• Мое избранное

Отправить по почте

Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 Жарлығы

Редакция 15.05.2008 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Президент пен Үкімет актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітілсін (бұдан әрі - Стратегия).
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері: 
1) өз қызметінде Стратегияны басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын; 
2) қабылданатын мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңірлік  бағдарламалардың (жоспарлардың) Стратегиямен келісілуін қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 20 қаңтарға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға Стратегияның іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3-тармақ өзгертілді ҚР Президентінің 01.02.2006 жылғы № 56, 15.05.2008 № 593 Жарлықтарымен (29.11.2005 жылғы редакцияны қараңыз)
4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жыл сайын 15 ақпанға Стратегияның іске асырылу барысы туралы Мемлекет басшысын хабардар етіп отырсын.
4-тармақ өзгертілді ҚР Президентінің 15.05.2008 жылғы № 593 Жарлығымен (01.02.2006 жылғы редакцияны қараңыз)
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1)  Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
1-тармақша алынып тасталды ҚР Президентінің 15.05.2008 жылғы № 593 Жарлығымен (01.02.2006 жылғы редакцияны қараңыз)
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
Президенті
Қазақстан Республикасы
 Президентінің
 2005 жылғы 29 қарашадағы
 N 1677 Жарлығымен
 БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарғааАрналған гендерлік теңдік стратегиясы
Астана, 2005 жыл
Кіріспе
Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуді өзінің сыртқы саясат саласындағы басымдығы ретінде айқындады. 
Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған. 
Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзінде тарихи қалыптасқан ерлердің әйелдерден басым болу жағдайы өзгерістерге ұшырауда. Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді. 
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында да белгілі бір дәрежеде ілгеріледі. 
1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның "Әйелдердің   саяси құқықтары туралы" және "Тұрмыс құрған әйелдің  азаматтығы туралы " конвенциялары да бекітілді. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық  пакт пен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды. 
Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын - ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады. 
2004 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткізілген Қазақстан әйелдерінің IҮ Форумында ел Президенті Үкімет пен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияға аталған Тұжырымдаманың негізінде Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеп, онда экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларды қоса алғанда, қызметтің негізгі бағыттарын анық белгілеу, әйелдерге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін шаралар жүйесін мерзімдері бойынша әзірлеу керек екенін тапсырды. 
Стратегия - мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат, оны іске асырудың және мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан оның мониторингін жүзеге асырудың құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты Стратегияның әр бөліміне БҰҰ Әйелдер қорының өңірлік офисімен (ЮНИФЕМ) бірлесіп әзірленген, саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі көрсеткіштер енгізілген. 
Гендерлік теңдік стратегиясы 2006-2016 жылдар аралығындағы кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді, 9 бөлімнен тұрады. 
Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал ететін болады.
Негізгі ұғымдар
Уақытша арнайы шаралар  - қоғамда гендерлік теңгерімге қол жеткізуге бағытталған шаралар (мысалы, оң дискриминация нысаны ретінде билік органдарындағы әйелдер өкілдігінің квотасы), БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы  конвенциясына сәйкес ол кемсіту ретінде қарастырылмайды. 
Гендер  - бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы. 
"Gender" сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегенді білдіреді. 
"Гендер" термині әлеуметтік процестерді түсінуге арналған талдау құралы болып табылады. 
Гендерлік талдау  - әзірленіп жатқан және қолданыстағы дамыту жобаларының ерлер мен әйелдерге түрлі әсерін жүйелі түрде зерттеу. Ол саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да факторлардың әйелдер мен еркектерге қалайша әсер ететінін көруге және салыстыруға мүмкіндік береді. 
Гендерлік теңгерім  - ұйымдастырушылық құрылымның барлық деңгейлеріндегі ерлер мен әйелдердің теңдігі. 
Гендерлік бюджет  - барлық салалар мен қызметтердің түрлері бойынша мемлекеттік бюджеттің ерлер мен әйелдердің түрлі топтарына ықпал етуін бағалау құралы. Гендерлік бағдарланған қаржыландыруды талдауды көздейді, барлық салалар мен қызметтердің түрлері бойынша негізгі шығыстардың әйелдер мен ерлерге жеке әсерін қарастырады, мемлекеттік қызметтер саласындағы мүмкіндіктердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған стратегиялар мен қаржыландыруды талдайды. 
Гендерлік зерттеулер  - әйелдер мен ерлердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени мәртебесін, гендерлік рөлдері мен гендерлік қарым-қатынасын зерттеу. Қоғамдағы гендерлік қатынастарға ықпал ету жөніндегі саясатты, стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеу мен жоспарлау үшін ақпарат беру. 
Гендерлік-құқықтық    сараптама  - халықаралық стандарттар мен нормалардың ұлттық заңнамада қандай дәрежеде іске асырылатынын айқындау. 
Ерлер мен әйелдер үшін тек тең құқықтар мен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар тең мүмкіндіктерді де қамтитын гендерлік әділетті саясатты қалыптастыруға ықпал ететін, өкілді және атқарушы органдардың, әлеуметтің гендерлік сезімталдығының дәрежесін айқындау. 
Гендерлік ескі нанымдар  - белгілі бір жыныстық тегімен және "жыныстардың мақсатымен" деп аталатын өзара байланысты артықшылық немесе кембағалдық болуы туралы таптаурындар. 
Гендерлік саясат   - қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. 
Гендерлік теңдік  - әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. 
Гендерлік тең құқықтылық  - әйелдер мен ерлердің заң алдындағы тең құқықтығы гендерлік теңдікке жету жолдарының бірі болып табылады. 
Гендерлік рөлдер  - белгілі бір қоғамда және тарихи жағдайда қолданылатын әлеуметтік және мәдени нормаларға сәйкес ерлер мен әйелдерге берілетін әлеуметтік рөлдер. 
Гендерлік статистика  - ерлер мен әйелдердің әлеуметтік-саяси өмірдің барлық салаларындағы тиісті жағдайын бейнелеу және қоғамдағы гендерлік проблемаларды көрсетеді. 
Гендерлік таптаурындар  - лайықты "әйелдік" және "еркектік" мінез-құлық, олардың мақсаты, әлеуметтік рөлдері мен қызметі туралы қоғамда жалпыға бірдей қабылданған орнықты көзқарастар. 
Гендерлік сезімталдық  - жыныс нышаны бойынша кемсітудің негізінде жататын әлеуметтік жағынан ұштасқан факторларды түсіну және назарға алу.