болған күні және уақыты;
3) кеменің тіркеу нөмірі және түрі, кеме иесі туралы мәліметтер;
4) көлік оқиғасы орнының координаталары;
5) кеме қозғалысының бағыты;
6) кеме жүргізушісінің және кемеде болған өзге адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары;
7) ауа райының метеорологиялық жағдайы;
8) навигациялық жабдықтардың, теңіз инфрақұрылымы объектілерінің болуы;
9) көлік оқиғасының себептері, кеменің, навигациялық жабдықтың, теңіз инфрақұрылымы объектілерінің зақымдануының болуы және сипаты, қаза тапқандардың, дене жарақатын алғандардың және кемеден жоғалып кеткендердің саны, қоршаған ортаны ластау;
10) көлік оқиғасын бағалауға және көмек көрсету мен зардаптарды жою үшін техникалық құралдарды тарту қажеттігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзге мәліметтер.
8. Көлік оқиғасы авария немесе пайдалану оқиғасы болып сыныпталады.
9. Көлік оқиғасы болған жағдайда кеме капитаны, кеме жүргізушісі, кеме иесі, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғалары меншік нысанына және ведомстволық қатыстылығына қарамастан:
1) 24 сағат ішінде көлік оқиғасы туралы Комитеттің аумақтық бөлімшесіне және көліктік прокуратураға хабарлайды;
2) көлік оқиғасы болған сәттен бастап 48 сағаттың ішінде оның негізінде көлік оқиғасын тіркеуді жүргізетін Көлік оқиғасының актісін жасайды және бір данасын Комитеттің аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Көлік оқиғасының актісінде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) көлік оқиғасының күні және орны, құрушылар туралы мәліметтер (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, ал куәгерлер үшін - тұратын орынның мекенжайы);
2) кеме және гидротехникалық құррылыс туралы негізгі мәліметтер (атауы, түрі, қуаты, жүк көтерімділігі, габариттері, жүк түрлері және басқалары);
3) көлік оқиғасының қатысушылары туралы мәліметтер (лауазымы, жасы, арнайы білімі, су көлігіндегі, командалық лауазымдарында және атқарылатын лауазымдарындағы жалпы жұмыс өтілі, жұмыс дипломы немесе куәлігі, оларды алу күні және кім берді);
4) көлік оқиғасы болған учаскенің гидрологиялық сипаты, ауа-райының жағдайы, көрінуі, кемеде жүзу габариттері және жарияланғанға тиістілігі, штаттық орындарда навигациялық белгілердің болуы және олардың нормативтік талаптарға сәйкес болуы және басқалары;
5) көлік оқиғасының алдындағы іс-қимылды және оған қатысы бар жағдайларды бағалау;
6) көлік оқиғасының жай-күйі (барлық маневрлердің жүйелігін көрсете отырып оқиғаны нақты жазу, жүру жылдамдығы, өкімдер, командалар, дабылдар және басқалар);
7) көлік оқиғасының салдарларын жою, адамдар мен жүктерді құтқару бойынша іс-қимылдарды қоса алғанда кеме жүргізушінің немесе экипаждың кейінгі іс-қимылдары;
8) жарақат алған немесе қаза болған адамдар саны, олардың тегі, аттары, тұратын орындары, туған жылдары);
9) корпустың, механизмнің, жылжытқыштардың, жүргізу құралдарының бұзылуы «Кеме техникалық актісінде» еркін түрде ресімделуі тиіс;
10) бүлінудің салдарлары (отсектерді су басуы, жүктің бүлінуі немесе жоғалуы, қоршаған ортаның ластануы, жүру мүмкіндігі және басқалары);
11) осы Көлік оқиғасының актісін жасағандардың қолы және күні.
Гидротехникалық құрылыстармен болған Көлік оқиғаларының актілері олардың иелері өкілдерінің қатысуымен ресімделеді.
Көлік оқиғасының екі және одан көп қатысушылары кезінде актіні олар бірлесіп жасайды. Көлік оқиғасына қатысушылардың арасында келіспеушіліктер болған кезде оның себептері және салдары туралы актілер жеке жасалады.
Көлік оқиғасының актісіне мына құжаттар қоса беріледі:
1) көлік оқиғасының алдындағы, оқиға болған сәттегі және шағын көлемді кемелерді қоспағанда одан кейінгі уақыттағы вахта бастығының іс-қимылы енгізілетін уақыт ішіндегі кеме журналынан (вахта журналынан) үзінді;
2) машина және басқа журналдардан, егер осы кемеде жүргізілу көзделген болса, үзінді;
3) барлық қатысы бар адамдардан түсініктемелері және егер куәгерлер болса, олардың көрсетулері;
4) көлік оқиғасы болған жерді белгілеумен сызба, сондай-ақ кеменің ретімен орналасуы және басқалары;
5) көлік оқиғасы учаскесінің навигациялық картасының көшірмесі;
6) көлік оқиғасына қатысы бар басқа құжаттар мен заттай дәлелдер (радиограммалардың, бұйрықтардың, өкімдердің, курсограммалардың көшірмелері, фотосуреттер, тахограммалар, тралдау немесе тереңдіктерді өлшеу туралы тетіктер мен қондырғылардың істен шығуы туралы актілер, нұсқаулық жөніндегі журналдар).
Көлік оқиғасы актісіне қоса берілетін барлық құжаттар кеме капитанының, кеме жүргізушісінің, кеме иесінің, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғаларының қолымен расталуы тиіс.
Қосымшалармен бірге Көлік оқиғасы актісінің бір данасы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі, актінің бір данасы көлік оқиғасының қатысушыларына жіберіледі.
10. Көлік оқиғаларын тергеудің жүргізілуін бақылауды Комитеттің аумақтық бөлімшесінің басшысы жүзеге асырады.
2. Көлік оқиғаларын тергеу тәртібі
11. Көлік оқиғаларын тергеу кемелердің жүзу ауданындағы кеме қозғалысын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға көлік оқиғаларының салдарын жоюға және кедергі болмауға тиіс.
12. Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеу, сыныптау және есепке алу Комитеттің аумақтық бөлімшесінде көлік оқиғасы тіркелген сәттен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі.
13. Аумақтық бөлімшенің қызметкері көлік оқиғасын тергеу кезінде көлік оқиғасы болған жерге келген соң, зақымдалған кемелер мен объектілерді тексеріп қарауды жүргізеді.
14. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көлік оқиғасының қатысушыларынан және куәгерлерінен жазбаша сұрату жүргізеді, оның барысында мыналар анықталады:
1) кеменің экипажбен жинақталуы, вахтаны жүргізу тәртібінің сақталуы;
2) лауазымын атқару құқығын растайтын құжаттың болуы, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәліктің, шағын көлемді кемеге кеме билеттерінің болуын, шағын көлемді кемені жүргізушінің жүзу өтілі;
3) вахталық журналдағы көлік оқиғасының дұрыс және толық көрсетілуі;
4) шағын өлшемді кеме экипажының, кеме жүргізушісінің оқиғадан кейін адамдарға және кемелерге көмек көрсету үшін қабылдаған шаралары;
5) көлік оқиғасына дейінгі және одан кейінгі қозғалтқыштың және жылжытқыштың жұмыс режимі;
6) бақылау-өлшеу аспаптарының көрсеткіштері;
7) көлік оқиғасына қатысушы кемелердің кеме жүрісінің діңгегі мен шекарасына қатысты бағыты;
8) сигнал оттарының болуы мен олардың көрінуі.
15. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көлік оқиғасы орын алғанға дейінгі, ол орын алған уақыттағы және одан кейінгі кемелердің қозғалысы мен орналасуының схемасын құрастырады, бұл ретте көлік оқиғасы кезінде орын алған жағдай мен факторлардың әсер ету деңгейін, атап айтқанда:
метереологиялық жағдайларды (көріну қашықтығы, желдің, жаңбырдың, тұманның, толқынның және басқа метеорологиялық факторлардың болуы);
оқиға болған ауданда басқа кемелердің болуы және олардың көлік оқиғасы салдарына әсер етуін белгілейді.
16. Кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді жүргізуге байланысты барлық мәселелер бойынша Комитеттің аумақтық бөлімшесі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, арнайы сараптамалық комиссиялар зертханаларының құзыреті шегінде олармен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
17. Көлік оқиғасын тергеу мынадай жағдайларда:
1) көлік оқиғасына қатысы бар адамдарда күтпеген мән-жайлар (ауыру, іссапар және басқа себептер) туындаған;
2) сараптама, тәжірибе жұмыстарын жүргізу немесе кемелерді су басуын, олардың қирауымен байланысты көлік оқиғасының мән-жайларын қосымша анықтау үшін;
3) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, сараптамалық комиссиялар зертханаларының, құзыреті шегінде олардың құжаттарын, материалдарын және қорытындыларды ұсыну үшін Комитеттің шешімі бойынша отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
18. Кемелермен болған көлік оқиғаларының себептерін білікті және дәйекті белгілеуді қамтамасыз ету үшін оларды тергеу кезінде Комитеттің аумақтық бөлімшесі ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, сараптамалық комиссиялар зертханаларының сарапшылары мен мамандарын тартады.
19. Сараптамалық комиссияны немесе көлік оқиғалары бойынша жекелеген сарапшыларды Комитеттің аумақтық бөлімшесінің басшысы тағайындайды.
Сараптама тағайындалған кезде сараптамалық комиссиясының (сарапшының) алдына сараптама жүргізу барысында шешуге жататын нақты мәселелер қойылады, материалдар ұсынылады.
20. Сарапшылар болып жоғары немесе техникалық арнайы орта білімі бар және кемінде 5 жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар адамдар (кеме жүргізушілері, кеме механиктері, электр механиктері, электр техниктері, радио техниктері, гидротехниктер, корабль жасаушылар, пайдаланушылар) және жобалау-конструкторлық ұйымдардың қызметкерлері тағайындалады.
Сараптамаға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының келісімі бойынша көрсетілген ұйымдардың мамандарын шақыруға болады.
21. Сарапшылар өз міндеттерін орындау кезінде:
көліктік оқиғаларды тергеудің сараптамалық қорытындысы үшін қажетті материалдарымен танысады;
кемелерді және олардың құрылғыларын қарап тексеруді жүргізеді, кеме механизмдерінің, жүйелерінің, құрылғыларының, аспаптарының және басқа жабдықтарының жұмыс істеуін тексереді.
22. Сарапшылар қорытындыда сараптамалық комиссиясының алдына  қойылған барлық мәселелерге жауаптарды көрсетеді. Қойылған мәселеге  егжей-тегжейлі толық жауап беру мүмкін болмаған жағдайда сарапшылар  бұған дәлелді түсінік береді.
3. Көліктік оқиғаларды есепке алу
23. Көліктік оқиғаны Комитеттің аумақтық бөлімшесі жүргізетін Көліктік окиғаларды тіркеу журналына тіркейді.
24. Тіркеу журналы нөмірленеді, тігіледі және Комитеттің аумақтық бөлімшесінің мөрімен расталады.
4. Көліктік оқиғалардың тергеу материалдарын қарау тәртібі
25. Тергеу материалдары бойынша тергеу жүргізген комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көліктік оқиғаны сыныптайды және дәлелді қорытынды жасайды.
26. Тергеу қорытындылары бойынша Комитеттің аумақтық бөлімшесі көліктік оқиға туралы қорытынды жасайды да бір-бір данадан Комитетке және көліктік оқиғаға тікелей жол берген қатысушыларға жібереді.
27. Қорытындыда мынадай мәліметтер қамтылады:
1) кемелердің атауы, қуаты, тиелуі, жүзіп кету әдістері, қозғалыс бағыты;
2) көлік оқиғасына қатысушылар туралы қысқаша мәліметтер (оларда тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, лауазымы және жұмыс орны, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі туралы мәліметтер, шағын көлемді кемеге кеме билеті, жұмыс өтілі тіркеледі);
3) көлік оқиғасының уақыты және орны, навигациялық жабдықтың немесе теңіз инфрақұрылымы объектілерінің орналасуы және оларға кемелердің қатысы бойынша жағдайы;
4) көлік оқиғасының, ол болған кездегі жағдайларын және кемеде жүру шарттарын (қозғалыс сипатын, жолдың, навигациялық жабдықтың, ауа-райының және көрінудің жай-күйін, кеме сигнал беруінің және радионавигациялық аспаптардың іс-әрекетін және пайдалануын, кемелерде немесе өзге объектілерде вахталық қызметті жүргізу тәртібін сақтауды, көлік оқиғасына қатысы бар кеме жүргізушілері мен өзге адамдардың іс-қимылын) қысқаша сипаттау;
5) көлік оқиғасының себептері;
6) кемелердің, жүзбелі объектілердің зақымдану орнын, мөлшері мен сипатын, жағалау объектілерінің немесе құрылыстарының зақымдануын, адамдардың ауыр дене жарақаттарын алуын, қаза болуын, кемеден жоғалып кетуін сипаттай отырып көлік оқиғасының салдары;
7) көлік оқиғасының салдарын жою үшін қолданған техникалық құралдар;
8) көлік оқиғасына тікелей жол берген немесе оның туындауына ықпал еткен адамдардың тізбесі;
9) кемелердегі көлік оқиғаларының болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар.
28. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қорытындысы мен көлік оқиғасы бойынша материалдар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Комитет оларды қарайды, содан кейін шешім шығарады.
29. Техникалық жай-күйін, одан әрі пайдалану және/немесе жөндеу шарттарын анықтау мақсатында кеме иесі және/немесе кеме жүргізушісі Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қорытындысын алғаннан кейін «Кеме қатынасы тіркелімі» мемлекеттік мекемесіне кемені, ал Комитеттің аумақтық бөлімшесіне шағын көлемді кемені кезектен тыс  техникалық куәландыруға ұсынады.